27.02.2022
  227


Автор: Пернебай Дүйсенбин

Өгей шеше

 


Машина ауыл шетiндегi шатырлы үйдiң алдына тоқтады. Түн iшi болатын. Iле жарық жағылып, терезеден қараң еткен адам басы көрiндi. Артынша есiк сықырлай ашылды да, сыртқа әлгi әйел шықты.



  • Ә, аман-есен келдiңдер ме? – Даусы бөлекше назды, ерке естiлдi.


 



  • Келдiк қой. Шайыңды дайындашы, әбден қаталап өлетiн болдық. Саят состиып тұрып қалды.

  • Әлгi балаң қайда?

  • Машинаның үстiнде. Әй, берi келсеңшi. Неғып тұрсың состиып. Жүр, берi!

  • Кәне, көрейiкшi! Әйел бұған қарай жақындады. Саят сол қалпында әлi тұр.

  • Әй, жақындасаңшы! Немене адам көрмеп пе едiң? Ендiгi шешең осы! Әке аузынан тосын естiлген жат жаңалық Саятты селк еткiздi. «Сонда қалай? Осыған дейiн жасырып келгенi ме?»


Ол машинадан iлбiп, әрең түстi.



  • Жүре ғой, қалқам! Әйел мұны қолтығынан алды. Yстiнен мұрын қытықтаған жеңiл әтiр иiсi еседi. – Жүр, қысылма!


Iшке кiрдi. Әкесi орта үйдегi шегеге сырт киiмiн iлдi де, тура үйге тартты.


Ортада дөңгелек стол жасаулы тұр екен.


Әйел самбырлап сөйлеп жүр, өзi әдемiше көрiндi. Дөңгелек жүзi, толықша бұғағы, құлағында жарқыраған сырғасы – бәрi де өзiне жарасады.


Үнiнде бiр түрлi еркелiк пе, әлде наз ба, бөлекше қуаныш байқалады.



  • өзiм де елеңдеп жата алмай…


Кiшкене самауырды сыртқа алып шығып кеттi. Бiр кезде iшке енген әйел таңданған үнмен:



  • Жандарым-ау, машиналарыңның үстiнде ұры ма, бiр бәле жүр! – Көзi ұясынан шығып кетiптi. Жуынып жатқан әкесi мен шофер екеуi қарқ-қарқ күлдi. Әйел қаққан қазықтай қалшиып әлi тұр.

  • Әй, Жанбике-ай, көзiң көз емес-ау сенiң, а. Анықтап қарамайсың ба?

  • Әй, менiң көзiм емес, сенiң көзiң көз емес шығар. өздерiң сыртқа шығыңдаршы!


Әкесi iшiн баса күлiп:



  • Оу, сорлы-ау, есек қой ол! Әлгi «Қорыққанға қос көрiнедi», деген осы, ә, Мәулен.


Екеуi сылқ-сылқ күлiстi.



  • Есегi несi?

  • Е, кәдiмгi есек! Адам мiнетiн есек!

  • Е, оны қайтпексiң?

  • Мiнемiз. Мына Саят балаң аманшылық болса шөп тасиды.

  • Сонша жерден есек тасыған сенiң де есiң кiресiлi-шығасылы бiрдеңе де. Әйел әжептәуiр түтiгiп кеткен. Сүлгiмен сүртiнiп жатқан Бекбай әйелге тақала берiп, үлкен күстi қолымен оны қапсыра құшақтап, арқадан қақты.

  • Әй, Мәулен, кей-кейде бiздiң Жанбикенiң осындай жаман ашуы бар, бiрақ артынан балапанның бауыр жүнiндей жұмсарып сала бередi.


Саят әйел жүзiндегi таңданыс табының әлi өшпегенiн аңдап тұр.


