24.02.2022
  380


Автор: Абдрахман Асылбек

Ей, пенделері Алланың

(«Жан мен тән»)

Ей, пенделері Алланың!
Жұмыр жерде таңдауың:
Топырағынан жаралдың,
Тұмасынан нәр алдың,
Ауасымен дем алдың.
Бірте-бірте адам боп,
Өркен жайып таралдың,
Талай жерге бара алдың.
Ей, пенделері Алланың!
Керек тура аңдауың:
Жаратты Алла ананыі,
Еркек кідік пананы,.
Жақындатып араны,
Берді оларға баланы,
Баласына сананы.
Іс етсін деп бағалы,
Берді байтақ даланы.
Ей, пенделері Алланың!
Дұрыс біліп алғаның:
Сендерге алғаш тән берді,
Тәнге қосып жан берді.
Жарық дүние таң берді,
Түрлі түсті дәм берді,
Салтанат пен сән берді.
Мазмұн менен мән берді,
Әсем әуен- ән берді.
Ей, пенделері Алланың!
Жолын қума жалғанның:
Жаралған соң бұл адам,
Қалыс қалмас күнәдан.
Өздеріне ұнаған
Байлық үшін құлаған,
Жетпей жатса, жылаған.
Тұрса екен деп дін аман,
Жан бар ма екен сұраған?
Ей, пенделері Алланың!
Түсінетін бар ма күн?
Бір-біріңді сыйлағын,
Жамандыққа қимағын.
Сырып тастап ибаны,
Ал, біреуді қинадың,
Азаптадың үй-жанын.
Болмаса егер иманың,
Не болады жиғаның?
Ей, пенделері Алланың!
Мақұл еске алғаның:
Болса екен деп ерікті ұл,
Алла саған сеніп тұр.
Алла бәрін көріп тұр,
Алла бәрін беріп тұр.
Кете бермей желіп құр,
Тура жолға еніп бір,
Періштеңді жолықтыр,
Иманыңды толықтыр.
Ей, пенделері Алланың!
Шын ниетті арнағын:
Қасиетті Құраның –
Болсын дәйім ұраның.
Жасаған кей күнәні
Аян жеңіп шығарың.
Жүректегі жыр-әнің,
Мәңгі сөнбес шырағың.
Алда күтер жұмағың,
Шын рахат тұрағың,
Жеткізетін пырағың.
Ей, пенделері Алланың!
Қамсыз қапы қалмағын:
Алла аударар назарын,
Тура жолың – таза арың.
Болмаса егер өз әнің,
Қисық жолың – тозағың,
Мәңгі-бақи азабың,
Құрбанысың жазаның.
Жеткен сәттен ажалың,
Сол күн – ақырзаманың.
Ей, пенделері Алланың!
Біл өлімнің салмағын:
Өмір алма-кезекпен
Жай оғындай тез өткен.
Дем таусылған мезеттен
Жаның ұшып өзектен,
Жерде қалып боз өкпең,
Тән теңелер тезекпен.
Ей, пенделері Алланың!
Көрдің басқа салғанын:
Болса да мың айла бар,
Өлмес адам қайда бар?
Тірлігіңде сайрап ал,
Өлген соң не пайда бар?
Тіл мен жағың байланар.
Тәнің жерге жайланар,
Топыраққа айналар.
Ей, пенделері Алланың!
Барар жерді барлағын:
Жаның ұшып кетеді,
Басқа әлемге өтеді.
Не жұмаққа жетеді,
Не тозаққа өтеді.
Күнәһарды кешегі
Дей көрмегін кешегі,
Алланың зор есебі.
Ей, пенделері Алланың!
Бұл өмірдің тармағын
Бітті екен деп қалмағын:
Өлген соң да адамдар,
Қайта оянар заман бар,
Сан мыңдаған ғалам бар:
Бірінде жұмақ панаң бар –
Мәңгі рахат саяң бар.
Бірінде тозақ алаң бар,
Жатасың жанып замандар,
Құтылар қандай шамаң бар?
Ей, пенделері Алланың!
Ақыл-оймен аңдағын:
Жерде болса жұмағың,
Не болады мына күн?
Іске асады бір-ақ үн:
Пұл – байлығың, бұлағың,
Пұл – айбының, шырағың.
Тамылжыған тұрағың –
Сатып алып жұмағын,
Бәрін жасар күнәнің.
Ей, пенделері Алланың!
Жүрер жолды таңдағын:
Әділеттің жолында
Міндетіңді орында.
Түссең тозақ торына,
Қондың азап орынға.
Бақытың да, сорың да
Ол өзіңнің қолыңда.
Бір Алланың жолында
Парызыңды орында.
Ей, пенделері Алланың!
Айтқанымда бар ма мін?
Мінім болса кешіргін,
Өз әлімше көсілдім.
Қазақ деген өзімнің
Туған елдің есімін
Келді даңқын өсіргім.
Мұсылмандық қосынның
Қатарына қосылдым.


 





Пікір жазу