ШОРМАН ӘУЛЕТІ
Осыдан көп жыл бұрын Алматы қаласының көшелерінде, жұбын жазбай егіз қозыдай жүретін екі қарт адамды оқта-текте көруші едік. Біреуі ұзын бойлы, ат жақты, қыр мұрынды, қара көзілдірік киген жасы жетпістен асқан ақсақал болса, екіншісі оның зайыбы, ақ жібек шәлі жамылған, ашаң жүзді аққұба келген бөйбіше болатын. Ерлі-зайыпты жандар Күләш Байсейіт ке- ліні атындағы көше бойындағы бұрқақтар қасында ұзақ отырар еді. Сыр- лы кесенің сыры кетсе де сыны кетпейді деп, жүріс-тұрыстарында, әңгіме- дүкендерінде бір биязылық, тәрбиелілік, тереңдік байқалушы еді. Кейде қастарында ұзын сонар хикаяға батып отырған академик Әлкей Марғұланды, ақын Сапарғали Бегалинді көруші едік.
«Айтып отырғаның кім?» дейсіздер ғой. Сөз арқауы — көп жылғы Сібірдегі айдаудан, екінші дүниежүзілік соғыстың сәл ғана алдында оралған, бақытымызға қарай аман қалған, текті тұқым ұрпағы, ғұлама қария Асфан- дияр Шорманов пен әйелі Шәмсия-Бану Шахзындақызы болатын. Мағжан Жұмабаев жазған:
«Асфандияр, Графдиуар, Қайдасың?» —
деген жолдар осы азаматқа арналған.
Асекең о дүниеге аттанғанда Сапарғали Бегалин ол кісіні былай деп еске алған еді:
«Асыл едің, Асфандияр, жаныңмен, Кіршігі жоқ ақ жүректе қаныңмен, Арманың ед халыққа еткен қызмет, Бойға біткен іздеп тапқан барыңмен».
Бұл тақырыпқа қайта оралатын болғандықтан әңгімені әріден, түбірден бастайық.
...Қазақ даласына даңқы кең жайылған қаржас Шорман би он төрт жасы- нан билік айтқан. Екі елдің, рудың, атаның арасындағы дау-жанжалға әділ төрелік айтып, бір-екі ауыз сөзбен қарсыластарды бітістірген күндері болған дейді. Болса болар, «тура биде туған жоқ» деп халқымыз бекер айтпаған ғой. Шоқан да естігенін жазады: «Ақыл-амалымен атағы шыққан Шорман «шешен» деген құрметті атқа ие болған. Шешендігі арқасында 14 жаста бас би болып, үлкен даулы мәселеде Уәлиханның алдында өз елінің адамдарын асқан беделмен қорғап қалады» (Шығ. жинағы, 2-том, 309-б.)
Шорман туралы ел арасында аңыз көп. Соның бірі: «Қаржас елі керей елінен барымталап жылқы алыпты. Соған орай Тоқсан би көп адам ертіп Қаржасқа барады. Билік басталады. Қаржас жағынан шыққан Шорман би:
— Тоқсан дегенге әлдеқандай болмай, бері кел, көріселік. Тоқсан, Тоқсан деп қанша көтермелегенмен елің керей ғой, нәсілің кедей ғой, өзің де қулықтың құлынындай, тамаша торғайдай, кішкене ғана кісі екенсің, атағың қалай алысқа жайылып жүр? — деп сұрайды. Сонда Тоқсан кідірместен:
— Е, ел болсам, керей шығармын, Керейдің биі шығармын.
Кішкентай болсам, бүйі шығармын, Қулықтың құлыны болсам, Жылқының дүлдүлі шығармын.
«Тамаша торғай тоғыз табады, Біреуі бұлбұл болады» деген, Ішіндегі бұлбұлы шығармын... —
дегенде, Шорман қарсы сөз айталмапты.
Біреуді тыңдай білу, тапқырлыққа табыну, жүйелі сөзге тоқтау үшін де ақыл керек-ау!
