27.02.2022
  168


Автор: Пернебай Дүйсенбин

ЖАТ ХАБАР

 


Сонау көз ұшында ағарып көрiнген ауруханаға жеткенше Саят асығып келедi. Жатаған ердiң қасына iлiнген сөмкеде Yмiт әжесi дайындап берген тамақ бар.


өзен суын кесе өтетiн төте соқпақпен келе жатқан ол ой үстiнде. Соңғы күндерi тым мазасызданып жүр. Анасының күн өткен сайын жүдеу тартып бара жатқандығын есiне алып, кәдiмгiдей қамығады. Оңашада бiр рет жылап та алғаны бар.


Ақтайқар да үстiндегi иесiнiң көңiл күйiн айтпай ұққандай, тайпалып келедi. Бұл дүниеде мұндай жүрдек, мұндай ұшқыр бiрде-бiр жануар жоқ сияқты.


Саяттың бала қиялы тап қазiргi сәтте бұл өлкенiң өрiсiнен әрi ұзап, өзгеше бiр кең өлкеге самғап кеткендей.


Астындағы Ақтайқар Ақтұлпарға айналғандай. Құйрықжалы төгiлiп, қос құлағын қайшылап, болат тұяғы жерге топ-топ тиiп, көсiле ұрып келедi.



  • Шу, Ақтұлпар, шу!


Ақтұлпар көк жұлдызындай зулап барады. Жап-жасыл көмкерген дала, көгiлдiр аспан – бәрi артта қалып бара жатыр. Ысқырынған жел, даланың хош иiсiн бойына жиған бұл жел құлақ түбiнен ысқырынады. Көкiрегiңдi, кеудеңдi керiп, өз лебiмен, хош иiсiмен жаныңды жадыратады.



  • Шу, жануар, шу!


Саят құшырлана айқайлап қояды. Кiшкене қамшысын әуелете сермеп, шыр айналдырады. Сол сермеген қамшысы ендi бiр сәт алмас қылышқа айналып жүре бергендей. Қара тасқа қарсы салсаң да жүзi майрылмас.



  • Шу, жануар, шу!


Жол бойындағы жат мiнездi ұрыдай аранын ашқан тiкенектердi бар күшiмен қайырылып келiп, қайқайып тұрып ұрады.


«Ох, оңбаған, тұрысын қара қасқайып!» Қасынан зулап өте бере, қылыш- қамшысын ысқырта сермеп өттi. Қызыл үлпек тiкеннiң басы ауада қалқып аз тұрды да, жерге жайлап құлап бара жатты. Апасы ендi жазылатын сияқты.


 


Оның тал бойын меңдеткен сұм кеселдiң басы анау үлпек бас, сояу тiкен шөптей оталып түстi.



  • Иә, жазылады, сөз жоқ жазылады. Шу, Ақтайқар, шу, шу, шу! Шаба түс!



  • Түйетiкен, ошағандарды жанай шауып, бiраз отап тастады. – Иә, апам сөз жоқ, жазылады, осыдан қара да тұр. Жазылады!


Саят шапқылаған күйi өзенге келдi. Ойға құлай бере Ақтайқардың шабысын тежедi. өзен жағасына келген соң, тайқарынан түсiп, суға жуынды. Аяқ киiмiн шешiп, жарлауыт шымның үстiнен суға аяғын салып, шалпылдатып бiраз отырды.


Аяғын судан шығармаған күйi қос қолын бастан асыра айқастырып шалқалай жатты. Жас балауса шөп иiсi мұрынды жарып, кеуде кернейдi.


Саят бiр сәт көзiн жұмды.


Кенет құлағына өзгеше таныс дыбыс келдi. Тал бойы шымырлап қоя бердi. Сонау алыстан сыздақтап жеткен сырнайдың сазындай бiр әуен мұның жас жүрегiн ерiксiз лүпiлдеттi.


Әлгi қасiреттi қыз аңсаған құстың үнi! Сол үн бар жерде жазылмас жара, емделмес дерт жоқ тәрiздi!


Саят көзiн қуана ашып алды. Қызыл, жасыл, сары, көк бояулар әуеге моншақша шашылып кеттi. Көкпеңбек болып кең аспан көрiндi.


