27.02.2022
  186


Автор: Пернебай Дүйсенбин

СОҢҒЫ ШЕШIМ

 


 


Саят сыртқа оқша атылып шықты. Әлдебiр жамандықты сезгендей жүрегi тулап, ойнақшып кеттi.


Ақтайқар қайда? Бас жiбi қазықта байланған қалпы шұбатылып жатыр. Жан-жағына, көз жетер айналаға қарады. Бiрақ назарға iлiнер жерде ештеңе байқалмады.


Екi өкпесiн қолына алып, өзекке қарай жүгiрдi. Анада Төрехан екi рет мiнiп кеткен едi. Екеуiнде де ол үйiнiң жанына байлап, қауынның қабығын салып қойған болатын. Соған дәнiгiп, беттi сол үйге түзеп жүрмесе болғаны. Апыр-ау, қазықтан кiм шешiп жiберген, ә? Алты-жетi жастар шамасындағы екi қыз секiргiш жiппен ойнап жатыр екен.



  • Қыздар, менiң Ақтайқарымды көрдiңдер ме? – Тұлым шашы желпiлдеген бiреуi қайырылып тұра қалып:

  • Анада Төрехан мiнген бе? – дедi.

  • Иә, иә!

  • Е, көрдiм. Төрехан бағана ұрып, ана жаққа қуып бара жатқан.

  • Қайда?

  • Сай жаққа. Сұқ саусағын шошайтып өзен арнасымен алқымдасар сайды нұсқады.

  • Қап! Ызалана түкiрiп жiбердi де, сайға қарай жүгiре жөнелдi…


 


«О, сұм Төрехан!» Саят өз көзiне өзi сенбедi. Көз алдын жас тұмшалады.


Тез тұтанған ашудан денесiнде аздап дiрiл байқалғандай. Ақтайқардың артқы саны қып-қызыл қанжоса. Сiлем-сiлем болып қара тұяғына дейiн жуып кетiптi. Басын төмен салған бойы, сұлық тұр.



  • Ақтайқар! Ақтайқар, Ақтайқар! Не болған саған! Тiсi-тiсiне тимей кеттi. Еңiреп жiберудiң аз-ақ алдында тұр. Бiрақ ернiн тiстенiп, өзiн-өзi тежей бердi. Қол сыртымен бетiн жуған жасты ысырып тастап, ерекше бiр ызамен:

  • Ой, атаңа нәлет, Төрехан! Атаңа нәлет! – дей бердi. Айырмен шаншыпты ғой! Ой, жауыз! Сан тұстан шымшымдап аққан қан тiрсегiн қып-қызыл қылып бояпты. Ақтайқар әлсiз ғана бұған мойнын бұрды.


Саяттың жасаураған көздерiнен аяушылық байқалады.



  • Немене, ауырып тұр ма? Ақтайқардың мойнынан құшақтап, кекiлiн сипады. – Кiм? Төрехан ба? Кiшкене жұдырығы түйiлiп, ширығып алды. – Не қып тұрсың? Кәне, жүр! Жүре ғой! Орнынан ауыр қозғалған Ақтайқар сылти басады. – Ауыра ма? Жазылып кетедi әлi-ақ! Жүре ғой, Ақтайқар, жүршi, – деп сәл-пәл демеп, өрге қарай шығарып келе жатты. Ақтайқар аяғын ауырлай, әлтек-тәлтек басқан сайын, мұның өзi де тап бiр аяғынан ауыр жараланғандай ызадан тiстенiп келедi. Денесiнен суық тер шып-шып етiп, көйлегiнiң сыртына шықты. Ақтайқар аракiдiк тоқтап қалады. Айыр кiрген тұс дiр-дiр етiп, қозғалған сайын алқызыл түске боялған қан жылымшылап ағып, лыпып сыртқа шығады.


