27.02.2022
  212


Автор: Пернебай Дүйсенбин

КӨҢIЛСIЗ КҮНДЕР

 


Мектептен үйге келгенде, Саят есiк алдындағы, тал көлеңкесiнде Шәрiп атайдың қасында отырған бұйра шашты, сәндi киiнген жас жiгiттi көзi шалды. Екеуi ақырын әңгiмелесiп отыр. Ол орнынан тұрып, Саятпен жылы амандасты.



  • Ә, айналайын Саятжан, аман ба? – деп қолын алды. Қолтығында қызыл папкасы бар екен. Алғашында жүзiн шырамытса да, жыға танып, оның кiм екенiн есiне түсiре алмады.


Бұрын бiр кездескен секiлдi. Ол орнына қайта отырды.


Шәрiп атай да жеңiл ғана екi-үш рет қақырынды да, орнынан козғалақтап қойып, бұған көз тоқтата қарады. Әлдебiр шаруа айтуға оқталғандай. Сәлден кейiн сөз бастады.



  • Саят, мына бала ауылдық кеңестен келiптi. Сәл кiдiрдi де: – Аяжанның паспортын, сенiң куәлiгiңдi сұрап келiптi, әлгi жәрдем үшiн дей ме, соған керек көрiнедi, – дедi. Бар, есiгiңдi ашып, соны алып бере қой, қалқам. Үнi сәл-пәл қобалжулы.


Саят жiгiттi ертiп, үйге келдi. Есiктi ашып, iшке кiрген соң, төр алдындағы сары қобдишаға беттедi.


 


Осы уақытқа дейiн Саят бұл сары қобдашада не бар, не жоғын толық бiлмеушi едi.


Iшiн ашты. Бiрi барқытпен қапталған, екiншiсi көк түстi альбом жатыр екен. Қобдишаның бұрышын ала ақ матаға әр бөлек қағаздар, құжаттар буылып салыныпты. Соны шештi.


Iшiнен тысы мөлдiр қаппен көмкерiлген су жаңа, қызыл түстi паспорт шықты. Апасынiкi екен. өзiнiң куәлiгi де сол түйiншектен табылды.


Сол кезде альбом астында жатқан бiр жақ шетi жыртылған конверттi Саяттың көзi шалды. Қашан екенi дәл қазiр есiнде жоқ, бұрын бiр көрген секiлдi. Дереу альбомды көтерiп жiберiп, хатты суырып алды. Әлдебiр қылмыс жасағандай қысылып, қызарақтап, қолына паспорт пен тууы туралы куәлiктi ұстап тұрған секретарь жiгiтке қарады. Бiрақ ол Саяттың өңiндегi өзгерiстi, оның қолындағы конверттi байқамады. Бiр кезде басын көтерiп:



  • Ал, iнiшек, жақсы. Атаңа айтып кеттiм, бiзбен хабарласып тұрсын деп.


Жақсы! – деп арқасынан қақты да, сыртқа беттедi.


Саят қобдишаны жаба салды да, жүгiрiп терезе алдына барды. Хаттың сыртындағы қолтаңба таныс секiлдi. Ұмытпаса, әкесiнiң қолы. Хат апасына арналған екен. Оның жүрегi дүрсiлдеп кеттi. Көз алды бұлдырап, қолы дiрiлдеп, конверттен хатты суырды. Ақ қағаз тоңған құстай дiрiл қағып, қолында байыздап тұрар емес. Қол сыртымен көзiн уқалап жiберiп, жүгiртiп оқи бастады.


«Аяжан! Есен-амансың ба? Ә деп хатты бастағаннан өзiңдi қуантайын деп отырған жоқпын. Сенiң хаттарыңды алдым. Барлығына жауап берудi қажет демеймiн. Көптен берi ойға түйген бiр пiкiрiм бар едi. Болары болып, бояуы сiңген соң бәрiбiр емес пе?! Мен ендi ауылға қайтып оралмаймын. Көрмегенiм ел болсын, желкемнiң шұқыры көрсiн. Бiр емес, екi рет жала жапты. Ағайын боп ара түсiп, алып қалуға белсенiп, түскен ешқайсысы жоқ. Осында менiмен бiрге түсiп, бiрге шыққан бiр жiгiт бар. Сонымен жақсы жолдаспын. Туыс, ағалары дөкей көрiнедi. Сол елге жүр деп отыр. өзiмiзбен көршi облыста. Бiздiң совхозбен шекаралас ауданда. Сонда барып қоныс теппек ойым бар. Саған көнер деген үмiтпен осы хатты жазып отырмын. Саған да жұмыс табылады дейдi. Хабарын айт, бiр түнде барайын да көшiрiп әкетейiн. Саятқа да түсiндiр.


Сәлеммен – Бекбай».


Саят сол конверттегi екiншi хатты тездете оқыды. «Хатыңды алдым. Оң iстi терiс көрсең, менен кiнә жоқ. Алдыңнан өттiм. Бала белде, қатын жолда. Құдайдың бiр бұйыртқаны маған да жолығар, саған да жолығар. Менi қатын- баласын тастап кеттi деп қысқа елдiң қиырына, ұзын елдiң үйiрiне жар саларсың. Не көрмеген бас. Оны да көтерермiн…»


Саят сылқ етiп, кереует шетiне отыра кеттi.


Төр алдында қатар iлiнген әкесi мен шешесiнiң суреттерiне қарады. Жылы ұшырай жымиған әкесiнiң көзi өтiрiк күлiп тұрған секiлдi. Қатарындағы апасы мұңлы мейiрмен, аяушыл пейiлмен өзiне қадала қарап тұрғандай. өмiрiнiң осылай сәтсiз әрi қысқа боларын өзi де ерте сезгендей.


 


Саяттың көзiнен ыстық жас ытып-ытып кеттi. Солқ-солқ етiп iшiн тартып, булыға жылады.


Анасының ауруханаға кетер алдындағы тым көңiлсiз күйi, күлдей өңi Саятқа аса ауыр көрiнген. Үй iшiндегi тiршiлiгiнде де еш береке болмап едi. Сонда Саят қызыл жолақ конверттi сол күнi апасының қалтасынан байқап қалған. Сол күнi кешке қарай анасы кеудесiн ұстап жатып қалған.


Саят ауыр күрсiндi де, хатты орнына салды.


Ол Шәрiп атайдың үйiне көңiлсiз кiрдi. Ол Саяттың жүзiндегi жабырқаулы халдi көрiп өзiнше жорыды, өзiнше мұңайды. «Қайран, ана-ай!» – деп күбiр етiп күрсiндi де, Ақтайқардың үзiлген ноқтасын бiзбен тесiп, тарамыс өткiзiп жатты.





Пікір жазу