27.02.2022
  202


Автор: Пернебай Дүйсенбин

МАЗАСЫЗ ТҮН

 


Қас қарая үйдiң алдына гүр етiп машина тоқтады. Шай iшiп отырған әкесi елең етiп:



  • Ә, келдi ғой! Қаптарың дайын ба едi? – дедi Жанбикеге.

  • Дайындап қойғам.

  • Аузын буатын сымдарың ше?

  • Оларды да!


Есiктен Мәулен ендi. Екi езуi екi құлағында. Шамалы көңiлденiп алғаны көзiнен көрiнiп тұр. Екi қолын алмакезек ысқалап қойып:



  • Ал, ағайын қарамағыңа келдiк. Кәне, тездетiңдер, – дедi отырмастан. Әкесi орнынан көтерiле бердi. Жанбике де ықшам киiнiп алған-ды.

  • Бiр нәрсе бермеушi ме ең? Әкесi мағыналы қалыпта әйелiне қарады.

  • Ойбай, жоқ, соңынан! Әкесi Мәуленге:

  • Қасыңда бiреу бар ма?

  • Е, бар ғой. Әлгi бiздiң үйдiң көк жындысы бар. Басқа кiмдi алам? Жаңа келдi қара терге малшынып нәлетi. Анау Шағалалыдағы Әлтен шалдың қауынына барған ғой деймiн бiр топ бала!

  • Еш нәрсе әкеп пе?

  • Е, ол қырғи ғой. Екi жағын лықа теңдеп әкептi.

  • Әне, ол пайдасын бiлген бала! Сенiң Төреханың түбi адам болады. Ал менiң мынауым болмай қалыпты.

  • Қой, олай деме. Мәулен мұны ақтағысы келгендей пiшiнде.


 



  • Жоқ! Оған көзiм жеттi. өзi әбден жүнжiп бiттi. Құр қағазға шұқшия бергеннен бiрдене өне ме?!

  • Неге, менiңше…

  • Әй, қайдам-ау! Сурет пе, кiтап па, қарап отырсам тiрлiгi көңiлiме қонбайды.

  • Е, сурет салған жаман емес қой.

  • Ай, сен де болмай қалған екенсiң де! Жаным-ау, осы қаладан да, даладан да талайын көрiп жүрмiз ғой. Шаштары желкелерiне түсiп, бiр бәлелерiн арқалап, сол кенеп шүберектiң бетiн майлап жатқаны ылғи да.

  • Ақша соларда емес пе? Сәл бiрдеңе iстесе, күреп алатын көрiнедi. Осы былтырғы екi суретшi осы совхоздан тура он мыңды өз қолымен санап алғанын өз көзiммен көрдiм.

  • Сөз болғаныңа. Е, олар да өз пайдасын ойлағандар ғой. Ал мынауың ше?


Бағана терлеп-тепшiп келiп отыр. «Қайдан келдiң?» Yндемейдi.


Әңгiме жалғасын күткен ол әкесiнiң аузына қарап қалыпты. Аласы үлкен көзiнiң ақтарына кiшкене қызыл жолақтар жүгiре бастапты. Жанбике шешесi ауыз үйде әлденеге күйбеңдеп жүр.



  • Қолына қысқан папкасы бар. Алып қарадым. Ана ауыл сыртындағы шатты, өзендi, ағашты шимайлапты. Е, былайша ұқсайды. Бiрақ одан пайда не? Тап бiр жынды адамның тiрлiгiндей.

  • Кәне, кәне, көрсетшi. «Жақсыны көрмек» деген. – Мәулен Саятқа қарады. Әкенiң шымшыма сөздерi Саяттың жас жүрегiн инемен шабақтап жатқандай, ол сазарып тұрып қалып едi. Орнынан да қозғалмаған.

  • Е, несiн көресiң? Әкесi қолын солғын сiлтедi.

  • Е, сонда да болса.

