Маскүнем мысық
Ауылда болды біреу Оспан деген,
Оспанның жұмысы жоқ жоспарменен.
Ертеден кешке дейін етік тігіп,
Қызмет көрсетеді дотарға ерен.
Бейшара ерте адасып ақылынан,
Айрылған бала-шаға, қатынынан.
Әндетіп отырады таспа тартып,
Жанында жалғыз Мысық – жақынынан.
Ақының қарамайды мол, кеміне,
Әркімнің риза ол бергеніне.
Күн сайын бір жартылық сатып алып,
Тек соны айналдырған ермегіне.
Бұрыштан бөтелкені иіп алып,
Арақтан кесесіне құйып алып,
Жібітіп жегізеді нан батырып,
Мысығын анда-санда сүйіп алып.
Етігін сырыңқырап қоя түсіп,
Өзі де содан кейін қояды ішіп.
Өнерін өзгеше бір көрсетеді,
Жеген соң әлгі нанды тоя Мысық:
Кәдімгі мас адамнан бір аумайды,
Бір сыңсып, бірде өксіп мияулайды.
Секіріп терезеге аласұрып,
Еденге жата қалып, жиі аунайды.
Тұра сап, иесіне ырылдайды,
Ырылдайды –
Дауысы қырылдайды.
Қалжырай құлап түсіп содан кейін,
Біржола ұйықтап кетіп пырылдайды.
Оспанға бәрінен де осы қызық,
Жалғанда жалғыз ғана досы Мысық.
Күн сайын бірнеше рет қайталайды,
Бөтелке таусылғанша қосыла ішіп.
Ажал да алатұғын кезін білді,
Сол Оспан көп ұзамай көзін жұмды.
Иесін іздегендей сорлы Мысық,
Мияулап көшелерді кезіп жүрді.
Есіркеп, Мысықты үйге алып келдім,
Сүт құйып, быламық пен балық бердім.
Сұғынып ешбіріне тиіспеді,
Тұрғанын арақсырап анық көрдім.
Мен, бірақ, бірге ішетін Оспан емен,
Ішкілік дәметеді босқа менен.
Оңаша қалдырдым да кетіп қалдым,
Мысықтан күдіктенем босқа неден?
Сол күні үйге ерте оралмадым,
Келгенде Мысығымды көре алмадым.
Дәрілік* астан-кестен шашылыпты,
Көзіме өзім тіпті сене алмадым.
Ұқыптап салып қойған бәрін әрлеп,
Тұратын ішінде көп дәрі-дәрмек.
«Мысығым» түк қалдырмай жеп қойыпты,
Ойладым не күйде екен жануар деп.
Тінткілеп пеш артына төніп барғам –
Мысығым табан серіппей өліп қалған.
Осылай, ішкіліктің зардабынан
Кей жандар ескерусіз сөніп қалған.