24.02.2022
  310


Автор: Дәулеткерей Кәпұлы

ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ МЕН РИНАТ ЗАЙЫТОВ айтысы

Дәулеткерей:
Қара өлең қасиетімен дәстүр ұлық,
Айтыстың ақ жолында бәс тігіліп,
Алдыңа «Аллажар» деп біз де жеттік,
Келгендей аламанға ат шұбырып.
Ассалаумағалейкүм, байтақ қазақ,
Артатын жүзі жылы жақсыға үміт.
Алатау бой көтерсін асқақтықпен,
Балапан ой қалмаса бастырылып.
Тыңдарманды ырза қып біз жырлайық,
Ринат – іргемдегі жақсы жігіт.
Ұры алыстан келмейді деген сөз бар,
Сондықтан сенде боп тұр басты күдік.
Съезге делегат боп келген жандай,
Қасыңа Сиазбекті хатшы қылып,
Жекпе-жек айтысам деп жетіп кепсің,
Қалмасын тіл мүдіріп, жақ сүрініп.
Атаңнан қалған алтын, күміс жырды
Қолыңа ұстатайын тәпсі қылып.
Бісміллә деп сөз бастап бір байқайын,
Қанша жерге барарсың қатты жүріп.
Ринат:
Уа, Дәке! Саған бүгін кек тізбеймін,
Бірақ та өңменіңнен өткізбеймін.
Барсам да қанша жерге қатты жүріп,
Әйтеуір, мына саған жеткізбеймін.
Бісміллә – сөздің басы, Құран Кәрім,
Аузыма атын алдым бір Алланың.
Сиынып ата-баба аруағына,
Тұлпарын тәуекелдің тұмарладым.
Алдаспан ақ домбыра қолымдағы,
Құлшынып «Қаптағай» деп ұрандадым.
Ассалаумағалейкүм, басымды идім,
Армысың, аламанға құмар қауым.
Серт ұстап, мен сермесем сөз семсерін,
Қалайша оған қызбай тұрар қаның?!
Көгінде Алатаудың қалықтасын
Алтайдан ұшып келген қырандарың.
Шаттықтың жандыра алсам шырағданын,
Жүзінде жарқын елдің тұнар ма мұң?!
Қиырға барып көрсін қос сағатта
Жиырма минут айтатын ұландарың.
Шектеусіз текетірес тер шығатын,
Боп еді ұзақ шабыс ұлы арманым.
Бел будым жекпе-жекте белдесуге,
Көрейін, шығып кетсе, шығар жаным.
Шешіліп айтар болсам парықты өлең,
Айдыны жырдың болар анық терең.
Жасындап от шашса егер шапалағың,
Арындап шаршы топты жарып көрем.
Бабасы текті болған айбынды елім,
Баласы баба салтын дәріптеген.
Далаға ұқсаған ең көкірегіңе,
Кеңпейіл ақжүректік дарып терең.
Кеңдікті, елдігіңді, ерлігіңді
Қалайша жырламаймын шабытпенен?!
Бойымда жұдырықтай күнәм болса,
Жауабын Жаратқанға барып берем.
Жекпе-жек біздер үшін – майдан бір шын,
Сондықтан ақын қару сайландырсын.
Сізге де сәлем берді Дәулеткерей,
Құлашын ерекшелей жайған бір шын.
Айтыстың шарты солай болғаннан соң,
Амалы асқан ақын ойран қылсын.
Я, Алла, қансонарға келгенімде,
Сәт түсіп қанжығамды майландырсын.
Азулы Астананың арланы еді,
Бұл сөзім көпшілікке ой қалдырсын.
Алаңсыз жортқанымен арлан байғұс,
Қыранның не қыларын қайдан білсін!
Қолыма алдым домбыра
Сырларға толы пернелі.
Алқалы топқа осынау
Айтуға сөзді зерделі.
Айналайын ағасы,
Ағайынның айызы
Қансыншы осынау айтыста,
Кеп тұрған қызық көргелі.
Орнымыз мынау төрдегі,
Құдайдың бұл да бергені.
Дәулеткерей-ай, ағасы,
Біреуі едің-ай текті ұлдың.
Аянып қалма сен де енді,
Еліңе таныта екпін мың.
Назарын мынау жұртымның,
Есінде қалсын тек бұл күн.
