26.02.2022
  206


Автор: Уәлихан Шот-Аман Ыдырысұлы

ХАЛҚЫМЫЗҒА ӘРДАЙЫМ ЖАҚСЫЛЫҚ БОЛСЫН!

(Ел алдында сөйлеген сөз)


 


Бұл ұлы жиын, байқап отырсыздар, мұң-мұқтажымызды ортаға салып, дертімізге ем іздеп, ісімізге жөн сілтейтін, жоғымызды тауып, барымыз- ды сақтауды қарастыратын, кірсіз пікір айтылып, таза амал тауып, ақ жолға түсудегі алғашқы қадам болғалы тұр.


Ғасырлар бойы қазақ халқының қас дұшпандары халық арасына іріткі са- лып, тұтас болып қалыптасқан ұлттық сана-сезімімізді таптауға, тарихымыз- ды ұмытуға тырысқандықтан біз өзімізді-өзіміз жақсы білеміз, халқымызды толық түсінеміз деп кесіп айта алмаймыз.


Кейде тұлғамызды бұзбай көру үшін, аурумыз ба, саумыз ба білу үшін, ақыл- ой жүйесін, мінез-құлқымызды анықтау үшін, бір мезгіл кескін-келбетімізге алыстан көз тастап, өзіміз дана, дос көзбен де, мейірімсіз қатал сырт көзбен де қарауымыз керек.


Осы тұрғыдан алғанда 1905 жылы Санкт-Петербург қаласында шыққан Ф. Щербинаның «Киргизская народность в местах крестьянских пере- селений» деген кітабында: «Қазақ дін мәселесінде көзсіз «фанатик»


 


 


емес, «құдай менде» деп сөйлейді, сауда-саттықта, шаруа мәселесінде екі сөйлемейді, бір сөзді, ішімдікті аузына алмайды, үлкендерге құрмет көрсете біледі, әйелдерді сыйлай біледі, бала сүйгіш, бетінен қақпайды, мейманқой, бейбіт өмірге мейлінше құмар, өзін сұлу табиғаттың бел баласындай сезінеді. Ал енді бір басына міндері де жеткілікті, атап айтсақ мыналар: мен- мендіктері жоқ, аңқау, ашық ауыз, не болса соған сенеді, дарақы, арызқой, атаққұмар, мақтаншақ, сөзге құмар, нәпсіқұмар, айлакерлігі де бар», — деп


жазады.


Әрине, біз бұл айтылған сөздердің бәрін қабылдай алмаймыз. Кейбір кемістіктеріміз ұлғая түсіп, жақсы деген кейбір қылық-мінездерімізден айы- рылып та қалған сияқтымыз. Дегенмен, шындық осы ойлардың дәл орта- сында жатыр десек өтірік емес.


«Тән азығынан жан азығы қымбат» деп қазақ ертеде-ақ айтқан. «Ма- лым жанымның садағасы, жаным — арымның садағасы» деген биік ұранды ту қылған да қазақ. Ендеше, сол ата-баба өсиетіне берік болуымыз керек. Бойымыздағы соны, жақсы қасиеттерімізді сақтай отырып, оны бүкіл адам- зат баласының ой-деңгейімен, мүддесімен ұштастырғанымыз абзал. Есте болсын, бүгінгі тапшылыққа ірі саяси-әлеуметтік дағдарысқа әкелген де ру- хани байлықтың жұтаңдығы, ой-өрістің тарлығы, дүние-жиһаздың жоқтығы емес, жан сарайымыздың жүдеулігі.


Тарих тәлімін алу процесінде қазақ халқы бақытты болды деуге болмай- ды. Алты-жеті ғасыр бойғы тарихын есіне сақтап, жатқа айтатын дәстүрі бар халық бөтен тәрбиеге көшті, атадан балаға жеткен сөзді ұмытты, үлгі- өнегелеріне мұрын шүйіріп, мәңгүрттік қалыпқа ене бастады.


Біз қалай өстік, қандай тәлім-тәрбие алдық? Өзінің дамуындағы табиғи бағытын өзгерткен, қорек табатын тарихи тамырына балта шабылған біз, уызға, ана сүтіне жарымадық. Мектепке қазақ тарихын оқымағанымыз бы- лай тұрсын, арагідік шығатын кітаптарда ынжық, топас өзімізді, кейде халық мүддесін сатқан сатқындарды мақтап, мадақтап елі, жұрты үшін шүберекке жанын түйгендерді жау деп санадық.


