27.02.2022
  146


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

АЙ-АРУ

Ай-аруым, аяулым,
ақ-бөкенім.
Жаңа білдім
өмірдің тәтті екенін.
Өзіңменен
әр түнім сырға толы,
Өзіңменен
әр күнім сәтті екенін.
Ай-аруым,
сары ауыз балапаным,
Арай шашып
ататын дара таңым.
Иіскетші атаңа
тамағыңнан,
Сүп-сүйкімдім,
топ-томпақ алақаның.
Ай-ару,
әжесінің ойыншығы,
Жүрегімді жібітті,
ойын-шыным.
Жаратқаннан жалынып
сұрап алдым,
Бар қызығым, мерекем,
тойым бүгін.
 Ай-ару,
апасының көбелегі,
Жеп-жеңіл,
желпілдеген ебелегі.
Сен жоқта
қалай өмір сүрдім екен,
Дәл өзіңдей
мен кімге керек едім?
Нағашылар
қарайды көзге іле,
Бір ұқсастық
іздейді өздеріне.
Атаң емес,
адамның баласы бол,
Ұят тұрсын
әрқашан көздеріңде.
Көз тиіп кетпесін
деп қорқамыз да,
Күйе жағып
қоямыз жорта қызға.
Өмірімнің жалғасы,
жапырағым,
Аман-сау жүр,
немерем, ортамызда.





Пікір жазу