ТІЛЕГЕН ӘДІЛЕВ ПЕН ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ айтысы
Тілеген:
Алаң да алаң, алаң жұрт, хас тұлғаңдай,
Қарға бойлы сөйлейін Қазтуғандай.
Қаршығадай кетейін қайырылмай,
Суылдап, сұқсыр іліп, қаз қуғандай.
Бесіктегі бөбегің әнімді естіп,
Қадамдап қаз-қаз басып, қаз тұрғандай.
Тана қуып келгем жоқ, тай жетелеп,
Ақуыз жыр әкелдім ас қылғандай.
Ел тұрмақ, елікті де идірейін,
Киіктің лағын теліп қапсырғандай.
Ел алдында ептілік танытайын,
Барқытқа барқыт жамау жапсырғандай.
Жұмыртқасын еппен ап, кекіліктің
Ұлардың бауырына бастырғандай.
Құс көрпеңе жамбасым тимесе де,
Мысты өлкеңде сөйлейін бәс тұрғандай.
Қабағымда қиылып қас тұрғандай,
Жанарымда үйіріп жас тұнғандай.
Шымболаттың тойында сарқырайын,
Арындап тас қопарған тасқындардай.
Ассалаумағалейкүм, менің ұлтым,
Тамағыңда болмасын тас тұрғандай.
Ақ шындықтың арасын айырайын,
Тасбақаның баласын тасқа ұрғандай.
Буыныңды бозадай босатайын,
Күшәлалы қымызға мас қылғандай.
Сары дала сағым ойнар сәтті күні,
Сал дала ақындардың тәтті күні.
Дәулеттің әр сөзінен атан шөгер,
Сары далада естілсе пәктік үні.
Құр ауыз сөйлемейтін ақын едің,
Бір ауыз сөйлегені – аттың құны.
Тіліңнің тіркестері сұлу, көркем,
Арасынан өтпейді аттың қылы.
Сахнаға былқ-сылқ етіп зорға шықтың,
Басыңда желбірей ме бақтың туы?
Жоқ, әлде, буыныңды босатқан ба,
Дәулет-ау, Алматыда тақтың буы?
Армысың, Дәулеткерей Кәптің ұлы,
Бармысың, жалғыз Алла – Хақтың құлы!
Дәулеткерей:
Айтыста көтерілген бақ тұғыры,
Дәл бүгін аман екен Кәптің ұлы.
Қасыма Тілеген кеп сөйлегенде,
Естілгендей болды ғой ат дүбірі.
Ал енді сен сары да, мен қарамын,
Деп айтпаймын теңеуді таптың ірі.
Қара мен сары келіп тоғысқандай,
Бұл дағы бір Құдайдың сәтті күні.
Тәуелсіз атып жатқан таңдары азат,
Алаштың ақ пейілі Аллаға жақ.
Ассалаумағалейкүм, асыл елім,
Ақындарың сыйласын жанға ләззәт.
Шынболатты қондырдың тұғырына,
Бақыт та бұдан асқан бар ма ғажап?!
Құдайдың бұл күніне шүкір дейін,
Болмасын пиғылдарың тәубаңа жат.
Ақ саулықтай қоздатқан ақ батасын,
Армысың, Арқадағы арда қазақ!
Қалмайды бүгін тойда жыр есілмей,
Асыл жыр ақындардың үлесіндей.
Екеуміз де қалмаспыз ысырылып,
Сөйлеуге жарамаған күресіндей.
Мешіт пен шіркеу қатар осында бар,
Тілеген, оны жақсы білесің ғой.
Ал мешіттің күмбезі көк болады,
Болса егер үмітіңнің үдесінде ой.
Қасыма сап-сары боп қайдан келдің,
Екі миллиондық шіркеудің кресіндей?!
Тілеген, беделің зор бек жігітсің,
Арқалы Арқадағы елге үмітсің.
Шынболаттың тойына келген кезде,
Таңдайын тәтті өлеңмен ел жібітсін.
Кешегі Тайжан, Нартай, Шашубайдың
Шабытынан бойыңа қондырыпсың.
Шынболаттай ағаңның жолын қуып,
Сүрлеуін маңдайға алып жол қылыпсың.
Қай-қайдағы теңеуді жиып-теріп,
Ақындығына еліңді сендіріпсің.
Барыңмен базарлап көр, ал ендеше,
Мені де бір кездесер деп жүріпсің.
Тілеген:
Тартылған көл шетінде дабылға да
Ұша алмай, семіз құстай мамырлама.
Шіркеудің күмбезіне теңей салдың,
Ат шалдырмас жігіт ең тақырға да.
Күннен-күнге барасың толықсып-ақ,
Дәулетжан, құр бекерге дабылдама.
Мен сенің буыныңды бекітейін,
Сөз салып ине тілмен қабырғаңа.
Топқазы болған аттай ыңқылдайсың,
Келесің қалжың менен ақылға да.
Көбең жүрген көк аттай көбіктеніп,
Қазы бітіп қалыпты-ау қабырғаңа.
