27.02.2022
  322


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

АТА-ТЕГІМ ТУРАЛЫ ТОЛҒАУ

Бағы асқан басқадан,
талайыңнан,
Айналдым асыл текті
Адайымнан.
Ұрандадым Бекет деп,
таңбам – жебе,
Тін тартамын
Тобыштың Шоңайынан.
Соққанда алабөлек
дауыл келіп,
Жан-жаққа
босып кеткен бауыр едік.
Табынай, Баубек,
Шоңай, Зорбай, Қожа –
Атанған бес
Әлмембет ауыл едік.
Тегінде үш
Шоңайды бөле алмаймын,
Бауыры – бабам Боқай,
Тоқсанбайдың
Толғамаққа тағдырын
бел байладым,
Заманнан зауал
кешкен Бөгембайдың.
 Шабысып қызылдармен
өре көшкен,
Шұбырып,
бір-біріне ере көшкен.
Ежелден ата
намыс қанында бар,
Дұшпанға
иілмейтін ерегескен.
Осындай мәрт
мінезбен Адайдағы
Дүбірлеп кең
далада ат ойнады.
Байы бар,
молдасы бар, оқығаны,
Тентіреп
кете барды талайлары.
Толғайын ол
дәуірдің қалай бәрін,
Өткен күн
бейне тұман-мұнардайын.
Сол күнде
елмен бірге жапа шекті
Тобыштан
Жайық-Шоңай-Бөгембайым.
Сөз етпеймін
руды бөлмек үшін,
Жол түсті
Маңғыстауға білмек үшін.
 Сыр тарттым
көзқарақты ағалардан,
Барғаным жоқ
ол жаққа ермек үшін.
Сырлы сөз бойды
болар тербегені,
Жанымның сазға
толды пернелері.
Зерделеп
ата-бабам өткелдерін,
Толғандым
жыр жазбаққа мен келелі.
Таңдарым
тәуелсіз боп атқанменен,
Өткен күн,
неткен толы ақтаңдақ ең?
Өз бағасын
береді уақыт өзі,
Халыққа қанша
күйе жаққанменен.
Қазақтың кездері
жоқ аласарған,
Кіммен де тартыса да
таласа алған.
Шексе де қуғын-сүргін,
небір азап,
Жақынына,
досына қараса алған.
 Әйткенмен қамшы
беттен осып өтті,
Жасыру
мүмкін емес қасіретті.
Отызыншы
жылдардың ойранында,
Ағайын
бас-басына босып кетті.
Тағдыр желі
талайды еңіретті,
Бытырап
бас-басына елің кетті,
Маңғыстауға
тыныштық орнатам деп,
Нешебір
арыстардың өмірі өтті.
Дәуірі артта
қалып аспандаған,
Апырай тағы
туды босқан заман.
Алтайдан,
Қаратаудан әрі ассаң да,
Алдыңнан
Қорқыт көрі тосқан заман.
Әуелден мал баққан
ел емес пе едік,
Жау іздеп
жар астынан егеспедік.
 Күн кешкен
құм ішінде көшіп-қонып,
Халықты сенделткенше
Кеңес келіп.
Ел едік кең
даланың иесіндей,
Дара көшкен
өзгені иесінбей.
Маңғыстау
маңғаз жатыр өз алдына,
Үш жүз алпыс
әулие киесіндей.
Сол күнде
мың бұралды заман құлпы,
Ерлерді ел
ертеңі алаң қылды.
Бесіктегі
бала үшін атқа мінді,
Адайлар
Маңғыстаудың қалың жұрты.
Жау жаға,
ит етектен тартқан кез ол,
Замана мойынға
жүк артқан кез ол.
Адайлар
амалсыздан атқа мініп,
Жаңа үкімет
зардабын тартқан кез ол.
 Бас бұғып
жарамаған тұрыс мүлде,
Жан беріп,
жан алысқан ұрыс күнде.
Қанша арғымақ
иесіз ойнап кетті,
Көмілмей қалды
боздақ қыр үстінде.
Кім күткен
мұндай сұмдық масқараны,
Араласты
жылаған жасқа қаны.
Тапжылтпай
қоршап алып көшкен елді,
Аэропланмен
бомбаны тастағаны.


