27.02.2022
  321


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

ОЙЫЛЫМ

(Біраз уақыт дәмдес болған Ойыл азаматтарына сыйластық көңілден)
Ойылып аққан Ойылым,
Қиылып аққан Қиылым,
Тұйығып жатқан тұнығым,
Бұйығып жатқан биігім.
Сыңғырлап аққан бұлағың,
Сыбдырлап жатқан құрағың.
Сары гүл жапқан етегін,
Сабырлы менің мекенім.
Шоршыған суда сазаны,
Сұңқылдап салған қаз әні.
Көрікті неткен келбеті,
Аққулар жүзген көл беті.
Құм басып қалған Жібек жол,
Күн ғашық болған Жібек жол,
Ойылды кескен Жібек жол,
Ойылда өшкен Жібек жол.
Байұлы менен Кетенің,
Байырғы атамекені.
Баспана етіп келгендер,
Байқамай байып кетеді.
 Төскейде малың жосылсын,
Төсекте басың қосылсын.
Ойылым – ойы өлкенің,
Ойылым, өссін өркенің.
21.03.2013 жыл





Пікір жазу