27.02.2022
  228


Автор: Пернебай Дүйсенбин

ЖАҢА ТАНЫСТАР

 


Саят Ақтайқарды өзенге суаруға апарды. Екi бала өзенде қармақ салып отыр екен. Олар бұған аңтарыла қарады. Көзқарастары қызық. Тап бiр тосын аң көрген тәрiздi.


Саят Ақтайқардың үстiнен қарғып түстi, оны суға жетеледi.


Балалардың жас шамасы өзi қатарлы. Тек бiреуiнiң бойы аласалау. Бойы биiктеуiнiң бетiнде теңбiл-теңбiл секпiлi бар. Ол Ақтайқарын суарып тұрып, олар жаққа қарамауға тырысты. Бiрақ ол екеуiнiң бұған тесiле қарап тұрғанын аңғарып тұр.


Бiреуi тiл қатты. Әлгi тәмпiш мұрынды аласалауы болу керек.



  • Сәлем бердiк! – Yнiнде жеңiл әзiл бар.

  • Сәлем! – Саят оң қолын көкке көтердi.


Саят олар жаққа ақырын бұрылды. Балалар бұған қарап, жымия күлiстi.


Ақтайқардың аяғын тұсады да, оларға қарай беттедi.


Қол алысты.



  • Есегiң аппақ екен, ә? Қайдан келгенсiң?

  • Жаймауыт жақтан.

  • Ә, әлгi Бекбай деген кiсiнiң баласысың ба?

  • Иә.

  • Дұрыс, дұрыс, кеше естiгенбiз. Әлгi машинамен есек әкелiптi деп күлiп жүргендерi сол екен ғой.


Ақтайқар жаққа күлiмсiрей қарап қойды. Ұзын бала:



  • Құлағын кiм кескен? – дедi. Саят та күлiп:

  • Е, бiр Құрымбай деген қорықшы жоңышқалыққа түстi деп, оң құлағының ұшын кесiп тастапты. – дедi.

  • Соған бола ма?

  • Иә, саған бола.

  • Е, оның таңданатын несi бар. Анау Қалдыбектiң әкесi алдыңғы жылы жаман құдыққа екi бұзауды тiрiдей құлатып өлтiрген жоқ па едi.

  • Ой, ондай адамдар көп.

  • Сен, Самат десе, бiлесiң бе, сол Қалдыбектiң әкесi былтыр жайлауға ел көшкенде, далада енесiнен адасып қалған жас құлынды бауыздап, тазыма азық болады деп қоржынына теңдеп алыпты.

  • Е, оны естiгем. Көкемнiң: «О, құдай көргертпегiр көк соққан, ақырың оңбас», – деп қарғағаны есiмде.

  • өзi де ақыры оңған жоқ дейдi көкемдер. Анау баласы бiр қойшымен суға таласып, пышақ салып, сотталып кеттi емес пе. Ендi өзi төсектен тұра алмай жатыр дейдi ғой.

  • Е, оны сол жас құлынның киесi соққан дейдi апам да.

  • Кие деген не?


 



  • Е, қайдан бiлейiн! Әйтеуiр, «кие» деген сөз жас малды аямаған адамдарға айтатын шығар. Саят екi баланың өзара әңгiмесiн қызыға тыңдады. Бiреуiнiң аты – Самат екен. Екiншiсiнiң аты – Алмас болып шықты.


Тез арада орнаған татулық бұлардың араларын бөлекше жақындата түскендей. Түрлi әңгiмелер айтылды. Бiр кезде Алмас:



  • Саят десе, сонда мынау есектi сатып алып па едiңдер?

  • Жоқ. Шәрiп атам берген.

  • Ол кiм?

  • Әкемнiң жақын туыстары. Осы берi кетерде әкем алмаймын десе де болмай машинаға салып жiбердi.

  • Ол жақтан неге көшiп келдiңдер?

  • Әкем ғой осында болмай көшiп келген. Шәрiп атам көшпе деп көп айтты. өзiнiң баласы жоқ, – деп Саят сәл мұңая сөйледi.