  • Дәненесi де жоқ. Балдыр-батпақ тағы бiр қызды салған ба. Аспанда тырналар ұшқанын салған ба? Әлгi қыз жынды адамша тырналарға қол созып тұр. Қойшы соны. Кел, одан да жолымыз болсын деп бiр-бiрден тартып жiберсек қайтедi. Жаңағы сенiң балаң iшке неге кiрмедi, далада тұрып қалды ғой.

  • Ештеңе етпейдi.

  • Кел, ендеше алсақ, алып жiберейiк! Саят далаға безе қашқысы келдi. Көзiн қарсы отырған екеудiң қарасынан тайдыра берген. Бiр сәтке болса да өзгеше бiр ойран көрiнiс көз алдынан ойнап өтiп едi. өзiнше әдемi, өзiне әсерлi көрiнген сол суреттердi жұлып алмаққа әкесi үлкен түктi қолдарымен ұмтылып келе жатқан секiлдi елестедi. Осы бiр сәтте Саят қолындағы суреттер аяқ астынан ертегiдегiдей ұшқыш кiлемге айналып сала бергендей. Ол кiлем Саятты үстiне қондырып алып, алысқа, ауылға ұша жөнелген тәрiздендi. Олар екеуi қосарлана айқайлап бақырған дауыспен:

  • Тоқта, тоқта! – дейдi.


Саят тiптi өкпесiн еш жасырғысы келмегендей көзi ұшқындап, от шашып бара жатқан тәрiзденедi.


Жанбике шешесi не iстер едi? Қуана ма едi, қуанбас па едi?


 


Қаптаған қалың тырналар суреттi – кiлемдi, жан-жағынан ұзын жiппен кере ұстап, алысқа сол ауылға, Шәрiп ата аулына алып бара жатқандай. Әсия ең бiрiншi болып көрiп, ең бiрiншi болып айқайлап жүгiрдi.



  • Балалар! Саятты қараңдар! Ұшып келедi, ұшып келедi! Тырналармен бiрге ұшып келедi. Алақай!


Бақыт бас киiмiн аспанға лақтырып айқайлап жүр…



  • Ал, кеттiк! Әй, бәйбiше дайынсың ба? Жүр, әй, қарғадай болып, өзi кекшiл болып алыпты. Түйiлуiн нәлеттiң!


Үшеуi кабинаға жайғасты. Саят машинаның үстiне шықты. Бiр бұрышта Төрехан отыр.



  • Ну, привет! Ренжiп қалдың ба? Амандаспадың ғой.


Үнiнде кекесiн бар. Саят үндемедi. Ол буылған қапты алып, бiр бұрышқа жайғасты.



  • Берi отырмайсың ба? Ол тiс жарған жоқ. Екеуi де бiр-бiрiнiң жүздерiндегi құбылысты қараңғыда байқап отырған жоқ. Төрехан тым сыпайы, сызылып сөйлейдi. Бiрақ үнiнде сайқымазақ сиқыр бар.

  • Маған өкпелеп қалдың, бiлем. өкпелейтiн түгi жоқ. Мiну үшiн жаратылған мал болған соң, амал жоқ. Аяғы сынған жоқ, арқа-белi сау. Ну, аздап шаршаған шығар! Ренжiмеңiз!


Саят Төреханды барып, қыл мойынынан ала кеткiсi келдi. «Шапалақпен шарт еткiзiп тартса ғой!» Ол осылай ызалана ойлады.



  • Сен, неге үндемейсiң? Әкелерiмiз дос болғанда, бiзге қас болу жараса ма, бауырым! Қой, тақалысып, жақынырақ отырайық. Ол астындағы қабын Саятқа қарай сырғытты. Тақала, иық түйiстiре отырды. Үстiнен көк иiсi шығады. Бiразға дейiн үндеген жоқ. Сәлден кейiн ол Саятты тiзеге қағып:

  • Неге үндемейсiң? Тақ бiр оқтау жұтып қойғандай болып отыру жараса қояр ма екеумiзге?


Саят шыдай алмады. Шарт кеттi.



  • Не деп үндеймiн? өзiң тыныш отырғаныңа не ақы аласың?

