27.02.2022
  161


Автор: Пернебай Дүйсенбин

ШАРПЫСҚАН СЕЗIМ

 



  • Осы уақытқа дейiн қайда жүрсiң? Жер жұтып кеттi ме сенi? Шығырлы құдықтан су алып жатқан Жанбике жеки сөйледi. Әкеңнiң жүрiсi анау


 


тентiреп. Сайда саны жоқ, құмда iзi жоқ. Саят бiртүрлi жүдеп, Ақтайқарды ағаш қазыққа байлай салды да, кiдiрiстеп тұрып қалды. – Анау екi жүгермекке елiгiп жүрсiң-ау, ә. Олардың жағасы бос, жаны тыныш. Олар ерiкпегенде, мен ерiгем бе! Үйiне шөп десе шөбi, жем десе жемi сырттан құйылып жатыр. Елдiң бәрi сенiң әкең дейсiң бе? Түрмеден келгелi осы үйге сабақты ине пайдасын тигiзген жоқ. Кiм оған «мә» деп дайын асты ауызына асата салады. Әлi жүр сандалып. Елдiң еркегi таңнан тұрып тырбанып, тыртысып жатқаны. Ана жұмыстың басын бiр шалып, мына жұмыстың басын бiр шалып, жүргенi сол. Сен де әкеңнен қанша ұзап тудым дейсiң. Арманың – мына бiр арам. Сол болса болды, саған дүниенiң бәрi түгел-ау деймiн, ә! Одандағы өзiңдей Мұқанның баласын қарасаңшы. Таң азанда тұрсаң, үйiне со-о-нау ит өлген жерден есек арбасымен шөп әкеле жатады. Түн жарымында кетедi, таң алдында келедi. Ал сенiң жүрiсiң мынау. Қолыңнан қармақ түспейдi. Анас пен Орынбасардың жүгермектерi саған қорасындағы шөбiн әкеп берер дейсiң бе? Ертең қорадағы бес-алты малыңды немен асырайсың. Әлгi әкелiп жүрген қу шабағыңның қылтанағымен асырайсың ба? Мен болсам, әкең екеуiңдi асыраймын деп таңнан кетiп, кешке бiр-ақ келемiн өлiп-талып. Екi аяғым түнiмен сыздап ұйықтапайды. Ертеңнен қара кешке магазинде қақиып тұрып көршi, қандай болар екенсiң. Осы күнгi ел де оңған ба? Қит етсең, арыз жазуға дайын. Бәлем, тиын жеп қойды, кем сатты, тығып сатты деп көк желкеңнен алғалы тұрады… Ең болмағанда, түсте үйiңе келгенде шайың дайын тұрса, оған да құлсың ғой.


Бұрқ-сарқ етiп шелекпен су әкелiп, даладағы жалпақ тас үстiнде тұрған самауырға су құйып жатты. Саят Жанбикенiң еш толассыз сөйлегенiн алғаш көрiп отыр. Әнеугүндерi бұлай секiлдi көрiнбеген. Тiптi «Саятжан» деп еркелете сөйлеген кездерi де болған. Алғашында жатырқағандай болып жүрдi. Әлгiндей жылы қабақ, жылы сөз арадағы алғашқы тосырқаудың тосқауылын жоюға сеп болғандай. Бұл жаққа келген күннiң ертеңiне Саяттың бойына құйып қойғандай костюм-шалбар, көйлек, бәтеңке де әкелiп берген. өзi киiндiрiп тұрып:



  • Құп жарасты, құдай қаласа, күзде мектебiңе киiп барасың.


Сол күндерi жүдеу көңiлi бiр жасап, бойында бiраздан берi ұялаған жүдеулiктiң қырауы жiбiгендей бола бастаған едi.


Әкесiнiң әзiрге iстеп жүрген кәсiбi Саят үшiн әлi айқын емес. Ол да кешке үйге сүрiнiп әрең жетедi. Кей түндерi келмей қонып қалады.


Жұмыстан келген соң, тал түбiндегi қолжуғышқа жуынып жатады. Үстiнен ащы тердiң иiсi танауға ұрады. Сонау Жоталыдан ауыл сыртындағы қоймаға күн сайын арпа тасып жүргенге ұқсайды. Шай үстiндегi сөз сыңайларынан соны аңғарды. Кейде Мәулен де үйге соғып кетедi. Ол келсе, әкесi де, тәтесi де жадырап қалады.



