24.02.2022
  549


Автор: Дәулеткерей Кәпұлы

ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ МЕН МҰХТАР ҚУАНДЫҚОВ айтысы

Дәулеткерей:
Армысың, арда қазақ зердесі құт,
Көкіректе қазына көмбесі лық.
Дәулеткерейдің күйі тартылғасын,
Дәулеткерей сөйлесін елге шығып.
Өміріңнің өзегі өлең мен жыр,
Көңіліңді көктемнің пернесі ғып.
Алматы айран-асыр тойлап жатыр,
Айтыстың да тұсауы оң кесіліп.
Сағындырып жетті ме ақындарың,
Тұлпардай төсін керген желге суық.
Таңдайымнан тәтті жыр төгілгенде,
Маңдайымнан сорғалар тер де шығып.
Армысың, Мұхтар інім Сырдан келген,
Асаудай ауыздықсыз бермес ырық.
Текті елге арналса екен тәтті жырың,
Көктемде қадағандай жерге шыбық.
Ептіліктің үлгісін танытайық,
Төрт түліктен алғандай төлді өсіріп.
«Өлең адамдарына» өлең арна,
Қалатын астай болмай демде суып.
Жүрсін ағам келіпті елу беске,
Төредей сөз бастайтын төрге шығып.
Азаматтық абырой, ар тілеймін,
Байлық, бақыт тілеу де – пендешілік.
Алшаң басып жүре бер ақ бас нардай,
Айтыстың жайлауына ел көшіріп.
Армансыз Алматыда айтысайық,
Сары жұртқа қонғандай кең көсіліп.
Өлеңнің өз ұлы едім өрт кеуделі,
Найзағай намысыма от бергені.
Алдымен құттықтаймын аналарды,
Ұлағатты ұрпақ үшін төккен тері.
«Өмірдің іргетасын қалаушы» деп
Айтады Әуезовтің зерттеулері.
Бас иген тағзым етіп көк пен жері,
Ізгілік пен ізгі үміт – еккендері.
Әйелдерді әспеттеп жырға қосқан,
Жүрсін ақын о бастан текті ер ме еді?!
Наурыздан науат самал есіліп тұр,
Шешіліп шың басының шекпендері.
Шопандарым, мыңғырып малың өссін,
Көде сайын төл бітіп көк белдегі.
Қара жер үйіп берсін қамбасына,
Жарқырап диқаншының кетпендері.
Қазағым, Қыдыр келсін қасыңызға,
Жорғалап бөденедей бөктердегі.
Ұлы еліме береке мен тілеймін,
Қайғы мен азап болмай шеккендері.
Бақытыңды жырлауға ақын керек,
Жол нұсқаған адамдай өткелдегі.
Алматыға айтысты алып келген
Қайтқан қаздың қанаты көктемдегі.
Айтыста бүгін талай жаңалық бар,
Жақындап жас пен кәрі аралықтар.
Барлығы да сақалды бұрынғының,
Ал бүгінгі жастарда даналық бар.
Мәңгі жасыл шыршадай мәуелеген
Аманжолдың бойында даралық бар.
Ана сүті кеппеген ауызынан
Айтақынның ұлында балалық бар.
Толықсып бес биенің сабасындай,
Ақмарал мен Айнұрда аналық бар.
Балғынбек – балпаң басқан бай баласы,
Қалжыңына қарық боп демалып қал.
Топырағында түлеген Ахметтің,
Айбекпен айтысуға жаранып бар.
Ерке жирен секілді Ринаттың
Шабысына көз алмай қадалып қал.
Атына заты сай боп туылғасын,
Талай ақын жігітті Сара мықтар.
Көктемдегі нөсердей жастар көп қой,
Аспаннан қол бұлғаған ала бұлттар.
Ал, менің қарсыласым, сен де мықты,
Тотыдай топқа түссең таранып қал.
Қызыл тілің қызметін еліңе арна,
Бала Мұхтар, болғанша дана Мұхтар!
Мұхтар:
Ағамыз айтар жырын тұспалдай ма,
Біздерді бір шабыт кеп қысқандай ма;
Бала Мұхтар дейсің-ау мына маған,
Мұхтар да осы сөзді тосқандай ма;
Өзіңдей жүйріктермен шыққан кезде
Айтысып бала Мұхтар ұшталмай ма;
Айтысып бала Мұхтар ұшталмаса,
Сынған қалам ұшындай бос қалмай ма?!
Жатқанда той-думанда бас құралып,
Бәс тігу – қазағымның дәстүрі анық.
Той шырайын кіргізейік біз бәріміз,
Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып.
Ассалаумағалейкум, Дәулеткерей,
Бүгін бәйге жүйрігін тапсын анық.