  • Пай-пай! Бойың шынашықтай болғанмен, шатақтың көкесi сен екенсiң, ә! Мысқылмен мырс еттi де:

  • Қой, бала! Бiз қанша дегенмен сенен екi-үш ит көйлектi бұрын тоздырған адамбыз ғой. Үлкендерге бұлай сөйлемес болар.

  • Сендей үлкеннiң құны бiр-ақ тиын.

  • Ей, не деп отырсың өзiң? Қолын Саяттың иегiнiң астынан салып көтердi. Ол Төреханның қолын қағып жiбердi. Анау ысылдай:

  • Бала, байқа! Әр нәрсенiң шегi бар. Сиыр сипағанды бiлмейдi. Понял! – дедi.

  • Понял! – дедi Саят та шамдана сөйлеп.

  • Немене сен, кесiк құлақ арамды үш-төрт сағат қауынға мiндi деп елдiң бәрiмен өштесе берсең, бұл топырақта сен бiр күн де аяқ басып жүре алмайсың.

  • Басқа салғанын көрермiз. Саят кесiп айтты.

  • өзiнiң сөзiнiң түйеден түскендейiн қара! Пай-пай-ай!

  • Сенiң де жетiстiрiп отырғаның шамалы.


 



  • «Сен» демеңiз. «Сiз» деңiз, азамат! Саят көзiн сығырайтып, зәрлене қарады.


Үлкен жолдан бұрылып, ойқы-шойқы жол үстiне түскен темiр шарбақты машинаның алға түскен өткiр жарығы шеңгел, жыңғылы аралас жыныстың ара-арасын ақтарып, айқындап келедi. Салалы, еңселi жыңғылдардың бұйра бастарына шағылып түскен сәуле шарпыны екеуiнiң бетiн тынымсыз сүйкеп өтедi. Төрехан көз қиығымен қасындағы серiгiне қарады. Ол түйiлiп алған екен. Опалаң-топалаң қозғалыстан кей-кейде екеуiнiң иықтары да түйiсiп- түйiсiп қалады. Саят өзiне Төреханның денесi тиген сәтте тура от шарпығандай бұрышқа қарай тығыла, ығыса түседi.


Бiраздан соң машина тоқтады. Кабина ашылып, iшiндегiлер жерге түстi. Төрехан секiрiп кеттi. Саят орнынан қозғала қойған жоқ. Әкесiнiң даусын естiдi.



  • Әлгi бiздiң бала қайда?

  • Отыр ғой анда! Төрехан ұнатпаған үнмен тiл қатты.

  • Әй, неге түспейсiң, көтерiп түсiрейiк пе?! Ол орнынан ауыр көтерiлдi.

  • Қапты ала түс. Сылбыр қозғалып, созылған әке қолына бермей, жерге бұрқ еткiзiп тастай салды.


Әкесi үнатқан жоқ. Күңқетiп:



  • Тура тұтқынға түскендей болып жүруiн. Осы түнделетiп жортқанда мен өз қара басымның қамы үшiн жүр дейсiң бе? Әне қазақтың өзiңдей баласын қарашы?! – дейдi кейи сөйлеп.


Мәулен, Төрехан, Жанбике үшеуi бiр ойпаңдау жерге барып, жұмысқа кiрiсiп кеттi. Сындырылған жыңғылдарды, бұталарды былай алып қойып жатты.


Жаңа көтерiлiп келе жатқан ай сәулесiмен бозғылданып, кiшкене қазаншұңқыр iшiнен төгiлген дән көрiне бастады.



  • Мұның өзi құт шұқыр. Былтырғы жылы да бiр машинасын төгiп, тасып алғанбыз, Төрехан, ә!

  • Ал қаптайық! Не қарап тұрыс?

  • Әй, аузын аш қаптың. Әкесi Саятқа жеки сөйледi. Қаптың бiр жақ аузын Жанбике ұстады.

  • өзi, таза арпа-ау деймiн, ә?! Мәулен ентiге жауап бердi.

  • Ой, iшiнде бiр тал қылтанақ, арамы жоқ. Биыл құдайдың өзi де берiп тұр.