  • Бар ма едi бiр нәрсең? Мағаналы жүзбен Бекбай Жанбикеге қарайды.


Жанбике орнынан бұрала түрегелiп, ортаңғы үйдегi серванттың аузын ашады. Құлаққа сыңғырлаған шыны үндерi келедi.


 



  • О, шiркiн, бiздiң кемпiрдiкi осы. Мәулен дегенде шығар жаны басқа. Ана стақанды көрсейшi, ей, Yндемес. Әлгi айта беретiн шетелiңнiн хрусталi қолыңдағы. Жалт-жұлт етуiн!


Мәулен жымың қағады. Мұндай сәттерде Жанбике жүзiндегi әлгiндей долырған ашудан сызаттай белгi де қалмайды. Құлағындағы алтын сырғасы жалт-жұлт етiп шыға келедi. «Уақыт өтiп барады, ел күтiп қалды», – дейтiн былайғы шақтағы қарбалас тiрлiгi де жайына қалады.


Көбiнде көпшiк қойып, желдiрмелете сөйлейтiн – әкесi. Жанбике де сөзге ұста. Екеуiнiң арқасынан кезек қағып, ойнатып отырады.


«Саят» емес, «Саятжан» атанып қалатын кезi де осы шақ. Солай бола тұрса да мұның үйде отырғысы келмейдi. Көбiне сыртқа кетiп қалады. Кейде төр үйдегi темiр кереует үстiне шалқалай жатып, кiтап оқиды. Соңғы бiр келiсiнде Мәуленнiң өзi тым қуанышты үнмен тiл қатады.



  • Ой, ақ тоқал, әлгiлерiң қайда? Қолыңнан iшер асты сағынып-ақ қалыппыз. Кәне!


Жанбике сылқ-сылқ күлдi.



  • Ойбай-ау, мынауың қалай? Бөлекше көңiлдiсiң ғой бүгiн!

  • Е, асығымыз алшысынан түссе көңiлдi болмай. Қайта мұның жүрегi темiрден екен. өзiмiздiкi болса, баяғыда-ақ жарылып кетер едi.

  • Е, не болды сонша!

  • Yндеме, кемпiр. Сәтiн салса бәрi оңынан оралып тұр.


Шай жасалып жатыр. Саяттың құлағына сылдырлаған таныс дауыс келдi.



  • Әлгi бала қайда?

  • Е, жүрген. Есiл-дертi ойын. Әне бiр екi жүгермекке үйiрсектеп алды.

  • Қайсы?

  • Анау бригадир Анас пен бухгалтерлерiңнiң аты кiм едi?

  • Орынбасар ма?

  • Иә, иә.

  • Е, бала болған соң сол да?

  • Ей, қойшы соларыңды! Әне бiреудiң әкесi тұштаңдап әнеукүнi магазинде ел көзiнше дiкеңдемесi бар ма? Неге үстеме баға қосасың, неге этикеткасын жұлып тастайсың деп.

  • Қайсысы?

  • Е, әлгi Анас дейтiн ботқа беттi айтам.

  • Қойшы, кемпiр-ай, соған бола ренжiп. Оның өзi бiр сондай адам.

  • Оның несi жақсы дейсiң. Ана Есенжан ғой адамы, сол бригадирлерiңнiң iшiндегi. Қойнына бiр жартылықты тығып барсаң, бiр машина шөптi салғызады да бередi.

  • Е, оның өзi бiр сондай серi жiгiт.

  • Иттiң өзi қандай боқтампаз десеңшi.

  • Ойбай, ел құлағы әбден үйренген емес пе. Кейбiреулер былай деп күлетiн көрiнедi. Егер ол боқтамаса көңiлiмiз бiртүрлi жетiмсiреп қалады деп.

  • Е, оның рас, рас!


Сөзге Жанбике араласты.


 



  • Ол, ол адам ғой! Анау Анасың шiлтиiп, кiсiмси бередi. өзi амандасқанда адамға рай да бермейдi ғой, кәпiр. Есенжан сорлы ала көйлек, аңқылдақ. Жартылығын, тiсбасарын орап берiп жiберсең болды, түнделетiп үйiңе машина-машиналап шөптi түсiрiп кетiп жүргенi.

  • Е, оның әкесiнiң өзi сондай адам едi, марқұм. Обалы нешiк, бөлiмше басқарушысы болып жүргенде, әйтеуiр үй көшiрiсiп, отын, су, жем түсiрiсiп жүргендерiмiзде, бiр-екi қойды үйiткiзiп салып жiберушi едi.

