ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ МЕН МЭЛС ҚОСЫМБАЕВ айтысы
Дәулеткерей:
Маңғыстау – кие тұтып келер Меккем,
Құйса егер Тәңір бізге өлең көктен.
Алқалы алтын елдің ықыласы,
Жоқ, сірә, қыран қанат төмендеткен.
Айтыста, ең ақырғы айналымда,
Ақындар төкпелеп жыр төгер деп пе ең?!
Мэлс аға, мерейің үстем болсын,
Айтыста ақ домбыра бебеулеткен.
Сен едің талай топта озған күлік,
Жоқ сенде сынған таға, тозған ғұрып.
Сертіңе берік тұрар тұлғалысың,
Көркіңе көрермендер көз қандырып.
Алтынмен теңеді деп ойламағын,
Алыстан анау-мынау жезді алдырып.
Ұлтыңның өр рухын ұлықтайсың,
Жұртыңның жүрегінде сөз қалдырып.
Шабытыңды сынайын шаршы топта
Сексеуілдің шоғындай қоздандырып.
Мэлс:
Дегендей айтысқанда кім саналы,
Осы сұрақ көкейді тұмшалады.
Бәріміз білім қуған ақын едік,
Болар ма өлең-жырдың мұнша бағы?!
Өсекең қайта-қайта қасыма кеп,
Түзесе, микрофон үн салады.
Айтыстың Ай мен Күні шыққан кезде,
Аспаннан ала бұлтты тұмшалады.
Сарқырап өлең, шіркін, құйылғасын,
Арқырап мен шаппасам, кім шабады?!
Дәулетжан, біз Алаштан жол алғанбыз,
Демессің сахнаға қонар жалғыз.
Астананың атақты ақынысың,
Өзіңді іздер жүрген қоғамнан біз.
Сабыр ағам айтатын қимастықпен,
Әрине, біз әзірше Оралданбыз.
Тырнақшаға алып бір айтар болсақ,
Оралда біразырақ жоғалғанбыз.
Алтайдың алғыр туған бүркіті едің,
Із кесіп үйренгенбіз сонардан біз.
Оралдан туған жерге келгеннен соң
Тұғырға тұйғын болып қона алғанбыз.
Сахна келіп-кетер жеріміз ғой,
Қалмайық біреуміз де содан жалғыз.
Сахнаға жүретін келіп-кетіп,
Дәулетжан, екеуіміз де «оралманбыз»!
Дегендей жатық сөйлеп жаттыққайсың,
Айтыста ақтарылсаң аптықпайсың.
Інім деп сені құрмет тұтушы едім,
Әрине, басқалардай шаптықпайсың.
Дегенмен, әзіл айтып бір көрейін,
Сен өзің тал бойыңды нақты ұстайсың.
«Бандыны қуған Хамит» деген кино бар ғой,
Өмірлік бәйгедегі бапты ұққайсың,
Сол кинода Хамитпен алысатын,
Сен өзің Құдіреге қатты ұқсайсың!
Дәулеткерей:
Маңғыстау – майлы қиян төрің қандай,
Ақынға дем беретін желің қандай?!
«Арқырап сен шаппасаң», кім шабады,
Мэлстің бойындағы сенім қандай?!
Бұл адайдың алқасы жібермейді,
Қансорпа, тамшылатып теріңді алмай.
Ендеше, ықыласты өлеңменен,
Тілегім айтылса екен менің балдай.
Арқырап сен шапқанда, қайтер едің,
Еміреніп тыңдайтын елің болмай?!
Тұрғанда ұлтың да аман, жұртың да есен,
Жорғадай жолға түскен бүлкілдесең.
Мен де сізді шын қатты сыйлаушы едім,
Айтыста кетпей жүр ғой бір тілге есең.
Мэлстей мерейі асқан ақыныңды,
Көреді алты алашқа ұлтым көсем.
Әрине, ақындығың қайда сенің,
Туған жер тұғырында сілкінбесең!
