24.02.2022
  332


Автор: Абдрахман Асылбек

Ақындар антологиясы

1.Лирик
Ей, ақындар, ақындар,
Асып-тасқан ақылдар.
Алдарыңда мақтансам,
Мақтануға қақым бар.
Мен әуелден ірімін,
Поэзия пірімін.
Бір-біріне ынтызар
Ғашықтардың тілімін.
Нәзіктікті жырлаймын,
Нәзік гүлді жұлмаймын.
Жүректердің лүпілін
Қалт жібермей тыңдаймын.
Дөрекілік жат маған,
Ел есінде жатталам.
Жібектейін есіліп,
Жан сезімді ақтара.
Бір-біріне үздігіп,
Қиылады қыз, жігіт.
Кәрі, жасқа – жарастық,
Іздегенім – ізгілік.

2. Мәтінші
Жүректерді ерітемін,
Көңіл қылын шертемін.
Сұлу әннің сөзімін,
Сондықтан да, еркемін.
Менде сергек сезім бар,
Сөйлеп кетсем – сөзім бал.
Арман, үміт, шаттық боп,
Тоқсан толғар кезім бар.
Мені айтады ана да,
Мені айтады бала да.
Елдің бәрі шырқайды
Қалада да далада.
Мен өмірдің мәнімін,
Той-думанның сәнімін.
Бірін-бірі ұғысар
Ғашықтардың әнімін.
Жадыратса жанды мың,
Жақсы көрмес әнді кім?
Сан ғасырға самғаған,
Ғұмырлымын – мәңгімін.

3.Сықақшы
Сыншы деген атым бар,
Залымдарға запым бар.
Сескенеді алдымда
Небір «мықты, батырлар».
Жайшылықта әзілмін,
Жарасты сөз, наз үнмін.
Одан асса – әжуа,
Мысқылға да әзірмін.
Кейде болып ұстамды-ақ,
Сөз сөйлеймін тұспалдап.
Ақыл айтам наданға,
Мысалменен мысқалдап.
Кейде тілім кермек те,
Килікпеймыін ермекке.
Сәл сырқауды сықап ақ,
Жіберемін емдеп те.
Ашулансам – дүлеймін,
Қорқақтарға үреймін.
Адамдықтан тайғанды
Аямаймын, іреймін.

4. Драматург
Өмір деген, сірә да,
Шым-шытырық құрама.
Әрбір отау – театр,
Әрбір тағдыр – драма.
Бастайтұғын батыл ән,
Тіршілігің – сахнаң.
Уақытың – өлшемің,
Сыншы соның сапынан.
Сырып тастап пердені,
Сөз сөйлеймін зерделі.
Рөл беріп ойнатам
Неше түрлі пендені.
Күлгін, мейлі,
Кейіп көр,
Драмаға кейіпкер –
Бір-біріне ешқашан
Ұқсамайтын кейіптер.
Сан шиырлы, сан ізді,
Сыр ақтарған сан ізгі.
Драматург ақының
Бәрінен де маңызды.

5. Эпик
Айтқандарың нанымды,
Мақұлдаймын бәріңді.
Ұққандарың жөн, бірақ,
Менің-дағы мәнімді.
Мен ақынмын майталман,
Шаршы топта шайқалғам.
Қыры-сырын өмірдің
Терең қозғап айта алғам.
Мен көсілсем, көсілем,
Шалқып-толқып шешілем.
Тыңдаушымды тәнті етіп,
Мәртебесін өсірем.
Мүмкіндігім мол менің,
Мәңгілігім сол менің –
Ұрпақтардан – ұрпаққа
Ұмытылмай келгенім.
Нәзік гүлді жырлаған,
Тамылжыған ырғақ-ән,
Сатираң мен драмаң –
Сиып кетер бір маған.


 





Пікір жазу