  • Дұрыс айтасың. Сорлы сол ақ көңiлдiлiгiнен опық жеген жоқ па? Колхоз кезiнде малы кем болып, тергеушi келгенде у iшiп өлдi ғой, марқұм, – дедi Жанбике.

  • Ой, марқұм-ай, ә!

  • Е, бәрiн айт та, бiрiн айт, азамат аз жасаса да кешiп iшiп, кешiп жедi. Жолдастары да көп едi өзiнiң. Үстiнен талай арыз да жазылды-ау. Тексерушiлерiңнiң талайы кiсi алатын бурадай ауыздарынан ақ көбiгiн атып, түйiлiп келгенде, оларыңды жымитып, жуасытып қайтаратын. өзi қандай серi едi, марқұм.

  • Кел, ей, Бекбай, солардың аруағы үшiн бiр алып жiберейiкшi. Стақандар сыңғыр-сыңғыр еттi. Сәлден кейiн Бекбай күлiп.

  • Сенiң бүгiнгi ерлiгiң де олардан кем соққан жоқ.

  • Е, айтсаңдаршы ынтықтырмай.

  • Yндеме, кемпiр! Iшiмiз майлы дедiм ғой. Тек қойманың iшiн тазалап, айнадай қылып қой! Биыл мұртыңды балта шаппайтын болды. Тек қабыңды дайындағын тездетiп.

  • Жалпы Құдыш жақсы жiгiт қой. Әнебiреуi нағыз қызыл көз бәле едi.


Әйелiнiң әкесi өлген екен. Соған кете қалғаны мұндай жақсы болар ма!



  • Иә, айтпа.


Үшеуi қосыла күлдi.



  • Қайда төктiңдер?

  • Е, онда сенiң шаруаң қанша? Мына Yндеместiң адам бiлмес ұрасы мол көрiнедi.

  • Е, бұл үндемей жүрiп талайдың аузын ұрған Мәулен емес пе?! Жанбике сылқ-сылқ күлдi.


Саят терiс аунап түстi. Одан әрi тыңдағысы келмедi.



  • Саятжан-ау, шай iшпедiң ғой, немене басың ауырып жүр ме? Жанбике жылы ұшырай сөйледi. Соңын ала әкесiнiң гүжiлдеген үнi естiлдi.

  • Саят-ай, кешке ұзап кетiп жүрме. Бүгiнге кино-синоңды қоя тұр. Ол әке сөзiне мән берген жоқ... Есiк алдында тал көлеңкесiнде жатқан Марс еркелей келiп, алдына асылды.

  • Ой, ақымақ! Ол өзенге қарай жүгiре жөнелдi. Қапталдаса жүгiрген ерке мiнездi Марс бұдан озып, өзенге бұрын жеттi.


Келген бетте көйлегiн басынан асыра шешiп тастап, кiшкене жарқабақтан суға шаншыла секiрдi. Су астымен жүзiп арғы беттен бiр-ақ шықты.


Марс бұған таңданған пiшiнмен қарап қалыпты.



  • Ой, ақымақ, мұнда келмейсiң бе. Қорқақ неме, берi кел! – дедi.


Ол да суға қойып кеттi. Ентелей шапшаң жүзiп, мұның қатарына жеттi.


 


Саят суға тағы да сүңгiп кеттi. Үстi-басы малмандай болған Марс бұның әр қимылын бағып, судың тайыз шетiнде, құмқайырға бауырын төсеп, барлай қарап жатыр.



  • Ой, Марс, қорқақсың, ә, неге менiмен бiрге жүзбейсiң? Ой, ақылсыз неме!


Су шетiндегi ұлпа құмға бауырын төсей жата кеткен Саяттың қасына арсалаңдап ит те жеттi.


Ол Марсқа қиғаштай көз қырын салды. Нұр ұшқындаған көзi ойын тiлеп, қызық тiлеп тұр.



  • Ой, ақымақ! өй, салпаң құлақ! – Жекiп айтқан секiлдi болса да, жан жүрегiнен айтылған жылы сөз екенiн қу иттiң iшi жақсы бiледi.


Саяттың итпен әңгiмелекiсi келдi. Тiптi ол бұның ойын, қиялын, айтқанын түсiнетiн секiлдi. Ендi өзi сұрап, оған өзi жауап бердi.