Мінекей, бүгін ата-бабаларымыз ғасырлар аңсаған арманы іске асып, тәуелсіздік алып, ойлы зерделі азаматтар атқа мініп, халқымыздың басын құрап, ел қамы, жер қамымен жарғақ кұлағы жастыққа тимей жүр. Ал енді еншімізге не тиді, бізді қандай болашақ күтіп тұр деген мәселеге келсек, сапа- лы азаматтар тебіренбей қоймайтын жағдай бар. Маған кейде «қойымызды алдырып, қора салып жүрген жоқпыз ба?» деген ой келеді. Жалпы, «бір кез-


 


 


де жұмақтай болған қазақ жерінде адамдар тұруға бүгінгі күні жақсы жағ- дай бар ма?» деп те қаласың.


Әскери-өнеркәсіпті комплекс Қазақстанды жаппай сынақ алаңына айнал- дырып келді. 19 облысымызда он екі ресми, жеті ресми емес полигон- дар бар. Ол отыз млн. гектардан астам жерді алып, ойына келгенін істеп отыр. Кұпиялық пердесін бетке жамылып, адамшылық, мейірбандық де- ген ұғымдардан жұрдай болған әскери-өндірістік комплекс байырғы қару- жарақтардан бастап, химиялық және бактериологиялық қаруға дейін казақ даласының кеудесінде сынақтан өтті. Дүниедегі ең үлкен сутегі бомбасы да осында жарылды.


Қазір белгілі болғандай, Семей сынақ алаңында: аспанда 113, жер үстіне 124, жер астында 350 жарылыс өтті, күші жағынан мыңдаған хиросималық бомбаға татиды екен.


Ұлы Жапония мемлекеті, 1945 жылы түскен екі атомдық бомбаның зар- дабымен күні бүгінге дейін күресіп келеді, жеңе алмай келеді.


Ал бізде жарылған бомбалардан ешбір залал жоқ деген пікірді Петрушенко сияқты қарабет полковниктер беті қисаймай күні бүгінге дейін айтып келеді. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Америкаға барғанда тамаша, әділ сөз сөйледі. Ол: «1949 жылы атом бомбасының сынағын өткізу арқылы қазақ халқына қарсы қылмыс жасалды», — деп тура айтты. Айтса айтқандай, қылмыс жасалған жерде қылмыскерлер бар, зардап шеккендер бар. Сынақ қалың қазақтың отырған жерлерінде өткізілді, миллиондаған бейкүнә адам


сынақ құрбанына айналды.


Радиация дегеніміз — тілсіз, түссіз жау, салдары жүздеген жылдарға ұзайды. Ең жаманы, тұқым қуалайтыны, келесі ұрпаққа зақымдылығы, немере, шөберелердің соқыр, сақау, ақсақ-тоқсақ, шала ақыл болып туа- тындығында. Бұдан артық не кесепат, не бақытсыздық бар дейсіз?!


Осы жерде, осының бәрі қасақана істелмеді ме екен деген ой туады. Советтік жүйенің рухани атасы қара кардинал атанған Суслов 1949 жылы Вильнюсте өткен құпия жиналыста: «Бізге Литва халқы емес, Литва елі ке- рек», — деген екен. Осы концепцияның бізге де қолданылғаны хақ.


Халыққа қарсы қол көтергендер жазасын алуы керек. Өкінішке орай, айтып отырған әскери-өнеркәсіп комплексінің Қазақстанда қаймағы бұзыл- ған жоқ, аз-мұз түр-түсі өзгерді, мазмұны бәз-баяғы қалпы. Осы бір басын кессең, екінші басы пайда болатын айдаһар, экономикалық коммерциялық структураға кіріп, жүрегі жоқ күштің әлі де би, әлі де тас болатын каупі бар.


 


 


Бұл жайлы ойларын академик Манаш Қозыбаев «Халқым, қайда бара- сың?» деген мақаласында жақсы және өте дәлелді айтты.


Не істеуіміз керек?! Жарылыстың тоқталғаны жеткіліксіз. Сынақ кезін- дегі бүкіл құпия материалдар жарияланып, мамандар қолына берілсін.


Жарылысты көзбен көріп, басынан өткен адамдар ұлтына, жасына қара- май түгел есепке алынып, саулығы тексеріліп, жедел-жәрдем көрсетілуі ке- рек.


Радиактивті заттармен айналысатын мекемелердің ашық тізімін жасай- тын уақыт жетті.