Шорманның әкесі Күшік, Күшік Сәті баласы, одан әрі Бұқар жырауға барып бір-ақ тірелеміз. Бидің бала кезі қалмақ-қазақ соғысына тура келетін сияқты. Өз заманының көрнекті перзенті болған соң, сан қилы оқиғалардан шет тұрмаған. Мен ескі құжаттарды қарап отырып, қазақтармен соғысқан қытай қолбасшысы, «батысқа тыныштық орнатушы» («умиротворитель Запада») Дардананың соғыс мәліметінен (1756 жыл, қазан) мынадай бір жолдарды оқыдым: «Шорман деген қазақты тұтқынға алдық. Оның айтуынша, Аралбай мен Шолақ — ағайынды адам, Абылайға жақын адам- дар». Уақыт арасы тым шалғай, аталған адамның Шорман биге қаншалықты қатысы барын қазақ тарихын зерттеушілер еншісіне қалдырайық.
Шорман бидің төрт ұлы: Мұса, Мұстафа, Иса, Әбу Али Ибн-Сина (Әужән) және Зейнеп атты қызы болған. Зейнеп — Шыңғыстың әйелі, Шоқанның анасы.
Біржан салдың Мұсаға арнаған мынадай өлеңі бар:
Ассалаумағалейкум, мырза Мұса, Жүзіңді бір көруге едім құса.
Қуандық, Сүйіндіктің қазығысың Кешегі өтіп кеткен әкеге ұқса.
Шорманнан туған екен төрт асыл тас, Дәуірлеп орнап отыр мал менен бас.
Мұстафа, Әужан, Иса, Мұса мырза Ығында паналаған дос пенен қас.
Атың Мұса болғанда, әкең — Шорман, Артық қылса әркімді, тәңірім қылған. Өзің сұлтан болғанда, інің — болыс Егіз болып бар ма екен сендей туған?
Сіз шыққан арғы атадан шынжыр балақ, Орнаған сізге бақыт аямай-ақ.
Мұсеке, сізге өтірік, маған шын
Тай-құнан топтан озып болдым саяқ.
Мұсеке, біздің әнге кенелерсің, Әнімді естігенде бұлбұл дерсің.
Ән салсам дауысымды көкке шырқап, Бұл үйдің сындырады терезесін.
Айтса айтқандай, Мұса Шорманұлы ой-өрісі кең, жатпай-тұрмай елінің қамын ойлаған, орыс әкімдерімен тең дәрежеде, именбей қазақ халқының атынан сөйлесе білген қайраткер еді. Ақсүйек болмаса да «қара» қазақтан жарып шығып, хан ұрпағы Шыңғыспен тізе тіресті, Баян ауылдың аға-сұлта- ны сайланды, Мұса мырза атанды. Атақты күйші Тәттімбеттің «Бес төре» деген күйі бар. Төрелер болғанда «қарадан шығып хан атанған» Құнанбай- ға, Ыбырайға, Ерденге арналған, ішінде Мұса мен Шыңғыс та бар.
Мұса мырза қазақ өмірін, тұрмысын, салт-санасын үздік білген. Этно- графия, тарих саласында көптеген мақалалар жазып қалдырған: «Павлодар уезінің қазақтары туралы» (1861), «Қазақтың халық дәстүрі» (1871), «Ба- тыс Сібір қазақтарының мал шаруашылығы» (1883), тағы басқа еңбектер. Бас штабтың офицері А. К. Гейнстің айтуынша, Баянауылға 1865 жылы кел- ген оған Мұса мырза саятшылық, қойды күзеу, соғым сою, мал терісін өңдеу, жүнді түту, иіру, жер ерекшелігін ескере отырып қыстау салу, жұлдызға қарап ауа райын болжау, көшу-қону туралы сүзілтіп әңгіме айтып, іздесе таппай- тын мәліметтер береді.
