26.02.2022
  363


Автор: Уәлихан Шот-Аман Ыдырысұлы

ЕЛБАСЫНЫҢ БАЙРАҒЫ

Елбасының Байрағын жасаған авторлар: Шот-Аман Уәлихан (жетекшісі), Өмірзақ Шанов, Жұмақын Қайрамбаев, Қайрат Сұраншиев


1992 жылдың аяғында қарай Алматы қаласының таңбасына (гербіне) бәйге жарияланды.


Үзеңгілес өнер иелерімен бірге қатысуды ойлап, мен де іске кірістім. Ізденіс барысында бірнеше нұсқалар туындап, ең соңында екеуіне ғана көңіл тоқтаттым.


Бірінші үлгіні шеңбер пішінді етіп жасадым. Шеңбер – мәңгілік белгісі: оның қақ ортасында қанатты барысқа мінген ханзаданың бейнесі салынған. Адам орнықты отыр, жүгенсіз ақ барыстың жүріс-тұрысына ие, бұл жай табиғатпен қоян-қолтық тектестікті көрсетсе керек. Ханзаданың мойнында алтын алқа мен тұмар, басында қазақы шошақ қалпақ, алақанын жайып, білезік салған оң қолын көтеріп, «қарусызбын», «жүрегім бәрің үшін ашық» дегендей таудан-тауға өрлеп барады. Бұл бейне Елбасының ордасы болған астанамыз Алматыға лайық қой деп ойладық. Бай табиғатта бар, арман қанатына мінген көшбасының қимылы да ширақ, мақсаты да биік деп түйдік. Екінші үлгі — қалқан сияқты кеңістікке салынған шаңырақты көм- керген бес «жапырақты» алма ағашының гүлі. Өсіп-өну, өркендеу қазақ


қалаларының қара шаңырағы Алматыға тән емес пе?


«Алматы» деген жазудың өзі тау шыңдары сияқты бейнеленді.


Бұл жұмыстарымыздың тағдыры әр түрлі болып шықты. Екіншісі қа- былданбады, ал біріншісі?..


 


1993 жылғы қаңтардың 18-інде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кез- десудің сәті түсті. Ол кісі қанатты барысқа мінген «жігітке» назар аударып, өз байрағының басты белгісі ретінде пайдалануға ниет білдірді. Біз мұны қуана қабыл алдық.


Дүниежүзілік тәжірибеге жүгінсек, көптеген елдер Президенттерінің немесе Корольдері мен әйел билеушілерінің өз байрағы (штандарты) бар. Олар кейде өздерінің әулеттік (фамилиялық) белгілері болса, соны пайда- ланып, әйтпесе мемлекеттік дәрежедегі рәміздерге сүйенгенге ұқсайды.


Әрине, қайбір тудың да (мемлекеттік ту не штандарт) өмірде алатын орны, маңызы зор. Көне дүниеге көз салсақ, тудың пайда болуы тотемдік (тотем — үндістердің тілінде «рудың белгісі» деген мағынаны береді) ұғымда жатыр. Діни наным-сенімдерге байланысты әрбір рудың өзін қолдайтын «иесі» бар деп түсінілгендіктен сол иенің суреті не болмаса таңбасы қатты қадір- құрметке бөленген. «Қасиетті» бейне аяқасты қалмасын, үстемдік көрсетіп, айналаға шарапатын тигізсін деген ұғыммен сырыққа байланып, ту болып желбірейтін болған. Сондықтан ту да қолдайтын, сиынатын күш сияқты саналған, ол еркіндіктің, азаттықтың нышанындай, жеңістің де, тәуелсіздіктің де рәмізіндей есептелген.


Қазақтар да туды киелі деп санаған. Жорыққа аттанар алдында батырлар туға қарап, бағын сынайды екен. Егер ту қанатын жайған қырандай қом- данып, еркін желбіресе, жақсылыққа жорыпты. 1935 жылы жарық көрген


«Бөгенбай» атты поэмадан бір-екі ауыз өлең келтірейік. Қарт батыр Бөгенбай Сарыбай деген сарбазға «Туды әкел!» деп бұйрық береді.


— Сарыбай, туыңды әкел, мен көрейін, Рұқсатты, ту сөйлесе, мен берейін!


Тиіспе ақ безенген жұртқа бекер, Дәрежең үстем болар, жол — мерейің...


Сөз жоқ, ата-бабаларымыз туды қастерлеген, қадірін білген, елдігінің белгісі деп қарап, қанкешті соғыстарда қолынан түсірмеген, құлатпаған.


