27.02.2022
  214


Автор: Пернебай Дүйсенбин

КӨҢIЛСIЗДIКТЕН СОҢ КӨҢIЛСIЗДIК

 


Екеуi үйге көңiлсiз қайтты. Әкесi жол бойы тiс жарып үндеген жоқ.


Үйге тақала бергенде алдарынан қыңсылап Марс шықты. Келген бетте әкесiнiң алдына бiр барып қайрыла шауып, мұның қасына келдi. Келген бетте Ақтайқардың басына еркелей секiрдi. Қапталдаса берiп, мұның қолын жалап та алды. Көңiлсiз ой сағымдай ыдырап, сейiлiп сала бердi.


 



  • Қой, деймiн! Ой, ақымақ Марс! Саған не болған! – Тым жақын тұрып, жақсы көрiп сөйледi. Марс одан сайын еркелеп, Саяттың үстiне қарғиды. Оның бұл қылығы ерiксiз күлдiрдi.

  • Ой, ақымақ! – Алдыңғы аяғымен асылып  тұра    қалған сәтте, оның құлағын құшырлана уқалап-уқалап қойды.


Терезенiң тұсында көк қасқа машина тұр. өткендегi көшiрiп келген машина секiлдi. Ол Ақтайқарды тал түбiне байлап жатқанда, сықырлап есiк ашылды.


Сыртқа шығып келе жатқан Мәулен екен. Мұның соңын ала жеткен әкесi дауыс көтере самбырлай алыстан амандасты.



  • Оу, жаным, жүрiсiң суыт қой.

  • Жә, ақырын, немене сонша дабырлап.

  • Е, жоға, көптен берi көрiнбей кеткен соң да!

  • Қол тимесе амал қанша!

  • Ту, өзiң де адамды сонша күттiрiп!

  • Шаруа жайы солай болса қайтейiн.

  • Жә, жарайды ендi. Бiр ақылдасатын шаруа бар. Екеуi оңашаланып, үй алдына былай ұзап шыға бердi.


Саяттың үйге кiргiсi келмедi. Шөлдеген екен. Есiк алдындағы бастырма астындағы шелектен су iштi. Ақтайқар да шөлдеген болар деп ойлады. Үй iргесiнде тұрған шылапшынға шелектегi суды құйып, алдына қойды. Ол ұзақ сiмiрдi.


Саят Ақтайқардың басынан, құлағынан сипады. Марс мұның қатарына келiп, жер бауырлай жатты. Аракiдiк бұларға қарап, еркелей мойын бұрады.


Әкесi мен Мәулен екеуi бiршама ұзап барып, арық шетiне отырды. Анда- санда күңкiлдеген үндерi құлаққа талып жетедi. Бiр ғана сәт құлақ түрiп едi, сөздерi онша айқын жетпедi. Бiр-ақ рет «Құрымбай» деген үнi айқын естiлiп қалды. Екеуi әлденеге келiспей қалған тәрiздi. Әкесiнiң үнi сәл көтерiңкiлеу шығатындай. Саят бетiн жуды да, үйге беттедi. Жанбике бұл есiктен кiргенде, алая қарап:



  • Немене, әкелдiңдер ме? – дедi.

  • Жоқ.

  • Таба алмадыңдар ма?

  • Тайқар көтере алмады.

  • Оњ, көтерем болғыр! – Стол үстiндегi кеселер сыңғырласып қалды. Көз қиығымен шалғаны – Жанбике құлағындағы сырға суық жарқылдап қалған екен.

  • Шай iшпеушi ме ең! Жеки сөйледi.

  • Жоқ!


Төргi есiктi сарт жапты.



  • Iшпесең iшуiңмен кет! О несi-ей, бар жұмысты бiтiрiп келгендей болуын.


Саят төсегiне келдi де, құлап түстi. Одан соң да Жанбике өзi бiрталай сөйлеп жатты. Бiрақ құлағын көрпемен тұмшалап алып, түк те естiгiсi келмедi. Көзiн терезеден сыртқа салып жатты. Ай төбеге келiптi. Есiк алдындағы талдар бiртүрлi жұмбақ, кейiннен маужырасып тұр.


 


Басына әр бөлек, әр қилы ойлар келiп жатыр. Бiрде апасы елестедi. Әсия туралы ойлады. Ол тап кинодағы бақытты жандар секiлдi қол ұстасып, Әсия екеумiз айлы түнде қатар жүрiп қыдырсақ деп қиялдады. Хат жазсам қайтер едi. Бiрақ не туралы жазамын? Әзiрге танысқанымның өзi үш-төрт-ақ бала. Төрехан туралы тiптi айтудың өзi ұят. Ал ана екi бала достыққа жарайтын-ақ балалар. Бiрақ Жанбике оларды үйге келтiрмейдi. өздерi болашақта бiздiң класта оқисың деп жүр. Ағайымыз тамаша адам дейдi. Осылай тiзбектеп жаза берсем ше? Қайбiр оңған хат болмақ. Одан басқа маңыздырақ бiр нәрсе жазуға болар ма едi. өзiнiң қазiргi тiрлiгiнiң жайы туралы ойланғанда, екi бетi ду ете қалды. Әсия бiлсе ше… Ол мұны ойлағанда жатқан орнынан төңкерiле аунап түстi. Iшi-бауырын шым еткiзiп, әлдене қарып өткендей. Талықсып барып ұйқтап кеттi…


Ақтайқар баған ағашқа байланыпты. Қара сыммен шанди оралған аяғы қырқылуға жақын қалған. Екi езуi екi құлағына жете ыржиған Төрехан Ақтайқардың үстiне шiрене отырып алып, бұған арсыз ажармен қарайды.



  • Хэллоу! Приветик, Саятик! – деп иек қағады. Жайдақ арқасында жайғасқан қалпы аяғын бiрiнiң үстiне бiрiн салып отыр. Арқасын баған ағашқа тiрей шiренедi.

  • Қоя бер деймiн, кәне! – Солай ызалана айқайлады. Батылы жетiп, жақын бара алмай тұр. Төрехан сақылдап тұрып күледi. Айтылған сөздi шыбынның ызыңы құрлы елең қылып тұрғаны байқалмайды. Қолындағы көк шыбығын саусақ арасына қыстырған қалпы безектетiп қанкөбелек айналдырады. Аузындағы шылымын екi езуiне алма-кезек апарып, торғайдың құйрығындай қылпың қақтырады. Будақ түтiнiн сақиналандыра шығарады. Сол түтiннiң тасасынан сықсия қараған көздерi зәрлi мысқылға толы. Мұның кеудесiнен үскi бiзбен пiскiлеп жатқан тәрiздi.

  • Кәне, жiбер деймiн! Жiбер! – Барып жағасынан ала-ақ түскiсi келдi, бiрақ дәрменi жетпейтiнiн сезедi. Жыларман болғандай. Алқымына кептелген жас ақтарылуға сәл-ақ тұр. Ақтайқар көзi жасаурағандай бiр халде. Анда-санда iш тартып, өксiк секiлдi өзгешелеу бiр үн шығарғысы келедi. Алдыңғы екi аяғы баған ағашқа сыммен таңылған. Ақтайқардың қимылдауға әл-дәрменi мүлдем жоқ.


Саят жан-жағынан көмек күткендей жалбыранған кейiпте айналасына алақтай қарады…


 





Пікір жазу