24.02.2022
  507


Автор: Дәулеткерей Кәпұлы

ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ МЕН ӘСЕМ ЕРЕЖЕҚЫЗЫ айтысы

Дәулеткерей:
Төр Алтай, қасиет бар жартасыңда,
Өзіңде туған ұлдың нарқы асыл ма?!
Оралхандай оғыланды сен тудырсаң,
Тектілік тамырыңнан тарқасын ба?
Күткен ат алдыңызға келіп жетті
Сүттен ақ пейіліңнің арқасында.
Қазақстан Алтаймен мақтанады,
Мінеки, киеңіздің нарқы осында.
Тірлікте жұмыр жердің жұмағысың,
Бір нүкте болғаныңмен картасында.
Ақ сағым арман деген, жиі алдайсың,
Ақын болсаң, әрнені қиялдайсың.
Алаштың батасын ап жүргеннен соң,
Алдында ақ сөйлеуге ұялмайсың.
Әсем деген қызғалдақ секілді ғой,
Қылышпен шабуға оны қия алмайсың.
Әсем:
Шығысым менің киелі,
Топырағына құт қонған бар.
Қабанбай, Барақ, Дәулетбай –
Ақсауыт киген сардарлар.
Әміре, Болат, Жәнібек –
Жұлдыз боп көкте жанғандар.
Шәкәрімдей даналар,
Ілімін ардың салғандар.
Әлемнің берген Абайын
Құнанбай да бір пайғамбар.
Атамай кетсем, қателік,
Айтпауға қандай айлам бар.
Тарихың тұрған қаттаулы,
Таусылмайтұғын қамбаң бар.
Түркілігімнің әуелден
Төркіні болып қалғандар.
Әлемді кезсем, табылмас
Сіздердей текті тарландар.
Алдыңа шыққан ақын боп
Бізде де қандай арман бар?!
Бейбіт күн жайнап тіршілік,
Шуағын сеуіп көктен күн,
Кұлпырып шықтым алдыңа
Қызғалдағындай көк белдің.
Отаным, менің отаным,
Тыныштық күнге жеткердің.
Хақназар, Қасым, әз Тәуке
Бостандық мұңын шерткен күн.
Абылай, Кенесарыдай
Ерлікті бастан өткердің.
Шәкәрімдерді атқызған
Қателігі аз ба еді өткеннің?
Сәбира, Қайрат, Ләззаттай
Тепкісін көрген өктемнің.
Жамандық күндер артта қап,
Жақсыға келді беттер күн.
Бойына келіп құтылған
Еркіндік деген өткелдің.
Айбыныңды асырып,
Асқақтатайын деп келдім.
Жақсылығыңды жырлауға
Лебіндей болып көктемнің.
Үлбіреп түстім алдыңа
Қауырсынындай кептердің.
Байрақты өлең болып баптағаның,
Алаңсыз анық сенің жатпағаның.
Бабалар ақын болған, батыр болған
Тарихтан алып жатыр нақ бағамын.
Көңілдегі жырыңды ағыт, аға,
Менің де арындап тұр ақтабаным.
Арғымақ баптап қосқан аламанға,
Сарқыты емес пе едің Сақ бабаның?!
Дәулеткерей:
Өлеңнің басы болса айым-қайым,
Мен неге айтыс жайлы уайымдайын?!
Көгершін қауырсыны боп отырған
Әсемнің айтқан сөзін пайымдайын.
Ертістің жағасында жайқала бер,
Жапырығы жыр төккен қайыңдайын.
Ағайын, Әсем қызды бір қолдап қой,
Мен сенің қанатыңды қайырмайын.
Ел едік қазақ деген мәңгі арналы,
Абаймен аспандаған заңғар бағы.
Қазақтың жақсылығын сөйлер ақын
Бақытын жырласа екен таңдардағы.
Халықтың қамын ойлап ұлыларым,
Пенде боп өтпеген құр жалғандағы.
Шәкәрімдей бабамыз әулие еді,
Қолға Құран ұстатса Аллам дағы.
Азат күнде оқысақ ғұламаны,
Ұлтымның орындалар мәңгі арманы.
Абай мен Шәкәрімді кім бөледі,
Болмаса уақыттың салған зары.
Қазақтың Тәңір берген бақыты үшін
Ұрпағының өспей ме талғамдары?!
Сондықтан бір Құдайға тәуба дейік,
Айтармыз әңгіме ғып қалғанды әлі.
Ұлтым деп ұлитұғын арландары,
Құлқын жеп құритұғын қалғандары.
Ағайын, пейіліңе еріп тұрмын,
Бірі едім айтыстағы бөрікті ұлдың.
Қасымда Әсемдейін қарындасқа
Жолымды жалғар ма деп сеніп тұрмын.
Азды-көпті айтыстым аламанда,
Демеймін бар қазаққа жөн ұқтырдым.
Осы жолы келгенде себебім бар,
Осындай бір байламға берік тұрдым.
Алтайлық тыңдарманнан рұқсат ап,
