24.02.2022
  195


Автор: Дәулеткерей Кәпұлы

ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ МЕН НҰРЛАН МҰСАЕВ айтысы

Дәулеткерей:
Жазғаны Жаратқанның жарық жалған,
Бастайын бісміллә деп, қадірлі Аллам.
Алашым, алқаңызға қайта келдік,
Сенің пәк пейіліңді сағынғаннан.
Жалғыздың жары Құдай қай-қашанда,
Болса екен қазағыма Тәңір қорған.
Бүгінгі тойларыңыз құтты болып,
Құдайым айырмаса сабыр жаннан.
Қазағым, сенің үшін жыр төгейін,
Тірек тауып көріңдер табылғаннан.
Қазағым, сенің үшін қыңқ етпеспін
Бес тал сөгіп алсаң да қабырғамнан.
Сен тайдан Нұрлан едің құнан шыққан,
Құнаннан бүгін бесті жуан шыққан.
Қатарлас інілерді дәл өзіңдей
Алатау атырабы гүл аңқытқан.
Жортқанда жолың болсын енді, бауыр,
Көремін ғой мен сені үні артықтан.
Маңғыстаудай маң далаң қолдай берсін,
Жұпар шашқан жусан иіс жыр аңқытқан.
Ал менің тілегімді қабыл қылсаң,
Бүгінгі қайырмаңды тәуір қылсаң.
Алақандап алашың қарсы алады,
Әрдайым адал жырмен сағындырсаң.
Аға болып тілекті мен де айтармын,
Айтыстың Алатауын бағындырсаң.
Кезегіңді беремін енді өзіңе,
Ағысынан өзенді жаңылдырсаң.
Нұрлан:
Ұл неге ақбөкендей орғытпайды,
Шарапатқа кесапат жолықпайды.
Абыл ерін алдына елестетсең,
Тәңір елім тыңдаудан торықпайды.
Ағайын, алдарыңа қайта шықтым,
Бақ болып басымызға қонып бәйге.
Астананың келсе де неше ақыны,
Маңғыстаудың баласы зорықпайды.
Алпыс батпан ауырды көтерген ер
Бес батпанды қосқаннан қорықпайды.
Өзіңді Мэлс ағам баптаушы еді,
Шәкіртім деп бетіңнен қақпаушы еді.
Ұстаз болған сол Мэлс ағамыз да
Сабыр Адай жырларын жаттаушы еді.
Сол Сабыр мына маған аға болып,
Інім деп алтынменен аптаушы еді.
Сен өсірген ұстаны мен өсірдім
Деген мақал сенімді ақтаушы еді.
Апырмай, айтысымыз не болады,
Сарыүйекті сарыүйек шақпаушы еді.
Тілін тапсаң айтатын қарт аңызды,
Самал желің көнекөз шал тәрізді.
Өткен күнге өкініп біз қарармыз,
Аяздай қарығасын арқамызды.
Ағашты балтаменен шапсақ тағы,
Ағашпенен саптаймыз балтамызды.
Бір бақыт – қазақ шалға ұрпақ болу,
Құрғатып тұрса да өмір аңқамызды.
Мойынын соза құлап ыңырсыған,
Алатау мәңгі шөккен нар тәрізді.
Сол нардың өркешінде қысы-жазы
Алынбайтын ақ жабу бар тәрізді.
Дәулеткерей:
Өзіңдей алқаласа ел ардағын,
Ақындар шабыттанып төгер барын.
Дұрыс-ақ, сен тегімді айтып жатсың,
Ол рас, мен Мэлстен жол алғамын.
Мэлстің сол ұстазы Сабыр Адай,
Амандасып ауылында қол алғанмын.
Астанадан қанша ақын келсе де деп,
Бұрқырап жатыр маған борандарың.
Бауырым, еш тынысың зорықпасын,
Ала бер көп бәйгенің қамалдарын.
Тұлпардың тұяғы деп білем сені,
Екі айналып зорықсаң, не болғаның?!
Інімді жетелейді асау арман,
Берейін ақ жолыңды жасап алдан.
Ол рас, текті атаның баласысың,
Үлгі алған Абыл, Ақтан, Қашағаннан.
Шабытты шалдарымның құтты сөзін
Мен дағы көкірегіме қашап алғам.
Нұрландай інім, саған жол болсын деп,
Мен дағы сұрайыншы Жасағаннан.
Халқым да жүйелі сөз сақтайды көп,
Қонса екен басыңа, інім, бақ бәйге боп,
Бір мәтел айтып кеттің мына жерде,
«Сарыүйекті сарыүйек шақпайды» деп.
Қазақтың бір мәтелін мен де ескертем,
«Ұяласты ұялас қаппайды» деп.
Қағазға тіл бітірген қалам шығар,
Қылаңнан бір бөлінсе баран шығар.
Нұрланды Жүрсін ағам таныстырса,
