27.02.2022
  517


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

ШЕТ ЕЛДЕРДЕГІ БАУЫРЛАРҒА

Тұрақ таппай
Сарыарқа, Нарынқұмда,
Тәлкегіне
тағдырдың бағындың ба?
Алтайдан,
Алатаудан асып кетіп,
Шетте жүріп
еліңді сағындың ба?
Даламыздың таулары,
өзен, көлі,
Құландар
мекен еткен бетпақ шөлі.
Көзің қиып
қалайша тастап кеттің,
Шақырды ма
өзге елдің өзге төрі?
Заманыңның
тап келіп құрғыр күні,
Адастырды
бауырлар бір-біріңді.
Естіле ме,
ел жақтан самал соқса
Дала үні,
даланың бұлбұл үні?
 Артта қалды қарындас,
апаң, көкең,
Қасиетті
шаңырақ – Атамекен,
Қимасыңды
қалдырған қиын күндер
Еске түссе
жаныңа бата ма екен?
Емшектегі
балаңыз әке болды,
Атқа мінді,
таныды оңды-солды.
Жол көрсетер,
көш бастар заман туса,
Табар ма еді
құм басқан ескі жолды.





Пікір жазу