Адамға тұруға бола ма, болмай ма деген сұраққа жауап беру үшін радиацияға ұшыраған аудандардың ғылыми сенімді бүкіл ұлттық картасы жасалуы керек.


Шикізаттар туралы айтарымыз да сол. Көлемі қанша, қоры қай жер- де МТТЭ үшін де керек қой. Тағы бір күрделі мәселе — радиактивтің қалдықтарын қауіпсіз жерге көму, оның сенімді техноголиялық әдісін табу. Осының бәрі бүгінгі күні қалың жұртқа беймәлім болып, қауіп-қатерге толы өмір сүріп жатырмыз.


Осыған орай басты айтайын дегенім, біз, егер халықтың болашағын шын ойласақ, оған қамқорлық жасасақ, оны алты жас пен отыз бес жас ара- сындағы ұрпақтың денсаулығын жаппай тексеруіміз керек, олардың хал- ахуалын көзден таса қалдырмай, көңілден шығармауымыз керек.


Тағы бір айтылар сөз, менің бір таңғалатыным, совет империясының қанды шеңгеліне іліккен біздің зиялы азаматтарымыздан, даналарымыздан сөз қалмаған. «Біз шикізат қоймасына айналдық, шет жерге бәз қалпында са- тамыз, оны дүние-жиһазға айналдырып, түсімін, қызығын басқа елдер көріп жүрген» деп бұл күнде зар қағып жүрміз. «Осы тәуелділік, колониялық жағдайдан енді аулақ болайық» деп бүгінгі көсемдеріміз айтып қояды. Дәл осы қармаққа түсіп қалмайық деген ойды 1913 жылы Ахмет Байтұрсынов


«Оқу жайлы» деген мақаласында айтқан болатын. Ахаң көрегендікпен:


«Оқусыз халық қанша бай болса да, біраз жылдардан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшпекші. Мұның себебі... Бұл заманда не нәрсе машинаға айналды. Қазақ биыл бес теңгеге сатқан нәрсесін келер жылы өзі он теңгеге қайта сатылады. Он бір-он екі сомға алып отырған былғары былтырғы төрт, бес сомға сатқан терісі. Кезі бес, алты сом шұғалар, торқалар қазақтың бір пұтына үш-төрт сом алып сатқан малының жүні», — деген жоқ па еді?!


 


 


Қазақстанда тың көтеру кезінде жиырма бес млн. гектар жердің шаңы шықты, аз жылда түсім бермейтін болды, қанша жайылым құрыды деп бүгінде зар илейміз. Мұндай жайға ұшырайтынымыз қазақтың дана ұл- дарының бірі Әлихан Бөкейханов «Қазақтар» деген мақаласында 1891 жыл- дың өзінде айтқан еді. Самара губерниясынан көшіп келіп жатқан крестьяндардың жерді күтіп үйренбегендіктерін айта келіп, Әлекең ойын былай топшылайды: «При спешном и массовом переселении крестьян в киргизскую степь весьма возможно, что ее целина вспахана раньше, не- жели крестьянское хозяйство успеет принять более интенсивную форму. Киргизская степь, лишившись вековой целины, окажется бесплодной и, при современной технике крестьянского хозяйства перестанет давать уро- жай. Здесь повторяется знакомые неурожаи юго-восточной России. Распы- лив превосходные пастбища киргизкой степи и, обратив ее в пустыню, крес- тьянин окажется у разбитого корыта, а киргизы, лишившись к тому времени своих пастбищ, окончательно обнищают...» Не қылған даналық болжам?!


Айтылған пікірдің не қылған астарын дұрыс түсіну, бұрмалау үшін Әле- кеңнің ойын жазған тілінде беріп отырмыз, бүгінгі күннің ұғымымен ұшта- сып жатқаны таңғалдырады.


Ахмет Байтұрсыновтың 1913 жылы айтқан тағы бір даналық ойы көңілге оралады. Ол: «Қазақ халқы алға басып, жұрт қатарына кіруі керек. Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», — деді. Күні бүгінге дейін алдымызда осы мақсаттар тұр. Көлденең келген көк аттыға жем болмай, елімізге, жерімізге ие болу үшін, ел құрметіне бөленген зерделі, ақылды, кемеңгер адамдарға сүйенейік, оларды тыңдайық! Таланттар да күнде туа бермейді. Талант көрсек алақанға салып құрметтейік, еңбегінің жемісін керейік, таланты жоқтар алысқа апармайды. Сонда өсеміз, өрбиміз, гүлденеміз.


Халқымызға әрдайым жақсылық болсын!


 





Пікір жазу