27.02.2022
  227


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

ӨМІР ЖАЛҒАСАДЫ

Айта салған
біреулердің сөзінен,
Өңменнен өтер
біреудің суық көзінен.
Жасыған кезде
мен сені іздедім,
Жарқын жаз өткен,
алда күз еді.
Жаман түстерден
қорқып кетсем де,
Жақсылық көріп
толқып кетсем де
Атыңды айтып
үнсіз жыладым,
Тыныш ұйқыңды
бұзған шығармын.
Қиын күндерде,
қиналған кезде,
Алыс жолдарға
жиналған кезде
Сиындым саған.
Жүремін дедім,
Сен үшін де
өмір сүремін дедім.
 Сәтсіздіктерде,
Шаршап жүргенде,
Сағым күндерді
аңсап жүргенде
Сыр бермес
санамды басады кілеу,
Бауырым десе,
құшақтап біреу.
Шапқылап жүріп
адасып қалған,
Тізеге тағдыр
ертерек салған.
Жалтақтай берем
құлындай болып,
Жабырқар жан жоқ
ұлыңды келіп.
Сен асып кеткен
қырларға қарап,
Арада өткен
жылдарды санап,
Болса да кейде
көңілім қапа,
Жалғастырамын
өміріңді, Апа!





Пікір жазу