Тудың басты белгісі ретінде жыртқыш аңдардың бейнесін пайдалану, оған сиыну — сонау сақтардан бастап, барлық көшпенділерге тән болған. Бұл көзқарас ритуалдық іс-қимылға барып ұласатын сияқты.


Біздің айтарымыз — Қазақ Елі Президентінің байрағы (штандарты) — тарихымызға, дәстүрімізге терең бойлап, көп ойланып-толғанып жасалған рәміз. Атам заманнан арыстан, жолбарыс, барыс мемлекеттік күшті, қуат пен жігерді көрсетеді. Ал, қаһарманымыздың жүзі ашық, қолы қарусыз болуы тыныштыққа, достыққа ұмтылуы деп түсінген абзал.


 


Жетісу бойында «патшалар» обалары деп аталатын биіктігі жиырма, ені 104 метрдей қорғандар көп-ақ; олар басқа елдерде кездесе бермейді. Соның бірінен табылған, біздің дәуірімізге дейінгі VI–V ғасырларда жасаған «алтын адамның» бейнесін осы шығармада өзімізше тапқырлықпен пайдаланғанмыз орынды болды. Египет мемлекетінің туындағы «қанатты алтын қыранның», Израильдің туындағы «Дәуіттің жұлдызының» тарихи шындықтарға сүйене отырып жасалғанының басы ашық.


Бір өкінішті жай — қанатты барыс үстіндегі ханзаданың бейнесін Президенттің күзетіндегі адамдар значок қылып күмістен құйып алыпты. Олай болмауы керек еді. Елбасы бізде жалғыз; оның тікелей рәмізі, өнер туындысы болып табылған заттары кең тарамауы керек. Олар әрбір бұрышта кездессе не болмаса кез келген жерде сатылып жатса, құны кетіп қалмай ма?


Таңбалар — таным таразысы. Тулардағы бейнелі суреттерден бұрын таңбалар пайда болса керек. Түркі тайпаларында, оның ішінде қазақтарда таңбалар мал иелігіне, ру аттарына сай болып келеді. Мысалы, арғынның таңбасы — «көз таңба», керейдің таңбасы — «ашамай», шапыраштының таңбасы — «Ай», төренің, таманың, тарақтының таңбасы «тарақ» болып есептеледі.


Ірі рулардың таңбасында енгізілген қосымшалар арқылы олардан тара- ған бұтақтар белгіленіп отырған. Таңбалар мән-мағынаға толы болып ке- леді, халықта олардың айтылмай тұрған сырлары да бар деген сенім орын алған. Таңбаға қосымша тағылатын белгі, түрлі киелі дүниелер де кездеседі. Сақталған аңыздардың бірінде Шыңғыс хан қоңыраттың биі Сенкелге:


«Ағашың — алма, құсың — сұңқар, ұраның — қоңырат, таңбаң — ай болсын», — депті-міс.


Соңғы жылдары менің көптеген таңба жасауыма тура келді. Тіпті республиканың туын жасауға да қатысып, бәйгеде екінші орын алғаным бар. Мен нені жасасам да халқымыздың дәстүріне, тарихына, тынысына және дүниежүзілік тәжірибеге сүйене отырып, олардың қай-қайсысын да қаз- қалпында көшіріп алмай, тек жасалу жолдарын, принциптерін қабылдап, соның жолын іздедім. Басты назар аударғаным — елдік белгі нышандардың әдемі жасалып, анық өнер туындысы, төлтума болуы. Әрине, жасағанымның бәрі сәтті деуге болмайды. Дегенмен...


Қазақтың тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамының таңбасы (эмблемасы). Бұл эмблеманы жасау керек екендігін алғаш айтқан қоғамның сол кездегі төрағасы Сабыр Біләлұлы Ниязбеков еді. Марқұм көзқарасы кең, ойы терең, өнердің өмірінде алатын орнын білетін, оны қадірлейтін, түсінетін азамат болатын.


 


Эмблеманы жасаудағы басты мақсат қоғамның мәдениет және тарих ес- керткіштерін қорғаудағы рөлін, міндетін көрсету және елімізде қорғауға тұрарлық дүниенің баршылығын жеткізу болды.


Ақырында эмблема төмендегідей сипат алды.


