26.02.2022
389
ЖЕҢГЕМЕ
Топырағынан анамның жаралдың ба,
Салтымыздан жалғасқан нәр алдың ба?
Сенім артып қарайсың жолдарыма,
Сен күтетін, биікке бара алдым ба?
Бар жақсылық еліме ерте келдің,
Жайма шуақ жаныңа еркеледім.
Кірбің тартса жанарым, сен мұңайып,
Қуанғанда, күлімдеп еркем дедің.
Шаштарыңнан көрініп шалалығым,
Шаршатты ма, жеңеше, балалығым?
Ортамызда жас болып жүре бер, сен,
Күш береді жаныма даналығың.
Қабағымнан байқадың көңілімді,
Өміріме арнадың өміріңді.
Кездескенде тағдырдың дауылына,
Қуат етіп келемін сеніміңді.