СӘУЛЕТ ӨНЕРІНІҢ БҮГІНІ МЕН ЕРТЕҢІ
Архитектура деген ұғымды біз сәулет өнері деп бір жақты аударып жүрміз. Архитектураның өнерге жататыны рас, сонымен бірге ол құрылыста неше түрлі инженерлік жүйеге, шешімдерге және ғылымға арқа сүйейді. Біздің дәуірімізге дейінгі бірінші ғасырдың соңында өмір сүрген сәулетші Марк Витрувий Поллион сәулет туралы: «Сәулетшінің ғылымы — жан- жақты білімділіктен туған, көптеген ғылымның жемісі арқылы көркейген ғылым. Түрлі саланың қатысуымен пайда болған жұмыстардың ең соңында сәулетшінің тезінен өтетіндігі тегін болмаса керек.
Сәулетші ғылымды қабылдай алатындай табиғатынан талантты адам бо- луы керек. Ғылымсыз жерде талант, талантсыз жерде ғылым жан-жақты бо- лып қалыптасқан шеберді туғыза алмайды», — деп түйеді ғұлама.
- ғасырдың ұлы архитекторы Ле Корбюзье айтып кеткен тұжырымдар да Витрувийдің ойымен жалғасып жатады. Бірақ, ол сәулеттің адамға ой салатын, қуаныш әкелетін жағын басымырақ айтады. «Сәулетші сезімтал әрі өнердің тәжірибелі білімпазы болуы керек», — деп жазады Корбюзье.
«Ол (яғни, сәулетші) өзінің инженерлік есебінен гөрі, эстетикалық, пластикалық (мүсіндік) қасиеттерді тереңірек ұғынғаны жөн. Адамдар үшін ол тек пайдалылық жағын ғана ойламай, өзінің шеберлігі арқылы олар үшін қуаныш әкелуі керек», — деп жар салған. «Қас архитектор тек қана инже- нер, құрылысшы емес, ол әрі дәрігер, психолог және міндетті түрде суретші әрі ақын» деген ұғымды да бізге жеткізген Ле Корбюзье.
Демек, сәулетті сөз етсек, көп жағдай сәулетшілерге, оның таланттылы- ғына, білімділігіне байланысты екен. Сәулетші ешқашан да жалғыз жұмыс істемейді, оның үзеңгілестері, қоғамдастары, бір қазанда қайнап пісетін ор- тасы болады. Көбінесе сәулетшінің қалтасында көк тиын болмайды. Тамаша ойлары болып, оны іске асыруы үшін мемлекет тарапынан, алысты болжай білетін мемлекет қайраткерлері жағынан қолдау табуы керек. Сіздер Рим, Венеция, Токио, Пекин, Каир, Эл-Рияд, Москва, Самарқанд қалаларын айта отырып, біріне-бірі ұқсамайды дейсіздер. Біріншіден, бұл қалалар бір ғасыр ішінде салынбаған, екіншіден, әр түрлі мәдени, тарихи ортада қалыптасқан.
Сәулетшілердің қоржынында «градостроительство» (қала құрылысы) деген үлкен сала бар. Онда қала салудың көптеген заңдылықтары қарас- тырылған.
Бастысы, қаланың салынатын жері, адам тұруға жайлы, барлық қажетін атқаруға ыңғайлы болуы керек. Петербургтың тұрған жерін алсақ, аса сәтті деуге болмайды. Ол Нева өзенінің жағасындағы сазды, батпақты жерге орналасқан. Сондықтан Фин шығанағынан соққан «цунамиге» жиі ұшырап тұрады. Біздің Алматымыз да таудан ағатын лайлы сулардан Медеу бөгетін салып зорға құтылған жоқ па? Мүлдем құтыла алдық па екен?!