Дүйім алаш алдында,
Өзіңменен мен мұнда
Айқасқалы кеп тұрмын.
Ләззат алсын жамағат
Жалынды біздей жастардан.
Көркем де өлең сізде бар,
Айнымаған дастаннан.
Тәуекел жүрек бізде бар,
Жайым жоқ ешбір жасқанған.
Бір кезде өзің айтқандай,
Ешкім жоқ мынау жалғанда
Салбырап түскен аспаннан.
Дәулеткерей:
Бұл айтыс – бабамыздан қалған дәстүр,
Жиналсаң ағайын-жұрт армандас бір.
Ринат, сен көсіліп шауып жатсаң,
Хантәңір саған тартар таудан басқұр.
Арланды түлкіменен шатастырма,
Ағаңмын аңқылдаған шамданбас бір.
Қыранның не істерін сезсе дағы,
Апанға тығылмайды арлан қасқыр.
Жігітсің белді бекем қынай білер,
Білмегенін біздерден сұрай жүрер.
Дұрыс-ақ айқасқаның бұл айтыста,
Айқаспасаң, атыңды кім әйгілер?
«Тай – тыздаяқ келеді» дейді қазақ,
Сол тайға дала тоссын шұрайлы бел.
Ринаттың екпіндеп сөйлегені
Біздердей ағасына ұнай жүрер.
Жеткізбеймін дейсің ғой бүгін саған,
Қыран болсаң, көрейік, құмайды ілер.
Өз тасыңды отырсың төрттен қойып,
Танытқаның дұрыс-ақ бұлай жігер.
Жеткізбесең, көрерміз, сабыр сақта,
Құмалақтың да есебін Құдай білер.
Байтақ жатқан жаһанда бағасы ірі,
Әулетсің әлімсақтан алаш ұлы.
Әр жартаста тарихтың таңбасы бар,
Балбал тасқа басылған баба сыры.
Барымталап кетсе де қыңқ етпейтін,
Мал ашуы болғанмен жан ашуы.
Қасқа жұртты көрмедім қазақтайын,
Басқа жұрттың қолында бар асылы.
Күлшелі бала сынды Қазақстан,
Қадалған жат көздердің қара сұғы.
Жат жарылқамайды деп шалдар айтқан,
Қазақтың қазақ қана жанашыры.
Бұл күндегі елімнің бар бақыты –
Қайғысыз ішіп жатқан қара суы.
Бәтуасыз болмаса мықтылары,
Мүмкін емес ақ жолдан адасуы.
Азаттық баста тұрса айтысармыз,
Ринат, дұрыс жүлдеге таласуың.
Бірақ та мен жеңем, сен қаласың деп,
Керек емес ертерек бал ашуың.
Халықтың бірлігін біз жырлайықшы,
Елдіктің бірлік қана дара шыңы.
Жалғанның жарқындығын айқындайтын
Тәуелсіздік – көзімнің қарашығы.
Ринат:
Біреулер топқа түссе мақтан қылад,
Кете алмас сонда дағы Хақтан жырақ.
Аузыма Алла сөзді салса, жеңем,
Жалғанда сұрамаспын жаттан бірақ.
Ол рас, кім жеңерін Құдай білер,
Сонда да айтатыным, сақтан бірақ.
Айтыста жеңу мақсат болмағанмен,
Арттағы жеңіп кел деп аттандырад.
Үкілеп ауылыңнан жіберген соң,
Жақсы емес қарсыластан жатқан құлап.
Жырла деп жаңа айттың бірлігімді,
Таныттың солай, аға, ірілігіңді.
Болса егер бәрі жақсы бұл қазақта,
Сонда біз көріп жүрміз кімді мұңды?!
Бәрі де бірлік-бірлік деп айтады,
Деректі қалқан қылып құнды-құнды.
Бірақ та бастықтарың бөлінеді,
Осындай саясаттар жынды қылды.
Ішінде ақындардың ағасың нар,
Тыңда, енді, бауырыңның наласын бар.
Алтаусың Астанада ақын деген,
Байрағын оның қорғай аласыңдар.
Астана астана боп жатқалы, рас,
Елімде бір ерекше жарасым бар.
Өздерің супержаңа шаһарсыңдар,
Бірақ та біз дегенде шаласыңдар.