Мэлстің назарына ілінемін,
Шап десең ақбөкендей бүгілемін.
Мэлстің әзіліне береке бер,
Кейпін менен таныпты Құдіренің.
Бойымды тік ұстаған, нық ұстаған,
Ірілікке ұмтылған інің едім.
Айтыста банды болса, аттатпаймын,
Ендеше, бабым келді, жүгіремін.
Айтыста алқынғаның сезілместен,
Шабасың шапшаңдықпен көз ілместен.
Есімде менің мәңгі сақталады,
Каспийде телегей жыр-теңіз кешкен.
Ақындық жүрегіммен кете алмаспын,
Жұртымның ықыласын сезінбестен.
Өзіңді ұстаз тұтып мен жүремін,
Айтыста тұсауымды өзің кескен!
Демегін ақын қиял бос алдайды,
Табылар аламанға қосар бәйгі.
Алдыға қарап бойын түземесе,
Артқылар адал болып өсе алмайды.
Бабалардың хаттарын жаттамаса,
Балалардың шабысы осалдайды.
Ендеше, Мэлс, өзің әрі жалға,
Өткір пышақ өз сабын кесе алмайды.
Мэлс:
Дәулетжан көз алдымда көлбеген ғой,
Ағайын айқай салып демдеген ғой.
Құдіре деп әзілдеп айтып едім,
Демессің мына маған сенбеген ғой.
Кеңестің заманында банды болған,
Бүгінде Құдірені ер деген ғой.
Ал Хамит Құдірені қуған екен,
Сол үшін өзін баптап жөндеген ғой.
Айтыстағы бандыны қуам дейсің,
Өзіңе келіп отыр келмеген де ой.
Бандыны банды қуса не болады,
Шамасы, ол киноны көрмеген ғой!
Ақынмын аруақ қолдап бағы асатын,
Адымын айтысқанда әрі ашатын.
Тәңірім жарылқаса алдымыздан,
Бір асқан бағы бүгін тағы асатын.
Ағайын қызық көріп отырғанда,
Біздің де жөніміз бар жарасатын.
Маңғыстау қасиетті мекенім ғой,
Әлемге әйгілеген жаңаша атын.
Түрікпенді төрт бостырған Шерқаладан,
Дауымшар бір құдам бар арашашым.
Ақырып Сүйінқара атқа мінген,
Аллағұлдың алдыртқан Қарашашын.
Қамсыз ер, қарт нағашым, қайран Шабан,
Қасқа атпен шауып тағы барататын.
Бөрібақы дегенді иттей қылған
Түрікпеннен Балуанияз әрі асатын.
Судан шыққан Сұғынның айғырына
Бесқаланың бектері таласатын.
Сеңсең бөрік кигендер селкілдеген
Сараздардың жылқысын санасатын.
Береке қонған үйдің белдеуінде
Көкмойнақтың үйірі таң асатын.
Біз сондай тұлпарлардың тұяғы едік
Кірпігі жусағанда таң асатын!
Айтыстың жақсы салты бар еді ғой,
Қадамын інілердің аға ашатын.
Адам түгіл, мен өзім сағынғанда,
Сүйемін Маңғыстаудың қара тасын.
Дәулеткерей, қадамың құтты болсын,
Айтыстың арттырайық алапасын.
Өзіңдей серілермен айтыссам деп,
Сыртыңнан талай қыздар таласатын.
Мәжіліске депутат болмасаң да,
Парламенттен кем емес парасатың.
Сен де бір суырылған сүлей едің,
Мінгендей ертегінің ағаш атын.
Дәулетжан, сені айтқыш деп айтып жүр ғой,
Ауызын сәл ашса да дәл ашатын!
Дәулеткерей:
Маңғыстау, киең асқан белес пе едің,
Осы ғой мен ағаммен теңескенім.
Алқалы сөз танитын ағайынға
Бір мерей менің келіп кеңескенім.
Ол киноны көрмесем, көрмегем де,
Мен саған Құдіре боп елестедім.