Қаланың құрылымы: орталығы, шеті, қоғамдық үйлер мен тұрғын үйлердің өзара орналасуы сәтті болуы керек. Көшелер дұрыс тартылып, бау-бақша- лар, қоғамдық алаңдар өз міндеттерін дұрыс атқаратын болса, қала көркейе түспек. Адамдар мен машиналардың жүруіне көшелер ыңғайлы болуы ке- рек. Транспорт мәселесі бұл заманда ең басты мәселелердің бірі. Осылардың бәріне түр, түс, мазмұн, мағына беретін, әрине, архитектуралық жалпы шешім. Көне грек елінде қала салатын жердің орынды болуына орай әдемі аңыз сақталған. Ескендір Зұлқарнайдың (Александр Македонский) аты әлемге
жайылып тұрған кезі болса керек. Динократ атты сәулетші онымен тез ара- да кездескісі келсе, бірде-бір сәті түспейді. Сәулетші Ескендірдің шатыры- на жақындап барады. Өзі ұзын бойлы, көз тоқтатарлықтай сұлу жігіт бол- са керек, үстіндегі киімін шешіп тастап, денесіне жылтыратып май жағып, иығына арыстан терісін жамылып, қолына күрзі ұстап патшаға қарай ұмтылады. Диуаналау жігітке назар аударған Ескендір оны қасына алды- рып, кім екенін сұрайды. «Мен Македониядан келген сәулетшімін, — деп бастайды сөзін Динократ. — Сенің даңқыңа сай жоба әкелдім. Афон тауы- нан сенің мүсініңді қашамақ ойым бар. Сол қолыңның алақанына үлкен қала салмақшымын, ал оң қолыңда таудан құлаған бұлақтардың суы жиналатын үлкен кесе болады, кеседегі суды кейін теңізге ағызамын», — депті. Тамаша жобаға таңғалған патша: «Қала салынатын жердің айналасында қала халқын астықпен қамтамасыз ететіндей егістік жер бар ма екен?» — деп сұрайды.
«Ондай жер жоқ» деген жауап алғаннан кейін сәулетшіге айтыпты: «Ди- нократ, сенің жобаңның көркемдік шешімін жоғары бағалаймын және оған таңғалып тұрмын, бірақ жаңа туған бала емшектен айырылса күні қараң бо- латыны сияқты бұл қалада халықты аш ұстай алмаймыз, дәл мына жерге қала салуға болмайды екен. Сенің ниетіңе рахмет, қасымда бол, талантың ашыла- тын жолдарды табамыз», — депті. Осы бір аңызда үлкен шындық бар.
Өткен ғасырларда архитектураның заңдылықтарын көп зерттеп, өздері- нің және өзгелердің тәжірибелерімен ұштастырып, бізге ғылыми еңбекте- рін қалдырған данышпандар болған. Соның бірі, бірі емес, бірегейі жоғарыда айтылған Марк Витрувий Поллион. Ол архитектура туралы трактат жазып, тоғыз кітап шығарған. Құрылыс орнын қалай таңдау керек, көшелерді қалай белгілеу керек, үйлерді салғанда терезелерін қай жаққа бағыттау керек, қорған салудағы, ресми алаңды көркейтудегі ерекшеліктерді атап-атап ай- тады. Витрувийдің ұсыныстары жиырма ғасыр бойы ескеріліп келді. Оның негізгі қағидалары бүгінгі күнге дейін жетті.
Өзінің нәзік эстетикалық сезімімен, алғыр ойымен, асқан талантымен за- мандастарынан озық туған, XV ғасырда өмір сүрген сәулетші Леон Баттиста Альберти еді. Ол архитектура туралы он кітап жазған адам. «Үй дегеніміз тірі адам сияқты, оны жасағанда табиғатқа бағынуымыз керек» деген ой түйе- ді. Сәулетшінің «Математикалық ермектер», «Сурет өнері», «Мүсін тура- лы», «Жан тыныштығы», «Жанұя» атты кітаптары оның жан-жақтылығын, үлкен ой адам екендігін көрсетеді. Леон Альбертидің еңбектері далада қалған жоқ, архитектураның дамуына күшті әсер етті.
Архитектураның тағы бір ұлы теоретигі — XVI ғасырдың екінші жарты- сында жасаған Андреа Палладио. Ол 1570 жылы архитектура туралы төрт кітап шығарған. Кітаптарында құрылысты іске асыруда пайдаға асатын кеңестер береді. Ең бастысы, архитектурада бүтін мен бөлшектің өзара үйлесімділігін қамтамасыз ететін пропорцияны сақтау идеясы. Үш ғасыр бойы оның ұсыныстары іске асып отырды. «Сталиндік классицизм» архи- тектурасы да Палладионың қағидасымен жасалған.
