27.02.2022
  133


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

* * *

Жолаушылыр аттан түсіп бой жазды,
Ат байланды, саулық сұрап ой қазды.
Осы ауылдың ақсақалы иек алды
Бөлек тұрған үлкен үйге бет алды.
Үй иесі жылы шырай білдірді,
Келін болар, шай жасап та үлгірді.
– Төрлетіңдер,
Жолың болсын, жолаушым,
Алыс жолдан шаршаған да боларсың,
Асықпасаң, ат шалдырып қонарсың?
– Қай туғасың?
– Ауыл, елің аман ба?
Тыныштық қой керегі де заманға,
Тыныш күнге, тіршілікке не жетсін,
Тірі жүрсең бәріне де керексің.
Шөлдеп келсең, өзегіңді жұбатқан,
Қымыз келер, ұяттымыз шұбаттан.
Түйеміз бар, иігенде таң қылған,
Ботасы өліп сүт шықпайды шандырдан.
Аузымызды жарытпады антұрған.
Жусамайды, күні бойы боздайды,
Жануардың дауысы да тозбайды.
Жоламайды шелегінен жеріне,
 Көз салмайды шөп тығылған теріге,
Обал болды, ботасы жоқ желіде.
Толғандырды әлгі айтылған әңгіме.
Бала жоқта өмір өзі мәнді ме?
Адам түгіл жануарға керегі,
Өзегіңді жарып шыққан бөбегі.
Шапағатын сонда тірлік төгеді,
Сонда ғана тіршілігің желеді.
Ойлар кетті жетегінде сезімнің,
Толтырады жүрегін күй, көзін мұң.
Жас жолаушы домбырасын қолға алды,
Шертіп тартып әр саладан ой шалды.
Жанары жас, көз қарасы байсалды.
Бір мезетте саусақтары қағынды,
Домбырадан толассыз күй ағылды.
Баурап алды төңіректі, даланы,
Бірде бейне, киік қашып барады.
Бірде бұлбұл сұлу әнге салады.
Домбыраның екі шегі егілді,
Шырылдады, безектеді, төгілді.
Ағыл-тегіл аңырады да басылды,
Сәлден кейін қайта сарын шашылды,
Тоғыз перне, он саусаққа бас ұрды.
Тұнып қалған тосын жайға айнала,
Елітеді кешкі уақыт, сай сала.
Бейтаныс жан, үнсіздікке құлақ түр,
О, ғажайып, аруана жылып тұр,
 Жанарында жалбарыныш, сұрақ тұр.
Тынып қалған бар тіршілік жырақ тұр.
Мөлдірейді, елжірейді жанары,
Құм үстіне ащы тамшы тамады.
Тылсым дүние көз алдынан аққандай,
Тас емшегін бота искелеп жатқандай,
Тар құрсағы ләззатқа батқандай.
Еміренді, ару-ана егілді,
Қайысты да қабырғасы, сөгілді.
Күй төгіліп мерейіңді қандырды,
Тырсиып тұр кепті деген шандыры,
Намазшамда бүршік жарды таң гүлі.
Жақсы ырым әкеледі елге құт,
Сәлден кейін тамшылады жерге сүт.
Бұлақ болып содан кейін ағылды,
«Ақ түйенің қарны бүгін жарылды»,
Аңсап едік дәл осындай сарынды,
Тағдыр айдап келді елге дарынды.
– О, домбырам!
Қасиетін сақтаған,
Күнім батып, сенсіз таңым атпаған.
«Наридірген»,
«Құс қайтарған»,
«Кісен ашқан» өзіңсің.
Мирас қылып тастап кеткен,
Ата-бабам көзісің.
– Ау, жолаушым,
Ризамын мен саған,
 Міне, шапан.
Ұста атың ен салам.
Үйірімен үш тоғызды атадым,
Қабыл болсын елің берген бата мың,
Тарай берсін кең далаға атағың!





Пікір жазу