ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ МЕН БАҚЫТБЕК НҰРАЛИН айтысы
Дәулеткерей:
Абылайлап еске алар хан Кенені,
Армысың, Көкшетаудың халқы өрелі.
Оқжетпестің шыңына оқталасың,
Қарсақтай сағаламай әр төбені.
Сүйетіндей сүйкімің – сұлу Көкшем,
Ниетімдей түп-түзу тал терегі.
Иман нұрын таратқан ел емес пе ең
Науандайын хазірет, халпелері.
Қарыныңды тойдырған әуел бастан
Ақан менен Біржанның марқа өлеңі.
Ал айтысқа көңілің алабөтен,
Кешегі Көкен шалдың қарт өнері.
Өсиет тыңдап өскен ұрпағың бар,
Қасиетсіздің баласы нан тебеді.
Баянғали, Құдаштар сенен туған,
Тайлаққа теңелгенде нар төлемі.
Қасқа айғырдың тегіндей қасқа туар,
Маңдайыңда бақыттың бар төбелі.
Көкшетау, қасиетіңе басымды идім,
Мәліктей ер туғызған мәртебелі!
Басымыздан көшпесе бақ үдеріп,
Көрейін қызыл тілді әуре ғып.
Асқарыңнан, Көкшетау, аспасам да,
Дастаныңнан тастайын дәуір өріп.
Жәудіреген көркіңе көз тояр ма,
Жанарымнан түсердей мамыр еріп.
Биіктеткелі келдім тұғырыңды,
Тарихыңнан жатқанда тамыр өніп.
Қолыңда өскен құлындай құлдыраңдап,
Хан Кененің тойында шауып едік.
Хас өнердің қадірін түсінетін,
Ел-жұртым, ықыласыңды танып едік.
Аламан сағындырмай қоймайды екен
Жараған тұлпарыңды бабы келіп.
Халық берген бағамды қазы бермей,
Озып тұрып оза алмай қалып едік.
Жұрт үшін жазған құлда шаршау бар ма,
Біреуден кем, біреуден тәуір едік.
Тәуекел – тары түссе таңдайымнан,
Көрейін тілеуіңді әлі де құп.
Аңқыма жалбыз жырдан шашу шашып,
Талқыңа түсіп тұрмын тағы келіп!
Алланың нұры жаусын, Көкшедегі ел,
Өзіңнің ықыласыңмен өскен өнер.
Торқалы тойында ұлы ғалымымның
Еңбегім еліме еткен екшеленер.
Зерендінің көліндей жаны тұнық,
Терең білім ұлтыма көксеген ер.
Отан үшін от кешкен батырымның
Ерлігін мақтанышпен қош көреді ел.
Ұлтына айнымайтын махаббаты –
Барлық қазақ қуанып, дос бөленер.
Заманға заңғар тұлға тудырған жұрт,
Қадірің қызыл тілмен кестеленер.
Мәліктей батыр туған қайран елім,
Алымын ақыныңның тексере бер.
Батыраштың кез қылма балтасына,
Құлагердей қара үзіп кетсем егер.
Жортқанда жолың болсын ал, Бақытбек,
Көңілдің көгершінін самғатып көк.
Атаңның абыройын асқақтатшы,
Ақанның Құласындай заулатып кеп.
Ауылыңда той болып жатқан кезде,
Басыңызға қонса екен бар бақыт кеп.
Ұрыста тұрыс болмас, түсінерсің,
Қасқыр болсаң, тісіңді қандатып кет.
Дегенмен айтысқанның жөні осы деп,
Атыңды әкеп салмассың жарға тіктеп.
Сүйексіз қызыл тілде кінә бар ма,
Шамаң келсе, атыммен аунатып кет!
Бақытбек:
Құдайсыз қоғам жатса кесір сөйлеп,
Алла деп атқа қондым есіл сөйлеп.
Мейірі елжіреген бір балаң ем,
Пейілі саған деген теңіздей көп.
Армысыңдар, бақ қонған аяулы өлкем,
Бармысыңдар, болашағым теңіздей көк.
Сабамнан сапырайын сары қымыз жыр,
Сұлуға кигізгендей сегіз көйлек.
Қасиетіңнен айналайын, қабырғалы ел,
Ердің құнын бағалайтын елміз ғой деп.
Қырық бірде атой салған жан көп болса,
Нар Мәке, айналайын, өзіңдей жоқ.
Туған жер туыңды ұстап шықтым тағы,
Кешегі сал Біржанның көзіндей боп.
Көкшетау – батыр ұлға талды бесік,
Мұрасы – Мәкеңдердің мәңгі несіп.