Шеңбер. Өн бойына қоғамның аты — Орхон-Енисей руникалық жазбаның стилімен қашалып жазылды. Ортасына Айша бибі күмбезінің «бет әлпеті» салынды. Оның алдында, шеңберден шығыңқырай көсіліп жатқан арыстан – грифон үлкен қорғаныш күштің барын ескерткендей. Бұл бейне Эрмитаждағы І Петрдің «Сібір коллекциясы» атты алтын қорынан алынды. (Қазақ жерінен жиналған дүниелер еді ғой — Ш. У.). Сайып келгенде айтқанымыз: біздің ата- бабаларымыз ошақтың үш бұтындай үш үлкен сала: жазба мәдениеті, сәулет өнері мен бейнелеу өнерінің мұрагерлері деген ой болатын.


Эмблема жасалғалы он-он бес жылдай уақыт өтті. Осы нышан ажарын ашқан түрлі медальдар, значоктар, түрлі баспа бұйымдары (суреттер) шы- ғарылды. Қоғамның құрметті мүшесінің белгісінде де бұл таңба салынды.


Кезінде бұл эмблема Мәскеуде шыққан өнер күнтізбесінде де биік бағаланды.


Халықаралық Абылай хан қорының таңбасы. Шеңбер. Ортада хандар киетін бас киімге ұқсас тұмар формалы үш бұрыш (үш жүздің нышаны деуге де болады. — Ш. У.) салынған; оның басты суреті — қазақ шаңырағы. Төменде – қордың қысқартылып, «ХАҚ» деп алынған аты (қысқарған сөз).


«ХАҚ» деген «шындық», «тәңірі» деген ұғымдарды береді. Бізге жеткен барлық құжаттарда Абылай араб жазуымен «Бахадүр Абылай» деп қол қояды екен; біз оны да пайдаландық.


Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының таңбасы. ҚР ҰҒА академикасының Президенті К. А. Сағадиев 1994 жылы тамыздың екісінде бекіткен бұл таңбаның сипаттамасы төмендегідей.


Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының таңбасы (эмблемасы) шеңбер пішінді. Ал шеңбер мәңгілік белгісі екені мәлім. Бұл шеңбердің ішіне үш күлтелі гүл салынған үш күлте жапырақ ғылымдағы үш бағытты: гуманитарлық, жаратылыстану және техникалық салаларды білдіреді. Олар өзара бір-бірімен сабақтаса өрілген күйде білім теңізінен сусындап жатқан секілді. Күлтелердің дәл ортасында алуан тіршілік құ- былыстарына ғылым назарының ауатыны бейнеленген. Тіршілік рәмізі ретінде «қос балық» бейнелері алынған, олардың бірі — Жер-ана да, ал екіншісі — Аспан-әке, (егер қаласаңыз, ғарыш) екеуі қосылып, біртұтастық- ты — еркек пен әйел жаратылысының егіздігін білдіреді.


 


Күлтелердің ішіне орналасқан үш кішкене шар тәріздес денелер атом ядросын елестетеді. От пен судың жанасуы – адамзат баласының тынымсыз ізденіс, зерттеу арқасында әлі де талай жаңалықтар аша беретінінің дәлелі.


Сыртқы шеңберде «Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы» деген жазулар бар. Ал шеңбердің тұйықталған астыңғы тұсындағы қара шаңырақ Қазақстан Республикасының Республикасын паш етіп тұр.


Бағзыдан әлемнің суретшілері осындай рәміздерге жүгінген. Мысалы, Месопотамия мен Иранның рәмізі — өмір ағашы болса, ал ортағасырлық Англиялық корольдің рәмізі — раушангүл, Францияның рәмізі — сакура (шие гүлі) екені баршаға аян. Сонымен бірнеше рәміздің өзара үйлесімді жиынтығы ойымыздың тоқетері болды. Осындай ізденістер арқылы ҚР ҰҒА таңбасын жарыққа шығардым.


Замандасқа айтылған сыр. Жасаған дүниелерімнің бәрі төрт аяғынан тік тұрып, кәдеге асты, әйтпесе олар істеген жұмысымның сапасы төмен болғандығына байланысты іске аспай қалды дей алмаймын. Конкурсты өткізу, көптеген жұмыстардың ішінен ең жақсысын таңдап алу — қиынның қиыны. Әділ шешу көп жағдайда қазылар алқасының құрамына, жеке адамдардың талғам-түсінігіне орай болып та кетеді.


Мәреге жетпей қалған жұмыстарым деп «Отан» (сурет) «Алтын қыран» (сурет) ордендері жобасын, Алматы қаласы құрметті азаматының белгісін (сурет) айтар едім.