Қол жайып, көмек сұрап бара қалсақ,
Бәлені бюджетке жабасыңдар.
Халыққа көрінбейтін миллионға
Балыққа аквариум саласыңдар.
Бюджетте, шыныменен, түк болмаса,
Бұларға ақша қайдан табасыңдар?
Етікке етін тыққан Шығайбайдай,
Ел десе, кедей бола қаласыңдар.
Дәулеткерей:
Отыр ем бауырымның халін сынап,
Демеймін, үнің сенің жарым шығад.
Елдікке бірден басты қойып кетіп,
Отырсың мына менен тәлім сұрап.
Астана – бар қазақтың бақ ордасы,
Әлемге айбынымен танылсын-ақ.
Ақша деген, білесің, күнә басы,
Демеймін, бізден сұрап жалынсын-ақ.
Облыс деген өз алды ел боп жатса,
Басқаға үлгі етерлік тәлім шығад.
Астанаға алақан неге жайып,
Әкімдерің жүреді қайыр сұрап?
Еліңнің бар, мысалы, кен, мырышы,
Еңбекпен өтелмей ме ер жұмысы?
Жаңадан қаз-қаз басқан Астанаға
Мықтылардың сіңсе екен ерлік ісі.
Ал сендер жәрдем қылу орынына,
Ақсақ қылып кеткендей кем жүрісі.
Облыс өз еңбегімен ақтап алса,
Бар емес пе орнында өндірісі.
Астананы аяқтан шала бермей,
Асқақтату керек қой, ең дұрысы.
Ринат мені алдымнан тостым деді,
Алдымда тайдай шауып екпіндеді.
Ырыссыздың тайындай тепкілессең,
Мәселенің шешілмес еш күрмеуі.
Ағалықтың орыны бөлек болар,
Бауырым, бір дегенмен достың жөні.
Айтысқа аттан салып келгеніңде,
Тіліңмен тіле сөйлеп кестің нені?!
Шыңдаусыз өнеріңді қалдырады
Тұрлаусыз дүниенің бос дүрмегі.
Ал сен болсаң, өстім деп өрекписің,
Жырыңнан жұғымды сөз естілмеді.
Желсөзбен әңгімеңді буазытпай,
Жөн сөзбен жылжыт әрі көшті ілгері.
Мына елге мағыналы жырыңды айтқын,
Берекемді кетірмей бес күндегі.
Ринат:
Мен бүгін сөз айтайын тірі адамша,
Бұл дәурен баста тұрар, сірә, қанша?!
Дейсің бе Астананы қолдау керек,
Жан-жақтан кеп жала жауып сынағанша?
Бірақ та Астана да көмек қылсын,
Қарап тұрмай ауылдар құлағанша.
Ауылдағы кемпір-шалдың халін білсін,
Өлгеннен соң өтірік жылағанша.
Осылай бүгін ағамыз
Әдептілікке беттей ме?
Мен айтсам егер шындықты,
Шабытқа қамшы етпей ме?!
Астанада тығылмай,
Депутаттар отырған,
Ауылға келіп кетпей ме?
Дәулеткерей ағасы,
Сен бірлікті айтасың.
Әншейін ғой айтқаның,
Айтасың да қайтасың.
Өткен жолғы бір жайды
Бауырың бүгін байқасын.
Ер Махамбеттің тойында
Сен еліңе жыр арнадың.
Мэлспенен айтысып,
Жан-жағынан сарнадың.
Сарнадың да зарладың,
Өз атаңның тойында
Өзің жүлде алма деп,
Жағасынан қармадың.
Енді тыңда ар жағын,
Өзің келген соң егеске,
Бет бұрғайсың, аға, кеңеске,
Сонда қалай, Махамбет
Сенің атаң емес пе?
Өтемесұлы Махамбет –
Бар қазақтың атасы,
Есімі оның ерекше.
Бір айтыстағы жеңіске
Қазақты бөлу керек пе?
Бірлік деп айта ма осыны,
Ақындардан шықпасын
Мұндай жіктің бүлігі.
Бөліп алып кетердей,
Аталарым емес қой
Қазақтардың мүлігі.
Кешегі сонау аталар
Қас дұшпанға қылыш пен
Дөп түсіп жатқан құрығы.
Ал, бүгінгі заманда
Қазағым неден іріді?