Тағдыры қыл үстінде тұрса дағы,
Баһадүр ұл кетпеген арды кесіп.
Бауыржан мен кешегі Төлегендер,
Ел қорғаған Мәкеңдер қанды кешіп.
Ұлттың рухын қазақтың асқақтатқан,
Қайтейін, бүгін тойда жан жүдетіп.
Тойларың құтты болсын, аяулы өлкем,
Мәкесіне жатқан бүгін тағзым етіп.
Шапқанда шаңы қалған құба белде,
Жүрерсің әлі талай ұнап елге.
Жамбыл мен Сүйінбайдан қалған жырға
Дәулетті айтарсыңдар мұрагер деп.
Бақталастық екеумізде болмасыншы
Тақталастық лаулап тұрған мынау елде.
Ассалаумағалейкүм, сәлем бердім
Айтыстағы дүлдүл ақын – Құлагерге.
Отырсың ағайынның ортасында,
Көкшенің тарих жатса әр тасында.
Оның рас, Кене ханның тойына кеп,
Бақыт тілеп кетіп едің әр басына.
Мен, Дәулет, бүгін тойда тілектеспін,
Жолықпағын Батыраштың балтасына!
Тектіге тән көрсетіп талабыңды,
Көрсетерсің сан айла мен амалыңды.
Сәлем бердім ел алдында, Дәулеткерей,
Биігіме қадашы жанарыңды.
Шөлден көл шығарам деп бекерге сен,
Тасқа шауып тоздырмашы табаныңды.
Қырғидай құйын жетпес қиялыңмен,
Арттырып жүрсің талай амалыңды.
Дүлдүл ақын Дәулеткерей болсаң дағы,
Бұзып-жарып көрейінші қамалыңды.
Қамалыңды, Дәулетжан, от қылайын,
Өнеріңмен разы қылғын көпті лайым.
Дүбірлетіп келген кезде Дәулеткерей,
Қақпаға тура кірген доп қылайын.
Айтарыңды ашып айт, ал ендеше,
Болмаса орыныңнан жоқ қылайын.
Дәулеткерей:
Мәліктей батыр туған мынау ел деп,
Қазақы топырақтың құнары емдеп,
Көрмек боп бұзып-жарып қамалымды,
Бақытбек бара жатыр бір-ақ өрлеп.
Алдымен мақтап алды мына мені
Айтыста құйғытатын Құлагер деп.
Алдыңда құйғытқанмен Құлагер боп,
Жайым жоқ құрған торға құлап өлмек!
Тәңірім ақыныңа дем берген соң,
Көңілің көркем жырға демделген соң,
Біржанның көзіндейін боп отырған
Бақытбек мына маған жол берген соң,
Мәлігімді мәнерлеп жырлап кетем,
Алатаудан арқырап келгеннен соң.
Сұм соғыс қаулағанда өрттей көкті,
Отан үшін киген ұл от көйлекті.
Қызыл жалау кеңестің заманында
Халықтық әдебиетті зерттей кепті.
Жырынан Қобыланды, Алпамыстың
Тайбурыл, Байшұбарды ерттей кепті.
Қозы Көрпеш – Баянның тағдырынан,
Қарабайдай дүние боқ сөйлетті.
Ұрпақтарым, тәубеңнен жаңылма деп,
Аяз бидің шекпенін шешпей кетті.
Қозы – Баян, Қыз Жібек, Айман – Шолпан
Жырларынан ғашықтық дерт сөйлетті.
Асан Қайғы абыздың мұң-шерінен
Туған жерден айнымас серт сөйлетті.
«Таңғажайып адамдар өмірімен»
Кітапқа шығарам деп көксей де өтті,
Мәлікті баласындай көруші еді,
Сәбит те арманына жетпей кетті.
Тәңірісін таныған деп білемін
Халық үшін шеккен ұл көп бейнетті!
Отырса жақсы өлеңді сана сақтай,
Бойында Көкше елінің парасат бай.
Мәлікті кестеледім тіл суретпен,
Әйтпесе, отырғам жоқ дара шапқай.
Бақытбек, ал ендеше, сен не дейсің,
Бабаңның бақ тұғырын аласартпай?!
Бақытбек:
Көкшетау, көрінесің гүлзар қалам,
Құдайдың назары ауған байтақ далам.
Сал Біржан мен кешегі Ақан сері –
Олардан мәңгі өшпестей мұра қалған.
Бабам жайлы айт десең, ал тыңдашы,
Жазған сөзі әдебиетке тұмар болған.
Кешегі Әуезовтей ұлылармен
Өнеріне қазағымның қатар қонған.