Көп ұзамай шай да жасалды. Дөңгелек үстел үстiне аузы ашылмаған ақ шөлмек пен үш стақан қатар қойылды. Қолын ысқылап жiберген Бекбай:



  • Әй, Мәулен, мен көп әйелдiң iшiнен осы Жанбикенi текке таңдады дейсiң бе? Көкейiңдегiнi айтпай ұққан жанға не жетсiн? Күректей


 


алақанымен араққа толы ақ шөлмектi қыса ұстап, аузын тiсiмен ашты да, үш стақанға мөмiлдете құйды. Көзi күлiм қағады. Ажарынан аз да болса кiрбiң көлеңкесi кетпей отырған Жанбикеге бiр қарап қойып:



  • Ал, ақ бәйбiше, басқа бас қосылып, мал түгенделдi деген осы. Ақ есекке бола қабақ шытпай-ақ қой.

  • Е, қойшы, сен де…

  • Аманшылық үшiн! Мына баламыз, құдайға шүкiр, ортамызға қосылды.


Бұған да шүкiр. Ай, Yндемес, кел берi, соғыстырып жiбер.


Үшеуi де қағып салды. Саят жаңа шешесiнiң стақан түбiне тамшы қалдырмай тартып жiбергенiне қатты таңданды. Әйел де Саяттың таңырқауын түйсiнгендей. Ақталғысы келгендей:



  • Саятжан, бәрi сенiң қуанышың үшiн! – дедi көзi күлмiң қағып. Бекбайға жалт етiп бiр қарады.

  • Дұрыс, бәйбiше, дұрыс! – Қошеметшiл қалыпта басын изей түсiп, қиярды құшырлана иiскеп отыр. Саяттың аман-есен келгендiгi, машинаның жолда бұзылмай, дер уағында жеткендiгi, Мәулен мен Бекбай, Жанбике үшеуiнiң достығы үшiн iшiлдi. Жанбике алғашқыдай емес, тартынып iштi. Үндемес Мәулен де сөйлей бастады. Ескi тарихтан бiрталай әңгiме шерттi. Үндеместiң Жанбике мен Бекбай арасындағы махаббатқа елшi болғандығы айтылды. Саяттың көзiне ұйқы тығыла бастады. Айтылып жатқан көп әңгiменiң бiрi құлағына кiрсе, екiншiсi шығып жатыр.

  • Саятжан шаршаған болар! Қамқор үнмен сөйлеген Бекбай Жанбикеге ым қақты.

  • Қазiр. Ол ширақ қимылмен орынан лып етiп тез тұрды.

  • Айналайын, қазiр! Әбден тынық! Әлi-ақ ертең дыңдай болып тұрасың.


Қайтсiн ендi, жол да бiрталай ғой.


Сөйлеп жүрiп, төсек салды. Жастығын жөндеп, астын қомдап жатыр.


Саят ұйқыға бас қойды. Осы сәт есiне көк қасқа машинаның арт жағына таман байлаған Ақтайқар түстi. «Аяғы талды-ау, ә! Қарны да ашқан болар. Ауыл жақты ойлап тұр ма екен. Енесiн ше? Тұрып қасына барып жатсам ба екен…»



  • Бекбай, сенде арман жоқ! Айтшы өзiң, тап осындай ай десе аузы бар, күн десе көзi бар қатынды өз ауылыңнан да, өзге ауылдан да табасың ба? Yндемес Мәуленнiң қарлығыңқы даусы қатқыл шығады.

  • Оның рас, Мәулен! Сен болмасаң, маған қайда бұндай жан. Рахмет, бауырым. Әкелшi берi бетiңдi. Шөп-шөп сүйiскен ерiндердiң дыбысы құлағына келдi.


Саятты ұйқы жеңе бастады. Ендi бiр сәт сары қобдиша туралы ойлады.


«Ертең машинадан қалай түсiрiп алсам екен, ә?! Iшiн ешкiм ашпаса екен… Басқа бiр жерге тығып қойғаным жөн. Iшiнде өзiм салған суреттер де бар едi».


Апасы мен әкесiнiң қатар түскен суретiн қобдиша түбiндегi газеттiң астына тығып қойған. Көзi қайта жұмыла бастағанда, неге екенi белгiсiз, сол суреттегi апасының орнына әлгi алтын сырғалы Жанбике деген әйел барып тұра қалған секiлдi. өзiнен өзi селк еттi!


 


«Мүмкiн емес, мүмкiн емес!»


 





Пікір жазу