СӘУЛЕТ СӘНІ
(Қойын дәптерінен)
Сәулет өнерінің тарихшысы Витрувийдің айтуынша, Коринф капи- телийінің өмірге келуі туралы мынадай қызықты аңыз бар: Коринф елінде бойжеткен бір қыз оң жақта отырып, қатты ауырып қайтыс болыпты. Қыздың тәрбиешісі оның қызыға ұстайтын бұйымдарын жиып себетке салыпты да, зират басына апарып қойыпты. Әйел себетті байқамай аканф өсімдігінің үстіне қояды да, жауын-шашын тимесін деп, үстін ауыр пли- тамен бастыра салыпты. Көктемде аканф көктейді. Үстін басқан плита- ны жарып өте алмаған соң жапырақтары мен гүл сабақтары себетті қуалай өсіп, мың бұралып шығыпты. Осы көріністен ерекше бір сұлулық байқаған сәулетші тасқа қашап, ерекше бейне тудырыпты деседі аңыз сөзі.
* * *
«Александр Македонскийдің, — дейді тағы да Витрувий өзінің архи- тектура туралы кітабында, — дүрілдеп, атағы жер жарып тұрған шағында, Македониядан Динократ деген сәулетші қолбасшының жасағына келіпті. Өзінің ғажап өнеріне сенген ол патшамен кездеспек болады, ал сарай маңындағылар түрлі себеп тауып, жолын бөгей беріпті. Динократ олар- дың бос сенделтіп жүргенін сезеді де, ақыры айла табады. Өзі батыр, сұлу мүсінді жігіт екен, табиғаттың берген байлығын орынды пайдаланбақ бо- лады. Үстіндегі киімін шешіп тастап, денесін жып-жылтыр ғып майлай- ды, басына лавр жапырақтарынан тәж киіп, иығына арыстан терісін бос тастай салады. Оң қолына күрзі ұстап, патша біреуді соттап жатқан кезде жетіп барады. Мұндай кереметке жұрттың бәрі аң-таң болып бұрылған екен, Александр да байқап қалып, Динократты өзіне шақыртып, кім екенін сұрайды.
- Мен Македониядан келген сәулетшімін. Сенің рақымың түссе, жар- қыраған атағыңа сай жоба мен жоспар әкелдім. Мен Афон тауынан сенің алып мүсініңді соқпақпын, сол қолыңа үлкен қала орнатамын да, оң қолыңа таудағы бүкіл өзендерді жинап, солардан теңізге су ағызып қоямын, — деп жауап беріпті.
Жобаның идеясына Александр қайран қалады да, қала салынатын жер- дің айналасында егін егетін жер бар ма екен деп сұрайды. Мұндай қалаға астық теңіздің арғы бетінен әкелінетінін естігенде Динократқа былай деп жауап береді:
- Динократ, мен сенің жобаңның тамаша композициясына таңға лып, жоғары баға беремін. Сөйте тұра, кімде-кім сен айтқан жерге қала салса, осы бір үстірт ойы үшін үлкен күнәға батар еді. Себебі, жаңа туған баланың ана сүтінсіз күн көре алмайтындығы секілді, қала маңындағы жайылым жерсіз, тағамдық дәнсіз ондай қала өсе де, өркендей де алмайды. Сондықтан, бір жағынан сенің алып жобаңды құптасам, екінші жағынан қаланың тұратын жеріне көңілім толмайды.
Дегенмен, өзіңді қасымда қалдырып, келешекте сенің пайдаңды көргім келеді, — депті».
* * *
Бай саудагерге арнап әлдебір сәулетші күмбезді зират тұрғызыпты. Бір жыл ішінде салып болған екен, саудагер біткеніне сенбей абыржып: «Енді не жетпейді?» — деп қайта-қайта сұрай беріпті. «Тек сіз ғана жетпей тұрсыз», — деп жауап беріпті сәулетші.
* * *
Афиндықтардың өлгендерге ғимарат соғуды сауап деп қарайтындық- тары сонша, соғыста өлген сарбазды қадірлеп жерлемегені үшін қол- басшыларының басын алып отырған.
