27.02.2022
  223


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

АУЫЛДАҒЫ ҮЙ

Түсіме кірді
тағы ауылдағы үй,
Тағы бастан
өткіздім ғажайып күй.
... Жер ошақта
жылтылдап от жанады,
Күмпиеді
апамның шоқта наны.
Уақытша
демалып самаурын тұр,
Тезек исі
жарады танауымды.
Қара қазан
ішіне ас салынған,
Нан тақтайда
илеулі қос қалың нан.
Шам жанады
алдында терезенің,
Сорайтады
бойларын шегелердің.
Көлеңкелер
ойнайды мазақ қылып,
Жоғалады
қозғалсаң аз-ақ тұрып.
 Гуілі суық
желдің естіледі,
Ауылдың дауылы да
есті ме еді.
Ошақ басы жып-жылы,
дала сойқан,
Кірер ме екен
есікті ашып қойсаң.
Көрші әжей әлі отыр,
кеткісі жоқ,
Шамасы, мал жайлаулы,
ешкісі тоқ.
Қыңсылайды
сенекте қара күшік,
Қуалайды құйрығын
бала мысық.
Аяқ асты
шашылған жүген-ноқта,
Көз жанары
жылтылдап жанған отта,
Әкем отыр
айналып балаларын,
Шаршаңқырап
қалыпты қара нарым.
Сабыр, сабыр,
жүрегім алып ұшқан,
Ағыл-тегіл
жыладым сағыныштан.
Шүкір етіп
бүгінге жеткеніме.
Өкінбедім
оянып кеткеніме.
 Бақытты едік сол кезде,
сол үйімде,
Қалып қойды жадымда
сол күйінде.





Пікір жазу