Саят оған көз тоқтатып қарауға бiртүрлi жүрексiндi. Кеуде тұсы үздiк- создық сыздықтай шаншып-шаншып кетедi. Егер осы сәтте, тап қазiр Төрехан кездессе…


Күн ұясына батуға аз қалған. Көкжиектен созған сымдай жiп-жiңiшке, қан қызыл болып боялған бұлт көзге ерек көрiнедi. Көктен жайлап құлап келе жатқан қызыл шардай алау күн, сәлден соң әлгi бұлттың белдiгiн үзiп түсетiндей. Саяттың назарын осы оқшау көрiнiс өзiне ерiксiз бұра берген-дi. Әлде бiр мазасыз, тыншусыз сезiм тал бойымен жүгiрiп өттi.


Үйге тақана бергенi сол едi, кешкi ауа тыныштығының әңкi-тәңкiсiн шығарған бiр ащы үндер құлағына жеттi.


Дауыс – Жанбикенiкi! Ара-тұра ақырған ер адамның даусы кие жарып, әлгi үндi өзiнiң ызғарымен, айбынымен көмiп-көмiп кетедi.



  • Бәрi де бiттi ендi! өлемiн, ойбай! Жiбер деймiн!

  • Ой, жынды болдың ба? Не сұмдығың мынау!

  • Жiбер, жiбер кәне! Бiттi ендi бәрi де! Бекбайдың бiткен жерi осы. Әй, нәлет Құрымбай! Нәлет! Құрымбай! Тал түсте қақпанға түсiп…

  • Қойшы, ойбай, ел естидi ғой! Үйге кiршi, жүр!

  • Жоқ, ендi мен жоқпын саған, Жанбике. Әкесi бұлқынып артынан қапсыра құшақтаған Жанбикенi әрлi-берлi сүйрелеп жүр.

  • Yйге кiршi! Сұмдық болды ғой мынауың! Не болды, ей, саған. Бекер шығар. Алып қашты әңгiмеге иланып, соншама iшермiсiң. Неге түңiлесiң? – Бекбай сәл жуасығандай, додаланған басын қос қолымен қыса ұстап, кеспелтек бөренеге отыра кеттi.


өзi өксiп-өксiп жылап жүр. Жанбике:


 



  • Yйге жүршi, айналайын Бекбай! Ел көрiп күледi ғой ендi.

  • Кiрмеймiн! Кiрмеймiн дедiм ғой мен саған! Ақырып жiбердi де атып тұрды.

  • Қойшы ендi! Ойбай-ай, елге масқара болатын болдық. Неге отқа сала бересiң менi! Азапқа салдың ғой.

  • Ой, әкеңнiң.. Мен түскен отқа түспесең сен несiне қатынсың? Не азап көрдiң, а! – Жанбикенiң бетiнен былш еткiзiп, бiр қойды. Ол шалқалай құлап барып, қайта түзелдi. Мұрнынан қан сау еттi.


Баж ете қалған Жанбике қарғау сөздердi бiрiнен соң бiрiн ағытып кеп бердi дейсiң. Бекбайдың жетi ата, жекен суының түгiн қалдырған жоқ.



  • Тап сенi милицияға өзiм барып айтамын! өзiм барып қаматамын қазiр, – деп үйге жұлқына кiрдi.

  • Бар! Кәне, барып көр осыдан? Босағадан аттап көр, кәне! Жалғыз оқпен жайратамын. Екпiндей жүгiрiп барып, сарайға кiрiп кетiп, мылтық алып шықты.


Жанбике есiктен орамалын тартып, ентелей шыға берген едi.



  • Тоқта! Әкесi мылтығын кезей бердi. Қаққан қазықтай қалшиып қатып қалған Саят шыңғырып жiбердi.


Тұрған орнынан оқша атылып әкесiне қарсы жүгiрдi. Бекбай еркiсiз бұрыла берген. Саяттың көзi әкесiнiң көзiне түскенде, тұла бойын ток соғып өткендей болды.


Көзi қанға толып алған екен. Ұясына кiруге шақ қалған күннiң қызыл шоқтай алауы әкесiнiң көзiне көшiптi.