  • өй, сенiң әкең қайда, бұл жерге келгелi төрт-бес айдай болып қалды. өзi түрмеден келген екен дейдi ғой елдер. Самат Алмасты бүйiрден түртiп қалды. Саят үндеген жоқ. Төмен қарап, жер шұқып қалды.


Самат Алмасқа ала көзiмен бiр қарап алды да, мұңайып қалған Саятқа көтерiңкi үнмен сөйледi.



  • Жарайды, бұдан былай таныс болайық. Әкел қолды. Саяттың бойы жеңiлдеп қалғандай. Самат әңгiменiң арнасын өзгеге ауыстырғысы келдi.

  • Жақында телевизордағы цирктi көрдiң бе? – дедi Алмасқа.

  • Қайсысы?

  • Анадағы ит пен есектiң ойынын көрсететiн.

  • Иә, иә. Сонда әлгi екi аяғын аспанға көтеретiн ақ есек бар ғой,ә.

  • Иә.

  • Әлгi таяқшаны көтерсе ақыратынды айтасың ба?

  • Е, е!

  • Сонда маймыл  қуың   үстiне   қарғып  мiнгенде   бiр   айналып   тұрып шабатынын айтсайшы, әсiресе!

  • Айтпа, ой, сонда күлгенiм-ай.

  • Мынау Ақтайқар да тап содан айнымайды екен, ә!

  • Соның көшiрмесi тәрiздi.

  • Әттең, бiр құлағының сәл-пәл қысқалығы болмаса! Саят та әңгiмеге қызу араласа бастады.

  • Осы цирктегiлер де керемет қой, ә!

  • Қалай үйрететiнiне қайранмын.

  • Айтпа, ғажап!

  • Тiптi, анау иттердi жанып тұрған отты шеңбердiң арасынан қалай өткiзедi десейшi!

  • Ту, сол да сөз болып па!

  • Аюлардың қалай велосипедтi тебетiнiн айт бәрiнен.

  • Жоқ, әсiресе пiлдердiң «Цыганочка» билегенi ше?

  • Бұл үйретушiлердiң шеберлiгi, әрине.

  • Оған таңданатын не бар. Анадағы май мейрамында ана өзiмiздiң Жақсылықтың аты аэродромда, ел алдында, «Қамажайға» билеп едi ғой.


 



  • Е, е, есiмде, есiмде!

  • Сонда қалай биледi, кәдiмгiдей ме?

  • Иә, кәдiмгiдей! Баласы аттың үстiне мiндi. өзi жерде тұрып сырнай тартты.

  • Қызық екен, ә!

  • Қызық болғанда сұрама! Ана ат әннiң әуенiне қарай алдыңғы аяқтарын билете басқанда шегiң қатады.

  • өте керемет ат десейшi.

  • Денесi қандай?

  • Әлгi зоологиядағы Орлов тұқымы тәрiздi.

  • Саят десе, мына Алмас бар ғой, нағыз суретшi, сенiң анада салған суретiң үйде бар ма?

  • Қайсысы. Сол билеп тұрған атты салған суретiң ше?

  • Е, ол үйде.

  • Түнеукүнi көрмеге   қойғанда   балалар   да   әбден   мақтады-ау.   Тура Аманкелдi батырдың ақ боз атындай!


Саяттың екi көзi жайнап кеттi.



  • Сен де сурет сала аласың ба?

  • Алмас па! Мектептегi бiрiншi   суретшiмiз осы деп отырмын ғой.


Аудандық көрмеде де жүлде алған.



  • Ой, қандай жақсы. Мына мен де сурет салуды жақсы көремiн. Әсiресе акварельмен!

  • Онда тiптi тамаша болды десейшi.

  • Ал мен де ойша, киялдан салғанды жақсы көремiн.

  • Онда жарадың!


Олар осы сәтте құрақ қамыспен көмкерiлген өзен жақтан үрке ұшқан құс үнiн естiдi. Артынша мылтық гүрс еттi.


Үшеуi де селк ете түстi. Орындарынан атып-атып тұрысты. Бiр кезде қамыс арасынан шошайған мылтық ұшы, оның соңынан ұзын бойлы, басында ақ күнқағары бар бiреудi көрдi.


