24.02.2022
  435


Автор: Айгүл Кемелбаева

Айтыстың жаратылысы

Қазақ санасында эпостың құдіреті тасқа басқан таңбадай айқын тұрады. Бала кезден көкірегіме ұялаған «Қобыланды батыр» жырындағы Тайбурылдың шабысын суреттейтін тұсы:


 


Көкқұтан мен қарабай Көтеріліп ұшқанша,


Белінен бір-ақ басады.


 


Тұяғы құс қанатынан ұшқыр жылқы текті жүйрік жырды жанымен сүйетін халық өзінің төл өнері айтыстан аузымен құс тістеген, буырқанған шабытты көруге ынтызар. Қазақтың айтыс десе қуанып сала беретіні сондықтан. Бұл гипербола ендігіде айтыс өнерінің басты эстетикасына айналып кетті.


 


Шын жүйрік шапқан кезде тас көмілер, Көзінен желге қарсы жас төгілер, –


деп арындап жырлайды Дәулеткерей Кәпұлы.


Шабандық, сөз таппай тосылу айтысқа тән емес. «Ертеден салса кешке озу, ылдидан салса төске озу» – айтыс ақыны осы қасиеттен құр болса, онда жұрт алдына шықпай-ақ қойса болады.


Дәулеткерей Кәпұлы төрт құбыласы түгел қазақтың баласы екенін аламанда андыздаған айтыс өнерінде көрсетті. «Атадан азбай туған ұлың едім / Айтыссыз жан- тәніме ас батпаған». Уызынан жарып өскені ақын сөзінен бірден танылады.


Дәулеткерей – сал-серінің урбандалған заманға жеткен асыл тұяғы. Бірден аңғарылады, сахнада, дүйім жұрттың алдында Дәулеткерей жан қинамайды. Өлең мен қара сөзде – әдебиетте жан қинағыштардың атауын ол бір айтыста дөп береді: «бос өлермен».


Мен емес айтыстағы бос өлермен, Белгілі жүйрік едім бесенемнен.


 


Қасиетті өнерде «азат басы құл болмау» (Абай) үшін әркім өзінің тұлғалық «менін» анық білгені керек. Өзінен зор шыққандарға дес беру осы Дәулеткерей айтқан «бос өлермендік», ол – талантсыздар­дың дарындыларға бекер таласы, күншілдік дертін қоздырғыш мүсәпір хал, халтура тудырар зиянды вирус. Дәулеткереймен ай­тысында М э л с Қ о с ы м б а е в т ы ң : « А й т а р ы ж о қ а д а м н ы ң а л м а т і л і н » , –


 


деп қадап айтатыны сондықтан. Шынның жүзін көлегейлейтін көбік прозаны оқи- оқи қазіргі қазақ прозаны оқудан теріс айналып кеткен жоқ па?! Елдің мәртебелі әдебиеттен айнуында нашар кітаптардың әсері жоқ емес.


Дәулеткерейдің айтыста мықтылығы қарсыласының мықты­лығымен астаса көрінер тұстары көп:


 


Бақ сынасып көрейін алдарыңда, Иығыма қондырып періштемді. Дүбірі дүниені дүрілдетіп,


Жерден Мәді шыққандай Мэлс келді.


 


Ескі сөзде «Ақырзаман болғанда жер астынан Мәді шығады» дейді. Айтыстың жер танабын қуырған аламандығын осы теңеуден көруге болады. Әрине, көбік сөзі көп ақындар бұл айқай кезеңге ұрымтал келе алмайды. Қойға мінген қасаң торыдай қалыс қала береді. Өзі айтқандай, «Айтыста суыратын айқасқа өлең» деп алмастай жарқылдауды Дәулеткерей өз бойынан да, айтысар ақы­нының бойынан да көрмесе, онда айтыстың мәні жоқ.


 


Айтыстың мына аспанында Айменен бірге туармын.


Жақсылық тілеп жалғанға, Күнменен бірге шығармын.


Мэлс өлеңімен айтыстың көкжиегін дәл танытып отыр. Ай­тыстың ел көсегесін көгертер бата сөз, дуа сөз екені, ақындар әуелі Жаратушы бір Алла тағалаға сыйынып, сосын халыққа сәлем беріп, қош сөздерін арнауы оның магиялық табиғаты: «Тәңірім, талапайға салма елімді».


Ақын өлеңі көктен құйылған нөсердей саулап, селдетіп, стихияға айналып кетуі – сөз құдіретімен халықтың жүрегін тазартуға, жан сарайын арайландырып, абыройын асқақтатуға бастайды. Өнердің негізгі қызметі мен маңызы сол. Мэлс ақын оны бозбала күнінде-ақ «Атыңнан айналайын Дәулеткерей» десе, қаракөктің тұқымындай әйгілі күйшімен аттас жігіт елдік пен ел қамын жер ерлердің аруағын асырып, жас та болса бата сөзін айтады, өйткені қашанда ақынның аузы дуалы:


Тәңір берген қазақта ерлер барда


Ешқандай дұшпандарға бас ұрмап ек. Дәм-тұзымыз жарасып азаттықта, Ешқашан елдің құтын қашырмап ек. Екіталай күн туса ел басына,


Елдің туын ұстайтын батыр қажет. Тәңірім, талапайға салма елімді,


Ел басқарған ерлерге ақыл қажет.


