Қызық сүю
Жолаушылап бара жатып Қарсыбек,
Тоқтай қалды бір сұлуға қарсы кеп.
Келбетті қыз көрмеп еді бұл сынды,
Арманына жеткендей боп күрсінді:
– Аялдашы,
Асығыстық қылмашы,
Мендей жанның жүрек сырын тыңдашы.
Өтінемін, иланшы айтқан сөзіме,
Ғашық болдым айдай сұлу өзіңе.
Мәжнүн болып іздеп жүрген Ләйлімсің,
Бұрылмасаң – басымдағы қайғымсың.
Күлімдеші көктемім боп, күнім боп,
Өтейінші өмірбақи құлың боп.
«Көрген сәттен жабысатын жата ғап,
Осыншалык оңай ма еді махаббат?
Бұл жігіттің әуселесін көрейін,
Есер болса, сазайын бір берейін».
Деген оймен қыз бұрылды жігітке:
– Жан екенсің кеудең толы үмітке.
Алаңдамай ақылымды ал тыңда,
Жап-жас сіңлім келе жатыр артымда.
Менен де артық –
Сүйкімді де, сымбатты,
Сүюге оны тиістісің тым қатты.
Шын сұлуға ынтық болсаң егер де,
Артқа қарай ұмтыл жылдам, бөгелме.
Ұшты жігіт жалау етіп үмітті,
Сұлу қызға «қош» деуді де ұмытты.
Келеді ұшып термен жуып маңдайын,
Демі бітіп, шөл қуырып таңдайын,
Жетті, міне,
Қарады ол шошына:
«Шынымен-ақ қыз сіңлісі осы ма?»
Сағы сынып, жігіт кері бұрылды,
Бұрылды да, сұлу қызға ұрынды:
– Сіңлің қайда?
Неге мені алдадың?
Жетпістегі кемпір болды барғаным!
Қыз айтты оған:
– Өзіңді өзің алдаған,
Деген бар ғой:
«Тазға ұрынар таңдаған».