Қазақстан қалаларының бәрінде де бекітілген генпландар — бас жоба- лар бар. Олар белігілі бір талаптарға және мемлекеттік нормаларға негіздел- ген. Оның үстіне «Проект детальной планировки» (ПДП) деген жоба жасалады. Ол бірінші документке қарағанда егжей-тегжейлі, жан-жақты. Қала құрылысы көбіне соңғы документке сай жүргізіледі. Бірақ бұл жо- балар да қатып қалған дүние емес, оған өмір өз керегін енгізіп, түзетулер, толықтырулар жасап отырады. Ең бастысы, бұл жұмыстарға дер кезінде мамандардың қатысуын, жобалардың профессионалдық жоғарғы дәрежеде жасалуын қамтамасыз ету керек. Кейде қолына билік тие қалған біреулер сен мамансың ба, маман емессің бе — оған қарамай, өзінше жөн көрсетеді, асыра сілтейді. Істің ақсап қалатыны да осы тұс.
Оңтүстік астана — Алматыны көркейтуде халқымыздың үлкен азама- ты, мемлекет қайраткері марқұм Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев уағында көп еңбек сіңірді. Сол кісі қолында зор билік тұрса да, архитектуралық шы- ғарманы талқылағанда үстемдік көрсетпей, мамандар қалай қарайды деп сұраушы еді. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы да архитекторлармен, инже- нерлермен, суретшілермен жиі кездесіп, ақылдасып отырады. Алматыға интеллектуал әкім келгеніне де қуанып жатырмыз. Барлық жерде де жағдай осылай болсайшы.
Адамның бар өмірі өзі қолдан жасаған ортада өтеді. Сол ортаның адамның тұруына қолайлы, жайлы болуы, оның іс-қимылы, өмірі үшін өте керек дүние. Менің орта деп отырғаным: сәнді, салтанатты қалалар, ондағы архитектуралық ансамбльдер, тұрғын үйлер мен өндірістік комплекстер, ауылшаруашылық құрылыстары және табиғат аясы. Осылардың өзара үйлесімділік табуы адам өмірін нұрландыра түседі, тіпті ұзартады. Адам ата ең бірінші үйді салғаннан бастап өзін сәулетшімін деп таныған екен. Сондықтан архитектура тарихы көне дүниеден тартылған тарих. Өткен XX ғасыр сәулетшілерді құрылыстың жаңа тәсілдерімен, түрлі материал- дармен жабдықтап, мүмкіншіліктерін кеңейітті. Сол шерудің алдында талай
елдің майталман (ұлы деп те айтуға болады) сәулеткерлері жүрді. Америкада Л. Мис ван дер Роэ, В. Гропиус, Ф. Л. Райт, Р. Нейтра, М. Ямасаки, Э. Саа- ринен; Францияда Г. Эйфель, Ле Корбюзье, О. Перре; Бразилияда Л. Коста, О. Нимейер; Ресейде А. В. Щусев, И. В. Жолтовский, К. С. Мельников; Жа- понияда Кензо Танге, Нориаки Куракава, Арата Исозаки, тағы басқалары. Бұлар функционалдық, эстетикалық, конструктивтік және экономикалық талаптарды қанағаттандырарлық дүниелер әкеліп, архитектураны дамыт- ты, тың ой айтты. Мысалы, бірнеше жылдар ішінде салынып біткен Брази- лия қаласының генпланына назар аударайық. Оны жасаған сәулетші Лусиу Коста. Жобада өте үлкен шеберлікпен және уақыт талабына сай транспорт мәселесі шешілген. Онда тоқтаусыз жүретін машиналар жолдары бірнеше деңгейде өтеді, жеңіл машина мен жүк машиналары жүретін жолдар бөлек, автокөлік тұратын орындар ыңғайлы жерге орналасқан, жаяу жүретін адамдарға да жол қауіпсіз (осы шешімді қарап отырғанда, күннен-күнге машина үшін тарылып келе жатқан Алматы көшелері өкінішпен еске түседі). Бразилияда қоғамдық үйлер мен әкімшілік үйлер орынды топтасты- рылып, кең алаңдар тізбегіне сән-салтанат беріп тұр. Атақты архитектор Оскар Нимейер жасаған «Таң шапағы» («Дворец рассвета») сарайы, конг- ресс секретариаты орналасқан биік қос ғимарат, кесе тәрізді келген депу- таттар бас қосатын сарай — бәрі-бәрі де орталық кең эспланадаға орналас- қан, әсем тұлғасы мен кездесе бермейтін көлемдерімен көз тартады.
