27.02.2022
  254


Автор: Пернебай Дүйсенбин

ӘКЕМЕН КЕЗДЕСУ

 


Шәрiп атай соңғы күндерi тым көңiлсiз жүрдi. Саят кей сәттерде ол кiсiнiң бұған тесiле қарап қалғанын байқайтын. Әжiмге толы жүзi бұрынғыдан да жүдеп, жабырқау тартқан. Нұры семе бастаған жанарындағы жүдеу мұң оның өн бойындағы өзгеше өзгерiстi аңғартқандай. Жамал апай да шалының бойындағы бұл халдi толығымен ұққандай. Тамақ үстiнде оның жүзiне жиi- жиi жалтақтай қарап, өзгеше мазасыздықпен алаңдайды.


Бiрде Саят қора жақта жүрген Шәрiп атайдың өзiмен-өзi сөйлеп жүрген дыбысын естiдi.


Ақтайқардың енесiнiң қасында жүр екен.



  • Пәдiреңе нәлет! Онысы несi екен, ә! Тап бiр ырысын жеп қойғандай, құлағында несi бар екен-ей! өй, сұмдық-ай! Мұндай да пенде болады екен, ә! Құдай-ау, бәрiнен күйдiретiнi сол үйдiң дүниесiн жиып алайын жүр деп сыртымнан сөз таратқаны-ақ батады ғой адамға. О, арам пиғыл, пәле! Қандай ғана тiлiңе күйдiргi шыққыр екен,ә, шығарып жүрген! – Қолындағы жусан сыпырғымен Ақтайқардың үстiн қағып-қағып қойды. Бiр кезде Шәрiп атай Саяттың өзiн тыңдап тұрғанын сезе қойып, оның жүзiне жалт қарады. Ол қолайсызданып, бiр орында қибыжықтап қалды.


Атай өз қылығына өзi қымсынғандай жүзбен сәл жөткiрiнiп қойды да, бұған күле қарап:



  • Ә, сен бе, Саятжан! Қарашы әлгi иттiң iстегенiн. өзiнiң бiр құлағын тап осындай ғып құдай шұнтитқыр, қу Құрымбай! Саған да жақсы болып қалып едi, көрмейсiң бе ендi.


Саят Ақтайқарға шошына көз салды да, жүгiрiп касына келдi. Оны аяп кеттi:



  • Ата-ау, Құрымбай ма кескен?

  • Иә. Сол нәлетi!

  • Туњ, қандай оңбаған! Ауырып тұр ғой, ата, ә?

  • Е, ауырмай. Бұл да тiрi жан емес пе. Қарашы, әп-әжептәуiр түрi бар едi, әбден бүлдiргенiн.


Үнiнде наза, налыс бар.


 



  • Балалардың бәрi де мұны Ақтұлпар деп атаушы едi. Құлағын әбден бүлдiргенiн-ай, ә!


Қарт таңданып қалды:



  • Ақтұлпар! Ойқой, келiстiрiп-ақ қойған екен! – Ол кiшкене көңiлденейiн дедi. – өзiнiң жүрдектiгiнде еш айып жоқ. Осы анада балалармен жарысып, озып келдiм дедiң-ай. ә.

  • Иә! Сонау Ақтөбеден ауылға дейiн жiбергенде, көбi шаңыма iлесе алмай қалды.

  • Негiзi жарамды өзi. Қалай дегенмен де арқалы болатын түрi бар. Мынау енесi де сондай ғой. Анау жылы қой бағып жүргенде екi дүңгiр суды белiне салып, үстiне мiнiп алғанда, жорғасынан бiр таймай баратын.


Саят екi-үш күннен берi қабағы ашылып, жадырамай жүрген атайдың ендi көңiлдене бастаған қалпына iштей қуанды.



  • Ата, өзен жаққа барып, балауса орып әкелсем қайтедi?

  • Е, бара ғой, айналайын! Күн бүгiн демалыс қой. Сабағыңды оқыған шығарсың, – дедi Шәрiп атай елпелектеп.


Саят атайдың есегiне мiнiп, өзендi бетке алды. Ауылдан ұзап шыға бергенi сол едi, артына бiр қарағанда үлкен жолдан бұрылып, үйге қарай бет түзеген үлкен көк қасқа машинаға көзi түстi. Үйдiң қасына келiп тоқтады. Кабина iшiнен екi адам түстi. Алдарынан қараңдап бiреу шықты. Сырт қалпы Шәрiп атай секiлдi. Саят келгендердiң кiм екенiн қайта оралып бiлгiсi келдi. Алайда орта жолдан қайту онша орынды да емес. Ақтайқар озғындай шауып, оқ бойы ұзап барады да, артына адырая қарап тұрады.