Араңа салып жік біреу,
Бірлігің неден шіріді?
Тағы сөйлесем екпіндеп,
Елдік мынау – жеттім деп
Оралмандар кеп жатса,
«Оралман» деп ат қойып,
Өзектен оны тептің кеп.
Десең де маған «қайғырма»,
Шындықты айтпасам, ағасы,
Айналып кетем маймылға.
Ағайын, саған айтарым,
Екі дүниеде ешқашан
Бірлігіңнен айырылма.
Ұлдар ек ұлы өнерге есік ашқан,
Айырмамыз көп біздің есуастан.
Өнер сүйген өреннің қашаннан да
Таңы толғау болады, кеші – дастан.
Қонақ болып келгенде тыңдарманы,
Бағлан жырды бауыздап, етін асқан.
Бірақ сен қонақ емес, қарсылассың,
Сондықтан қамдана бер осы бастан.
Тап берсем, ердей оққа төсін ашқан,
Ентікпессің ессіздей есі қашқан.
Бауырыңмен біраз минут сілкілессең,
Кетпейді жер жарылып, көшіп аспан.
Дәулеткерей:
Ринат, елді жырға бөлеп жатсың,
Құйылып, көмейіңнен өлең ақсын.
Інімді мен төбеме шығарайын,
Демеймін, қанаттарын төмен қақсын.
Інім ғой деп сипалап мен отырсам,
Балақтан басқа шығып келе жатсың.
Махамбеттің тойында ел бөлдің деп,
Айттың ба ақиқатты керек-ақ шын?
Айтысқа мен шыққалы он жыл болды,
Сондықтан да жырларым терең ақсын.
Он жылда бір машина мініп едім,
Ринат, ішің тар боп көре қапсың.
Жырлаймын қазақ дейтін аймағымды,
Айтармын ақындықпен жайларыңды.
Оралманның жайында сөз қозғасаң,
Қызыл тілмен қалқиын қаймағыңды.
Алтай асып мен келіп, Алатауға
Асқақтаттым жырыммен байрағымды.
Інімді іргелеп кеп отырғанда,
Сылдырлатып көрсеттің сайманыңды.
Дәулеттің сөзін бүгін алға тартып,
Кемсітпек боп отырсың қай дарынды?
Ұсақ сөзбен әңгіме айта бермей,
Ер болып асырсаңшы айбарыңды.
Інішек, ішің күйіп отырса егер,
Қайтып ал көшке берген тайлағыңды!
Ринат, дәл осындай баталы шақ,
Қырандар бабы келген қатар ұшад.
Қой асығы болсаң да иірейін,
Қолыма мен қомсынбай, сақа құсап.
Ағаңа артық-ауыс сөйлеп жатсың,
Сөздерің әлсіз, қызыл шақа құсап.
Астанаға дүрілдеп кеп, дірілдеп кеттің,
Бір көрінген римдік папа құсап.
Ашайын ағаң болып нағыз құшақ,
Екеуімізге шақтағандай дәл ізгі шақ.
Қиқаласпай, біз дұрыс айтысармыз,
Баяғы бабалардан бар із құсап.
Дәулетті үлкен қылып сөйлегенмен,
Күзден белгі беретін тамыз құсап,
Астанаға келдің де кетіп қалдың,
Күліп кеп, жылап қайтқан қарыз құсап.
Құмай сынды ағайын,
Алдыңда сенің жүгініп,
Домбыра алып қолыма,
Адалдықпен иіліп,
Ақындарың айтысса,
Отырарсың сүйініп.
Сырлы сұлу сөздерім
Өр Алтайдан құйылып.
Тайбурыл аттай тайпалып,
Шалқұйрық аттай шайқалып.
Құлагер аттай құбылып,
Іргемдегі Ринат,
Жасай берме ірілік.
Ақиқатты сөз айтсаң,
Отырармын жүгініп.
Қыңыратып қайтесің,
Қуды құрықтап құбылып.
Қалмаспыз біз дәл бүгін
Абыройдан жығылып.
Айтыстың алтын төрінде
Ақ байрақтай тігіліп.
Алыстан қара көрінсе,
Арғымақ шабар тігіліп.
Әрі қарай сөзді сен жалға,
Қазағым, қайсар ел едің
Өнерден тапқан ірілік,
Өлеңде жатқан ұлылық.