Тағы да бір мысал. Француз архитекторы Ле Корбюзье жасаған Марсель
қаласында салынған тұрғын үйдің жобасын алайық. Француздар басында бұл үйді қояншықтар, жындылар үйі санаған. Ал тереңірек үңілгенде оның көп- теген қасиеттеріне көздері жеткен. Ең бастысы, тұрғын үй көп адам тұруға қолайлы екен. Жоба жасаушы сәулетші отбасы, семьяның өмірін, үлкендер мен кішілердің қарым-қатынасын, талғам-тілегін, жеке бас пен коллектив- терге қойылатын талаптарды терең зерттеп, тұрғын үйді соған ыңғайлап жобалаған. Үй бір семьяның ғана емес, қоғамдық тілектерді де жылдам, тез арада және дамылсыз орындайтындай болып салынған.
Жақсы үйлер өркениет (цивилизация) табыстарын ғана көрсетіп қоймайды, ол халық тұрмысының дәрежесін көрсететін фактор.
Күн сәулелі архитектураның күнделікті өмірімізге де, адам тіршілігі- не де әсері зор. Немістің ұлы ақындарының бірі «Архитектура — таспен жазылған құдіретті музыка» деп бекер айтпаса керек.
Советтер одағы тұсында жердің мемлекет меншігінде болғандығын мақтанышпен айттық, не қаласақ соны таңдаған жерімізге саламыз деп ойладық. Жаман үлгі ретінде Американы атадық. Мысалы, жердің аздығы- нан Нью-Йорк қаласында Рокфеллер-центр деген орталық небәрі бес гек- тар жерге орналастырылған екен. Сол жерге қырық бес, елу төрт қабатты он төрт үй салыныпты. «Небоскребтер» көшесін биіктігі жетпіс қабаттан асқан тағы бір «небоскреб» шектеп тұр. Алдында кішкене ғана сквер.
Аталған үйлердің бәрі магазиндерге, офистерге, көңіл көтеретін орындар- ға арендаға беріліпті. Ішінде алпыс мың орындық мюзик-холл да бар. Мен 1975 жылы Рокфеллер-центрді өз көзіммен көріп, сұлулығына, көз тоқта- тар көркіне таңғалған едім. Жер қысымшылығы мұндай ғаламат ғимарат туғызса қуанбасқа бола ма деп те ойлағанмын.
«Қаланың ішіндегі қала» 1929 жылғы дағдарыстан (кризис) кейін, қи- сапсыз капиталды қолына ұстап қалған Рокфеллер империясының күшімен салынған екен. Капиталистер ақшаны қайда жұмсауды біледі-ау, шамасы.
Бізде де көптеген жерлер жекеменшік қарамағында қалып жатыр, бұл жағдайдың қала архитектурасына әсер ететіндігі сөзсіз.
Қазақстан архитектурасының аясына оралсақ, мұнда да көз тоқтатып сүйсініп, ауыз толтырып айтарлықтай туындылар: сарайлар мен ғимараттар, қоғамдық үйлер мен тұрғын үйлер, тағы басқа құрылыстар баршылық. Жақсы істердің басында жақсы сәулетшілер тұрды. Кейбіреулері дүние салды, көбі бүгінге дейін еңбектенуде. Марқұм болған: Т. Бәсенов, М. Меңдіқұлов, Н. Рипинский, Ю. Ратушный, В. Кимді бөліп айтуға бола- ды. Қазақстан архитектурасының сәнді болып қалыптасуына, өзінің ерекшелігімен көзге түсуіне аға буын архитекторлар атсалысты. Олар: Адамбек Қапанов, Рүстем Сейдалин, Л. Ухоботов, Алихан Мұхтаров, т.б. Инженерлер Т. Жүнісов, М. Көкебаев, А. Тәтіғұлов, С. Каламкаровты жоғарыларға қоса айтуға болады.
