27.02.2022
  161


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

* * *

Қамсыз көш
сардалада созылады,
Ілеседі тай-құлын,
қозы-лағы.
Ат үстінде ақ жаулық,
бұрымдылар,
Ереуілде садағы,
оғы, бары.
Қалқиды
құм үстінде шөл кемесі,
Түйе қомы шаңырақ,
керегесі.
Алыс жолдан
керуен шалдықса да,
Ел жақын,
жолаушыға керегі осы.
Кенеттен
айқай шықты атыраптан,
Көшке қарай
ат шапты тапырақтап.
Ақ көбік
мінгені қарауылдың,
Тұяғынан
тас атқан жапырақтап.
 «Ойбай, шеше!
Жау келеді
жар астында жасанған,
Түрі жаман,
шаш орнына бас алған»
Аңдыған
жау алыс емес, қыр асты,
Бөріктілер,
сыры мәлім қашаннан.
Не істеу керек,
Қайтсек қайрат қылады?
Ел шошынып,
бала қорқып жылады.
Әкетіңдер жас келінді,
қыздарды,
Жасырыңдар,
жау жанары қырағы.
Болашағын
сақтап қалар бір елдің,
Бар сенімін
ақтап қалар бір елдің,
Шешім керек,
ойы зерек,
Бір адамға,
Жақсы-Анаға тірелді.





Пікір жазу