Ринат:
Ұл едім артатұғын елге сенім,
Ринаттың қайтармақсың сен меселін.
Астанаға барып, қайта қайтып едім,
Ақындар таратып жүр елге өсегін.
Ректоры қуып шықты дейді біреу,
Асырмақ болып біреу енді есебін.
Аса алмай Астананың алтауынан,
Қиналды дейді біреу кенже серің.
Осындай жаман лақап әңгімені
Мен қалай бұл арада жөн десемін?
Ерекше еркелеткен Мырзекеңнің
Құлындай ойнақтаған кенжесі едім.
Бірақ та туған жерін сағынатын,
Сезімтал жаратқанның пендесі едім.
Туған жердің қасиетін сен білмесең,
Алтайдан асып мұнда келмес едің.
Мен бүгін осылай жыр таратам да,
Айтамын ақиқатты бар адамға.
Орынсыз тағамын деп ініге мін,
Көңілге салып жүрме, аға, таңба.
Аялап ұстасаң да алақанда,
Ұясын қимайды екен балапан да.
Астанаға барсам да,
Кедейліктен өлгем жоқ.
Семейге қайтып келсем де,
Сорлы болып келгем жоқ.
Семейде жүрген ақынның
Сорлы болғанын көргем жоқ.
Көзің жетпесе айтайын
Тізіп-тізіп барлығын.
Ұлықтатып нарлығын,
Мен айтпасам бұл жерде,
Ақтайды екен арды кім?
Өзің танисың, Дәулетжан,
Біздің сонау Семейде
Тыныштықбектей көсем бар.
Төлегендей шешен бар.
Ол аз десең, тағы да,
Төкен деген көкең бар.
Үржар жаққа бір шықсам,
Кәп пен Егеухандайын
Өзіңнің әке-шешең бар.
Олар да біздің ақындар,
Қасына бардым солардың.
Қасына қайтсам егер де
Адаспаған болармын.
Бергі жағын айтайын,
Өзің айтқан Сиазбек
Ашынған ақынның бірі еді
Күнде-күнде жүретін
Басшыларда ми аз деп.
Сол Сиабек ашыпты
«Наркескен» деген мектеп деп,
Сол Наркескеннің түлегі
Сарадайын қарындасым
Астанаға беттеп кеп,
Аңқитып тұрып аузыңды,
«Волгаңды» мініп кетпеп пе ед?
Еліме сөз тигізсең егер де,
Мен емеспін қымсынар.
Еліме мені шақырған
Бабалар салған жол шығар.
Қанша жерден, ағасы,
Астана болып жатсаң да,
Бөсе бермеген жөн шығар.
Дауылсыз дірілдемес емен басы,
Елді айт дедің,
Мен айтам, сен аңдашы.
Бүгінде қазақ тілін тұншықтырған
Адамдар төрімізде боп алмақшы.
«Еларна» да елімізді елеңдетіп,
Қазақша арна боп ед ең алғашқы.
Сол кезде қазақ қатты қуанып ед,
Түзу жолға түсті деп ел арбасы.
Ес кіріп, елден жырақ қалған қарт пен
Елеңдеп көруші еді өрен жасы.
Шұбар тілмен бұзылып ортасында,
Өріс таппай қиылды өнер басы.
Орысша сайрап кеткен соларыңның
Ұрпаққа белгілі үлгі бере алмасы.
Елу де елу заңы болғанменен,
Ол заңның және мәлім жеңе алмасы.
Ешқандай ережеге бағынбайтын
«Еларна» осы қай халықтың телеарнасы?
Құлағын бүгін сөзге түрген бар жұрт,
Болмайды сөз төкпесек тілден бал қып.
Тілдің жайын айтайын, ал ендеше,
Жүрген жан болмаған соң жүлдеңді аңдып.
Мінбеге шығып алып ескенменен,
Қазақ тілін қорғады кімдер мардып?
Тоң майға тойып жүрген тексіздерің
Қазақ тілін әлі де күрмеуде аңдып.
Ұлт болғанның, ағайын, құны қанша,
Қырқылып қала берсе тілден нәр, құт?
Қазақты да «казак» деп айтып жүр ғой
Өзгенің әмірімен үрген мәңгүрт.
