27.02.2022
  154


Автор: Пернебай Дүйсенбин

ШИЕЛЕНIСТЕН СОҢ ШИЕЛЕНIС

 


Терезенi бiреу дүрсiлдетiп әкетiп барады. Саят оянып кеттi.



  • Бұл кiм? – Жанбикенiң үнi үрейлi шықты.

  • Мен ғой, мен!

  • Менiң кiм!

  • Ой, нәлет, ашсаңшы! Немене құлағыңа қорғасын құйып алғансың ба?


Әкесiнiң даусы құлаққа айқын жеттi.



  • Ей, сорлы ай, адамды шошытып, тура жау қуғандай дүрсiлдетiп. Ауыз үйге Жанбике сөйлеп шығып барады. Лап етiп iшке ұрған салқын желмен бiрге сұр шекпенiн қаудырлатып әкесi ендi.

  • Бәрi де бiттi! Сылқ етiп бұрыштағы аласа орындыққа отыра кеттi. Жүзi күреңiтiп, қабағы түйiле түскен. Жанбике мелшиiп қатты да қалды. Көзi ұясынан шығып, жайылыңқырап кеткен шашының ұшын саусағымен әрлi- берлi умаждай бередi. Әлден кейiн барып:

  • Не болды? – дедi.

  • Бiттi! Мәулен қолға түстi.

  • Қалай?

  • Қалай?! Қалай?! Солай! Ызалы мысқылмен мырс еттi. – Ай, сорлы Мәулен-ай, тұтылған жерiң осы болмаса игi едi.

  • өз көзiңмен көрдiң бе? – Жанбике ентелей тақана бердi.

  • Е, көзбен көргенге сенiп, құлақпен естiгенге сенбейсiң бе?

  • Оны кiм айтты саған?

  • Кiм айтты саған?! Сұрағының түрiн қара! Немене Төрехан тақияңа тар келе ме? Әйтеуiр баланың қолға түспегенi абырой болды. өзге бiр шаруамен кешiгiңкiреген екен. Сарт-сұрт болып қалғанда, ол керi жүгiрiп, маған жеттi. Иттiң балаларын неғып байқамағанымызды. Әлгi жаман қорада жайғап едiк.


 


Бiрақ асығыс-абылаңқыда адам бiлiп бола ма? Кеше кешкiлiк сол жақта-ақ, тау iшiнде реттеп келе қояйық деп едiк, көнбей қойды кешiгемiз деп.



  • Олардың қайда ендi?

  • Әй, әлгi Төрехан екеумiз қара барқынның астына тыққан болдық. Бәлеге бастарда кежегеңнiң кейiн тартатын әдетi емес пе?

  • Неге сол жақтан бiржола бiтiрiп келмегенсiңдер? – Бар бәле Мәуленнен болды. Көнбей қойған сол. Құрымбай сорлыда да жазық жоқ. Ол да айтудай айтты. Иттiң баласы iштарлық қылды бiлем. Құрымбайды олжаға ортақ қылмаймын деген болу керек. Бiрақ ол итiң де кенде емес. Баяғы айтқан шалдың сиырынан бiраз үлес алып қалған өткенде.

  • Е, ол Мәуленiңнiң iшi тар екенiн мен баяғыдан-ақ сезетiнмiн.

  • Әй, шайың бар ма? Көп мыжып керегi не. Болады бiр iс, қолға түскен айғақ жоқ. Iшiмнен соған шүкiр деп отырмын. Жаман там жақты кiм барып тексерер деп отырсың. Сен кешегi келген еттi не қыласың? Әлiгi Тассайдағың қашан келмек едi? Iзiн суытпай тезiрек құрту керек. Тыққан жерiң сенiмдi ме едi?

  • Сенiмдi.

  • Базар қай күнi?

  • Арғы күнi.

  • Е, ертең кешке келедi десейшi.

  • Иә.

  • Сақтықта қорлық жоқ. Соған бекем бол.


Саят үстiндегi көрпесiн қымтап жауып алды. Әлденеден денесi суып қоя бердi. Бойында бiр жеңiл дiрiл пайда болғандай. Құрымбайдың аты естiлгенде недәуiр тiксiнiп қалды. Санасына кимелеп өзгеше бiр күдiкке толы сұрақтар келе бастады. Әсiресе соңғы бiр әңгiмеден ескен өзгеше бiр суық леп Саятты кәдiмгiдей шошынтқандай. Құрымбайдың долырған пiшiнi көпке дейiн көз алдынан кетпей тұрып алды. Кешегi күнi Ақтайқармен қос қапты әкелiсуге барғандағы өз тiрлiгiне ендi есеп бере бастағандай. Сонда қалай болғаны? Қаптың iшiндегi ет болғаны ма? Әкесi мұнан неге жасырады? Құрымбай қайдан жүр? Шалы кiм? Yзiк-үзiк сұрақтар әр тұстан андыздап шыға келдi. Сонау көңiл түкпiрiнде осы бiр күңгiрт тiрлiкке деген әлсiз наразылық еркiсiз бой көтерiп келедi. Ол төсекте ұзақ аунақшып жата алмай қойды. Терезе әлсiз бозғылданып, iшке кеугiм сәуле жiбере бастады. Кереуеттен жеңiл секiрiп түстi де, сыртқа көз салды. Ақтайқар бозаңданып, көзге әлсiз шалынды. Қара талдың астында қалшиып тұр.


«Қап, қарны ашты-ау!» Аяғына сүйретпе кебiстi iле салып, сыртқа шықты. Ақтайқар мұны көргенде, ескi әдетiнше де iшiн жиiлете тартып, дыбыстауға оқталғандай.



  • Немене, қарның ашты ма, қазiр?! Шапшаң басып барып, бастырма астындағы жас жоңышқадан бiр құшақ апарып салды. – Ақымақ, тез тауысып қой! Сүйiрлене бiткен сау құлағынан шертiп-шертiп жiберген, арқасынан еркелете сипап қойды. – Немене, ауыр ма екен. Белiң ауырып қалды ма? Ең болмағанда тоқым салса ғой. Ақтайқар жас жоңышқаны сүйсiне жеп жатты. Бiр жақтан бұлғақтай еркелеп Марс шықты.


 



  • өй, тентек! Сен қайдан шықтың? – Марс кiп-кiшкене денесiмен кеудеге атылады. – Жә, болды, ақымақ болма! Басынан қағып-қағып қойды. – Сенiң қарның тоқ-ау, көкке секiрiсiң күштi екен!


Саяттың бойы тоңази бастады.



  • Жарайды, мен кеттiм. Iща-й, күн салқын екен! Әлсiз сәулеленiп, ақ саумал жарығын айқара аспанға себездетiп келе жатқан күз таңы бүгiн бөлекше бiр көңiлсiздеу раймен атып келе жатқандай.


Саят мектепке баруға жинала бастады.


 





Пікір жазу