24.02.2022
  322


Автор: Дәулеткерей Кәпұлы

ӘБДІҒАНИ БАЗЫЛХАН МЕН ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ айтысы

Әбдіғани:
Ассалаумағалейкүм, ырысты елім,
Бәріміз түбіміз бір түрік дедім.
Жат елден жаңа келді демеңіздер,
Тіл-жағымда болмасын күдіктерің.
Әдебиет дейтұғын дарияның
Жағасынан азырақ су ішкемін.
Жүрсін ағам көтерді қолтығымнан,
Жабырқаған жанымды ұғып менің.
Көңілім көтеріліп асқақтап тұр,
Елімнің сахнасына шығып менің.
Дәулеткерей болыпты әріптесім,
Аймаңдай арулардан үмітті едім.
Қазақтың аруларын – Алматыдай,
Хантәңірдей көремін жігіттерін.
Алтын балық алам деп ау жаямын,
Қанағат қып, олжа көрем іліккенін.
Дәукең де оңайлықпен жан бермейді,
Жөн шығар жұмысыма кіріскенім.
Иншалла, өзіңді, елім, көзім көрді,
Жаратқан жүрегіме сезім берді.
Бабамның қаны тамған бұл мекенге
Ағызып аттанайын терімді енді.
Қазақстан ақындарына рахмет,
Қонақ деп ең алғашқы жолын берді.
Қазағым – малы, басы өскен халық,
Бұрын аздап шапқанмен кетпенді алып.
Ұлағатты іс тындырып ұрпағына,
Маңдай терін далаға төккен халық.
Кейде бөліп рулық, жершілдікке,
Бірін-бірі өзекке тепкен халық.
Патшаның сарайынан кем көрмеген
Жайлауға жайғасқанын қоспен барып.
Кей кездері ұмытып өткен күнін,
Ойнайтыны бар тағы отпен барып.
Жабағысын далаға тастамайды
Жолдасын жолға тастап кеткен халық.
«Қазақ әдебиеті» жетпіске кеп,
Мың азаппен жеңіске жеткен халық.
Жаратқан ұзағынан сүйіндірсін,
Тойын тойлап, мерейі өскен халық.
Ал, Дәуке, өмір жолын түсіндің бе?
Көңіліңнің көгершінін ұшырдың ба?
Елім деп Моңғолиядан келген кезде,
Бастабында жатырқап қысылдың ба?
Жүрсін ағам жүлдеге таластырып,
Асығыңды алшыдан түсірдің бе?
«Дарын» сыйлық алғаныңмен құттықтаймын.
Тіл болмасын, қара жерге түкірдің бе?
Артыңда қалған бауыр, туыстардың
Шаруасын бұрын келіп бітірдің бе?
Біз секілді жол таппай жүргендерге
Астанада қолыңды ұсындың ба?
«Оралман» деп айтқаны орынды ғой,
«Моңғол» деген атақтан құтылдың ба?
Дәулеткерей:
Сөзінен ақын емес есем ауған,
Шығып ем аман-есен неше даудан.
Ассалаумағалейкүм, алтын елім,
Сен едің пейілімді қош ала алған.
Алдыңда бісміллә деп сөз бастайын,
Алла деп аттаған соң босағаңнан.
Ендеше, қанша жерге барады екен,
Қызықтап көріңдерші, «қос оралман».
Армысың, аталарым Алатаудай,
Қадірің кеме қалған Қаратаудай.
Өзіңді анда-санда сағынамыз,
Шабытты шалқар жырмен жаратардай.
Қасыма Әбдіғани ағам кепті,
Соғылсын сол ағама алақан бай.
Боз бота көңілменен боздап келген,
Кәдімгі жер аңсаған сарыатандай.
Деген соң әдебиет – ардың ісі,
Қанғандай жырларымнан жан құрышы.
«Қазақ әдебиетінің» тойы бүгін,
Болса егер алға оның талпынысы.
Шаңырағын көтерген Ғабит пенен
Бейімбет бабалардың жарқын ісі.
Он бес жылдай жабылып қалса дағы,
Тарландай тарылмаған алқынысы.
Әдебиет ұлттың ұлы қазығы ғой,
Ішінде алтын, жақұт, бар күмісі.