  • өй, мақтаншақ-ай! – Құлағың ауырмай ма, ей, – деп Саят ерiксiз күледi. өзектен шөп орды, бiраз суға шомылды.


Ол ақ есектiң екi жағына шөптi лықа теңдеп алып, үйге жақындап келе жатты. Есiк алдында бағанағы көк қасқа машина сол орнында әлi тұр. Үй маңында қараң-құраң адам. Самауыр қойып, көршi үйдiң әйелдерi жүгiрiп жүр. Жерошақта қазан қайнап жатыр. Үйдiң бер жақ түбiндегi қадаға ат байланыпты. Ол жақындай келе аттың қорықшы Құрымбайдiкi екенiн ажыратты.


«Бұлар кiм болды екен?»


Саятты елден бұрын көрген бiр әйел оған аз уақыт аңырая қарап тұрды да, үйге қарай шапшаң басып, жүгiре жөнелдi. Бақыттың шешесi сияқты.


Ол шарбаққа есектi байлады да, үстiндегi тең шөптi аударып, iшке тастады. Үй жаққа көз қиығын тастап едi, есiк алдындағы ағаш сәкiде топталып бiрталай адам отыр екен. Сол топтан жырылып, бұған қарай тақалып келе жатқан ұзын бойлы бiреудi көрдi. Жүзi таныс секiлдi. Жүрегi шым еттi.



  • Әй, айналайын, Саятжансың ба, ей! – Құшағын жайып, бұған ұмтылды. Бiрақ Саят көзiн одан алмаған күйi, сазарып тұрды да қалды. Анау келген бетте мұны құшақтай алып, бетiнен аймалап сүйе бастады. Үстiнен күлiмсi арақ иiсi шығады.

  • Айналғаным-ау, жат болып кетiпсiң ғой. Мұның не? Yнi жыламсырап шықты. Сәл кiдiрдi де сыбырлаңқырап, – Апаңнан айырылып қалдық па? Мұңайма, айналғаным! Тағдырдың жазғаны солай болса қайтесiң? Ендi


 


осыдан тiрi болсам қанаттыға қақтырып, тұмсықтыға шоқыттырмаймын. Саят әкесiнiң парлап аққан көз жасының иығын, бетiн жуып кеткенiн сезiп тұр. Оның да көзiнен бiр тамшы жас ытып кеттi.



  • Саятжан, саған сонша не болды? Мен сенi сағынбасам, осылай келем бе? өзiң әбден жүдеп кетiпсiң ғой. Жүр мұнда, – деп дастарқан басына қарай жетектедi.


Ошақ басында топталып тұрған әйелдер жаулықтарының ұшымен көздерiн сүртiсiп, терiс айналды. Саят дастарқан басына қарай тартыншақтай тақанады.


Қорықшы Құрымбай бүгiнгi бастан кешкенiнiң бiразын ел естiсiн дегендей желпiне сөйлейдi. өзi қызара бөртiп алған. Шәрiп атай етек жаққа жайғасыпты. Бәрi Құрымбайдың аузына қарап отыр.


Басын терiс салып отырған тек атасы. өзi тiптен көңiлсiз. Үмiт әжейдiң қабағында да бiр кiрбiң бар.


Құрымбай қолын анда-санда әуелей сермеп қояды.



  • Осы көзiме оттай басылды. Шауып алдынан шықтым, ой, айналып қана кетейiн, Бекбай. Бұл бауыр дегендi қойсайшы. Келдi де, құшаққа қойды да кеттi. Екеуiмiз егiлiп жылап жатырмыз. Алты жыл деген аз уақыт па, сонда мына Саят жетi жаста едi. Қазiр, мiне, дыңдай жiгiт. Қараңдаршы, – деп басын шайқап қойды. – Кел, келiңдер, туыстар, көтерiп жiберейiк. Бұл күндi көрген де бар, көрмеген де бар! Бiрiн-бiрi кеу-кеулескен топ қырлы стақандардағы ақ мөлдiрдi қыл тамаққа құя-құя салысты. Шалғы мұртын алақанымен баптай сипап қойған Құрымбай, шанышқыға сырлы аяқтағы жас бауырдың бiр талын түйреп жатып, Саятқа мөлиген көзбен күле қарап қойды.