«Соңғы қазақ ханзадасының үйінде» деген мақаласында Г. Н. Потанин Мұса мырза туралы былай деп жазады: «Омбы шаһарында ол табиғатынан ақылды, қазақ өмірін терең білетін адам болып саналушы еді. Жарты ғасыр- дың шамасында, Омбы әкімшілігі дала халқына ықпал жасауда үш адамның ақыл-кеңесін тыңдады, олар: дала дәстүрін мейлінше білетін Шыңғыс сұлтан, оның ұлы Шоқан, туысы Мұса Шорман ұлы. Омбы кеңсесінің архивінен Шоқан жинаған деректер мен Мұсаның айтуымен жазылған қазақтардың шаруашылығы, сот мәселелері сияқты тақырыптағы сан трактаттар мен ұсыныстарды табуға болар еді».
Ол рас. Шоқан шығармаларының ішінде: «Қазақтың Ұлы жүзін басқару туралы» деген Мұса мырзаның да қолының ұшы тиген мақала бар. Мақалада Қоқан хандығының ықпалын азайтып, Ұлы жүздің жалайыр, дулат руларының тұрмыс-салтының қаймағын бұзбай, жайылымдарына қол сұқпай, тарылтпай, өздеріне сүйене отырып билеу керектігі айтылады. Әскери үкіметтен гөрі, азаматтық билікке қарай көшіру ұсынылады. Батыс Сібір генерал-губер- наторы Гасфорттың атынан жазылған бұл қағазға (1856 ж. 23 қазанында) II Александр император былай деп қарындашпен бұрыштама соғады:
«Әскери үкімет туралы ұсыныс маған қалдырылып, азаматтық басқару жай- лы ұсыныс Сібір комитетінің талқысына берілсін».
Мұса мырзаның тепкен тасы үнемі өрге домалай бермеген. Әсіресе, Сібірде бармағын майға малып байыған неміс билеушілері, Сібір облысы қазақтарының соғыс губернаторы Г. К. Фридрихс, оның кеңсесін басқарушы Г. К. Кури, Сібірдің жеке корпусының штаб бастығы А. С. Кроериус, т.с.с. Мұса мен Шыңғысқа, Шоқанға оң көзімен қарамаған. Шоқан генерал-гу- бернатор Г. Х. Гасфорттың кетуіне орай 1864 жылы 24 наурызда К. К. Гут- ковскийге жазған хатында: «Бәрі жаңа тәртіпті күтуде және басқарушының жоқтығын пайдаланып жатыр. Көзді бақырайтып қойып пара алуда. Бүгін қызметтен босатса, ертеңіне ақшаның күшімен бұрынғы жарлық өзгертіле салынады. Менің әкем Омбыға келуден қалды. Мұса мырза жарға соғылған шабақтай кімге жақындарын білмей жүр», — дейді.
1860 жылы 1 маусымда Лондонда шыққан А. И. Герценнің «Колокол» журналының 72-парағында қызық мәлімет берілген: «II Александр таққа отыруына байланысты келген әр түрлі халықтар өкілі ішінде Батыс Сібірден келген ақылды, әр нәрсені жеңіл аңғарғыш адам Мұса Шорманұлы атты қазақ та бар еді.
Москвада жүргенде, қызықты әңгіме айтып, қоғамды қарық қылған жас неміс жігітін көріп, «Ақылды немісті көріп тұрғаным осы» деп мақтау сөз айтқан екен. Ауыздан шығып кеткен осы сөз Сібірде іскер немістің сирек кездесетіндігінің айғағы сияқты», — деп қорытады журнал.
Жиенін мейлінше жақсы көрген Мұса мырза Шоқанның өсіп-жетілуіне, азамат болуына үлкен үлес қосқан. Бертін қартайған шағында да, Шоқанның атын айтқанда, екі көзінен жас парлап отыратынын көзі көрген Г. Н. Пота- нин жазады.