 


Айтыста әзіл-қалжың, мысқыл, түйреу бола береді, өйткені ол ғарышқа сіңер кеңістік пен ұлы даланың төл театры, тарпаң көрермен қауым айтыстың әр сәтін құр жібермейтіндіктен солай. Дәулеткерей:


 


Айтыстың көрсетейік шын үлгісін, Ит қуды, қоян қашты боп жүрмесін! –


десе, Мэлс оған шамданып: «Итің кім, сонда қоян кім?» – деп сұрауы халықтың арқасын қоздырады, мәз-мейрам күлкісін шақырады, бұл тосудан Дәулеткерей:


«Ағасы, сөздің салты емес пе еді / Мақалда бар қоян мен ит дегенің», – деп кішілік сыпайылықпен құтылуы өте жарасымды.


Айтыс – сөз сайысында тілмен семсерлесуде соққыны бойына дарытпаса, сонда айтыс. Айтыс – жарыс, ақын – батыр. Кімнің тілі өткір, ойы шалт, білегі мықты – сол жеңеді. Айтысқа шыққандар белін бекем буып шығады. Дәулеткерейге бастапқыда қарсыластары көбінесе «шеттен келдің» деп тиісетін. «Қонтайшының елшісіндей» деп қазақтың ата жауы жоңғарға теліген Асқар Дүйсенбиевке оның:


 


Қаншама шетте жүрсе де, Тілі менен дінінен


Тұғыры таймас текті ұлмын, –


деп шамырқанып жауап беруінде қапы жоқ.


Мені де Алтай тауым жаратты анық, –


 


дейді айтыстың бір мықтысы Серік Құсанбаевпен бәсекеде.


Қас жүйрік апасы Әсия Беркеновамен айтыста Дәулеткерей оралмандар мәселесін қазақтың эпостық сарынымен, Тайбурылдың шабысымен арқырай толғайды.


«Ғасырдың ұлы көші десеңдер де, біз, оралмандар, неге атажұртқа келгесін азаматтық ала алмай, шетқақпай жүрміз?!» дейді ол назаланып. Залда қоғам қайраткерлері, ақын- жазушылар, депутаттар отыр, солар естуі керек. Әсия апасы мен Дәулеткерей айтысында қазақтың жоғын жоқтау, халықты қорғау, қазаққа жаны ашымайтын билікке кінә арту ашық айтылады. Халық та бір бала сияқты, қиналған сәтте басынан баладай сипайтын аялы алақанды қалап тұрады.


Айтыстың жаратылысында сұхбат, сыр, эмоция болса, Әсия апасымен айтыста екеуара диалогқа ұласады. Оралмандықты ол қазақтықты жоғалтпау, орыстанып, тілінен жұтаған шалақазақтықты тығырықтан шығару деп ұғады. Дәулеткерейдің осы ретте Әсия Беркенова оралманның зарын ашына айтқан тұсын естіген сәтте сілкініп:


 


Жайыма қосылғасын мына менің, Жүрегімді жібердің елжіретіп, –


 


деп асқан ризашылығын білдіруі көшпен келген бауырларына ғана емес, исі қазағына перзенттік адалдығын танытады.


Жасынан топ жарған Мұхамеджан Тазабековпен Дәулеткерей Кәпұлы неше мәрте айтысқа түскен.


Көп ұлтты деп мақтанған Қазақстан Көп дінді боп жүрмесін, көп Құдайлы!


 


Дәулеткерей көбінесе қазақтың діни санасын айқындайтын рухтық дәрежедегі осынау айтыстарда өзінің тегі осал емесін, төрт құбыласы түгел, ежелден ат жалын тартып мінген көшпелі нәсіл, түркі, қазақтың бел баласы екенін нақты айғақтайды. Оған қазақ халқының ұлттық қазынасына тән қасиеттің бәрі қымбат: ислам құндылықтарымен қатар елдік әдет-ғұрып, салт-дәстүрді қуаттайтын ата дініміз ұстанған мұсылмандықтың Әбу Ханифа мазһабы, тектік нышанға адалдығы, әуелі бір Алла деп, сосын сол Жаратушы Иенің хикметтерін үмметтеріне танытатын адал құлдары әулиелер мен ата-баба аруағы деп («Аруаққа сыйынып бір көрейін» дейді Мэлс Дәулеткерей інісімен жекпе-жекте, ол біздің құлағымызға бабалардан сіңген сөз) қанына тартқан тазалығы, қара сөзге дес бермес алғырлығы сыннан сүрінбей өтеді.





Пікір жазу