Қарамай әйел-бала
қырып кетті,
Тірілер бұралқы
иттей ұлып кетті.
Қалғандарын қамшылап,
қойша айдап,
Түрікменстан,
Ташауызға бұрып кетті.
Онда да
дей алмайсың тыным тапты,
Бір жамандық
мұнда да бұғып жатты.
 Жесір дауын,
жер дауын еске алып,
Ағайынға
жазықсыз күйе жақты.
Ұзақты күн
осылай қысқарыпты,
Кенбай атам
сол кезде ұсталыпты.
Баласы Ұзақбай да
тұтқындалып,
Аз ағайын айдаудан
тыс қалыпты.
Жазықсыз талай боздақ
кетіп жатқан,
Осындай кезде атамыз
ебін тапқан.
Інісі мен келінін
елден бұрын,
Қазулы орға тығып,
бетін жапқан.
Ішінде адам барын
ойламасын,
Деп қымтап,
орап қойған айналасын.
«Көкеңнің жатқан
жерін айта көрме,
Құлыным,
енді сен де айдаласың», –
 Деп айтқан
әкесінің қалыпты үні.
Таусылмаған
пенденің жарық күні.
Жиырма бес жыл
айдауға кесілсе де,
Шашылыпты тарысы,
қалып тірі.
Жетеді о заманның
шытырманы,
Баян етті шенділер
құтырғанын.
Арып ашып,
ауруға шалдыққандар
Арасынан
қалайша құтылғанын.
Көбісі соққы жеген,
арып-ашқан,
Көздерін
қасіреттің соры басқан.
Қызыл әскер
мылтықпен ұрған кезде
Әкеміздің
көзінің нұры қашқан.
Соққыдан әкем
сонда жатып қалған,
«Өзі де өледі», –
деп кетіп қалған.
 Осылай ұрпағының
ырзығы үшін,
Тірі қалған,
тіршілік таусылмаған.
Басына күн туғанын
алты Алаштың,
Еске алса,
нәлет деп қарғамас кім?
Көп жағдайды
аузынан жазып алдым,
Әйелінен
әкеміздің інісі Ілиястың.
Арғы атам –
Нұрмағамбет молда болған,
Ілім-білім,
билікте жорға болған.
«Молдекемнің ауылы,
малы» десіп,
Керегінде
ағайын қолда болған.
Бірі болған
аймақта бекті ауылдың,
Бала-шаға
үмітті ақтаулы күн.
Кетіп қалған
келін жоқ әулетінен,
Тәрбиесі
таймаған текті ауылдың.
 Жапырағы жайылған,
орманы көк,
Нұрмағанбет атамның
ұлдары көп.
Үлкені
Қанатбайдан Сражатдин
Ерте өткен өмірден,
ұрпағы жоқ.
Наз туған екінші
ұлы Ендібайдан,
Батырың
қан майданда жанын қиған.
Тірісінде
Наз жалғыз болмасын деп
Кенбайдың
Ілиясын іні қылған.
Ақыл-ойды
жадына түйген мықты,
Ағайынға
Ілияс үйреніпті.
Наз ағасы
қайтқасын жеңгесіне
Әмеңгерлік
жолменен үйленіпті.
Сондықтан
әке інісін папа дедік,
Ал келінін,
құрметтеп мама дедік.
 Ері өлсе де
есігін қия алмаған,
Жақсы келін
елінде дана дедік.
Заманның салмағы бар,
тәлімі бар,
Таймайтын
тектіліктің қалыбы бар.
Күн кешкен
қауымдасып ағайындар,
Өлместің
көрер талай жарығы бар.
Түрікмен жерінде де
қуғын көріп,
Азаппен бір күн тірі,
бір күн өліп,
Пана іздеп,
Ресейге сапар шеккен,
Көшірген
ағайынды бөліп-бөліп.
Сарылып
сарқылғанда басып күдік,
Бір мезет
жылт етеді алдан үміт.
Орынборда,
Ақбұлақ маңайында
Пойыз токтап,
сол жерде қалады жұрт.
 Жат жерде,
басқа елде өріс тауып,
Біраз жыл
бой тасалап қоныстанып,
Біртіндеп
батыс аймақ – Ақтөбеге,
Шоңайлар
елге қарай жылыстады.