Сырдағы сүлейлердің сарқыты едім,
Кел, екеуміз күресіп, бақ сыналық.
Шікірейіп отырысың жаман емес,
Құдалыққа жібергендей бас құда ғып.
Шаңға көміп кетейін көмбеңізді,
Сені топан жырымның астына алып.
Сынаптай сырғып өтем қасыңыздан,
Бұлақтай ағатұғын тасты жарып.
Дәулеткерей:
Айтылды бүгін, Мұхтар, көрікті әнің,
Жатқандайын наурызға еріп бағың.
Шікірейіп отырысың жаман ғой деп,
Ағаңның отырысын сор ұқпағын.
Бала Мұхтар дегенім – бағалауым,
Бауырым, дұрыс болар соны ұққаның.
Бас құдаға ағаңды теңеп жатсаң,
Қас қырандай қияда қалықтадым.
Ағайын, көрдіңіздер, ал ендеше,
Іздегенге сұраған жолыққанын.
Тұлпардай оза шауып алға аспасақ,
Тебінгіні кептіріп таңға аспасақ.
Ақынның ойлы жыры, әніменен,
Алаштың көңіліне мәңгі астасад.
Сойқан жасап кетейік деп отырсың,
Жабыдай артқы топта шаң баспасақ.
Бұл айтысқа бекерге келіп пе едік,
Жүрсіннің жүлдесіне жармаспасақ?!
Ал, Мұхтар, қанатыңды қатар қомда,
Сүйресе айтыс деген сапар алға.
Өрісі кең деп айтқан өнерлінің,
Бабамыздан қап кеткен бата барда.
Мысалға, домбыраның қарызы жоқ
Тәттімбет, Құрманғазы аталарға.
Ұрпағы қандай кінә тағады екен
Ұлбике, Дина, Сара апаларға?
Өзгенің асығына қызықпайық,
Қолымызда қолайлы сақа барда.
Қошеметтеп, тағзым ғып, бас имесек,
Бабалар көрде тыныш жата алар ма?!
Ал, Мұхтар, мына жайды есіңе алғын,
Қарсылас боп сен маған тақағанда.
«Өнер адамы» – айтыстың тақырыбы,
Өзіңді ел ақын деп атағанда,
Өнерлілер жайында толғаншы бір,
Жалбарынып алдымен Жасағанға.
Ләззат ал, өнерден жүлде күтпе,
Шапағат ал, халқыңнан шапан алма.
Өнер адамдарына құрмет қандай –
Шырқыратып шындықты айт, тасаланба.
Есі дұрыс болса егер бар қоғамда,
Мәдениет «қайыршы» атанар ма?!
Мұхтар:
Батқанда шаттық ойдың сезіміне,
Мына бізге жараспас көз ілуге.
Қанша халық айтысты тыңдап отыр,
Ақындардың құлақ сап наз үніне.
Ал сыртта қанша халық кіре алмай тұр,
Құдайым қуат берсін төзіміне.
Өнерге жанашырлық танытам деп,
Айтысқа келген елдің жазығы не?!
Халық боп бұл өнерді бағалады,
Кімнің қандай екен деп шамалары.
Жүрсін бізді ішке қарай кіргізсін деп,
Аманат деп маған айтқан бағаналы.
Айтысқа кіре алмаған көрерменнің
Өкпесін енді кімдер жаза алады?
Біздің айтыс әншейін шет сияқты,
Айтыс қызық сияқты даладағы.
Сөздеріңде алтынның буы бардай,
Сахнада белің бекем буылғандай.
Шұрқырасып отырайық сахнада,
Жайлауда ойнақтаған құлындардай.
Жүзіңізде қобалжу бар сияқты,
Жан сияқты бір жерден қуылғандай.
Айтпақшы, Алматыға оралғаның
Құтты болсын деп айтайын жырымды арнай.
Жырыңда мін жоқ сенің, Дәулеткерей,
Қамырдың арасынан қыл суырғандай.
Шағып-шағып аласың ашулансаң,
Тіліңде туа біткен уың бардай.
Бабыңызды келтіріп отырайын,
Балықты өз майына қуырғандай.
:Дәулеткерей:
Жайым жоқ бүгін менің қайраңдауға,
Айтысқа ел келгенде сайрандауға.
Қобалжу бар ма екен деп түріңізде,
Тайлақтай інім менің тайраңдауда.
Інім-ау, мен ешқайдан қуылғам жоқ,
ҚазҰУ-дай білім алғам қайнарларда.
Абаттанған Астанаға үлес қосып,
Елім деп белім бекем байланғанда.
Күлдір-күлдір кісінеп келіп тұрмын,
Құлын жырым Құлагерге айналғанда.
Бауырым, аулақ жүргін пенделіктен,
Желпініп сөйлеп жатсың сен желікпен.