Болашақ бәйгелерге қадам шығар.
Ағаға қарап іні өсер деген,
Өзіңді алдыменен ағаң сынар.
Мэлстен талай жолды мен де алғанмын,
Көп халық біздің жайға алаң шығар.
Дүние кезек деген сөзді айтамын,
Бұл да бір басқа келген заман шығар.
Нұрлан:
Жеті буынға мен салсам,
Тарқасын көптің құмары.
Бұйыртса, бұл ініңіз,
Жолыңызды қуады.
Көп ақынның ішінен
Ай бетінен кіреді,
Күн бетінен шығады.
Абыл, Ақтан, Қашаған
Өлеңнен мүсін жасаған,
Ауыздары дуалы.
Сол шалдарға ұқсаппын,
Арыстанның баласы
Арыстан болып туады!
Қазақта жан болса да мені білмес,
Алашта адам жоқ ғой сені білмес.
«Дарын» деген сыйлығың құтты болсын,
Оны қалай Нұрландай сері білмес.
Қасқайған қанды балақ қаршығасың,
Шеңгеліңе несібе кем ілінбес.
Ініңе ақылыңды айта отырғын,
Кәрі білген нәрсені пері білмес.
Айтыста айылыңды нықтағайсың,
Дұрыс айтса құлды да құптағайсың.
Ұяластар бір-бірін қаппаса да,
Ұрыста тұрыс бар деп ұқпағайсың.
Зәріне шыдай алмай отырсаңыз,
Шаянның ініне қол сұқпағайсың.
Дәулеткерей:
Қазаққа мамыражай заман келсін,
Тәңірім несібесін адал берсін.
«Дарынменен» құттықтап жатсаң, інім,
Ақ жолы ағалардың саған келсін.
Қартайып тұрмасақ та бұл заманда,
Айтыста айқасатын шамам болсын.
Інілерді сипайтын маңдайынан
Әрдайым мендей сенің ағаң болсын.
Нұрлан-ау, бүгін келіп дүбір салдың,
Бөктердің сыр тұнатын гүлін шалдың.
Арыстаннан арыстан туады деп,
Шабытты шалдарымның үнін салдың.
Алмастай қызыл тілің аман болсын,
Жалғанның айы менен күнін шалғын.
Тіл-көзден сақтасын деп мен тілейін,
Сарқыты сен боларсың Сүгір шалдың.
Сарқыты сіз болсаңыз Сүгір шалдың,
Кеп отыр Сүгір шалдың үнін салғым.
Ақындар бүгін сөйлесе
Жүректері лүпілдеп.
Әрқайсының өлеңі
Ұлтым және жұртым деп.
Екеуміз де, Нұрлан-ау,
Айтамыз елге нұр тілек.
Шабытыңнан танбағын,
Алашта болып ардағым,
Осылай сөйлеп жүре бер
Көк мұхиттай күмпілдеп!
Көргенде сендей ініні,
Жас келмей ме жанарға?!
Аға болып алдыңнан,
Ақ жол тілеп қалам да.
Есіңе сала кетейін,
Адайдан туған баласың,
Сүгірдің әніне саларда.
Дауысың жетсін әрқашан,
Шабысыңнан танбасаң,
Дүбірің жетіп ғаламға.
Мен де білем батысты,
Білмесем де АҚШ-ты,
Кешегі шалдардың сөздері
Сақталған менің санамда.
Осы сөзді ұмытпа,
Ұнатпаса бұтақты
Бұлбұл құс ұя салар ма?!
Нұрлан:
Айтыстың алтын тектес ділдәсісің,
Ел үшін қай кезде де жыр басысың.
«Дарын» деген жай атақ болады, аға,
Бірақ сен бұл айтыстың тұлғасысың.
Баланың ісі шала деген сөз бар,
Демей отыр, інің балалық қылмас үшін.
Жаңылысып кетіппін, кешір, аға,
Кәрі емессің, кәрінің құрдасысың.
Жаңа өзің айтқандай,
Арыстанның баласы
Арыстан болып туады.
Жолыңды сенің қуады,
Болған соң аузы дуалы.
Сүгірдің салып сазына
Кеткенменен, қулықты
Бұл інің бірақ ұғады.
Қанша мақамға салсаң да,
Інің қалай бұғады?
Әлі жеткен алып та,
Шалып та, бәрібір, жығады.
Дәулеткерей:
Жыр-думан болсын елім тамашалар,
Ақын бол ақ сөзіңмен бал аша алар.
Алып та, шалып жығам деп отырсың,
Байқаймын, ойыңда әлі тамаша бар.
Ағаңды бөрікпенен ұрып алып,
Деп ойлама шапанмен жаба салар.
Інім ғой деп ізетті сөйлеп тұрмын,
Тірескенмен ағаң да санаса алар.
Сүгір шалдың сазына салып жүрші,
Бабасы еккен егінді баласы орар!





Пікір жазу