Әдебиеті елімнің аман тұрса,
Қазақтың ортаймайды мәңгі ырысы.
Алдыңа келгеннен соң аттай қадам,
Қызыл тіл қылышымды жақ қайраған.
Доспанбет, Ақтамберді, Қазтуғандар
Жалаулы жыр көтеріп атта ойнаған.
Марқасқа Махамбеттей бабалардың
Қалайша намысына шаппай қалам?!
Алтын хакім Абайым бар кезінде,
Жырынан қазағымның бақ таймаған.
Алаштың ай мүйізді серкелерін,
Кесірі-ай, кер қоғамның қақпайлаған.
Ал, бүгінгі тойларың құтты болсын,
Тұсында тәуелсіздік шат тойлаған.
Әдебиет ұлттың ұлы қазығы ғой,
Алыптар алма-кезек ат байлаған.
Ғұмырлы аталардың алтын сөзін
Бүгінгі ұрпақтарың сақтайды аман.
«Өзіммен бірге өлмесін өлеңім» деп,
Қасымша мен де күнде қатты ойланам!
Әбеке, өлең айтсаң желпінерсің,
Түңлігін жыр отаудың кең түрерсің.
Ағама артық кетер мен емеспін,
Сайыста балағыңды сен түрерсің.
Атажұртқа келетін ниетің бар,
Бұйырса, оған да кеп келтірерсің.
Моңғол деген атақтан құтылдың ба
Деп сұрап ініңізге желпінесің.
Аман-есен атажұртқа көшіп келсең,
Мен киген «таз кепешті» сен киерсің!
Жүйріктей жарысатын өскен желмен,
Осылай өлең шығар дос кеудемнен.
Ағайын екеумізді алқалауда,
Атажұртқа келген істі қош көргеннен.
Дәулеткерей, аға, саған ақыл айтпас,
Болмаған соң алты аласы, бес бергеннен.
Мен туған жерімді де ұмытпаймын,
Қасиетін туған жердің ескергеннен.
Екеуміз анау-мынау әңгіме айтпай,
Көп дүниені айтайық көшпен келген.
Сен бүгін бауырыңа бап берерсің,
Қаттырақ кетіп жатсам, тап берерсің.
Осылай інің тағы көсілуде,
Бауырым бауыр жазып шап дегесін.
Қазір біздер отырып кеңесерміз,
Халық өзі айтады нақ төресін.
Отанға келер болсаң, сен Қытайдан
Қандай құнды дүние ап келесің?
Әбдіғани:
Кім осы өз арманын көксемейді,
Әркім де бәйгесіне жетсе дейді.
Ағаң да барар жерге шабар бүгін,
Өзіңдей бауырлары өкшелейді.
Таз кепешті қашан кием деп ойлаймын,
Басыма тазы жұғып кетсе, мейлі.
Шығыстағы ең алып елден келдім,
Өзімдік биігімді термен көрдім.
Түсімдегі қазақтың кең даласын,
Шүкірлік, міне, бүгін көзбен көрдім.
Осынау жетпіс жылдық мерейтойда,
Тілімді жетпіс минут безбендермін.
Сәлем де шығыстағы қандасыңнан,
Сәлемін жеткізейін бергендердің.
Қазақтың әдебиет тарихынан
Тірілтіп жеті атамды көргендеймін.
Алыстағы қазаққа ұрпақ болып,
Апамның бесігінде тербелгенмін.
Үйсін хан қызын алып миллиардтың,
Ақ ордасы тігілген жерден келдім.
Көріп тұр оралманды бүгін халық,
Отыр ғой қимылыңды бүгін бағып.
Мен болсам, жаңа ғана кеп жатырмын,
Болған сенің бұл халық сырыңды алып.
Екі оралман қалайша айтысады,
Отырайық, дейді біреу, түбін бағып.
Егер де Отанға мен оралсам шын,
Келемін тілім менен дінімді алып.
Аңсаймын өз жұртымның тұнықтығын,
Сеземін Жаратқанның ұлықтығын.
Қазақстан достасқан бар елменен,
Сүйемін мәртебеңнің биіктігін.
Әр елдің патшалары келіскен соң,
Жатырмыз шекарадан кіріп бүгін.
