БҮГІННЕН ЕРТЕҢІ ӘСЕМ
АСТАНАМЫЗДЫҢ сәулеті туралы жазу оңай, әрі қиын. Оңай дейтінім, Алматы — тұрар мекеніміз, үйіміз, табалдырығынан төріне дейін көз алды- мызда, таныс емес бұрышы, бейтаныс мүлкі жоқ сияқты. Қиынға соғаты- ны — қала күн санап өсіп, жыл санап жаңарып келеді. Мінез-құлқы әбден қалыптасып болмаған бала жігіттей күтпеген көріністері, жеңіл аңғарыла қоймайтын сырлары да мол.
Бәріміз де Алматыны сүйеміз. Бірімізге ұшар басын күн сүйген терек- тері ұнаса, бірімізге көк аспаны, ақ басты Алатауы ұнайды.
Ғылым мен техника дамыған заманда, дүние жүзіндегі болып жатқан өзгерістер, жаңалықтардан әр адам хабардар. Қала салу да үлкен өнерге айнал- ды, оның өзінің даму заңдары, қоятын талаптары бар. Осы мәселелердің бәрін, әр қаланың соны ерекшеліктерін ескере отырып шешсек, мыңда- ған шешім табамыз. Демек, сәулетшілер үшін жұмыс ұшан-теңіз, шабытқа желі боларлық жайттар молшылық.
Бүгінгі күні Алматы архитектурасын онан әрі дамытуда үш түрлі мәселе назар аудартады. Бірі — жер, оны үнемдеп пайдалану мәселесі. Екінші — балдық жер сілкінуге байланысты үйлердің беріктігі, салыну сапасы, кескін- келбетінің әдемілігі. Үшінші — өмір тілегіне сай жасалған ұтымды, көз тоқтатар әдемі жобалардың болуы.
Жер демекші, бұл күндері қаламыздың шекарасы батысқа қарай кеңіп бара жатыр. Басында бұл жай дұрыс та еді. Себебі, қаламыздың оңтүстігінде құрылысқа қолайсыз тау бөктері жатыр, солтүстіктегі жер қыртысы үй салуға қауіптірек, шығыста жер жоқ. Демек, қала қай жаққа дамуы керек? Әрине, батысқа. Осыған орай он бірге жуық микроаудан туды, үйлердің сүреңсіздігін ескермегенде, көп адамдар үй алды. Ыстық су, жарық, телефон — бәрі де бар, жақсы емес пе? Дегенмен, біз бір нәрсені ескермеппіз. Микроаудан жұмыс орнымыздан әлдеқайда қашық екен. Транспортқа отыру қиындап кетті. Инженерлік коммуникация қанша жерге созылды десеңізші. Сөз жоқ, ескі үйді сындырып, жаңа үйді салудан гөрі, тың жер- ге жай тұрғызған көп оңай. Бірақ осының бәрі бір жақты болмауы керек қой. Оңайды қуып, қаланың ортасындағы көптеген жүдеу үйлерді аттап, қаланың шетінен жаппай құрылыс жүргізу ұтымды емес, қала сыртындағы шаруашылықтардың суармалы жеріне тап-тап беру де жөнсіз. Орталықта шым үй түгіл, бір қабат кірпіш үйлердің сақталуы қала келбетіне үлкен нұқсан келтіріп отыр. Біз жеріміз көп деп, жерді берекесіз пайдаланып жүрміз. Сондықтан қазіргі басты бағыт — жерді үнемдеп пайдалану, кең көлемде орталықта, орталыққа жақын жерде реконструкция жүргізу жобалардың ұтымды, көркем түрлерін табу.
Қала шаруашылығының көкейтесті мәселелерін шешу мақсатымен ең- бекшілер депутаттарының Алматы қалалық Советі атқару комитеті КСРО Мемлекеттік құрылыс басқармасымен біріге отырып, астанамыздың орта- лық ауданының архитектуралық шешіміне Бүкілодақтық бәйге жарияла- мақшы. Бәйгеге Москва, Ленинград пен Алматыдағы жетекші жобалау институттарының коллективтерін, ірі мамандар мен атақты архитек- торларды шақырып отырмыз. Жобада Алматының бай табиғаты мен қайталанбас соны келбеті сақталады. Онымен бірге, сәулетшілердің бай қия- лынан туған алаңдар, көшелер, бульварлар мен архитектуралық жаңа ан- самбльдер белгіленбекші.
Астанамызды көркейту жағынан жергілікті архитекторлар да қарап жат- қан жоқ. Қала салудың жаңа жобалары (градостроительство) бірнеше жерде талқыланылып, кейбірі жақсы пікір туғызды да. Атап айтсақ, олар: Веснов- ка өзені бойында салынатын екі микорауданның жобасы, Октябрь, Го- голь, Красин көшелерінің шешімдері. Весновка өзені бойындағы жаңа аудандарда отыз алты мыңға жуық адам тұрмақшы. Қазір (жеті мыңдай адам тұратын), үш жүз мың шаршы метрден аса тұрғын үйлер салынады. Магазин, балабақша, мектеп, кинотеатр, кафе, спорт мекемелері тағы бар. Мұндағы салынатын үйлер қаланың батысындағы микроаудандардың үйлеріндей айқұш-ұйқыш, шым-шытырық салынбай, белгілі жүйемен, қа- лыптасқан кварталдардың орамы ескеріле орналасады. Әсіресе Комсомол көшесі мен Весновка бойындағы үй тізбектері белгілі бір архитектуралық шешім тауып, ондағы 9-12 қабат үйлер, төрт-бес қабат үйлердің фонында көзге баса ілінбекші.