Кейінгі жас буын: КСРО халық архитекторы Қ. Монтахаев, ҚР еңбек сіңірген архитекторы Т. Ералиев, ҚР еңбек сіңірген архитекторы С. Морд- винцев өздерінің асқан шеберліктерімен, тынымсыз ізденістерінің арқасын- да Қазақ архитектурасын жоғары сатыға көтерді.
Алматыда салынған Республика сарайын, 27 қабат «Қазақстан» қонақ үйін, Халықтар достығы үйін, Офицерлер сарайын, «Арасан» монша- сын және жаңа салынған аэропортты қайталанбас тек қана өзіндік кескін- келбеті бар ұлттық архитектураның туындылары деп айта аламыз. Оңтүстік
астанада салынған кейбір ескерткіштер де лайықты орындарын тапқан. Олар: әл-Фараби, Абай, Жамбыл, М. Әуезов ескерткіштері. Сәтті шыққан ескерткіштер деп салуына өзім қатысқан Шоқан, Ә. Жангелдин Д. Қонаев ескерткіштерін, Тәуелсіздік монументін айтар едім. Бұлар қаққан қазықтай болып жасалмаған, айналадағы архитектуралық ансамбльдердің бөлінбес бөлігіндей болып көрінеді. Халықтың демалуына жағдай жасалған.
Осы жерде «ұлттық архитектура дегеніміз не?» деген сұрақ туады. Бір кезде ұлттық әр деген ұғымды үйлерді киізден, алашадан алынған ою- лар мен безендіру арқылы шешуге болады деп ойладық. Бұл өте қате және қауіпті әрі жалған жол екен. Қазіргі түсінігіміз бойынша ұлттық архитектура деп табиғатпен қоян-қолтық салынған, жер және құрылыс материалдары- ның ерекшелігін ескере отырып, жергілікті климатқа сай тұрғызылған, дәстүрімізге, әдет-ғұрпымызға лайықты туындыларды айта аламыз. Әрине, өмір үлкен адыммен, жылдам қарқынмен алға жылжып барады. Неше түрлі жаңа технологиялар мен құрылыс материалдары пайда болды. Бәрін игеру керек, бірақ біздің мәдениетімізге, ұлттық менталитетімізге үйлесімді жолдарын қарастырсақ дейміз.
Мен кейде артистерімізге қарап отырып таңғаламын. Көбінің киетін киімдері біркелкі болып келеді: хандар киетін айыр қалпақ пен зерделі ша- пандарды көптеп киеді. Генералдар киетін мундирді солдаттар кисе не болмақ?! Болмаса, қыздар бас киіміндегі үкінің орнына сыпырғыш тәрізді дауыл тұрса да селт етпейтін қағаз «қауырсындар» байлап қоюдың не сәні бар? Ұлтық киім деген осындай бола ма екен? Сәні қайда, әдемілігі қайда? Архитектура да дәл осылай. Мешіттердің, мола мен кесенелердің архитектурасын аңсаудың қажеттігі жоқ. Жаңа түр, түс, шешім іздеу керек. Жазушылардың шығармаларының бір-біріне ұқсас болмайтындығы сияқты, әр сәулетшіге өзіндік жол, қолтаңба керек дер едім. Бірақ архитектураның өнер мен әдебиеттен бір өзгешелігі — мұнда ансамбльдік сипат, айналадағы ортамен үйлесімділік басым болғаны абзал.
Қазақстан архитекторларының үлкен шеберлік танытатын тұсы — жаңа салынып, өркендеп өсіп келе жатқан Астана қаласының архитектурасы- на үлес қосу — басқа жерде жіберген қателіктерімізді қайталамай, көрген- білгенімізді, көңілге түйген көрікті ойларымызды іске асыру. Бәріміз бір жер- ден табылсақ, отан игілігі деген сол болар еді.
Сөз соңында айтарым, жақсы туындылар әкелу үшін, әрине, конкурстар өткізу қажет. Оған тек өзіміз ғана емес, әлемге белгілі шеберлердің қатысуы
орынды болар еді. Басты шарт — әділ қазылар алқасын қалыптастыру. Осы уақытқа дейінгі конкурстарда бармақ басты, көз қысты мәселелер көп болды. Мұндай жолдың алысқа, жақсылыққа апармайтыны хақ.
Алматы, 1 ақпан, 2005 ж.