24.02.2022
  158


Автор: Абдрахман Асылбек

Қора күтуші қарт

Көптен маған таныс еді қарт кісі,
Жүзі жылы,
Жаны жайсаң мәрт кісі.
Көрген сайын күлім қағып әкемдей,
Тұратұғын келіп сөзге тартқысы.
Мен де оны көретінмін жанымдай,
Ақ сақалын ардақтадым арымдай.
Әр күн сайын аяғының тықырын
Таңсәріден танитынмын жаңылмай.
Елдер әлі шырт ұйқыда жатқанда,
Ерте тұрып, жұмысына аттанған.
Шаң-тозаңнан арылтатын ауланы,
Қараңғыны алмастырып ақ таңға.
Атып тұрып,
Қарттан елі қалыспай,
Шамды жағып,
Жәрмеңкелі жарыстай,
Сыпырғышын сілтеп жатса ол серпінді,
Қаламымды мен сілтеймін қарыштай.
Тебіреніп тоқсан тарау сезіммен,
Бірте-бірте өзім болып өзіммен,
Көбінесе аңғармай да қалушы ем,
Серігімнің кетіп қалған кезін мен.
Кейде шабыт көрсетіп мол мырзалық,
Шығам тысқа билеп бойды ырзалық.
Тұрам сонда асып-тасып арнамнан,
Шын бақыттан жанарымда нұр жанып.
Таза ауа,
Таза аула,
Тұнық таң –
Осыншама сұлулықты кім ұққан?
Есіме алам сол кез жомарт қартымды,
Сәтке ғана, Сәтке ғана ұмытқан.
Болмаса да ешкім оны елеген,
Мен ол қартты Прометейге теңер ем.
Жарып беріп жүрегінің жылуын,
Қанша жанды қуанышқа бөлеген!
Рас, ол қарт ақын да емес әйгілі,
Батыр да емес жау жасқаған айбыны.
Ел де билеп көрген емес көсем боп,
Бірақ, көптің дей алмаймын жай бірі.
Қарттың бір кез төрт баласы бар еді,
Қайыспайтын төртеуі де нар еді.
Бәрі бірдей қан майданға аттанды,
Бұрқ етті де сұм соғыстың әлегі.
Боздақтардың оралғаны болмады,
Қарт бейшара біржолата сорлады.
Төрт арысы туған жерден жырақта,
Ескерткіш боп тас тұғырға орнады.
Көп бүгілді,
Көп қиындық көрді қарт,
Бәрін сезді,
Бәріне де көнді қарт.
Қарапайым күтуші боп қораға,
Көпшілікті қуантып жүр енді қарт.
Беттегі әжім –
Өткен өмір жолдары,
Қуатты әлі құрыш білек қолдары.
Бар бақыты, бар ләззаты сол ғана –
Зәулім қора таза тұрса болғаны.
Көп қайғыдан кеткен жоқ ол үгіліп,
Сексенде де сыр бермеді бүгіліп.
Тілегі сол –
Таза ауада томпаңдап,
Балдырғандар жүрсе болды жүгіріп.
Сом тұлғасы бейне тастан қашалған,
Сол бір қартқа қызығамын қашаннан.
Басқалардың бағын ойлап күн сайын,
Қимылымен жасарған да жасанған.
Түнді түріп, Тамылжып таң атады,
Қажырлы қарт рахатқа батады.
Риза болып еңбегіне өзінің,
Кең көшемен кетіп бара жатады.
Тап осындай көп болса егер қартымыз,
Сақталып сый, ата дәстүр-салтымыз,
Өнегелі үлгі болып жастарға,
Арта бермек абырой мен дәрпіміз.





Пікір жазу