Кеудеңнен күмбірлеген күй ұғып ем,
Сіз дескен әр сөзімнен сый ұғып ең.
Маралкөз, бұлбұл үнді Дәулет едің
Күлетін қарсыласқа миығымен.
Жанарыңды тәкаппарлау төңкересің,
Дегендей бұл айтыстың биігі мен.
Жоқ, әлде, тұяқтыға жеткізбейтін
Сарыарқа – сары даланың киігі ме ең?!
Қоян жұтқан ителгі сияқтанып,
Көзіңнің қарайсың ғой қиығымен.
Ердің қасы қайырылып,
Қапталы кетсін айырылып.
Үзілгенше, Дәулетжан,
Тартысайық ал енді.
Тұяғымыз жер тіліп,
Содан кетсін кертіліп.
Қиылғанша шашамыз
Тарпысайық ал, Дәулет.
Азуымыз сақылдап,
Тіске тіс тиіп шақылдап,
Қамыстағы қабыландай
Қарпысайық ал, Дәулет.
Қоңыраулы найза қысқарып,
Істік болып қалғанша,
Шарболат қылыш мұқалып,
Кездік болып қалғанша
Айқасайық, Дәулетжан.
Ай, Дәулетжан, Дәулетжан,
Тілімізден тіліміз
Шайлығып, сірә, қалғанша,
Бірімізді біріміз
Өңгеріп атқа салғанша,
Білегіміз талғанша,
Саусағымыз қалжырап,
Бастан жығаң салбырап,
Дулыға жерге түскенше
Шайқасайық, Дәулетжан!
Дәулеткерей:
Шабытын бұл Тілеген іркер емес,
Ақын ем ақиқатты бүркелемес.
Өлгенше айқасайық деп отырсың,
Күтпейді-ау екеумізден жұрт ерегес.
Келсең кел, сенен қорқар мен емеспін,
Өлгенде көрген бұл да бір төбелес!
Болғандай екеумізге ел көпір шын,
Дегендей екі ақыным тең көсілсін.
Жерден-көктен теңеуді жинап алып,
Қасымда қарсы қарап сен де тұрсың.
Қоян жұтқан ителгі секілді деп,
Енді сенің, Тілеген, нең көпірсін?
Қоянның басын жұтып тояттап ап,
Жарбиған жапалақтай сен де отырсың.
Өлеңдей келер болсақ нәрлі уызға,
Айтармыз ақындықпен әнді қызба.
Шынболаттың тойына келген кезде
Шындықты айтар ақын деп алдыңызда.
Маған теңеу айтқаныңа рахмет,
Демеймін тұлпарымды салды мұзға.
Шынболаттың тойына келген кезде,
Өлеңнің уызына қандыңыз ба?
Тақырыпты талқылап айтар болсаң,
Ұшық шығып кетпейді аузыңызға.
Аталы сөз күтеді ел арлы ақыннан,
Атадан ақын болып арда туған.
Бұқар жырау халықтың мұңын айтса,
Кенде емес еді ғой хан да ақылдан.
Кешегі кеңес деген кесір қоғам
Шынболаттың көзіне қан қатырған.
Шындық деп бар әлемге жар салуда,
Заманның зарын айтып зарлатудан.
Тілеген, сен де солай жырласайшы,
Той болып жатқан кезде алқа думан.
Шынболат ел көңілінде мәңгі қалар,
Шындықтың шолпанындай таңда туған.
Тілеген:
Қанатыңнан қақпайын,
Қалықта, Дәулет, қалықта.
Шаужайыңнан тартпайын,
Шарықта, Дәулет, шарықта.
Ұшық шықсын деп аузыңа
Айтқаның, Дәулет, анық па?
Жапалақ дедің сен мені
Жалпылдаған жардағы,
Осы айтқаның, Дәулетжан,
Жетті тағы халыққа.
Ақылы бар ақын ең,
Қол салмайтын, Дәулетжан,
Айналып тұрған шарыққа.
Сен қорғасын, мен жалын,
Балқытқалы келгемін,
Кіргізейін қалыпқа.
Сұрмерген ақын сен едің,
Желбезекке жебе дарытқан
Судағы жүзген балыққа.
Осылай сөйле, Дәулетжан,
Ақындығың анық па?!
Қыран боп туған қырансың,
Қарғалығыңды танытпа!
Тілмен түй, тісіңменен күрмеңді ағыт,
Тасырқамай төгейін тілден жақұт.
Дәулетжан, Шынболатша ақтарылдың,
Сен де бүгін үлдең мен бүлдеңді ағыт.
Ұртын шайнап жатса да, ұлтым деген
Шынболат сілтей білген бірден бағыт.
Құс тұмсығы секілді қысқа жалған
Болса да маңыздырақ сүрген бақыт.
Сақсырың қанға толып тұрса дағы,
Саңқылдап дұшпаныңа күлген бақыт.