Жастардың оқуына, білім алуына Мұса мырза қатты көңіл бөлген. 1881 жылы желтоқсанның жетісінде Ақкелін елді мекенінен Г. Н. Пота- нинге жазған хатында: «Көшпелі гимназия туралы ойларыңызды бір жүйеге келтіремін деген ниетіңізді құптай отырып, Сізден сұрайтынымыз: сол жазғандарыңызды бізге жіберсеңіз екен. Үйтпеген күнде қазақ халқы надандықтан азып барады», — деп түйеді.
1885 жылы алпыс алты жасында Омбы қаласында Мұса мырза Шорман ұлы дүние салады. Ақан сері:
Қаржаста Шорманұлы асты Мұса, Бақ-дәулет сондай-ақ қой, дүние жиса, Омбының қаласында опат болды,
Ғажап емес, жігіттер, тәңірім қылса », —
деп өкінсе, Мәшһүр Жүсіп Көпеев:
Мұса бала атанып,
Он үште орын сайлаған, Бас қосылған жиында Бұлбұлдай болып сайраған, Бұлақтай ағып қайнаған,
Сөйлеген шақта көздері Шамшырақтай жайнаған. Дүниеден қашан өткенше Басынан бағы таймаған. Көп мақсаты бар еді Халқы үшін ойлаған.
Баяны жоқ сұм дүние, Кімдерге опа ойлаған?» —
деп күңіренді, азалы халықтың ойындағысын айтты, көңілін білдірді.
Мұса мырзаның артында төрт ұлы қалды. Үлкені Садуақас, содан кейін Жәми, Ахмед-Кабир (Кәбіш) және Біләл. Садуақас әкесінің жолын ұстай білді, көзі ашық, көкірегі ояу азамат болып қалыптасты, үлкен ел басы болған адамның мұрагері бола алды. Оқу оқимын деген жастардың қамын ойлады, халықтың мұң-мұқтажын жоқтады.
«Қазіргі кезде қазақ балалары түрлі оқу орындарында оқи бастады, — деп жазады Г. Н. Потанинге бағыштаған хатында. — Гимназияда он тоғызы оқиды, кадет корпусында — бесеуі, мұғалімдер семинариясында — төртеуі, техникалық училищеде екі шәкірт оқып жатыр. Омбы шаһарында барлығы отыз қазақ баласы оқиды, Сырттанов деген біреуі Петербург университетін- де. Олармен кездесіп, мүмкіншілігіңіз болса шәкірттерді қолдап, ақыл- кеңесіңізді берсеңіз жақсы болар еді».
Садуақас Мұсаұлы қазақ халқының хал-жағдайын, мұқтажын айтып генерал-губернаторға хат та жазған екен. Хатты губернатордың кеңесі қабылдамаған соң «Восточное обозрение» газетіне жібереді. Осы жайлы 1887 жылы наурызда Г. Н. Потанинге: «Жазғанымды жағдайыңыз болса, қарап шықсаңыз екен, шенеуніктердің намысына тиетіндей қатты кеткен жерім болса, жұмсартып және редакциялап берсеңіз, бізді кейін ешкім де сөге алмас еді», — деп өтінеді.
Әттең, бұл еңбектің мазмұны бізге белгісіз, «жұмсартыңыз» дегенге қарағанда, күрделі мәселелер көтерілген сияқты. Оны тауып алып зерттеу — тарихшылар ісі.
Ал Біржан салдың Сарамен айтысындағы:
«Арқада бір құтым бар Мұса Шорман, Ежелден келе жатқан ескі қордан,
Мұсаның бел баласы Садуақас,
Құтқарған сан қыранды түскен тордан», —
деген өлең жолдары тегін айтылмаса керек.
Әкесінің басына Садуақас Екатеринбургтен алдырып, мәрмәрдан құлпытас орнатады, баспаға жарияланбаған қағаздарын жиып-теріп, бас- тыруды ойлайды. Бұл жерде де адал дос, қамқорлығы мол ғалым Г. Н. Пота- нинмен ақылдасады. 1887 жылдың 10 ақпанында оған былай деп хабарлай- ды: «Біздің қазақтар туралы көбірек білгіңіз келсе, менде әкемнің мәртебелі төре ағаларына арнап жазғандары бар, керек десеңіз сізге салып жіберейін». Әлкей Марғұлан ағамыз Садуақастың үйінде Шоқанның екі жүзге тарта хаттары болғанын айтушы еді. Олардың бәрі кешегі «бай-шонжар тұқымы кудаланып», ақыры ашаршылыққа ұласқан отызыншы жылдар зұлматында
ұшты-күйлі жоқ болып кетті. Не деген орны толмас өкініш десеңізші!