Келгені –
Мортық деген елді мекен,
Тұрақтап
Шаруа жерін қалған екен.
Сол жерден
өсіп-өндік бәріміз де,
Кеткендерге
осы жер мәңгі мекен.
Ордабай –
Нұрмағамбет кенже ұлы,
Құбылаға
бет бұрған Алла құлы.
Ниетіне
артынан ұрпақ ерткен,
Сөз салған
ауызына жылы-жылы.
Ол да жатыр
Шаруада, ауылымда,
Үш әйелі,
ағайын, қауымында.
 Шашылған ағайынға
басшы болып,
Бүлк етпеген
Қара Нар дауылыңда.
Өлім өзі жат
емес өзектіге,
Пендені
ажал жаратқан қажетіне.
Бұйырған
Ақбұлақтың топырағы
Сражаддин
атама – өжеттіге.
Тылсым тарих
бабалар өмірі де,
Кешкен олар сор,
соқпақ, кебірін де.
Бұл күнде
Бөгембай балалары
Топтасыпты
Ақтөбе өңірінде.
Қалса да айдау,
асу, ату заман,
Тағы да
қабақ түйді қату заман.
Өмірден
қырық сегіз жасында өтті,
Он бір
құрсақ көтерген Апуза анам.
 Үлкен шеше болған соң,
Апа дедік
Табиғат берген еді
бет пен көрік,
Қабырға қатпай
жатып жетім қалып,
Жалаң аяқ қар кешіп,
қапа көрдік.
Жетім өскен сол бір кез,
ол да бір күй,
Өрге тартты кемеміз,
бірде ылди.
Өңі кеткен
қызыл шыт көйлегімен,
Апам келіп тұрады
түсімде ылғи.
Далада жаз,
ертең-ақ күз демеші?
Көмескілеу тартады
бізге елесің.
Буындары қатпаған
ұрпағың бар,
Мені әзірге,
Анашым, іздемеші!
Шүкір еттім.
Ағайын, айналам бар,
Сендерсіз халім мүшкіл,
қаумалаңдар.
 Көздеріңнен
азды күн таса кетсем:
«– Қайда жүрсің бауырым,
қайдалаңдар.»


Ақыл берсін
ұрпақтар санасына,
Ағаласын
балалар данасына.
Жеті атасын
білмеген жерде қалған,
Тағзым етсін
өткенге-бабасына.
Қасқайып
қарсы тұрса жел өтіне.
Ұлттық рух
сезілсе келбетінен.
Елдің қамы
ер үшін болған міндет,
Жоғалмайды
өр-қазақ жер бетінен.
Маңғыстау – атамекен,
топырағым,
Қол бұлғап
қай кезде де шақырады.
Отпан тауда,
Амалда кездесейік,
Дүркіреп кетер дала,
атырабым!
 Туған жер –
неткен ғажап өріс едің,
Аман бол,
ағайын-жұрт, тегіс елім.
Алыстан сағынышпен
келем саған,
Баршаңмен
құшақ жайып көрісемін.
Зымырап
өткен жылдар бұлағайлы,
Тарих – дана,
ешкімнен сұрамайды.
Білгім келіп тұрады
Алаш жайын,
Алшындай
жатқа айтқан бар Адайды.
Біздің елден тентек те,
дүр де шыққан,
Білекпен де
біліммен мыңды жыққан.
Хан мен би,
батыр мен бай, мырза-сахи,
Ел қамқоры,
көріпкел пір де шыққан.
Адайым,
асқақ жұртым, қиядасың,
Маңғыстау –
қасиетті ұядасың.
 Айта берем,
айтсын деп туған шығар,
Қалайша жыр арнасын тия аласың.
Кеудемде
асау жүрек тұрса тулап,
Өтермін
бабалардай ірі турап.
Жыртылып
айырылған қайран қауым,
Қаларсың
бір күндері улап-шулап.
Тірегімсің өздерің,
туған халқым.
Толғанамын өзің деп
әр күн, әр түн.
Кебісіңді әперсем
жетіп жатыр,
Керегіңе жарармын
мен де бәлкім.
Қыраттарың –
жусан мен адыраспан,
Киелі елім
өткізген бәрін бастан.
Мінгізген атым болсын,
жапқан шапан,
Арналады
өзіңе осы дастан.



 Мақтандым
ата жолын қуғаныма,
Ат терлетіп
келемін думаныңа.
Тірегім сен,
туған жер, ата қоныс,
Мақтанамын қазақ
боп туғаныма!
28.08.2014 жыл.





Пікір жазу