Ол басындағы киiмiн жұлып алып:



  • Ей, мырзалар, сәлем! Мазаларыңды алғаным үшiн кешiрiм сұраймын.

  • Ой, мынау, Төрехан қу ғой! – дедi Самат. Ол самбырлап сөйлеп келедi.

  • Мынау ақ есек екен ғой, аққұтан екен деп алыстан аңдып әуре болып келе жатсам! Алдымнан бiр топ үйрек ұша жөнелмесi бар ма. Тартып жiберiп едiм, мүлт кеткенi!


Әй-шай жоқ келдi де, газет үстiнде жатқан майлы бауырсақтың екi-үшеуiн ауызға тоғытып жiбердi. Саятқа сығырая қарап:



  • Мынау бөтен тип қой. Сөзi қотыр-қотыр. Саят оған ұнатпай қарады. Төрехан мырс ете қалды. Қатарында өзiне жақтырмаған пiшiнмен қарап тұрған Алмасты бүйiрге нұқып қалып:

  • Ей, тiлiң бар ма, таныстырсаңшы! – дедi. өткемдiк көрсете сөйледi. өзiнiң дене тұрқының да, күшiнiң де iрiлiгiн танытып отыр.


Самат шақ ете қалды.


 



  • Ей, сен немене әкiреңдеп! өзiң бас жоқ, көз жоқ, тап бiрдеңе бiтiрiп келгендей! Оның алдындағы газеттi өзiне лып еткiзiп тартып алды. Анау алыса кетсе, Самат оңтайланғандай қалып танытып тұр.


Саят қолайсызданып қалды. Төрехан тiсiнiң арасынан сыздықтата:



  • Ей, бала, мына ағаңа қалай қарсы сөйлейсiң, а! Бес грамдық оқтың саған жоқ болып тұрғанын қарашы, а! – дедi.

  • Е, атпақсың ба, ал, кәне ата, қойшы, көрейiн күшiңдi! – Самат Төреханға шүйiле түстi. Тайынар түрi жоқ. Түсiн суытып алған Төрехан жадырап қоя бердi.

  • Ой, ақымақ, ойнағанды бiлмейсiң. «Сиыр сипағанды бiлмейдi» деген, ә! Ит-ау, мен қанша дегенмен сендерден бiр-екi көйлек бұрын тоздырған жанмын ғой. – Жайдарылана қалды. Бiр кезде ол Саятқа бұрылып, күле қолын ұсынды.

  • Төрехан!

  • Саят!

  • Очень приятно! Ал, шырақ, маған өкпелеп қалма. Мыналармен анда- санда осындай қалжыңымыз бар.


Тап бiр ересек адамдарша сөйлейдi. Бiр кезде Төрехан есек жаққа көз тастады. Сынаған қалыппен:



  • Сенiкi ме? – дедi.

  • Иә!

  • Жаман болмайтын түрi бар. Тұяғы құйма, тiк екен. Тегi жүрдек болар.


Қалай, мiнiске мықты ма?



  • Мықты! Саят намысын аяқ асты еткiсi келмедi.

  • Ә, онда жақсылап баға бер. Анау Әлтен шалдың қауыны пiсуге жақын. Құдай берсе, Төрехан бастаған команда сәрсенбiнiң сәттi күнi аттанатын шығармыз!

  • Е, саған оны кiм бере қоймақ. Самат тағы да шақ ете қалды.

  • Пай, сол сөз бе. Бiздiң Саят менiмен жекжат. Берсе қолынан, бермесе жолынан! Ол орнынан көтерiле бердi.

  • Қош, сау болып тұрыңдар. Мына жаман ағаларың көл жақты аралап қайтсын. Құр қайтқан ұят-ты. Қанжығам бос қайтса, Төрехан атыма масқара емес пе? Қош, сау болып тұрыңдар!


Мылтығын иығына асынған күйi ұзай берiп, қолын көкке көтерiп.



  • Хэлло! – дедi.

  • Жынды! Алмас жерге шырт түкiрдi.

  • Кiмнiң баласы?

  • Ой, әлгi Мәулен деген кезбе шофер бар. Соның жалғыз баласы. Нағыз жынды!


Саят ойланып қалды.





Пікір жазу