Тырқыратып сен мені қуа алмассың,
Еліктей елең қағып белден үріккен.
Салиқалы жолдарға мен бастармын,
Ілесе алмасаң обал кенделікпен.
Өнер адамы жайында сұрап едім,
Жұмған аузыңды ашпадың сен неліктен?
Өнерліге кең өріс тілемес пе ең,
Халқым деп шырқыраған ұл емес пе ең.
Жыланның тіліндейін айыр емес,
Қазақ деп сөйленетін тіл емес пе ең.
Өнерлілер жайында жақ ашпадың,
Өзің сол өнерлінің бірі емес пе ең.
Мұхтар:
Қызыл тіл, сөз сөйлеуден абайлашы,
Ауылын ақиқаттың маңайлашы.
Ақын жыры – қашанда елдің мұңы,
Жүрмеген саясаттың сан айласы.
Көз алдыңа қоғамды әкелетін,
Айтыс деген – қазақтың шарайнасы.
Ап-анық көрсететін заманыңның
Домалап жатырғанын қалай тасы.
Ұлы өнердің жолында еңбек еткен,
Жүрсіннің елге мәлім жан айқасы.
Дүбірін бар алашқа естіртем деп,
Тауға да, тасқа тиген талай басы.
Өзіңдей болсын өнер жанашыры,
Нар жолында ағарған самай шашы.
Біреулер қасарысса қастық үшін,
Біз күресіп жатамыз достық үшін.
Бір қолында қаламы бар Жүрсін ағам,
Поэзияға болған жоқ жат бір ісің.
Көргенсің таулардың да соқтығысын,
Айқасқан қылыштардың қақтығысын.
Депутаттық мандатқа да ұмтылғансың,
Жай бір рахат өмір сүрмей шаттық үшін.
Даусың жетіп тұрса да өте алмаған,
Биліктен де кері қайтып жатты ісің.
Айтыстың көшін алға сүйреп жүрген
Ал бүгін ақындардың бастығысың.
Дәл осы күнің артық сияқты ғой
Өзгеден артып тұрған бақ-ырысың.
Дәулеткерей:
Ақындарың енді көсілсін,
Өлеңнің тағып алқасын.
Жүрсіндей ақын тойында,
Қос ақының да көсіліп,
Өлеңнің сойып марқасын.
Сыбағамен сүбелеп,
Отырған елге тартасың.
Айналайын ағайын,
Шапалақ ұрып қойыңдар,
Қоздырып ақын арқасын.
Құнарлы, ойлы жырынан,
Ақындардың сырынан
Құмары елдің тарқасын.
Жүрсіндей ақын ұлдарың –
Ұлытаудан ұшқан ұлар құс.
Қазағым деп қаймықпай,
Хантәңірі басына
Қонақтаған қыран құс.
Бір адамдай қылса екен
Ұлтына ерлік қылар іс.
Айналайын ағайын,
Ақындардың сапынан,
Бар қазақтың атынан,
Жүрсін, сізге мың алғыс!
Жүрсін, сізге мың алғыс,
Қалықтаған қыран құс.
Елің аман тұрғанда,
Жерің аман тұрғанда,
Қанатыңды қомда да,
Бұлтты жарып, қиянға ұш.
Мұхтар:
Сен терек болсаң, Дәулетжан,
Мен шыңда өскен шынармын.
Қаршыға болсаң сен егер,
Қанатын жайған қыранмын.
Ақбөкен болсаң сен егер,
Мен деген жүйрік құланмын.
Албырттау айқай сен салсаң,
Ел аузындағы ұранмын.
Ал енді жаздым бауырымды
Тұлпарларындай Тұранның.
Жырларым менің шашылсын
Ел көңіліне ырыс боп.
Отыз тістен шыққан сөз,
Отыз қайтар бұл елге,
Бақытын тапсын дұрыс боп.
Қазақта мынадай мақал бар:
«Амангелдісіз бір іс жоқ,
Жүрсекең келмей ұрыс жоқ».
Айтысты баста дегенде,
Ақындарда тұрыс жоқ.
Құрметтеп жатыр ел бүгін
Жүрсіндейін асылды,
Батыр туған хас ұлды.
Құлдырап айтыс кеткенде,
Қай есікке бармадың,
Сүйретіп қара басыңды?!
Ақындарға бас-көз боп,
Айтыстың түзеп бағытын,
Алашқа жайдың атыңды.
Арқаңда сенің қаншама,
Жұлдыз боп жүрген дәл қазір,
Бұлақтың көзі ашылды.
Дұшпанға бермес қазағым,
Алтын басың түгілі,
Төбеңдегі бір тал шашыңды.
Халықтан жауған алғыс сол –
Ұзақ қылсын жасыңды.





Пікір жазу