Нұрсұлтан ағамыздың нұрлы жолы
Сақтап отыр осы елдің тыныштығын.
Астанаға күллі дүние көз тігіпті,
Алып елдер бастарын иіп бүгін.
Иманғали ағамды әкеліпті,
Түзер деп Алматының былықтығын.
Амангелді, Нұртайдай ағаларым
Айтыспен сыйлапты елге рух күн.
Жүрсін ағам жұптапты екеумізді,
Оралманнан шықсын деп қызық бүгін.
Ал онда көз көргенді айтпаймыз ба,
Жеткізіп көрерменге дұрыстығын!
Дәулеткерей:
Көрікті көмейіңнен өлең шығар,
Өлеңді мына халық кемел сынар.
Мысалға, аға, биік шынар болсаң,
Тамырың мына сенің терең шығар.
Оралманды жұптапты деп отырсың,
Бұл әңгіме бастауы неден шығар?
«Балықтың тілін бақа түсінеді» –
Жүрсін ағам осылай деген шығар.
Еншілі өлеңді елге бердік балдай,
Байқасам, қазағымда кеңдік қандай?!
Қазағым жан-жағына жалтақ еді,
Кезінде бостандық пен елдікті алмай.
«Көпен келе жатыр» деп қорқып кетсем,
Дәулеткерей бұл жайды енді ұққандай.
Елге ораламын деп Әбді ағам,
Көңілі бүгін ғана орныққандай.
Кезінде азаттықты алмай тұрып,
Ши түбін паналаған болдың торғай.
Мойының қашан, қазақ, құтылып ед
Қамытпен қажалаған зорлықтан қай?!
Ендеше, Тәңіріңе тәубе дегін,
Бүгінгі жасап жатқан елдікті аңдай.
Сен екеуміз осы жайды сөз қылайық,
Тіліңе соқа жегіп, жер жыртқандай.
Айта алсаң ақиқатқа жол арнатып,
Жанымның сарайына толар жақұт.
Танауымды таңқитып кеткен талай,
Жанарымды жаутаң ғып бодан-уақыт.
Армандарын аһ ұрып айта алмастан,
Заңғарлар қыла алмаған заманға түк.
Қаншама қазақ бүгін елге оралды,
Қабдештің «Соңғы көшін» сонарлатып.
«Дарабоз» қазақ даңқын көшке өрлетті,
Байрағын Қабанбайдың жоғарылатып.
Таңжарықтың жыры елге жақұт шашты,
Тағдыры әрі аунатып, бері аунатып.
Ақыт қажыны Қытай атқанменен,
Ұлтымыздың рухын тонап жатып.
Жалғанның баянсызын білдіргендей,
Қозы өлгенмен, таппады Қодар бақыт.
Әсеттің әні қалды арғы бетте,
Тыңдаған жұртты ұйытқан манауратып.
Жәркеннің Жайыртауы жұртта қалды,
Туған жер қасиетін бағамдатып.
Зуха қажы бабамның басы қалды,
Біз қазақ қыла алмадық оған да түк.
Шығыс Түркістаным деп шырылдаған,
Оспан батыр, рухың болар ма құт?!
Басы аман бөлтіріктер елге жетті,
Жарасын жазғандайын жалап жатып.
Солардың заңды ұрпағы біз боламыз,
Демеңдер шетке кетіп жоғалды ақық.
Қолда барды бағалай білсең, халқым,
Басыңа өзі келіп қонар бақыт!
Күректі кері тартсаң, кетпен сынар
Бұл заман әлсіздерге өктем шығар.
Қазағым, қай-қашанда намысыңды
Сабырлы сары алтындай сертпен суар.
Алтай мен Анадолы арасында
Көз жасын қанша қазақ төккен шығар.
Такламаканда қырылған қандастарым
Бармақтарың шайнауда өткен шығар?!
Халифа Алтай қартымның қазақ үшін
Дұғасы бір Тәңірдің көктен сұрар.
Елім деген Мұстафа Өзтүріктің
Қазасы жүрегімде өрт қамшылар.
Мысалға, Қажықұмар Шабданұлы,
Өксісең, өзегіңнен дерт тамшылар.
