27.02.2022
  162


Автор: Пернебай Дүйсенбин

ЕКI ЖЫЛ БҰРЫН…

 



  • Саят! Саят!


Үй көлеңкесiнде кiтап оқып отырған Саят тосын үнге селк еттi. Таныс дауыс. Жаңылмаса Бақыттiкi.


Ол орнынан шапшаң көтерiлiп, аула жаққа мойнын бұрды.



  • Ей, Бақыт, немене, жай ма? – Оның жүзiнде мазасыздық табы аңғарылып тұрғандай.


Бұған жалт қараған Бақыт қолын бұлғай белгi еттi.



  • Жүр, кеттiк.

  • Қайда?


 



  • Шәрiп атайдiкiне.

  • Жай ма?

  • Неге жай болсын. Ақ қодықты өлтiрейiн деп жатыр дейдi.

  • Рас па?

  • Е, рас емей.


Саяттың денесi тiтiреп сала бердi. Әрi қарай сөйлеуге тiлi байланып қалған тәрiздендi. Қолындағы кiтабы топ етiп жерге түстi.


Ауладан оқша атылып, сыртқа шықты. Аңтарылып тұрып қалған Бақытты қағып кете жаздады.


Оның көз алдына сұр жыланның тiлiндей жалаң-жалаң етiп, жалт-жұлт еткен ақ кездiк елестедi. Түрi қандай суық! Осыдан он шақты күн бұрын туған сүп-сүйкiмдi, көзi тостағандай, тiп-тiк құйма тұяғын жеп-жеңiл, лыпи басып ойнаған қодықтың қан құйылар шұңқыр жанында төрт аяғы таңылып, өлiмге байланып жатқанын ойлағанда, тұла денесi саусағының көбесiне ине сұғып алғандағыдай түршiктi. – өтiрiк! Мүмкiн емес! өтiрiк! Жүгiрiп келе жатып дауыстап та жiбердi. Тұзаққа тұтылып, бұлдырық құстай бұлқынған жас жүрегi табан астында құлағы естiген сұмдыққа еш сенбей келедi.


Мұның соңынан, екi өкпесiн қолына ала жүгiрiп келе жатқан Бақыттың әлгiндегi айтқаны – қате айтылған, адасып айтылған сөз сияқты.



  • өтiрiк! Жалған!


Шәрiп атайдың қодықты ондай қиянатқа қиюы тiптi де қисынға келмейдi. Бақытқа басқа бiр балалар алдап айтқан болуы керек. Мен бiлсем, Бақытты алдаған сол. Солай! – Шәрiп атайдың үйiне жеткенше осы iспеттi сан тарау ойдың орманын шарлап үлгердi.


Шәрiп атай үйдiң күнес жағында, тал көлеңкесiнде қолын артына қайырып, сонау бөктер бетке көз салып тұр.


Әрiректе, қалың талдың қатарындағы терең сайда екi бала есектi қайырмалап жүр екен. Кiшкене қодық балалардан үрке қашып, енесiн айнала шауып жүр. Аппақ, ақша қардай денесi шуақты күнге шағылып, көздi қарықтыра жалтылдайды. Кей-кейде желдiң еркiнде жүрген ерке мiнездi ақша бұлтқа ұқсайды.


Елiре жүгiрiсiп, қасына келiп сәлем берген екеуне Шәрiп атай әрi таңдана, әрi күлiмсiрей қарайды.



  • Ой, батырлар, жай ма? Жау қуғандай, неғып ереуiлдесiп жүрсiңдер? Бақыт ұяңдау үнмен:

  • Жай, – дей салды.


Саят есектi қайырмалап айдап келе жатқан екi балаға түйiле қарап тұрып қалды. Бiреуiн айнытпай таныды. Құрардың нағыз өзi. өзiнен кiшiлеу балаға самбырлай сөйлеп келедi. Екi езуi екi құлағында.



  • Құтыруын көрдiң бе қандай әдемi, ә!

  • Ење-ње-ње! – Құрар мысқылмен мырс етiп күлiп қойды.

  • Әдемi болмақ түгiл одан зоры болса да, бұл қасқаң қазiр баратын жерiне барады.

