27.02.2022
  159


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

УАҚЫТЫМ АЗ

Бәріне де,
бәріне үлгеремін.
Алаңқайға
алқызыл гүл егемін.
Жасын сүртіп
жылаған жесірлердің,
Қақпан қоям
жолына кесірлердің.
Зиратына
бас ием есіл ердің.
Қураған
ағаштарды суарамын.
Сонда ғана
жай табар шыбын жаным.
Хабар күтіп
құлағы елеңдеген,
Елге барып,
үлкенге сәлем берем.
Қаракөзге,
кешікпей келем деп ем.
Әкемнің
құрдасына жолығамын,
Тыңдаймын жыр-дастанын,
жорық әнін.
 Шешем жатқан
төбеге барып қайтам,
Жеңіл бол деп
топырақ салып қайтам.
Өміріме
күш-қуат алып қайтам.
Содан соң
ағыл-тегіл жыр жазамын.
Білмегенге
танытам бір қазағын.
Ішімдегі
барымды жайып салам,
Көрісе алмай жүрсеңдер,
қайық болам.
Көре алмай жүрсеңдер,
ғайып болам.
Естен танып сосын да
ғашық болам,
Теңіз болып шайқалам,
тасып толам.
Махаббаттың әніне
мас боламын,
Жібітемін жүректің
тас қорабын.
Қайта туып,
қайтадан жас боламын,
Аралаймын даламды,
көше, бақты.
Көргім келген қанша гүл,
шешек атты.
 Қанша шыбық
қайтадан егілгенін,
Қанша шуақ
жеріме төгілгенін.
...Уақытым аз,
содан ба егілгенім?





Пікір жазу