Бауыржан мен Төлегеннің ерлігіндей,
Оларға да опа бермей мына жалған.
Мәлік жайлы сұрасаң, ал тыңдағын,
Жақсылап жырлап кетсін мына балаң.
Мәкеңдер шет қалмаған қозғалыстан,
Көрінер тау секілді көзге алыстан.
Ұлтыма ұлы мұра тастап кетті,
Шапағатын шашқандай таңға алыстан.
Бағасын бағамдамай Мәкеңдердің,
Айырылып қалып едік қанша арыстан.
Маңғаз дала Мәкеңді іздеп күрсініп тұр,
Көз жазып қалды далам жолбарыстан.
Етек-жеңі олпы-солпы бұл заманға
Мәкеңдей керек боп тұр бір данышпан!
Сөзі мақал болған жансың Алашыңа,
Қастардың қала көрме табасына.
Маңғаз қарап отырсың ғой, Дәулеткерей,
Ән сыйлаған арда ұл ең Алашыңа.
Өзіңді бауырым деп қадірлейін,
Текті өлең ойдан-қырдан табасың ба?!
Сен де, Дәулет, көктен түскен жоқсың деймін,
Бұған, сірә, болмайды-ау таласың да.
Сол секілді, Дәулетжан, мен де жүрмін,
Қарапайым халқымның арасында.
Темір мініп, атақ қуу мақсат емес
Біз секілді халықтың баласына.
Қадалған жеріңнен ал қан алшы енді,
Жалғашы өлеңімді, аласұрма!
Дәулеткерей:
Қалмағай сөзімізді жұрт ұқпастан,
Күлім қағып келіп ең күн шықпастан.
Аңшыдай абдырайсың, қансонарда
Қызыл таба алмағандай тінтіп тастан.
Ұйқасың ақсақ-тоқсақ боп кетті ғой,
Сырғасы тайған аттай сылтып басқан.
Сілікпеңді шығарып терлетейін,
Сорпа ішкен адам құсап іркіт қосқан.
Нояндай сөз саптасаң жарар еді,
Қояндай қорғаламай бүркіт басқан.
Үдірейіп қарайсың мына маған,
Үкідей өз бойынан үркіп, сасқан.
Өлеңіңнің төрт жолы төрт жақта жүр,
Немістің солдатындай үркіп қашқан.
Сатырлатып сөйлейін, ал ендеше,
Мәліктің саусағындай мылтық басқан!
Бағылан батыр жайлы толғағанда,
Бастайын Бақытбекті оң қадамға.
Өзіңді бауырым деп сыйлаймын деп,
Бақытбек ұсынады төр маған да.
Мәліктің туған үйін жаңартыпты,
Бейбіт күн берекесі орнағанда.
Батырдың ата-анасын қуантыпты
Білікті басшылары сол қоғамда.
Кім ие болып еді иманыңа,
Дүние кері кеткен кер заманда.
Қазақтың даласынан мешіт құрып,
Мұсылманның баласын қорлағанда,
Туған үйін көшіріп Көкшетауға,
Дініңді осы Мәлік қорғаған да.
Қалаға әкеп мешіт қып салдырыпты,
Әкесі рұқсат етіп қолдағанда.
Бұл қалада сол мешіт бар дейді әлі,
Мұнарасы биіктеп жонданар ма?
Шешен, ингуш мешітсіз қалар ма еді,
Ғабдолла шалдың үйі болмағанда?!
Ақындарың біз едік,
Қызыл да тілден баптап кеп,
Қырандай жырды ұшырған.
Кешегі Мәлік батырым
Елім, жұртым дегенде
Қобыздай болып ысылған.
Қарсыласым Бақытбек,
Қатты сөйлей алмастан,
Неге маған қысылған?
Шортанбай ақын айтатын:
«Қарауыл қояр сөзіне
Құдайдан қорыққан мұсылман».
Айналайын Бақытбек,
Шабытыңа қамшы бас!
Митыңдап қалсаң ере алмай,
Қиқулап өтем тұсыңнан!
Бақытбек:
Дәулетжан, жырды саған арнап бағам,
Жан едім тәтті өлеңді ардақтаған.
Бабам жайлы, Дәулетжан, айтып жатсың,
Қорғасындай әр сөзді салмақтаған.
Мен саған шын Батыраш болмайыншы,
Қанжарын күншілдікпен қандатпаған.
Мен сені осал жырмен жүдетпеспін,
Алаулаған тоқтатпайды жүректі ешкім.
Үшінші мәрте айналып келгеніңде,
Биіктен көрінуге тілектеспін!