Әрбір отбасының өз туы болуы мүмкін бе? Ондай ту менде бар. Ол — менің Қазақ Республикасының Жоғарғы Кеңесіне негізгі нұсқа ретінде ұсынылып сессияда өтпей қалған туым. Бұл туды жасағанда менің үнемі есімде болғаны — Абылайдың «ақ туы», «сары ала туы» туралы аңыздар.


Сәл ілгеріде келтірілген өлеңде Бөгенбай батырдың ұстағаны да ақ ту ғой; ол Абылайдың арқа сүйер батыры емес пе еді? Абылайдың батыры Тарақты Байғозының қолында сақталған туын да көзіммен көрдім, ол сарғылт (уақыт өз белгісін салса керек. — Ш. У.) түсті екен.


Сонымен, менің алғаш жасаған туым жоғарыдан төмен тартылған үш жолақтан (екеуі ақ, біреуі көк) тұрды. Ортадағы аспан түсті көк жолақта шаңырақ бейнесі, оның оң жағында — жаңа туған ай мүсіні. Қазақ «Айың тусын оңыңнан, жұлдызың тусын солыңнан!» демей ме?! Сол жақтағы ақ жолаққа сегіз қырлы жұлдыз салынды.


Осы тудың кішкентай жобасын жасап, белгілі қоғам қайраткері Мұхтар Құлмұхаммедпен бірге көшеге шыққанымыз бар. Бізге Алманияда ғұмыр кешіп жатқан жерлесіміз Ахмет Бәкі кездесе кетті. Ол: «Бұл не ту?» — деп сұрағанда, «Келешек ұлттық туымыздың жобасы ғой», — дегенімізде, сонда


 


оның тізесін бүгіп: «Біздің аңсап жүргеніміз осы емес пе?» — деп жылап жібергені естен кетпейді. Мұхтар екеуіміз ұлттық тудың орасан зор рухани мәні барын сол жерде тағы да тереңірек түсінген едік...


Қазақ халқы әр түске мән берген, олардың көтерер рәміздік жүктері бар.


Көк түс — жұлдызды аспанға байланысты. Ақ түс — көктен келетін құт.


Ресей туында ақ жолақтың болуы ізеттілік пен ақжарқындықтың белгісі деп қаралады (Г. Геродник. «Каким будет герб и флаг?» «Неделя», №49, 1991). Адамзатқа мәшһүр гуманистердің бірі Николай Рерих халықаралық Мәдениет туын ойлап тапты. Ол ақ еді, ортасында бірлік пен мәңгіліктің


белгісі – бірімен-бірі айқасқан үш шеңбер салынған.


Бұл туды Н. Рерих 1935 жылы Вашингтонда АҚШ-тың Президенті Т. Руз- вельттің алдында көтерді.


Біздің отбасының ақжолтай туы үйде тұр. «Мен дүниеден өткенде жауып шығарасыңдар», – деп балаларыма ескертіп те қойдым. Суретшілер Медет Кагаров, Серік Күлмешкенов мен үшін жасаған өте сәтті әрі әдемі экслибиристерді де оқырманға ұсынуды жөн көріп отырмын.


Алда да өмір болса, талай таңбалар жасалар! Таңба — белгі, тұмар біздерден келешек ұрпаққа айтылатын сыр деп білемін.


1995 жылғы желтоқсанның 29-ы күні Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың ҚР Пре- зидентінің Байрағы және оның айырым белгілерінің ресми пайдалану тәртібі туралы қаулысы шықты.


Қазақстан Республикасы Президенті байрағының сипаттамасы


Қазақстан Республикасы Президентінің байрағы — көгілдір түсті (ҚР Мемлекеттік туымен түстес) тікбұрыш нысанындағы жақтары үштің екісіне сәйкес келетін кездеме. Тік бұрыштың ортасында қанатты барысқа мінген, оң қолы жоғары көтерілген сақ дәуірі жас көсемінің тұлғасы бедерленген алтын түстес шеңбер бар. Барысқа мінген адамның қолында білезік, мойнында гривна мен тұмар, ұшы сүйірленген қалпақ бар. Барысқа мінген адам мен барыстың бейнелері алтын түстес. Барыстың астыңғы жағында қарлы тау шыңдарының бейнесі келтірілген.


Кездеме үш жағынан алтын түстес шашақпен көмкерілген. Байрақтың сабы «қошқар мүйіз» түріндегі суреттің қола кескіндемесімен тұйықталған, оған көбілмелі шашақ бекітілген.


Байрақтың сабында Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекеттік тілде тегі, аты мен әкесінің аты және оның сайланған уақытын көрсететін даталар өрнектеліп жазылған күміс темірше бекітіледі.





Пікір жазу