27.02.2022
  301


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

ЖЕТІМ КӨЛДІҢ АҚҚУЫ

Махаббат па,
Құр әлде
желік пе екен,
Естен танып
еріксіз еріп кетем.
Өліп-өшіп,
қайтадан тірілем де,
Жақсы көріп тұрам да,
жеріп кетем,
Бұйымтайың бар болса,
беріп кетем.
Бір көргенге
шынымен кереметсің,
Бәрін тастап
келеді ере кеткім.
Басқа-басқа,
мұныңыз не дегендей,
Үнсіз тұрып,
еріксіз елең еттің.
Бірақ біздей
шалдыққан шарасызға
Керек-ті кім?
Сенің сұлу сәніңе керек-ті кім?
 Екеуміз де
қимаймыз «әрі кетке»,
Сен жағада,
мен өткем арғы бетке.
Қарайлауға
артыма қорқынышты,
Арпалысып
жүргенде алғы шепте,
Жақыным
аз жанымда қылар өкпе,
Енді сен де
бостан-бос жасың төкпе.
Жалғыз аққу
ұшқанын жетім көлден,
Жыламадым көргенде,
етім өлген.
Кездесулер, табысу,
қоштасулар,
Жаңалық емес маған,
шетін көргем,
Жаным қатып кетіпті
бертін келе.
Тіресуге уақытпен
шамаң бар ма?
Өткен өтті, қайтесің.
Алаңдама.
Тылсым күштен тіледім,
табынатын,
Тағдырынан сақта деп жаман қарға,
Тап болмаса екен деп жамандарға.
04.08.2014 жыл.





Пікір жазу