24.02.2022
  329


Автор: Айгүл Кемелбаева

«Айтыс деген – өлеңнің барымтасы»

Дәулеткерей Бекжан Әшірбаевпен айтысқанда осылай дөп теңеу беруі заңды. Барымташылық – көшпелі қоғамдағы бейбіт уақытта әскери рухты бабында ұстап тұратын батырлар институты болғанын тарихшы-этнограф Ахмет Тоқтабай «Қазақ жылқысының тарихы» атты зерттеу кітабында жазды.


 


Масанов сындыларды маңдайға ұрар, Қазағымнан қаһарман ұл өссе екен.


Халықтың жаугершілік соғыс, аштық, саяси қуғын-сүргін жылдарында генофонды әлсіреп, өзін-өзі сақтау иммунитетіне кінәрат тигенде, дін жамылып, елдікке нұқсан келтірер, жат идеология мен ақшаға сатылып, өз халқына кесір қылудан шімірікпейтін іштен шыққан шұбар жылан синдромы «аңдыған жауға» айналады. Айтыс кімнің кім екенін айтудан жасқанбайды, ұлтқа қызмет етуді ардың ісі, бақ санайды. Әйтпесе, оның мәні аз. Елдік тілек ақын үшін бәрінен биік болуы керек. Дәулеткерейдің үлкен айтыскер ақын, «Манасты» жырлайтын Баянғали Әлімжановпен айтысында кесек сөзі жарлықтай естіледі:


 


Енді еліме керегі бірлік қана, Алашыма Алланың нұры келсін.


Хан Кененің қайғысы ортақ болса, Қазақ енді ішінен ірімесін!


 


Ел ағасына айналған жандарға ұлтсызданумен күрессе екен деп сахнадан тіл қатады.


 


Алпауыттар әрдайым тұрады өрлеп, Аз халықтың тағдырын қылады ермек.


Қоғамның түйткілді дүниелерін айтса, туған елдің мейірі қанады. Қазақстанды кері кетіріп отырған құбылыс – сыбайлас жемқорлық, оның түбі мемлекеттің негізін шайқалтары анық. Елдің мұң-мүддесі айтыста айтыла бермек: Баянғали ағасы Дәулеткерей інісіне риторикалық сауал тастауы заңды, бұл – қазақтың мінезіндегі


«Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» кебімен билік басындағы аз топқа сын айту:


Елің жүдеп жатқанда тоқ жүрсің бе, Тойғаныңа мәз-мейрам боп жүрсің бе?


...Болмаса, ұрылармен әмпей болған Ұлықтардай жұртыңды жеп жүрсің бе? Халқына пайдасы жоқ шенеуніктей Қайқиып азаматпын деп жүрсің бе?


 


Тәуелсіздіктің 20 жылдығында қоғамды күйзелтіп отырған шындық осы. Өйткені дүние – жалған. Сондықтан Дәулеткерейдің Махамбет бабасына арналған айтыста мұны айтпасқа қақы жоқ:


Базарын мұнайыңның басқа көріп, Азабын тартып жатқан алшыным-ай!


 


Бұл әлеуметтік әділетсіздіктің жаңғырығы Жаңаөзен, небір қыршынынан қиылған қазақ баласының өз үкіметінен көрген ажалы, қорлық-зорлығы болып шықты. Өз бауырларына жендеттік қылу – Құдайдың қаһары келіп жазалайтын күнә.


Аламанда сүрінбейтін жас ақынның бірі Мұхтар Қуандықов Дәулеткереймен айтысында:


Көз алдыңа қоғамды әкелетін,


Айтыс деген – қазақтың шарайнасы, –


 


дейді. Айтысты халық ақиқат сөзін сөйлер болса ғана сүйеді. Өйткені ол жағымпаздық пен екіжүзділіктен әбден титықтап кетті.


 





Пікір жазу