  • Айналайын, Саятжан, жеттi деген осы. Аман-есенiңде әкеңе табыстың. Ендi саған жетiмшiлiк жоқ, – деп жұбата сөйлеген болды. Саят Шәрiп атайдың қабақ астынан ақырын ғана алартып көз тастағанын байқап қалды. Құрымбай сөзiн үзген жоқ. – Әйтеуiр, мына жаман шал да барын аяған жоқ. Аяжанның жетiсiн, қырқын өзi атқарды. Елдiң алғысында шек жоқ. Саятқа өз баласынан артық қарамаса, кем қараған жоқ. Аруағыңнан айналайын. Ол, алдымыздағы асқар тауымыз ғой! Осыларды бел тұтып, кейде еркелеп, артық-кем кетiп қаламыз да мына бiздей жындылар! Осыларға еркелемегенде, ендi кiмге еркелеймiз?! Саят Құрымбайдың жүзiне бажырая қарады. Ол Бұған тiктеп қарамай, көзiн тайдырып әкеттi. Одан кейiнгi әңгiмелердiң барлығы оның құлағына сiңген жоқ. Көбiне өз ойымен өзi болып отырды.


Ол Шәрiп атайдың неге үнсiз, көңiлсiз отырғанын көпке дейiн түсiне алмай қойды. Әлде Құрымбайдың мұнда келуiн жақтырмай отыр ма? Жаңа бiр сөзiнде ол iстеген қылығына кешiрiм сұрағандай сыңай бiлдiрген секiлдi. Сөзiн тыңдасаң, айтып отырған әңгiмесiнiң астар-жiгiн бiлдiрмейтiн тәрiздi. Саят Құрымбайдың Шәрiп атаймен екеуiнiң арасында түк болмағандай еркiн отырысына, ойнақы қылығына өзiнше қайран қалды. Тiптi бiр мезет ол мұның Ақтайқарының құлағын кескен Құрымбай емес секiлдi көрiндi.


 


Үлкен ас желiнiп болған соң әңгiме бағыты өзге арнаға ауғандай. Саят солай түйсiндi. Жаңа алдында гулесiп, әр бөлек жерден бейберекет шығып отырған әңгiме жуасып қалды. Әңгiменi бастаған – әкесi.



  • Қария, қамқорлығыңызға құлдық. Мына ағайлардың аузынан бар жайды естiп-бiлдiм. Көп рахмет. Ендi екi-үш күнде жүрмекпiн. Анау-мынау қағаздарды реттеп, мына Саяттың мектептегi қағаздарын алып дегендей. Ол да бiрталай жұмыс қой.

  • Оның рас, – деп Құрымбай да қозғалақтай берiп, коштап қойды.


«Сонда менi өзiмен бiрге әкетпек пе? Қайда? Қай жаққа? Шәрiп атай мен Yмiт әжей қайтпек? Неге осы жерде тұра бермеймiз?»


Шортан қуалаған шабақтай дүрлiккен ой Саяттың санасында аласапыран болды. Ол мына келiстiң бекер емес екендiгiн ендi ғана айқын түсiнгендей.


Есiне сары чемодан iшiндегi қызыл жолақ конвертте жатқан бүлiк хат оралды. Тал бойында қарсылық ояна.


«Сонда қалай? Сонда бiз көшiп басқа жаққа кетпекпiз бе?


Шәрiп ата мен Yмiт әжей, Бақыт пен Әсиялар Саят көк машина үстiнде кетiп бара жатқанда, көздерi жаудырап, қол бұлғап қалмақшы ма? Ақтұлпар ше? Қой, олай болуы мүмкiн емес. Шәрiп атай менi жiбермейдi. Осыдан қара да тұр, жiбермейдi!» Алабұртқан қалың ойдың жалына жұлқынып шыққан қарсылық, бала жүрегiнiң наразылығы осылайша тулап жатты.


Шәрiп атай үндемей бiраз отырды. Ол үмiттi көзбен атасына тесiле қарады.


Тынысы тоқтап қалған секiлдi.



  • Қарағым, Бекбай! Осы жасыма дейiн ешкiмнiң ала жiбiн аттап көрген жан емеспiн. Аяжан марқұмның азды-көптi мүлкi, дүниесi сол тұрған орнында тұр. Мына Құрымбай күнi кеше осы үйге әңгiртаяқ ойнатып, айтпағанды айтып кетiп едi. Оныңша мен, сол үйдiң бар мүлкiн әкелiп, үйге кiргiзiп алыппын. Ендi өзiңмен бiрге түгендесер.

  • Туњ, Шәке-ай, қойшы қайдағы жоқты айтпай. өттi-кеттi бiр ақымақтық.


Шайтаны құрғыр да тiлдiң ұшын қышытқан.


Ол орнында отыра алмай, қозғалақтап кеттi. Саят атасына риза болған пiшiнмен сүйсiне қарап, қыбы қанып қалған тәрiздендi…





Пікір жазу