Өзіңнен өлмейтұғын өлең қалса,
Өкінбей бақиға да жүрген бақыт.
Артыңда сұмдық емес, шындық қалса,
Шынболатша өлу де үлкен бақыт.
Шындықты мен айтайын шымшып тұрып,
Қабырғасын қазақтың қыршып тұрып.
Құлаған «Протонның» кесірінен
Қоғадай жапырыларсың сыңсып тұрып.
Жусан исі аңқыған жондарымнан
Уыстап у жұтамын шым-шытырық.
Қыршынынан қиылған жастар аз ба
Ақиқаттың көзінде былшық тұрып?!
Құрсақтағы ұрпақты түсік қылдық,
Жатырда жатқан анау тұншықтырып.
Оны айтатын көкелер жоғарыдағы
Шылбырдай шұбатылды-ау сусып тұрып.
Қыран деп қонақтатқан депутаттар
Шиқылдап танытып жүр шымшық қылық.
У сауып, уыз жеймін деп жүргендер,
Ұшынып қап жүрмеңдер ұшық тұрып.
Құтқаратын күні ертең ем таба алмай,
Ұлт жарасын алмаңдар ушықтырып.
Аспанда ала бұлттан Ай сығалап,
Қоғам тұр мына маған қайшы қарап.
Семсер ұстай білмейтін сертсіз ұлдар
Өкінбей, өкпеме тұр қайшы қадап.
Жаңаарқа, Қарқаралы, Жезқазғаным –
Темір жауғанда ақ далам ойсырамақ.
Бабама берген сертім адыра қап,
Кедей кердең боп барад, бай сұғанақ.
Балама не деп жауап берем ертең,
Далама өшікті екен қай сұғанақ?!
Жерім бай болғаннан соң, халқым кедей,
Алладан соң отырсын халқым демей.
Хантәңірге ұя салған қыран едің,
Қыран қабақ, дүр жігіт алтын көмей.
Қобыз кеуде жігіт ең, Қорқыт үнді,
Жырларымды қабыл ал, салқын демей.
Айтарыңды сен де елге ақтар енді,
Түкті жүрек жігітсің, алтын көмей.
Қызықтап қыпшақ, найман қарап тұрсын,
Қақтығысып көрейік арғын, керей.
Дәулеткерей:
Сөзіңде жылтырайды арман-үміт,
Дәл бүгін келтірмессің қанға күдік.
Қарғалықты танытпа деп айтасың,
Сен менің шаужайымнан жалған іліп.
Арқаның арда туған ақыны деп,
Көрсем деп ем жүрісіңді алда жүріп.
Тілеген, теңеуді де дұрыстап тап,
Қыранға қастық қылмас қарға күліп.
Қандай ед деп сұрайсың ал бұл заман,
Біреуге деп айтамыз тағдыр жаман.
Мұқағали жырының мәні бөлек,
Ақын өлсе қалғандай тағдыр қараң.
Шынболаттың артында шындық қалды,
Алашының алдында самбырлаған.
Сол шындық, осы қазақ аман болса,
Жүрегімен жетпей ме сан жылға аман.
«Әлдекімнің тағдыры бұйырған жоқ,
Сексен жасап сегіз сөз қалдырмаған».
Қазағым жете берсін жылдарға аман,
Жылдарға аман, тәуелсіз тұлғаң да аман.
Халықтың алқасына келген кезде,
Ақынға да керек қой бұлданбаған.
Кешегі өткен ақын мен жыраулардан
Ақын ақын болар ма үлгі алмаған?!
Бүгінгінің шындығы осы боп тұр –
Өсекшіде қызыл тіл сумаңдаған,
Кеншілердің аузына арақ құйып,
Өлгендерді кінәлі қылған заман.
Бүгінгінің шындығы дәл осындай,
Түлкінің құйрығындай бұлғаңдаған.
Қазақтың ашылса екен алдан бағы,
Ақынның аз болса егер зарланғаны.
Шымболаттай шыңғырып шындықты айтса,
Жетеді Тілегеннің арманға әні.
Сарыарқаға «Протон» ғашық боп тұр,
Көре алмас үмітімдей таңдардағы.
Бүгінде ел басқарған мықтылар көп,
Ойлаушы ем деп үміттің жалғанғаны.
Қарашаның қамын жеп өтпеп пе еді,
Қарақасқа ат мінген Қамбар дағы?!
Шындық жайлы айтам деп қиналмағын,
Әрбір ақын біткеннің ол да арманы.
Тілеген, бәрін өзің білесің ғой,
Жарамас ел-жұртыңның таңданғаны.
Ұлтым деп ұлитұғын арландары,
Құлқын жеп құритұғын қалғандары.
Рухын жырлар болсаң елдің асқақ,
Қасқа жол Жезқазғанға келді бастап.
Шынболаттай ағамның тойына кеп,
Ақындығым абырой жолға ұласпақ.
Жезқазғандық ел-жұртым жасай берсін,
Кетпені мен қайласын кең құлаштап!