Даусы дiрiлден зорға шықты. Қалт тұрып қалды да, буыны босап, өз-өзiнен бүгiлiп, жүрелеп отыра бердi. Сұмдық бiр жалыныш толы жанарын әкесiнен еш аудармастан отырып қалды.


Әке көзiндегi қып-қызыл шоқ, ыза шоғы титтей де бәсеңдемей, бұрынғыдан әрмен лапылдан бара жатқандай.



  • Ә, күшiк! Сенiң де жаның ашиын деген бе!? Жаны ашығышын мұның!


Зәрлi мысқылмен мырс еттi де, мылтығының аузын төмен қаратып, Саятқа түнере қарады.



  • Жаны ашығышын мұның! Жаның ашиды, ә! Жанбикеге жаның ашиды, ә! Жанбике үйден оқшау тұста өңiне үрей ұялаған қалпы, қолдарын кеудесiне төсеген күйiнде бұларға қарап тұр.

  • Жанбикеге жаның ашиды, ә! Ызғарлы жүзбен мырс-мырс күлiп, Саятқа тақана бердi, тақанып келе жатып сөйлеп келедi.

  • Ал маған неге жаның ашымайды, ә! Неге ашымайды, а, кәне айта қойғын!


Әке көзiндегi мысқыл күлкi бiрте-бiрте әлсiрей сөнiп, сұп-суық ызғарлы мұзға айналып бара жатты.



  • Жаның ашымайды, ә! Ырқ-ырқ күлген болды. Жалпақ, сұрғылт өңiнен өре түрегелген суық түктерi Саяттың өңменiне қадалғалы келе жатқан кiрпi инелерiндей елестедi.

  • Мен өлсем ше? Қуанасың ба, қайғырасың ба? Аузынан лап еткен бiр ыстық леп бетiн шарпыды. Қолқаны қауып, жүректi айнытқандай. – Мен


 


қақпанға түссем, арашашы болар сен бе, Жанбике ме? А! Қатты ақырып жiберiп, Жанбикеге жалт қарады.



  • Жо-жоқ! Ешқайсың да! Бәрiң де жаусың! Бәрiң де жау! Барлығы жау дүниенiң. Бекбай қайта құтырынды. Аузынан түкiрiгi шашырап:

  • Иә, иә! Барлығы жау! – дедi Саятты жағадан қысып ұстап алып, шиырып жiберiп. Ол қалталақтап, құлай жаздап, қайта түзелдi. – Бәрiмiздi құртқан қу Шәрiп, көрiңде өкiргiр қу Шәрiп! Сен қайдан оңасың! Сол үйдiң итаяғынан су iшкен сен қайдан оңасың, а! Айтшы, кәне! Құрымбайға салған қақпанын ендi бiзге салмақ дейдi. Ең ақыры жаман Шәрiп те бiздi қасқыр боп қаппады ма? Ендiгi елден не үмiт, не қайыр, ә! Әкесi тақалған сайын Саят шегiншектей бердi. Дәрменсiз бiр халде Саят Жанбикеге араша тiлегендей жалт қарады. Бiрақ ол сол қозғалмаған қалпы мелшиiп тұр.

  • Мына Бектай өлiп бара жатса да тек кетпейдi. Бiлiп қой, иттiң күшiгi! Кеудесiн жүндес жұдырығымен дүңкiлдетiп түйiп-түйiп қойды. Теңселген қалпын түземек ыңғайда.


Көкжиектi көлбей жатқан Кемертаудың жон арқасын жанши барып, ұясына енуге аз қалған алау күн үрейге толы көз қиығын бұларға ақырғы рет тастаған екен.


Бекбай ұйқысынан шошып оянғандай. Қол созым жерде кесе көлденеңдей тұрған. Ақтайқарды көргенде өңi өзгерiп кеттi. Әлдеқалай тыншығандай, сабыр арнасына ендi-ендi, шым-шымдап ауыса бастағандай болған ажары әп- сәтте әлем-тапырық болып кеттi. Оқпаны төмен қарап тұрған мылтығын шапшаң көтерiп алды. өңi боп-боз болып, қанын iшiне тартқан күйi күбiрлей бердi.