Менен несін сұрайсың, ол кезде мен
Алтайдың ар жағында емес пе едім?!
Бұл Мэлс жырмен таңды атырмақ қой,
Айтыста ата аруағын шақырмақ қой.
Қарсы келген тоңдырар қарсыласты,
Арқаның аязындай сақылдақ қой.
Депутатқа теңейсің, қалжыңың ба?
Әзілдің қымыранын сапырмақ қой.
Білесің, ақын деген қай-қашанда
Халыққа Құдай сайлаған депутат қой!
Мысалға, шабыттансаң өлең туар,
Телегей теңіз болса терең тынар.
Мэлстей ақын туғанға разымын,
Қазақтың қасиетін кемел қылар.
Аға боп ақ жолыңды сен көрсетсең,
Ізетпен інілікке мені ертіп ал.
Мэлс аға, асықпа,
Айтысқанда арбасқан,
Қызыл да тілің алдаспан.
Ақынсың деп айтасың,
Тұлпар тұяғын дәл басқан.
Қарсылас болып шыққанда,
Қалқанын сайлап қамдасқан.
Өзіңе тартқан ініңмін,
Ағадан жолы жалғасқан.
Алтайда туған ұланмын,
Арайлы шыңын қар басқан.
Мэлс мықты болады,
Талабымды сан да ашқан.
Інің де осал болмасын,
Жағаңа қолы жармасқан.
Мэлсті тағы көрейік,
Шабыты қазір шалқыса,
Айбатынан жау қашқан.
Маңғыстаудың нарындай,
Маң-маң басқан, маң басқан,
Шудаларын шаң басқан!
Мэлс:
Жеті-сегіз буынмен
Мен де алаңда төпейін.
Дәулеткерей, айтыста
Осы болса көкейің.
Сайыстың шарты қатал ғой,
Салғылассаң не етейін?!
Қашаған менен Нұрымдай,
Алдарыңда айтысып,
Басып озып кетейін.
Термелеп сөзді төккенмен,
Белгілі сенің көкейің.
Жағаңа қолды салам деп,
Айтқан бір сөзді не етейін?!
Аузымнан от өлеңді
Бүркіп тастап кетейін.
Арғымақтай басымды
Сілкіп тастап кетейін.
Қара өлеңнің қаймағын
Кілкіп тастап кетейін.
Маңғыстау деген даладан
Қанаттарын қомдаған,
Ізімнен ерген айтыста
Бүркіт тастап кетейін.
Руым менің қырықмылтық,
Мұңалдан, сірә, тараған,
Өзі қырық болғасын,
Дәл біреуден қалдырып,
Мылтық тастап кетейін.
Інілігің белгілі,
Қансонарда алшаңдап,
Жолыңдағыны жасырып,
Сүртік тастап кетейін.
Жағама қолың жармасса,
Сілкіп тастап кетейін!
Маңғыстауда туып өскен
Абыл менен Ақтандай.
Шын ақынның белгісі,
Бәйгеге түскен бапталмай.
Дәулеткерей, қалың ел
Риза болып отыр ғой,
Қала ма сені көргенде
Ақ тілегін ақтармай?!
Мына отырған кемпір, шал
Үйіне бармас шаттанбай.
Алтайдың арғы жағынан
Бер жағына келгесін,
Әлде де талай бапталғай.
Сағынысып көрістің
Алтайдан келген хаттардай.
Екі көзің қараған
Жайнап тұрған шоқтардай.
Домбыраңды ұстайсың
Қайыңнан соққан шоқпардай.
Қос жүйріктің шабысын
Осы ағайын көргенде,
Сөйлейін тағы тоқталмай.
Зеңбіректей күркілдеп,
Сен тұрғанда қасымда,
Атылатын доп бардай.
Тағы да сөйле, ал, қазір,
Толғау айтып тоқталмай.
Маңғыстаудың жерінде
Өткен ақын-жыраудай,
Солардай тағы атты алғай.