  • Сонда қайда барады? – Кiшкене бала таңдана сұрады.

  • Ей, мұрынбоқ-ай, қайда барушы едi, о дүниеге барады да!


 



  • О дүниеге деген не? Құрар тұра қалды да:

  • О дүние   деген,   мiне!   –   деп   қол   қырымен   тамағын   пышақпен бауыздағандай қиып көрсеттi.

  • Сонда бауыздай ма?

  • Ой, өзiң де бiр мылжың екенсiң. Бауыздамақ түгiл басын кесiп алады.

  • Е, не үшiн? Есектiң етiн жей ме?

  • Жейтiндер үшiн басын кеседi де.

  • Кiм жейдi сонда?

  • Кiм жейдi, кiм жейдi?! Сондай да сөз бола ма екен. Ит жейдi, құс жейдi. өлген соң бәрiбiр емес пе.

  • Түу, обал ғой! Енесi iздесе ше?

  • Е, не қылады дейсiң, екi-үш күн жоқтайды. Содан соң ұмытып кетедi.


Адам дейсiң бе, еске алып жылай беретiн.



  • Құрар десе!

  • Әу?

  • өй, атама айтсайшы, бауыздамай-ақ қойсын деп.

  • өй, дегенiң-ай! Оған ол кiсi көне ме екен. өзiнiң зықысын шығарған соң бауыздайын деген де.

  • Сонда не iстеген?

  • Бiр жаққа барайын десе, жолда кесiр қылады дейдi. Есегi артына қайырылып, қодығына алаңдай бередi, жүрмей қояды.

  • Бар жазығы сол ма?

  • Е, одан артық ел шапсын ба.

  • Түу, обал ғой!

  • Ой, жаман мұрынбоқ, обалшылын мұның. Кiшкене бала кiлт тұрып қалды.

  • Ей, айдасайшы!

  • Айдамаймын! – Құрар оған тап бердi. Кiшкене бала шегiншектей түстi. Құрар шапшаң қимылмен оны құйрығынан бiр тептi де, жүгiре басып, есектi берi айдады.


Шәрiп атай айқайлап:



  • Берi, мына қораға қарай қайырмалай бер, – деп мырс етiп күлдi де: – Ана кiшкене қырсықты қарай көр.


Саят бағанадан үнсiз, тұнжырап тұрған. Шәрiп атай:



  • Ой, сен өрт сөндiргендей болып, неғып тұнжырай қалғансың? – деген. Бiрақ Саят бұл жолы да үндемедi. Ақсақал аң-таң қалып, Бақытқа көз салды.

  • Саятжан, анау есектi қайырмалап жiберiңдершi. – Ол қозғалмады. Қарт күмiлжiңкiреп күлiп қойып:

  • Ей, мына антұрған керең болғаннан сау ма? – дедi. Құрар ереуiлдеп, қуана айқайлап:

  • Әй, Бақыт, Саят! Мына пәленi қайыра берiңдершi. Тегi, әбден құтырған екен қасқаң, – дедi. өзi қарқ-қарқ күледi. Ақ есек қора аузына тақанбай, айнала қашты. Құрар қолды-аяққа тұрмай безiлдеп жүр.


 


Бiр кезде Шәрiп атай да қатарласа келiп қалған есек пен қодықты қақпалап қораға қамады.


Құрарда ес жоқ.



  • Ә, бәлем, қолға түстiңдер ме. Ал, сауап, ендi қашаған батырлардың әуселесiн көрейiк.


Iшке тез енiп, ақ қодықты мойнынан сүйрей, дырылдатып, сыртқа шығара бердi. Кiшкене қодық төрт тағандап, сiресiп, есiк аузында тұрып алды. Енесi құлағын тiкiрейтiп, үрпиiп тұрып қалыпты. Екi-үш рет iш тартып, мекiренген дыбыс шығарды.



  • Қарай көр, мынаның күштiсiн! Ох, пәле! Тумай жатып тыртысуын, – деп бүйiрiнен жұдырықпен бiр пердi. Ол шоршып түстi.


Құрар сақ-сақ күледi.