Әлгi үкiметтiң миллиард беремiз деуi тегiн дейсiң бе?!



  • Е, несiн айтасың. өй, шiркiн, көктемгi жауын қандай биылғы!

  • Алланың нұры да! Сөзге Жанбике араласты. – Кейiнгiсiн қайдам? Әйтеуiр ойды кезiп, қырды кезiп жүрiп тауып берген шалың құтсыз болып тұрған жоқ. Әзiрге олжасыз емеспiз ғой.

  • Пай-пай, Жанбике-ай, менiң қате кеткен, мүлт ұрған жерiм бар ма? Таптым, жолықтым, таныстырдым. Риза емессiң бе? Әлгi құйрықтаса тiстескен үш сөздi қадай-қадай айтты.

  • Ризамын, ризамын. Жанбике лекiте күлдi. Оның күлкiсi Саят құлағына бiр түрлi сүйкiмсiз естiлдi. Көбiне-көп түкке алғысыз қылып, тiлдеп жататын жанын ендi көкке көтерiп, басынан құс ұшырмай жатыр. Шыпылдай толып,


 


шыжымдалып аузы байланған қаптар әп-сәтте қаз-қатар сап түзей бастады. Мәулен мен әкесi екеуi қаптарды арқаға салып, машина жанына тасуда. Қимылдары алапат. Ұраға төгiлген дәндi салуға қап жетпеуге айналған-ды. Ұра түбiнде әлi бiрқауым арпа жатыр. Әкесi шарт кеттi.



  • Әй, бағана, жерден, көрден тапсаң да қап тауып қой дегенiм қайда?

  • Ойбай-ау, он бес қап дедiң. Он бесiңдi әкелдiм. Ендi не қылайын?


Жанбике шар ете түстi.



  • Он бес! Он бес! Не, жиырма қылсаң есептеп жаңылам деп қорықтың ба?

  • Қойыңдар, ей қойыңдар. Не болған сендерге? Бүгiн болмаса, ертең аларсыңдар. – Мәулен араша түскен болып жүр.

  • Неммен жеткiзем ертең. Дайын көлiгiм қайсы оған. Сен қолыма қайта- қайта түсесiң бе?

  • Туњ, сол да сөз болып па? Былтыр мына Төрешжан екеумiз түнделетiп есекпен-ақ тасып алғанбыз, машинам табан асты бұзылып қалғандада.

  • Оған адамым қайсы? – Бекбай күңк еттi.

  • Әйелiң бар, балаң бар емес пе?

  • Ой, бүйткен баланың да, әйелдiң де. Сылқ етiп, қап үстiне отыра кеттi.

  • Қой, әй, Бекбай, бiз дауға келген жоқпыз. Бiр нәрсе қылып түсiрiп аларсыңдар. Барымен базар. Кел, үстiне шық!


Мәулен мен Жанбике қолдасып көтередi. Төрехан мен Саят демесiп жiбередi. Әкесiнiң қимылында дүлей ашу бар. Қолына тиген қаптарды шиырып атып, машинаны солқ-солқ еткiздi.


Мәулен   оның   сол   халiн   айтпай   ұғып   тұр.   Түтеген   ашуды   әзiлмен жұмсартқысы келетiн тәрiздi.



  • Жанбике, шалыңның бүгiнгi ашуы жаман, жұмсартатын емiн өзiң табарсың?

  • Қойшы, ей, құтырынбай, тiлiмдi қышыта бермешi әрi! Жанбике үнiнде бәлендей зiл де, салмақ та жоқ. Жеңiл, қуақы қалжың бар.

  • Ойпыр-ай, «Екi ортада шыбын өледi» деп. Қойыңдаршы, мен сорлыны шырылдатпай.


Бекбай ерiксiз күлiп жiбердi.



  • Жоқ, айтам да, он бес деген қатып қалған заң бардай. Екi-үш қап артық ала салуға болмас па.

  • Е, сүйтсеңдершi. Қалғаны қанша дейсiң. Бiр-екi есек тауып алып, бiр-екi рет қатынағандарыңнан қалмайды да.





Пікір жазу