Садуақастың інісі Біләлдің баласы Жармұхамед, қысқаша аты Жәржән, атақты әнші Майраға Қоянды жәрмеңкесінде танысып, үйленеді, бірақ көп тұрмайды.
Мұсаның Шамшихамар (Шәмшия) атты қызына Тәттімбет Қазан- ғапұлының Мұсатай деген баласы үйленген.
Енді Біржан айтқан «төрт асыл тастың» бірі Мұсаның інісі Исаға ке- лейік, Исаға кезінде он мың жылқы бітіпті. Үйір-үйір жылқысын жақсарта түсу үшін асыл тұқымды жылқыларды Англиядан, Германиядан, араб елдерінен алтынға сатып алады екен. Қажыға барып қайту үшін көп қаражат жұмсайды, өзі Меккеге барар жолда қайтыс болады. Жалғыз ұлы Шахзынданың ондай малы болмағанмен, шаруаға пысық болыпты, ауқатты тұрыпты. 1929 жылы кәмпескеге ілігіп, Ақтөбедегі Ырғыз ауданына жер ау- дарылады. Шахзында туған жерімен қоштасып, 970 беттей өлең жазған адам. Ұрпағының есінде сақталған сол кездегі өмірден елес беретін жолдарды оқушылар алдына тартып отырмыз:
Арқаның таусылмайды сар даласы, Көгеріп мұнарланып айналасы.
Түйе мен бір ешкіні жегіп алып Қазақтың жиһан кезді қай баласы?!
«Ақ келін», саған қылдым қанша жазық, Қоясың күнде алдымнан орды қазып,
Жеккөргенің мен болсам, кеттім, міне, Көп тобырды көбейтіп жүрген азып.
Жарқырап жатырмысың, қара көлім, Суыққа бұла болып өскен төлім.
Жанында қара-құра ештеңе жоқ, Адыра қалғаның ба сары белім?
Түйемен біз бір ғаріп жиһан кезген, Мал талап, кісі өлтірмей елден безген, Тілегім осы күнде бір Алладан:
«Аман-есен сендерді көрсем көзбен»...
Осы кеткеннен Шахзында ел бетін көрмейді. «Түйе мініп, Жапонияға қашайын деп жатыр» деген кінәмен Ақтөбеде түрмеге жабылады. Кейін Сібірдегі (Омбы облысы) Марьяновка станциясынан бір-ақ шығады. Баянауылдың жігіті Жүніс Мақашев Әбдірахман деген қожаны пойызға шығарып салайын деп станция басына келсе, Шахзынданы көреді. Танып, ол кісіге сәлем берген екен. «Әйелім Мағыда қайтыс болды, жаназасын шығаратын кісі болмай өзім шығардым, араларыңа келіп тұрғаным, мен өле қалсам, жаназамды Әбдірахман қожа шығарсын», — деген тілек айтады.
Шахзында 34-35-жылдарда ауыр жағдайда дүние салады, қай жерде жер- ленгенін ешкім білмейді. Осындай зұлмат көріністерді сол жылдары Совет- тер Одағының басқа бір шетінде басқа халықтардың арасында да көруге бо- лар еді... Кулактарды кәмпескелеуге қатысқан Курск облысында істейтін Ф. Д. Покровский атты мұғалімнің мына бір жазуы сақталыпты: «12 нау- рыз, 1930 жыл. Екі күн ішінде халық қайғы-шерінің мұхитын көрдік. Ой- лап көрші: ешбір бұйым, дүние алғызбай, семьяны атамекенінен қуып, айдалаға айдап бара жатырмыз...