Микроаудандардағы үйлерді атағанда, сәнділік жағын көп сынап жүр- міз. Бұлардың көбі — сүреңсіз, біріне-бірі ұқсас, ұзындығы, биіктігі — бәрі бірдей, өңінде де жылылық жоқ. Бір кезде үйдің тапшылығына байланыс- ты бұған да шүкіршілік еткен едік, енді оған әрі қарай шыдауға болмайды. Әдемілік, әсемдік мәселелерінде үнемі естен шығармайық. Өйткені, архи- тектура да өнердің бір саласы ғой.
Үй салуда да бірсыпыра жұмыстар істеліп жатыр. Біз ірі қабырғалы үй- лермен қатар, қаланың орталығында, дербес жобамен жасалған үйлерді салу- ды кең қолданып жүрміз. Гоголь көшесіндегі «Шұғыла» атты магазині бар тұрғын үй кімнің көзін тоқтатпады? Коммунист проспектісіндегі «Айсұлу» атты шаштаразы бар тұрғын үй де көз тартпай ма?
Жақында қаланың атқару комитетінің председателі Е. Дүйсенов жол- дас пен қаланың бас архитекторы М. Меңдіқұлов жолдас Москвада бо- лып, Алматы үшін 9 қабат үйлердің жобасын Москва архитекторлары- на жасатуға келісіп келді. Пәтерлерінің құрамы, сапасы мен көркемдігі жағынан бұлар айта қаларлықтай үйлер. Мұндай үйлерді М. Әуезов атындағы драмтеатрдың, телестудияның қасынан және Жандосов көшесінің бойын- да салуды көздеп отырмыз.
Ірі қабырғалы үйлерді жақсарта түсуде де қарап отырған жоқпыз. Үйдің бірнеше түрлерінің жобасы да біткен еді. Жақында қалалық Советте қаралып, көптеген міндері әділ көрсетіліп, түзетілуге нұсқау берілді. Келешек үйлердің бөлмелері кең, кухнясы мол, биіктігі 2,7 метр болмақшы.
Алматының көлемімен қатар биіктігі де өседі. Оған куә Калинин кешесін- де салынып жатқан жеті қабат «Алматы» қонақ үйі, Гоголь көшесіндегі жеті қабат тұрғын үй, Шевченко мен Коммунистік проспектінің қиылысында- ғы отыз екі пәтерлі, тоғыз қабат тұрғын үйлер. Осы жерде көпқабатты үйлер тұруға қауіпті емес пе деген заңды сұрақ туады. Қауіпті емес. Бәрі есеппен, үлкен мамандардың қатысуымен жасалады, бұл жерде дүниежүзілік тәжірибе де ескерілмей қоймайды. Жақында ғана сейсмоқұрылыс саласындағы ірі маман, инженер Төлеби Жүнісов Жапонияға барып, үлгі боларлықтай көптеген ақыл-кеңес әкелді. Қатты жер сілкінетін ауданда жиырма, жиыр- ма екі қабат үйлер салатын жапондықтар тәжірибесінің бізге септігін тигізуі даусыз.
Қалада көптеген ірі-ірі қоғамдық үйлер де бір-екі жылда іске қосылады, олар: Пушкин атындағы қалалық кітапхана, Лермонтов атындағы орыс драма театрының үйі, тағы басқалар.
Жобасы жасалынып жатқан ірі құрылыстар: Шевченко атындағы көр- кемсурет галереясы үйі, Абай алаңында салынатын үш жарым мың адам сыя- тын Мәдениет сарайы Алматының көркін бір көтеріп тастайды.
Алаңдар мен көшелер сәні — көгал, жасыл желектер, су айдыны, түрлі- түрлі мүсіндер мен ескерткіштер. Келе жатқан еліміздің торқалы тойы құр- метіне астанамызда көп ескерткіштер орнатылмақшы. Ардагер азаматтар: М. В. Фрунзеге, М. И. Калининге, Ә. Жанкелдин мен Т. Бокинге, Жамбыл мен Мұхтарға, Шоқанға ескерткіш орнатылады.
Алматы халқының демалысын ұйымдастыру үшін де қалалық Совет көп жұмыс істеп отыр. Осы жазда Көктөбеге тартылған аспалы жол іске қо- сылады. Демаламыз деушілер тау бөктерінде ұйымдастырылған ойын-сауық, демалыс жайларына бара алады. Тау үстінен көрінетін астанамыздың әсем панорамасы алақанда тұратын болады.
Алдағы жылдары, микроаудан мен Тастақтың аралығында, Үлкен Алматы өзені бойында мыңдаған астаналықтар демалатын «Сайран» атты демалыс орны ұйымдастырылмақшы. Екі үлкен бетонды тоған салынып, үлкен көлдер пайда болмақшы. Мысалы, бір көлдің ғана ауданы отыз екі гектар жерді алып жатады. Суға түсетін пляждар, түрлі кафе, ресторандары бар аралдар әрі әдемі, әрі демалатын сүйікті орындар болатындығы күмәндандырмайды. Қорыта айтарымыз, бүгінгі Алматы жақсы, ертеңі одан да әсем.
«Лениншіл жас», 23 май, 1967 ж.