Кең аспан төсiмен қалқып жүзген ақ ұлпа мамық қардай өркеш-өркеш, буда бұлттар жанарға шалынды.


Бiр топ тырналар иiрiле тiзбектелiп ақша бұлттың мамық төсiмен қалқи айналып жүр.



  • Тырау, тырау!  –   Қанаттарын   кере   тастап,   маңғаз   дыбыстайды.


Қанаттарын артық-кем бiр қақсайшы, сабаздарың.



  • Тырау-тырау! Саяттың ойына жапон қызы Сасаки Садаки оралды. Оның тар терезе тесiгiнен сыртқа құмарта көз тастаған қалпын елестеттi.


Аяулы мамасының да екi көзi төрт болып, терезеден сыртқа тесiле қарап жатқан шығар-ау!


Осы сәтте Саят орнынан қалай атып тұрғанын бiлген жоқ. Қол сөмкесiн iле салып, Ақтайқарға ұмтылды.


Ол аурухана есiгiнiң алдындағы арық жағасындағы талға Ақтайқарын байлады да, iшке ендi.


Тал саяларына қойылған орындықтарда бiрталай адамдар отыр екен.


Олардың барлығы дерлiк бұған аңтарыла қарасты. Ол жеңiл жүгiре басып, сырттағы есiктiң баспалдағымен тез көтерiле бердi. Неге екенi белгiсiз, осы бiр сәтте ол мойнын шапшаң бұрып, артына бiр-ақ сәтке қайрылды. Бiр-ақ сәт!


Қаптаған қалың көздер мұның әр қимылын бағып қалыпты. Әр қозғалысын қалт жiбермей, қапысыз қарауылға алған секiлдi.


Көзiн тез аударып әкеттi.


Ол қапталған үлкен есiктiң алдына келiп тоқтады. Есiк ортасынан ойып жасалған кiшкене ашпалы-жаппалы терезеге қолын тақай берген. Осы мезетте әлденеден үрейленген жанша, неге екенi беймәлiм, артына жалт қарады. Ашық есiктiң арғы жағындағы алаңда өзi құралыптас екi қыз бала


 


бұған қадала қарап қалған екен. Бұл жалт қарағанда, екеуi көзiн тайдырып әкеттi де, терiс айналды. Оның қолы дiрiлдеп сала бердi.


Ортасы әйнек есiктi ақырын тықылдатты. Бiр бұрыштағы есiктен аппақ ақ халат киген шағын, талдырмаш денелi қыз шыға келдi. Кешегi қыз емес. Бейтаныс. Ол жеңiл басып келдi де, есiктi ашты. Бас изеп амандасты да, сыпайы күлiп:



  • Немене, бiреуге тамақ әкелiп пе едiң? – дедi.

  • Иә, апама, – деп, Саят қоңыр сөмкенi көтере бердi. Қыз қол созған күйi:

  • Аты кiм едi? – дедi.

  • Аяжан.

  • Аяжан! Ол таңдана дауыстады да: – Қайсы, алдыңғы күнi жүрегi ауырып түскен әйел ме?

  • Иә. Қыздың өңi өзгерiп кеттi. Қыз сөмкенi қолына алып, аз тұрды да, Саятқа қарап әлсiз езу тартып, күлген болды.

  • Мен қазiр! – деп, қипақтаған қалпы ұзын дәлiз бойымен асыға басып кете барды.


Дүк-дүк! Дүк-дүк! Жүрегi кiшкене кеудесiне сыймай, жұлқынады. Құлағы шыңылдап кеттi. Көзiн ұзай жүгiрiп, кiшiрейiп бара жатқан қыздың соңынан айырар емес. Қыз бұрылысқа барып, көзден тасаланды. Әлi жоқ! Апыр-ау, не болды? Қашан көрiнедi апасы? Бiр мезетте ұзын бойлы, көзiнде мүйiздi, үлкен қоңыр көзiлдiрiгi бар ақ желең киген дәрiгер бұған қарай ақырындап басып келе жатты. Қыз көрiнбедi. Дәрiгердiң түсi суық секiлдi. Әр аттаған адымы құлаққа жаңғырыға естiледi. Дүк-дүк-дүк-дүк! Саяттың бойын үрей биледi… «Апам қайда?»





Пікір жазу