  • Марс десе, а, Марс! Саят итке қарады. Ол құйрығын бұлғаңдатты.

  • «Әу» дегенiң ғой, ә! Дұрыс. Жарайсың! – Марс, сен менi жақсы көресiң бе? Тағы да құйрығын бұлғаңдатты.

  • Иә, жақсы көремiн.

  • Марс десе, мысалы, мен бiр алыс жаққа кетiп қалдым. Сен менi сағынасың ба, жоқ сағынбайсың ба? Саят бiр түрлi мұңмен айтты.

  • Дұрыс сағынады екенсiң. Ал сен апаңды сағынасың ба? Саят сәл кiдiрiп қалды. Марс сұраулы пiшiнде мұның жүзiне қадала қарады. Ол сәлден кейiн мұңайған дауыспен: – Бiрақ апаңның қайда екенiн сен бiлушi ме ең, – деп басынан жай ғана сипады да көтерiңкi дауыспен:

  • А, жарайды, егер мен басқа бiр иттi асырап, сенi үйден қуып жiберсем қайтер едiң, ә? Ол түсiн суытып айтты.


Марстың жүзi шынында да өзгерiп кеттi.



  • Ұнатпай қалдың ба? өкпелеп қалдың ғой деймiн, ә? Қой өкпелеме! өй, ақымақ! – Оның басынан сипап күлiп едi, көз жанарына бағанағы жарқыл қайта ойнап шыға келдi.


Әуенi тiтiретiп ұшақ үнi естiлдi. Мөлдiр көк жүзiнде күнге шағыла аппақ ұшақ шығысқа қарай тартып бара жатыр екен. Екеуi де әуеге қадалды. Самолет үнi ұзай бердi.



  • Марс десе, егер мен жаңағы самолетпен ұшып кетiп бара жатсам, сен менi иiсiмнен табар ма едiң?


Ол Марсқа қарап күлдi де, құлағын ұйпалап-ұйпалап жiберiп:



  • Әй, қайдам, сен менi онда таба алмайтын шығарсың. Ондай күш саған қайдан бiтсiн, ақымақ!


Жүгiре барып, суға қойып кеттi.



  • Айхай-хай! Айхай-хай-ай! – Саят сақылдап күлдi. Су жиегiне шықты да, құмқайырлы саяз тұсты шалпылдатып жүгiре жөнелдi.


Марс та Саяттан оқ бойы озып, алға зулап барады.



  • Марс! Марс! Саят мұңсыз, қамсыз, бiр шаттықпен сақылдай күлдi.


Кенет Марс шабалана үрдi. Самбырлап сөйлескен әлдекiмдердiң даусы естiлдi. Саят орнынан шапшаң көтерiлiп, айналаға бой созып қарады. Ит жүгiрген бағыттан, сай аңғарынан есекке мiнгескен бiр топ бала жалғыз аяқ


 


жолмен жеделдете жүрiп бара жатыр екен. Ақтайқары көзiне оттай басылды. Үстiндегiсiн де тани кеттi. Кәдiмгi – Төрехан!


Орнынан атып тұрды.



  • Әй, тоқта деймiн! Қайда кетiп бара жатырсың?


Олар бұған жалт-жалт қарасты да, қарқылдай күлiп, шаба жөнелдi.



  • Тоқта деймiн!

  • Тоқта! – Төрехан қолын бұлғап, қарқ-қарқ күледi. Марс ызғыған күйi қалың топқа қапталдаса берiп, шабалана үрдi. Ақтайқардың қатарына барып, қыңсылап, алдын орап жүр.

  • Төрехан, тоқта деймiн! өй, атаңа нәлет! Тоқта!


Төрехан тағы да қарқ-қарқ күледi. Алысқа ұзай берiп, қолын бұған мазақ қыла бұлғап:



  • Хэлло! – деп қояды.


Саят жете алмасын бiлген соң, ыза болып жерден кiшi-гiрiм қаймақ тасты алып, олардың соңынан жiбердi. Тас жеткен жоқ. өзеннен сатырлай шауып өткен олар жалғыз аяқ жолмен тал тасасына барып жоқ болды. Тегi совхоздың қауын қорығын бетке алып бара жатса керек. Әнеукүнi Алмас пен Саят Төрехан бастаған бiр топ балалардың қауын торитын сапарға жиi шығып жүргенiн айтып едi. «Қап!» Саят тiстенген күйi сылқ етiп, өзен жағасына отыра кеттi.


 





Пікір жазу