27.02.2022
  179


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

ТУҒАН ЖЕР, ҚҰШАҒЫҢА АЛШЫ МЕНІ


Ауылда өстім,
ауылдың баласымын,
Жөргегімнен
жаттағам дала сырын.
Сарсаң күнде
сағынып келем саған,
Қуат берші жаныма,
жанашырым.
Дала – бабам,
мен оның ұрпағымын,
Бабам жайлы жыр,
дастан шырқадым мың.
Айтқым келіп
тұрады қымбатты ма,
Табынатын
өзіне ұрпақ үнін.
Дала – анам,
мен оның бөбегімін,
Тосты аузыма
бәрін де керегімнің.
 Арқама сап
даламды қасиетті,
Алып кетпей
Меккеге неге жүрмін.
Дала – көп гүл,
мен оның көбелегі,
Көлбеңдейді
көк көйлек ебелегі.
Көкжиегін
көкше бұлт көлегейлеп,
Көк кілемге
көп жаңбыр себелейді.
Дала көркем,
саны жоқ биігінің.
Жосыған
көз ұшында киігінің.
Боз түбінен
боз торғай шырылдайды,
Ғашық болып өтермін,
сүйіп үнін.
Дала – сұлу,
сан рет таңданып ем,
Айлы түн,
арайлы әппақ таңдарымен.
Тілдескен таң атқанша,
сыр жасырған,
Жұлдыздар –
жамыраған шамдарымен.
 Сағыныштан
сабырым сарсып еді,
Сары күндер
келмеске қалсын енді.
Оралған жыл
құсындай келем саған,
Туған жер,
құшағыңа алшы мені.





Пікір жазу