Әрбір сельсоветтен кәмпелескеленгендердің жаңа топтары ұдайы түсіп жатыр. Айнала сыңсу, жылау. Біреулер кісі өлгендей дауыс қылып жатыр. Айдаушыларды туыстары шығарып салуда, үйлерін қоршап алған, олар да жылауда. Қандай ауыр, өте қауіпті жай» (История СССР. — № 5. — 1990. — С. 24)
Қазақ ССР тарихынан да (V том, 429-б.) мынандай жолдарды оқимыз:
«...кедейлер мен батырақтар өз байлықтарын жасыруға немесе кемітіп көрсетуге тырысқан жартылай феодал-байлардың қулық-сұмдықтарын белсене әшкерелеп конфискелеу туралы декреттің қатаң орындалуына күш салды. Павлодар округінің Баянауыл ауданынан бір топ кедейлер КазЦИК- ке мынадай құттықтау-телеграмма жіберді: «...бай Шормановтардың ба- тырақтары 21 адам болып, өз инициативасы бойынша декретті құптайды...» Шормановтардың басындағы жағдай «Қазақ әдебиетінің тарихында» (1965 жыл, екінші кітап) «Жаяу Мұса Байжанов» деген тарауда былай су-
реттелген:
«Ауылды советтендіру жұмысына Жаяу Мұса қызу атсалысады... 1928 жылы бай-феодалдар, әсіресе ата жауы Шорман, Поштай тұқымдарын кон- фискелегенде, өзін дүниеден енді армансызбын деп есептейді». Жаяу Мұса күнделік қалдырмаған, бұл ойларды ғалым-замандасымыздың саяси астар жа- сап, социологиялық дөрекі концепцияға барғаны деп білеміз. Әңгімеміздің басында сөз еткен ақсақал Асфандияр Шормановқа көшейік. Бұл кісі Мұсаның кенже інісі Әужанның Әмір Темірінің баласы.
Ақан серінің:
«Жігіттің падишасы — Әмір Темір, Бозбала, әнге салсаң қайғың кемір, Кешегі бес болыстың сиязында
Ән еді Ақан салған майда қоңыр», —
деп басталатын ән осы кісінің әкесіне арналған. Ал шешесі Бәдіғұл Жамал — Шоқанның інісі, белгілі халық композиторы Сақыпкерейдің (Қозыкенің) қызы. Әлі оң жақта отырғанда, Ақан сері ғашық болып «Қалқа бала» деген ән арнаған:
«Қыздарды мен қайтейін қылаң-сылаң, Қалайша ғашық отқа сабыр қылам?
Жаңартқан өмірімді қалқа бала
Басы «жұм», ортасы «мим» аяғы «лям».
Нүктені ашып оқысаң, «Жамал» деген ат шығады. Жамалды Бәден деп те атайды. Бәдіғұл Жамалдың әкесі Қозыкенің «Топайкөк» деген әні Шорман тұқымына байланысты шыққан. Садуақас Шоқанның қарындасы Нүриләні алуға барғанда Жарылғапберді әнші күйеу-қосшы болып ереді. Ән тексіне құлақ қояйықшы:
«Жарылғап ескі әншінің маңғазы еді, Әнді ерттеп, күйді мінген ардагері.
«Осы әнді Көкшетаудан әкелдім» деп, Баянға алып келіп жайған еді...»
Әмір Темір ерте қайтыс болып, Асфандияр алты айлық кезінде анасы Мағроймен жетім қалады, шешесі Садуақасқа тұрмысқа шығады, Насиға атты қарындасы туады. Сөйтіп, Асекең Садуақас қолында тәрбие алған. 1918 жылы Омбының ауылшаруашылық институтын бітіреді. Карқаралы- дағы жер басқармасының меңгерушісі боп тағайындалады. Көшпелі елді отырықшылыққа көшіруге көп күш жұмсайды.