Қысық көздің «қылмысын» жазамын деп,
Тар түрмеде кенезең кепкен шығар?!
Ал бүгін Қазақстан азат күнде,
Қаһарлы қыстан кейін көктем шығар.
Немістерге қазақты таныстырған
Хасен Оралтай ағам текті ер шығар.
«Елім-айлап» өмірің өтіп жатса,
Алдыңнан атажұртың – Меккең шығар.
Жұртымен немереңді қауыштырып,
Отанға оралар мезгіл жеткен шығар?!
Ағасы қарап қойсаң ініңізге,
Өкпе айтпассыз дәл бүгін үнімізге.
«Оралман» деп бір-бірімізді айдарламай,
Ықыласпен қарайық бірімізге.
Дәулетке сынай қарап отырғанмен,
Түріңнен байқалатын сырыңыз не?
Осылай кесіп-кесіп айтсаң, аға,
Шиқан шығып кетпейді тіліңізге.
Әбдіғани:
Бұл халық екеумізге тамсанған жан,
Атың алыс кетіп жүр жар салғаннан.
Оралман боп шынында қуанамыз,
Дәмелі боп өз елің қарсы алғаннан.
Дәулеткерей, бұл күнде атың шыққан,
Алты алашқа шынында арқаң бар жан.
Ағаңның адымын да сен ашарсың,
Білесің бе, тілінен арқандалған?
Артық жерім жоқ деймін елден менің,
Көрдім мен айтыс деген керуендерін.
Өлең етіп азырақ айтқым кеп тұр,
Бұл жаққа кеп көзімнің көргендерін.
Ақындар бір жылда бір сөз аламыз,
Деп келдік өз еліміз – өз анамыз.
Ар жағынан аман-есен келіп алып,
Шекарадан өте сап тоналамыз.
Паспортты тексеретін ағаларға,
Қой болып келіп кіреміз қораға біз.
Айқайлап, адыраңдап, айып салып,
Содан соң болам дейді өз ағамыз.
Қалаға кеп документ тіркетуге,
Делдалдардың өтірігіне оранамыз.
Олардың да аузына ақша тығып,
Сонан соң барар жерге жол аламыз.
Мұның бәрі ескерусіз қалып жатыр,
Айтпасақ дәл осындай додада біз.
Келгенде құшақ жайып қарсы алатын
Таза болса жарар еді шекарамыз.
Адамдықтың орынын ақша басса,
Біз қайтіп құдіретті ел бола аламыз?!
Мен неге шындық десе тоқталамын,
Егер өйтсем, ертеңге жоқталамын.
Қазақтың қасиетті даласынан,
Деп келдім, білім алам, дос табамын.
Ақыл-кеңес бере ме деген оймен
Ағалардың алдына көп барамын.
Кейбіреуі қуады конторынан,
Қуып шыққан орыстай шошқаларын.
Бұқа қуған танадай бұқпантайлап,
Бірте-бірте жасқаншақ боп барамын.
Ауылда шал-кемпір мен жетім-жесір,
Мәз-мейрам тағы ішіп жүр тостағанын.
Жастың бәрін солдатқа әкеткендей,
Баяғы соғыс жылын еске аламын.
Қазаққа қазақшаны ұқтыра алмай,
Ресейде жүргендей боп қаламын.
Сағынып алыстағы ел – ел дейді екен,
Ел дейді екен, сағынып шөлдейді екен.
Өзгенің өрісінде жүрген халық
Өз елін жұмақпен тең дейді екен.
О, тоба, Қазақстан он каналдан
Жырғаған бір қазақша көрмейді екен.
Үні өшетін уақыт болды десек,
Орыстар әлі де ырық бермейді екен.
Күні бойы орысша шығады да,
Ел жатқан соң қазақша сөйлейді екен.
Дәулеткерей:
Бар еді ағамызға ізет дейміз,
Біз неге адамдықты күзетпейміз?
Ақиқат айтып жатсаң, Алла разы,
Біз неге шындық десек тыз етпейміз?
Жақсы әңгіме айтайық той үстінде,
Қазақстанды екеуміз түзетпейміз!
Ақын боп көрінесің өрік таңдай,
Отырсың алқалы елге беріп маңдай.