Айтыспен қоштассам деп келіп тұрмын.
Ағайын, бөтенге көз сүзбеңіздер,
Шәкәрім – асқар биік құз деңіздер.
Айтысты қойғанменен, қайда кетем,
Ұлыңнан, бірақ, үміт үзбеңіздер.
Қазаққа мәңгі бақи қызмет етем,
Поэзия көгінен іздеңіздер.
Бұл жерде боп тұрған жоқ әнім басқа,
Әнім басқа немесе сәнім басқа.
Қазақтың сөзін сөйлеп жүргеннен соң,
Не бопты алты алашқа танылмасқа.
Ал енді, қарындасым, әрі жалға,
Сертінен қызыл тілдің жаңылмасқа.
Тойларың құтты болсын, ағайындар,
Мен жолымды беремін қарындасқа.
Әсем:
Сарқыттай қалып кеткен бабалардан,
Несібін еңбекпенен адал алған,
Атағы асқар таудай ағаларым,
Алтынға ат басындай бағаланған.
Қанатын қайырмастан қарындастың,
Ағалар аз дәл мұндай – маған арман.
Алақанда ұстайтын қыз баланы
Айналдым аңғал көңіл ағалардан.
Бермесе кеудемдегі сырнай тыным,
Жыры еді бабалардың жырлайтыным.
Сіздерді жырлай берем, жырлай берем,
Бұған жоқ менің ешбір бұлдайтыным.
Дәулеттей ағаларым аман тұрса,
Сеземін қанатымның сынбайтынын.
Ағалар игі істі нақ тындырып,
Жүргенін, ау, ағасы жаттың бұғып.
Аламанға сәйгүлік қосқан елміз,
Жарауы жеткен кезде аттың біліп.
Айтыстан жаңа, аға, кетем дедің,
Көңіліне мынау елдің қақ тұндырып.
Шын жүйрік екеніңді танытатын,
Түсіндің бе келгенін сәттің күліп?
Қарсы шығып қағып өткелі жатқан жоқпын,
Ибалы исламның салтын бұзып.
Дәулет аға, бұл елге сіз қонақсыз,
Жыр айт елдің көңіліне шат тұндырып.
Алқымы іспес жырауша жырладыңыз,
Көгімде арай болып аттың күліп.
Сыйлағанға сыйлайтын алтын жамбы,
Менің мәрт мінезімнен таптың ба ілік?
Дулатша тамсандырдың жырыңменен,
Абайша жіберейін ат мінгізіп.
Осы күн аспан ашық түрге енсінші,
Әр үйге Дәулет сынды ұл берсінші.
Осы той тілден безген, діннен безген
Дүбәра ұрпақ үшін сын болсыншы.
Аламанды сүйетін ардақты елдің
Көңіліне алаулап жыр қонсыншы.
Ақ тілекті Аллаға жеткізуге
Періште ақ қанатты бір келсінші.
Аспаннан Құран түскен Қадір түндей,
Қазақ үшін айтулы күн болсыншы.
Дәулеткерей:
Айтайын Шәкәрім деп есімді ерше,
Қасымда қарындасым көсілгенше.
Домбыраны қаламға айырбастап,
Көркем ойды көңілге көшіргенше.
Айтыстан кеткеніммен қайда барам,
Осынау ел мерейін өсіргенше,
Қазақты мен мәңгілік жырлап өтем,
Құдай берген қызыл тіл кесілгенше!
Шабытым дәл осылай еселенсе,
Әрдайым пейілі ақ дос еленсе.
Ұлтымның ұлыларын ұлықтаумен
Рухы қазағымның өсер ерше.
Өскеменнің бір жері қисаймайды,
Бос сөйледі десе де қос өлеңші.
Қабанбаймен қалмақты бірге қырған
Ер Жәнібек батырға көше берсе.
Көңілімде қарт Алтай,
Мәңгілік заңғар асқардай.
Тойларында халқымның
Өлеңім шықса дастандай.
Айналайын ағайын,
Пейілдерің әрдайым
Сүттен дағы ақ болғай,
Жүректерің пәк болғай.
Тәңірім жазбай кесірге,
Басыңа мәңгі бақ қонғай.
Әрдайым менің қасымда,
Қарындасым, жыр айтып,
Бәйге алып көңілің шат болғай.
Алдыңа келген ұлың ем,
Алтайдан алып қуатты,
Астана жаққа аттанғай.
Ағайын, енді аман бол,
Ақының айтты «қош болғай!»
Әсем:
Бабадан қалған нақылды
Айтыста болсақ ұстанар.
Бос сөйлеп біздер отырсақ,
Уақыт шіркін, қысқарар.
Жерде жатқан жұмыртқа
Аспанда ұшқан құс болар.
Алты ай жаз айналып,
Қар жамылған қыс болар.
Тоқтатайық осымен,
Тоқтатсын деген айтысты
Қазыдан келген нұсқа бар.
Азында – алтын қайран сөз,
Көп сөйлеп кетсең – мыс болар!





Пікір жазу