Кейін Баянауылға жер халық комиссариатының жанында ұйымдастырыл- ған мектепке меңгерушілікке ауыстырылады. Агрономиялық, зоотехника- лық білім таратады. 50-ге жуық баланы оқытады. Мектепте біраз еңбек сі- ңірген соң облыстық жер басқармасының меңгерушілігіне жоғарылатылады. Ғылыми жұмыспен айналысады. Суыққа және құрғақшылыққа төзімді дәнді дақылдың сортын шығарумен және жерлерді ауыспалы егіске ыңғайлаумен айналысады, дәнді дақылдардың шығымдылығын өсіре түседі. Осы кезде, үлкен творчестволық жұмысқа бет бұрғанда қуғындау, арандату басталады. Алдымен қызметтен төмендетіліп, кейін шығарып тасталады. Амал жоқ, күн көру керек, Батыс Сібірге кетеді, онда батпақтарды құрғату ғылыми инсти- тутына аға ғылыми қызметкер болып орналасады. Ұзамай Қазақстаннан үсті- нен бай баласы деген арыз түседі де, 1935 жылы тұтқынға алынады. Үш жыл бойы Новосібірдің переселен түрмесінде сотсыз, үкімсіз отырады. Ақыры 58-статья бойынша бес жылға сотталып, Краснояр өлкесінің Кан ауданына кете барады. Әйелі Шәмсиябану, қызы Мағмура көрмеген қорлығы қалмай Алматыға келіп күн кешеді. Ақыры Асфандияр ағай қажып, талып, жүдеп- жадап, түрмеден қырқыншы жылдары шығады, Алматыға келеді. Бұған да құдайға шүкір деуге болады, отыз жетінші жылы сотталса өзгелердей атылып та кетер ме еді, қайтер еді. Аңсап жеткен өз мамандығы бойынша жұмысқа кірісіп кетеді, кейін республикалық дәрежедегі пенсияға қолы жетеді.
Мен талай рет ол кісімен кездескен едім, сөйлессек сөзіміз таусылмайтын, Асфандияр ағайдың көп нәрсені білетіндігіне таңғалғаным бар. Шоқанға ескерткіш жасап жүрген кезімде, геральдика туралы маған жан-жақты әрі терең тарихи мәліметтер бергеніне әлі күнге дейін таңғаламын.
Жастық шағы туралы әңгіме шертуші еді. Мағжан Жұмабаев пен Асфан- дияр Шормановтың бозбалалық жолдарының түйіскен жері де болғанға ұқсайды. Мағжан жинағындағы «Н-ға» деген өлеңдегі түсініктемені айтқан Әмина мен Асфандияр «хикаясын» мен естімеген едім, ал марқұм Асекеңнің айтуынша, Омбыда жүргенде Мағжан екеуі Ғазиза Тоқышева деген Омбы қаласының бірінші нөмірлі әйелдер гимназиясының оқушысына ғашық бо- лыпты. Қыз Асекеңе көбірек көңіл бөлсе керек. Жас кезінде қайтыс болған қыздың суретін ақсақал кейінге дейін сақтайды.
«...Дариға, драмалар, драмалар! Толып тұр драмаға абдыралар. Өткізген ұйқы көрмей есіл күндер
Құрысын! Тірі жан жоқ оқуға алар», —
деген ақынның тебіренісі тегін болмаса керек. Мағжан Асфандиярды:
«Графтай» адал көңіл адам сирек» дей отырып, оған арнап әзіл-шыны ара- лас өлең жолдайды:
Айтпақшы, жанымызда бар ғой «граф», Отыр ғой қара мұртын сылап, бұрап, Сұлудың біз білмеген сыры болса,
Алайық біз азырақ содан сұрап.
Жүруші ед қол ұстасып күн батқанша, Көшесін түзететін таң атқанша.
Сүйгенін қанша сөйлеп ұқтыра алмай, Мұртына күректей боп мұз қатқанша...
Білеміз ру, тұқым, аға затын, Өзі таныс, қонысы тағы жақын.
Елден шығып Омбыға келгеннен соң, Құмар болды көтеруге «граф» атын.