  • Мынау Шәрiптiң… – Әрi қарай тiлi байланып қалған секiлдi. Үн қатуға дәрменi болған жоқ. Оқ жыландай суық қолы дiр етiп, Ақтайқарды нысанаға ала бастады. Саят «а» деп аузын ашып үлгергенше болған жоқ, көз қарықтырар қызыл жалын жарқ ете қалды. Кешкi аспан қақ бөлiнiп, қара жерге аунап түскендей.


Айнала дүниенiң барлығы қып-қызыл бояуға жуылып кеткен сықылданды. Yй де, талдар да, аспан да, әкесi де, Жанбике де, мылтық та – барлығы қан қызыл түске боялғандай.


Шоршып көкке секiргендей болған Ақтайқар лап етiп жанған отқа айналып сала берген. Ақтайқар ақырын қалқып барып, қып-қызыл жерге қалқи құлап бара жатты.



  • Апа! Саят жан ұшыра шыңғырып жiбердi де, бетiн басып, керi қарай, үйге қарай қашты. Алғашқы шыңғырып айқайлағаннан кейiн үнi шықпай, ауа жетпей бара жатқандай көрiндi. Құлағы да тас бiтелiп қалған сияқты.


Айнала дүние, айнала әлем табан асты тас меңiреуге, тiлсiз мылқауға айналып сала бердi.


Көк есiктi серпе тастап, iшке ендi. Тал бойында табан асты жай отындай тұтынған сезiм осынау жат үйге, мейiрiм шапағы тұл үйге батыл енгiзген. Жанарын торлаған жас та тез тобарсып, қан тұманнан ендi ғана айыққан-ды.


 


Кереуетiнiң тұсына iлiнген анасының суретiне көз салып, сәл iркiлдi. Жылы шуақ жұмсақ шуақ ұялаған жанары дәл қазiр Саяттан сәл-пәл үрке қалыпты.


Саят болған жайды ендi байыптап, ендi ұққан-ды. Сонау жүрек түкпiрiнде көптен берi тұншығып, көптең берi бұлықсып жүрген бiр сезiм күшi, мұның ойын өзге ылғи да бiр сағыныш сазы естiлiп, сонау көкжиектен сағымдана көрiнген өлкеге меңзегендей.


Сол сезiм күшi бала Саятты, жас Саятты батыл да тосын бiр шешiмге табан асты әкелгендей едi.


Қабырғадағы суреттi және басқа керектерiн, жеңiл киiмдерiн иыққа асатын сөмкеге асығыс сала бастады.


Қарсы беттегi айналы қойғыштағы жалтырақ кеселер, хрусталь стақан, вазалар асығыс аяқ қимылынан суық сыңғырласады. Әкесiнiң суретiн алған жоқ. Далаға ытып шығып ауылға, Шәрiп ата ауылына баратын қасқа жолға бет түзедi. Әрiректе, көп ортасында, әлi даң-дұң, у-шумен жүргендерге қайырылып та қарамады. Анда-санда үздiк-создық шәңкiлдеп жүрген Жанбикенiң даусы шыңылтырланып естiледi.


Айналаны қаракөк, алып қанатымен тұмшалай бастаған үнсiз түн Саят үшiн мүлдем қорқынышты емес-тi. Бұл асфальт жолға шыққанда айналаны қою қараңғылық пердесi мүлдем жапқан. Тап осы мезетте бұрылыс тұстан қос көзiн жарқ еткiзiп, қараңғылықты қақырата тiлiп, бiр машина шыға бердi…


Саяттың қатарында отырған мейiрбан әже жас балаға мейiлiнше аяушылық бiлдiрiп, өзiне икемдей, бауыр тартып алып едi. Көптен берi жылылық, мейiрге жетiмсiреп жүрген ол алыстан жолаушылап келе жатқан бейтаныс жандардың жақсы ықыласына жатсынбай, аз-мұз тiлдесуден кейiн тез икемделiп едi.