Ізінен басқан ұрпағын
Көріп бүгін шаттанғай.
Қашаған менен Нұрымдай
Жеті қайқы аруағы
Бір аунап түсіп жатқандай!
Тырыссаң егер намысқа,
Қадамыңды қарышта.
Арғымақтың белгісі –
Айтыста шабар алысқа.
Өткендерден ұлағат –
Мастанбаңыз табысқа.
Ізімнен ерген інім деп
Айтып жүрсем болғаны,
Өзімдей басып, жанышта.
Термелеп тағы кеттің ғой
Ұшатындай ғарышқа.
Өрмелеп тағы кеттің ғой,
Ұқсамайсың танысқа.
Екеуміз мына айтысты
Жеті-сегіз буынмен
Аяқтасақ қайтеді,
Қызғасын бір намысқа?
Осыған сен келіссең,
Домбыраңды тағы ұста.
Қашаған менен Нұрымдай,
Әбубәкір, Сырымдай
Айтарыңды бағышта.
Төгіп айтшы төкпелеп,
Он бір буын, мысалы,
Қара өлеңге ауыспа!
Дәулеткерей:
Төгіп айтсам өлеңді,
Мэлс ағам таңдансын.
Жармаспаспын жағаңа,
Өз әніңе салғансын.
Осы сөздің астарын
Мынау халық аңғарсын.
Ініңнің мынау жырынан
Сүбелісін таңдарсың.
Ізімнен ерген інім деп,
Аманат сөзді жалғарсың.
Мен де, ендеше, төгейін,
Өзіңе ұқсап көрейін,
Мэлс аға, айтыста
Артымызда шаң қалсын.
Алашқа біткен ақынсың,
Маңдайың елге нұр шашқан.
Өлең іздеп жүресің
Қарағай, қайың, сұр тастан.
Мысалға, айтыс – аламан,
Аламанның белгісі –
Бабы келген жылқы асқан.
Оза шапқан ақынға
Ағайын-жұртым гүл шашқан.
Ақиқат айтар Мэлссің,
Арттағыға өріссің
Жырымен жұртқа мұң шаққан.
Барлық елге сағыныш,
Көрмегенді сусатқан.
Сендей ақын ағаға
Іні болсам арман жоқ,
Өлеңмен елді өргізіп,
Жырымен жұртты жусатқан!
Мен осылай толғасам,
Ағайын-жұртым, жебейсің.
Мэлс ағам айтқандай,
Демессің ешкім өгейсің.
Інінің болса қатесі,
Елекке салып елейсің.
Әуеніңді сап жүрсем,
«Дәулет інім, керейсің»
Деп айтарың белгілі.
Мэлс аға, ендеше,
Өзің де жырмен демейсің.
Төгіп айт дедің осылай.
Абыл, Ақтан, Нұрымды
Жырыма айтсам қосып-ай,
Ініңді тағы көргейсің,
Ірілігімнен шошымай.
Мінеки, төгіп айттым ғой,
Мэлс аға, ендеше,
Талантыма не дейсің?!
Мэлс аға, өлеңді
Төгіп те айтсаң ырзамын.
Шын тұлпардай қолтықты
Сөгіп те айтсаң ырзамын.
Ақбөкендей адырда
Желіп те айтсаң ырзамын.
Сары алтындай жұртыңа
Еріп те айтсаң ырзамын.
Жүре бермей Оралда
Маңғыстауға маң басып,
Келіп те айтсаң ырзамын.
Қасыңдағы ініңді
Сынап та айтсаң ырзамын.
Асқарынан Алтайдың
Асып аққан өзендей
Құлап та айтсаң ырзамын.
Баяғы бір шалдардай
Домбыраңның құлағын
Бұрап та айтсаң ырзамын.
Сынаймын деп Дәулетті,
Талқысына бұл елдің
Шыдап та айтсаң ырзамын.
Мен Мэлстен жеңіліп
Осы айтыста, ағайын,
Жылап қайтсам да ырзамын!