27.02.2022
  413


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

ТІРЕГІМ СЕН – ТУҒАН ЖЕР

 


Сағындым
бұлттар көшкен аспаныңды,
Шайқалған
самаламен жас талыңды.
Қайдасың,
қол бұлғаған биіктерім,
Жосылған
көз ұшында киіктерім?
Жусан исі
аңқыған көк орай бел,
Шулаған
қамыстары айдынды көл.
Қызарып
қырдан асып бататын күн,
Жымыңдап
жұлдыздары жататын түн.
Көрдің бе
алма ағаштың бүр жарғанын?
(Есімде
сол жайында жыр жазғаным.)
Қалықтап
қаздар ұшып бара жатыр,
Атын ұстап,
ерттеді бала батыр.
 Айтарым сенің әнің,
сенің жырың,
Ешкім естіп білмеген
тылсым сырың.
Естіледі
домбыра қоңыр үні,
Сыймайды
құшағыма қызыл гүлі.
Жаяулатып
келемін тау арасын,
Жазылғандай
сыздаған жан жарасы.
Көбірек осы жерде
жүрсем екен!
Тірегім сен,
туған жер, білсең екен!





Пікір жазу