* * *
Флоренциядағы Санта Мария дель Фьоре соборының күмбезін жа- сауға бәйге жариялағанда, оған Франция, Германия, Англия және Испания сәулетшілері жиналып, ортақ шешім таба алмапты. Біреулер кіндік ортадан тіреу қойып орнатуды ұйғарса, енді бірі тау-төбе топырақ үйіп, қалып ретін- де тұрғызуды ұсынады. Ал осы топырақты собор салынғаннан кейін арзан
ақы төлеп, жұртқа қайта тасыту үшін арасында бір уыс күміс салу керек депті кейбір «данышпандар». Жергілікті сәулетші Филиппо Брунеллески күмбезді бағанасыз, топырақсыз, сөресіз салуға болатынын айтқан екен. Оны консулдар, бай-мырзалар күлкіге айналдырып, әрі-беріден соң қуып шығыпты. Сәулетші сонда да соңдарынан қалмайды, өзінің ойын тиянақты баяндайды. Өзге сәулетшілер одан макетті көрсетуді талап етеді. Сол кезде Брунеллески: «Кімде-кім мрамор тақтайға жұмыртқаны тік тұрғызса, сол адам күмбезді сала алады», — депті. Жұрт әрі әуреленіп, бері әуреленіп, ама- лын таба алмаған соң, «жұмыртқаны өзің тұрғыз» деген екен. Брунеллески жұмыртқаны қаттырақ нұқып тақтайға отырғыза қояды. Сонда өзге архи- текторлар: «Ол тәсіліңді біз де білеміз, одан да макетіңді көрсет», — деп шуласыпты. «Егер, — депті Брунеллески, — мен макетімді көрсетсем, сен- дер біз мұны да білеміз деп шулап шыға келесіңдер. Одан да сөзді қойып, күмбезді салуды маған тапсырыңдар, ойдағыдай шығуына басымды тігемін». Ақыры Брунеллески салған күмбез архитектор ұлылығының ескерт-
кішіндей осы күнге дейін көз тартады. Сәулетшінің қабіріндегі:
«Соққан тасым күмбез боп көкті сүйді, Өрге өрледім, төбем де көкке тиді», —
деген сөздер тегін жазылмаған.
* * *
Атақты Давидті жасауға Микеланджелоға тапсырыс берген Пьетро Со- дерини деген адам мүсінді көруге шеберханаға келіпті. Өзінше білгішсініп, көптеген мін тауып, сөз соңында: «Мұрны қалыңдау көрінеді, түзетсеңіз екен», — депті. Микеланджело үндемей қолына бір уыс мрамор ұнтағын алып сөреге шығады да, мұрынды түзеткен боп жоғарыдан себе бастапты.
- Енді қалай? — деп сұрапты ол жоғарыдан.
- Давидіңіз түзеліп қалды, сіз оған жан бердіңіз, — депті Пьетро ші- мірікпей. Мүсінші мырс етіп күліп, сөреден жерге түсіпті.
* * *
Досы Джанотти қонаққа шақырғанда, өзінің бара алмайтынын ай- тып Микеланджело былай хат жазыпты: «Өзгелерден шешен, әлденеге
жүйрік, талантты не ақылды адамды көргенде, соған ғашық болмай тұра алмаймын. Сол кезде өзіме-өзім ие бола алмай, оған шексіз беріліп ке- тем. Сіздердің бәріңіз сондай дарын иесісіздер, сізге қонаққа барам деп, бостандығымнан айырылам ба деп қорқамын, әрқайсыңыз жаным- ды қырық бөлшекке бөлмейтіндеріңізге сенімім жоқ. Егер әркім өз өнерінің ұшар басында тұрса, мейлі, ол биші немесе лютнанның ойын- шысы болсын, мені мазақ ете алады. Сол себепті мен демалып, тыңай- мақ түгілі, сіздердің қоғамыңызды көңіл де көтере алмаймын. Кері- сінше, сезім дауылында жүргенде жан тыныштығымды жоғалтып алам, қайтадан есім жиылғанша, көп күн өтіп кетеді, жұмыс істеу мүм- кіншілігімнен айырылып қаламын».
* * *
Папа Павел IV-нің бұйрығы бойынша, Данелло да Вольтерра деген суретші «Қаһарлы сот» суретіндегі жалаңаш жасалған мүсіндерді «киін- діріпті» (артынан ол «дамбал суретшісі» аталып кеткен екен). «Микелан- джело, сенің суреттеріңді Данелло түзетіп жатыр, оған қалай қарайсың?» — деген жұртқа ол ашуланбай, мысқылмен күрсіне отырып: «Әулие болса папа дүниедегі масқарлықтың абыройын жауып алсын, менің суретімді түзету қиын емес», — деп жауап беріпті.
* * *
Әдемі сурет, сәнді әшекейлерге ерекше ден қоя бастаған XIX ғасырдың сәулетшілері құрылыс материалдарының қасиетін ұмыта бастаған кез екен. Содан болуы керек, Римнің Гран-При бәйгесінің лауреаты Готье салған шіркеудің төбесі құрылыс аяқталарда түсіп кетіпті. Готьеге екі мың теңге айыппұл салыныпты. Тек қана өзінің әдемі боялған жобаларымен күн көрген әлгі сәулетші борышын өтей алмай, ақыры түрмеде өледі.
* * *
«Роншан қаласына шіркеу салып беріңіз» деп сұрай келгендерге Ле Корбюзье: «Мен қоғамның өлі клеткасы үшін жұмыс істей алмаймын», — депті. Дегенмен, кейінірек ол шіркеуді салады. Әдемілігі сондай, осы ғимаратта бейнеленген суреттер кейінірек оқулықтарға кірген көрінеді.