Тiстенiп тұрып қалған Саят тап осы мезетте бүйiрiнен бiреу өзiн солқ еткiзiп соғып өткендей сезiндi. Тұра ұмтылып, Құрардың жағасынан ала түскiсi келдi. Бақыт Құрардың қимылын қызықтап кеткен сықылды.


Шәрiп атай ала арқанды оңтайлап ұстап, кiшкене шұқанақтың басында тұр.



  • Ә, нәлеттiң шатқаяқтауын!


Атай мысқыл еткендей кеңк-кеңк күледi. Саят ол кiсiнiң жүзiндегi жайбарақаттықты көргенде, тiптен ойланып қалды.


Соншама ақ көңiл, ақ жарқын мiнездi жан сияқты едi. Саятты көп еркелетiп, өзге балалардан артық көретiн.


Мұнысы қалай?


Атайдың тамыры бiлеуленген салалы қолы қара бешпенттiң жан қалтасына ақырын бара бердi. Қас қағым сәтте ұясына бұққан кездiк қынаптан алған қылыштай жарқ етiп ашылды.


Күнге шағылған ақ кездiк ақша бұлтқа ұқсаған ақ қодықтың ақ тамағына тақала бердi, тақала бердi. Ендi бiр сәтте!.. Иә, бiр-ақ сәт! Бiттi-ау, бәрi де! О, сорлы, қодық! Жазығың не едi сенiң?


Саят тынысының тарылып, демiнiң тоқтап қалғанын аңғарды. Суық тер маңдайына шып-шып шыққан екен. Ањ деп тыныс алып, бұлыңғыр тартып кеткен көзiн тарс жұмып, қайтып ашып алғанда, ақ қодықты Құрар мойынын қайырып, жерге ендi жыққан екен. Шәрiп атай қара шұбар жыланға ұқсас қара ала жiптi тыпыршып жатқан қодықтың шалғылап жатқан аяғына салмаққа оңтайланып келе берген.



  • Ата –а-а-а!..


Шәрiп қарт жалт қарады. Ол Саятқа аңтарылып тұрып қалды. Оның көзiне көзi түскенде, қолындағы ала арқан сусып жерге түсiп кеттi. Құрар бiресе Шәрiп қартқа, бiресе Саятқа алақтап қарайды. Саяттың көз кенерiнде дiр-дiр етiп, қос тамшы, мөп-мөлдiр жас тұрды. Шоқтай ыстық от сезiмiн ұйтқытқан өткiр жанары қарттың өңменiнен өтiп барады. Шәрiп қалбалақтап қалды да, жеңiл қақырынып, былай ысырылып шыға бердi.



  • Мынау антұрған қайтедi-ей, а? Бұзылған ғой мынауың, ә? Көз қарасы қандай едi! – Сөзiн қатаң бастап, бәсең аяқтады. Саятқа тiктей қараудан кәдiмгiдей-ақ тайсақтағандай. Тағы да бас шайқап қойып:


 



  • Бұзылғанын қара мұның? «Жуастан жуан шығады» деген осы, ә?! Құрар мен Бақытқа қарап күле сөйлеген болып жатыр. Бiрақ күлкiсi сүрiншек аттың жүрiсiндей ойқы-шойқы. Сенiмдi күлкi емес. Бәкiсiн жауып, қалтасына салмақ болды.


Саят әудем жерде қаздиып, тас мүсiндей қатып қалған жас баланың тұлғасына көз салды.


Құрар қолынан босанған ақ қодық орнынан тұра бере, бiр сiлкiндi де, келген жағына қарай құйындатып шаба жөнелдi. Аң-таң болған ақ есек те болған жайдың мәнiсiн толық ұғып болмағандай халде. Сәл iркiлдi де, күнге шағыла құлдырап шауып бара жатқан ақ қодықтың соңынан бар даусымен ақилай шауып кеттi. Тас мүсiндей қатып қалған бейтаныс бала ендi аяғын тез-тез басып, берi жүрдi. Кластас құрдасы Әсияның iнiсi Жасұлан екенiн Саят ендi ажыратты...





Пікір жазу