Атажұртқа оралшы аман-есен,
Бабамның байлығына молыққандай.
Жігіттің біреуі едің жыр білетін,
Шалдардың сөздерінен жөн ұққандай.
Екеуміз екі жаққа кете берсек,
Жылағанға өкірген жолыққандай.
Қос оралман әңгімесі қызық болар,
Осынау ілдәлдәға көніп қалмай.
Торқалы тоймен елді құттықтайық,
Мысалы, мыстан алтын қорытқандай.
Бір жұлдыз ағып түсті жыр көгімнен,
Бір түймем үзілгендей ілгегімнен.
Халқыма көңіл айтып мен сөйлейін,
«Бісміллә», «әлхам» сөзді білгенімнен.
Оразалы қазасы қайыр болсын,
Жүйріктің біреуі еді жүлде мінген.
Досы боп бір-екі ауыз сөз айтайын
Айқасып аламанда бірге жүрген.
Қайтқасын қол бұлғасып, қош тірлікке,
Жалғанға қоя алмайды ешкім нүкте.
Ортекедей ойнақтаған Оразалы,
Біз сенің қасиетіңді кеш білдік пе?
Алтынның қолда барда қадірі жоқ,
Өмірді арзан сүріп, бос күлдік пе?!
Қаймана қазақ жұртын қан жылатып,
Көз жасын қайран ана төккіздік пе?
Бауырым, жатқан жерің жайлы болсын,
Тірлікте баспаушы едің тексіздікке.
Ораз-ау, қадіріңе кімдер жетті,
Бес тиынға тұрмайтын бес күндікте?!
Кеткендей толып бүгін заман зарға,
Қарыс баса алмаймыз қадамды алға.
Періште пешенеңе жазады екен,
О баста пенде болып жаралғанда.
Шарғын, Қойдым, Көдек пен Таңжарықтан
Тартылған салиқалы санаң барда.
Мейірін тыңдағанның қандырушы ең,
Сүмбідей жал-құйрығың таралғанда.
Құлдыраңдап шабушы ең құлын құсап,
Құланаяң Құлмамбет бабаң барда.
Сен едің Сүйінбайдан қалған сарқыт,
Жоқ еді ашкөздігің аларманға.
Жамбылдай жыр-жамбыны құлатушы ең,
Жанарың жай оғындай қадалғанда.
Сен өліп, жоқтау айтам деп ойлап па ем,
Қу тірлік қу жанымды амалдауда.
Талантты пұлсыз беріп, құнсыз алса,
Құдайдың құдіретіне шараң бар ма?!
Айналайын ағайын,
Бүгінгі мына тойыңда
Алға бір қадам жасайын.
Әдебиеттің ары үшін,
Қазағымның бағы үшін,
Өлеңімді термелеп,
Шашуымды шашайын.
Аңқылдап келген ағама
Дос құшағымды ашайын.
Ал, аға, әрі сен сөйле,
Мен өксігімді басайын.
Әбдіғани:
Ежелден аз болған жоқ қазағымда ұл,
Атағы дүниеге таралып жүр.
Ұлағатты ұл, ибалы қыздарменен
Ел болып жыртығымыз жамалып жүр.
Соның бірі – кешегі Оразалы,
Қасиетті гүлі еді даланың бір.
Көріп ед біздің елдің қазақтары,
Әр сөзін қуат қылып, нәр алып жүр.
Қара жер қалай ғана жасырды екен
Ақынның алаулаған жамалын гүл?!
Жырмен елді тербеткен боздағым-ай,
Әр таңда сағынышпен жазамын жыр.
Қасиетті қарғалдақты іздеп келіп,
Сипалап қалғаным-ай сабағын құр.
Уа, халқым, ақынды шын құрметтесең,
Бір минут үнсіздікпен аза білдір.
Дәуке, бөтен емессің сен де маған,
Дей көрме сыбағамнан кенде қалам.
Ақындардың ішінде алымдысың
Тастаған күн-күн сайын өрге қадам.
Халқымның ықыласынан айналайын,
Не керек деп айтамын өзге маған.
Өткенде иман, тіріде береке боп,
Болыңдар, айналайын, сендер аман.





Пікір жазу