Жеңiл машинаның жайлы тербеуi Саяттың ұйқысын келтiре берген. Тәттi- тәттi ойлар өз орманына, жасыл жапырақты нуына ерiксiз сүйрелейдi. Сан қиял, сан ойға берiлдi. Үш жолаушының бала мазасын алмайық дегендей қамқор пейiлден шыққан жеңiл күбiрi де құлаққа жағымды, жайлы саздай жұмсақ естiледi. Мына жылылық жас дененi мамыражай бiр күйге бөлейдi. Осы сәтте магнитофон үнi естiлдi. Жанға жайлы жұмсақ әуен Саяттың құлағына жеттi.


Не деген әсем саз едi! Аппақ-аппақ бұлттарды бауырлай ұшып, қалықтай ұшып көгiлдiр тырналар сыңси ән салып, алысқа, со-о-на-а-ау көз жетпес алысқа ұшып барады. Қандай мейiрбан, қандай әншi, әдемi тырналар едi десейшi. Аппақ-аппақ бұлттардан әрi асып, әрi ұшып барады. Жай ұшып бара жатқан жоқ, ақтығы аппақ бұлттан аумайтын Ақтайқарды алдына сап, оны алысқа, көз жетпейтiн кеңiске апара жатыр. Шiркiн-ай, Ақтайқардың көз тартуы-ай! Аппақ бұлттан ақ қанат байлап алыпты өзi! Иә, иә, айна қатесi жоқ аппақ бұлттан байлап алыпты. Барлық ауыл балалары аузын ашып, таңдана қарайды.


 


Класс жетекшiсi Жаннұр апайдың қуанышында шек жоқ. Қасындағы Шәрiп атайға, Yмiт әжейге жымия күлiп қояды да, Саятты құшырлана қысып-қысып, қуана дауыстайды.



  • Тап бiр Пегас дерсiң! Тырналарды бастап барады өзi. Шәрiп атай таңдана:

  • Пегасың не, Жаннұржан-ау! – дейдi.

  • Қанатты ат, қанатты ат! – деп көктен көзiн алмаған күйi көтерiңкi леппен сөйлейдi.


Саят апайын қатты қысып, құшақтап-құшақтап алды да, аузын қос алақанмен шеңберлей көмкерiп:



  • Ақтайқа-а-а-ар! – деп қатты дауыстады. Айнала жаңғырығып, сон-а-ауу алысқа ұзаған дауыс көгiлдiр тауға шағылып, өзiне қайта естiлдi.


Осы мезгiлде Ақтайқар ақ қанатымен қалықтай, көгiлдiр тырналар тобын бастап, соңынан айқайлай жүгiрiп келе жатқан Саятқа қарай керi бұрылды. Олардың төбесiнде қалқи айналып, бiраз жүрдi. Шамадан тыс мәз болған Саят:



  • Ақтайқар! Ақтұлпар! Жарайсың! – деп қуана айқайлады. Кiшкентай Жасұланда мүлде ес жоқ. Алақанын шапалақтап, жiңiшке дауысымен сақылдай күледi. Қолын көкке қуана бұлғайды. Бiраздан кейiн олар Саяттың төбесiнен соңғы рет айналды да, оңтүстiкке қарай кете барды.


Кiшкене төбешiкке жүгiре шыққан Саят қол бұлғап қала бердi.



  • Ақтайқарым менiң, Ақтайқарым менiң! – дедi дiрiлдi үнмен күбiрлеп.


Көзiнен қос тамшы, ыстық жас ытып кеттi…


Соңғы кесенi алдына ала берген Шәрiп атайдың көңiлiнде әлдебiр, көптен берi күптiлеу болып жүрген бiр алаң бар-ды. Оның не екенiн өзi де түсiнбейдi. Кесе түбiне қадалаған кiп-кiшкентай шай шамасына өзгеше бiр ырыммен, үмiтпен қарап: «Осы келе жатқан құлыным болғай, Саятжаным болғай», – деп өзiнен-өзi күбiрлей бердi.


1983 жыл.


 





Пікір жазу