Сөйлетіп қоя берсең, сөзге тақ-тақ, Күлкісі күміс сылдыр, емес сақ-сақ.
«Философ», «экономист», «артист», «поэт» Қайдағы әдемі сөз алғам жаттап.
Адамның жас кезде ұстағаны тасқа жазылғандай үнемі есте болады, екеуі таласып жүрсе де Асекең Мағжан жасаған бойжеткен сипатын рахаттанып жатқа айтушы еді:
Иірілген бұйра толқын шашы қандай, Иығына екі жылан асылғандай.
Тұңғиық қара судай, қаракөздер Кандай сыр болса дағы жасырғандай.
Қара сұр, сырға берік беті қандай, Мінезі майда жібек, сөзі балдай,
Бал заты — у, жібек асты — тікенек пе? Не керек, адамзатты біледі алдай...
...«Тап жауы» деп көзсіз, түссіз тап-тап берген шолақ ой, шолақ белсен- ділік заманда кең далаға тамырын терең жіберіп, айналасына сая, көлеңке берген, жемісін аузымызға тосқан «Шорман әулеті» аталатын миуалы ағаштың түбіріне балта шаппағанымызға құдая тәубе!
Міне, менің алдымда «Есік қорғаны» атты атадан балаға кететін, аса құнды ғылыми еңбек жатыр. Авторы атышулы археолог, тарих ғылымының докторы, профессор Кемал Ақышев. Ол маған берген бұл кітабына: «Бағ- зы ата-бабаларымыздың мәдениеті мен өнерін зерттеудегі мақсатымыздың бір арнада болғандығының белгісі ретінде қадірлі Шота Ыдырыс ұлына үлкен құрмет, жақсы тілекпен сыйлаймын», — деп тек туыстық емес, үлкен азаматтық лебізін танытыпты.
Ақыш деп отырғанымыз (шын аты Камареддин) — Мұсаның інісі Әужан- ның баласы. Мұстафадан туған Зәркештің немересі Елтай Мұхаммед Ғакиф ұлы Заркешов те ғылым докторы. Қазақ қыздан туғандарды көп тарата бермейді. Таратса несі бар? Мұса мырзаның Біләл деген ұлынан туған Мәстура апайдың (біз Париха апай дейміз) ұлы Ғинаят Бекжанов Минералдық шикізат ғылыми зерттеу институтының директоры, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Бұл тұқымнан Күшіков Қажымұрат атты архитектор да шықты, ғылыми қызметкер, жоғары мектеп мұғалімдері де біршама.
Мен Асфандиярдың қызы Мағмурамен кездесіп тұруды жақсы көремін, ол Москва финанс институтын бітірген, көп жыл қазақтың ауылшаруашылық институтында ұстаз болған, Қазақ ССР-інің бюджеті туралы, ауыл- шаруашылық экономикасы туралы көптеген мақалалар жазған адам, қазір пенсияда. Шорман әулетінің жағдайын ең жақсы білетін адамдардың бірі, тұлпардың тұяғы, алтынның сынығы.
Үйі бір кезде музейге ұқсайтын, қаншама ескілікті суреттер, дүниелер бар болатын, Шорман тұқымдарының аты-жөні жазылған күміс қасықты да, Мақының оюы салынған маталарын да осы үйден кездестіруге болушы еді. Қазір көпшілігі музейге тапсырылды.
- Бұл, бұл ма, — дейді апай, — әкемді ұстағанда, Новосібір облысындағы Убинск деген станцияның қауіпсіздік комитеті біздің үйден үш қап сурет, түрлі кітап, қағаздарды әкетті. Қайтарып алуға болмас па екен? Кімнің ғана суреті болмайтын Зейнептің (Шоқанның шешесі), Миғаш Абылайхановтың, Мұса бабамның...
- Жә, болды, әрі қарай айтпай-ақ қойыңыз, — дедім көңілім бұзылып.
«Бәрі келмеске кетті ғой» деген ой жанымды мазалады.