Ауызыңды сасытпай тына қоймас
Азуыңның түбіне кірген қанқұрт.
Дәулеткерей:
Семейлік Ринатқа обал екен,
Қырандай шын биікті шолады екен.
Туған жерге кетіп қалдым деп айтады,
Жауабы маған берер сол-ақ екен.
Елдің бәрі аңсаса туған жерін,
Демеймін, көңілден гүл солады екен.
Мысалға, Астанада Нұрағам бар,
Мәртебесі әлемде жоғары екен.
Премьерді, білесің, Керекуден,
Оған кімдер «қайдансың?» деп қарады екен?
Фариза апамды айтсам, атыраулық,
Сөздері алтындайын сом-ақ екен.
Шерхан ағам сөйлейді Парламентте,
Қара тілде сөйлесе, тағалы екен.
Ринатқа берсең де қандай жауап,
Әйтеуір, бір сылтауын табады екен.
Бауырымның сөзіне қарағанда,
Айтып жатқан мағынасы шолақ екен.
Мысалға, Нұрсұлтандай ағамыз да,
Демеймін, көштен қалай қалады екен.
Шамалғанда отырып ап, онда сенше,
Елді басқара берсе болады екен.
Ақындар жырына елді бөлегендер,
Бар дейсің қазағымда нелер ерлер.
Семейдің топырағы қасиетті,
Абай, Мұхтар, Шәкәрім жебеген жер.
Сен айттың бүгін жүрген жақсыларды,
Келешекке көз тастар көрегендер.
Тілдің жайын қозғайсың тамырлы ғып,
Демеймін ағын су да төмен өрлер.
Қазақты қай ұшпаққа шығарады
Ана тілде нан тауып жемегендер?
Мен айтсам тілдің жайын толғамды ғып,
Тастармын тыңдағанды толғандырып.
Баяғы ақындар да бастың қамын
Күйттемеген, білесің, ол – заңдылық.
Елдің мұңын мұңдасын деген сөздей,
Кетіпті келісті ғып жол қалдырып.
Астанаға, дегенмен, құрмет керек,
Қазақта төрдей көрер ордаңды ұлық.
Ринат, ірі сөйлеп кетіп жатсың,
Артыңда күміс, алтын сом қалдырып.
Бір-бірімізді отырсақ келеке етіп,
Жасап алып жатармыз қолдан бүлік.
Шапсақ, шаба береміз тапырақтап,
Болмаса егер мінген жорғаң – күлік.
Елдің жайын айтайық елеп-екшеп,
Әйтпесе, желген атқа жел жаңғырық.
Тоқтының тауып берер Тәңір асын,
Маңыраса, марқа қой маңырасын.
Байлардың мұртын балта шаппайды екен,
Білесің сөзімнің бұл мағынасын.
Жердің дауы – мәселе ең бірінші,
Оны ойласаң, жүрекпен қамығасың.
Жерді сатса, алдымен байлар алар,
Кедейлер, түк қыла алмай жанығасың.
Тимейді киіз жауса – құлға ұлтарақ,
Тамырда қаның жүрмей тарыласың.
Бүгінгінің көргенде көсемдерін,
Баяғының билерін сағынасың.
Ал біздің билікшілер саудагердей –
Сөйлессең, әңгімеңнен жаңыласың.
Үкіметтің құлағына алтын сырға,
Біздерден бұл тілекті қабыл алсын.
Баяғы бабалардың моласына
Бұралқы иттер бұт керіп сарымасын.
Ринат:
Шабытын жігіт едің от шыңдаған,
Өзің жалғыз болғандай отсың маған.
Екі сағат бергеннің бір жарымы
Саған кетіп қалад деп топшылағам.
Тегінде, жартысы оның менікі еді,
Бұл ойымнан және жөн шошынбаған.
Өзің жалғыз бір жарым сағат сөйлер,
Сабақ беріп отырған жоқсың маған.
Қазақпыз байтақ жерін мақтан тұтқан,
Байлығы бар тау менен тастан шыққан.
Аңдамасаң, аңдыған қалғуыңды
Дұшпаның бар жеріңді қатты аңдысқан.
Базарыңа қаптап жатыр қарақытай,
Қапты тесіп, барыңды шашқан тышқан.
Және біреу жер беріп жатыр дейді,
Алакөлдің аймағын сатқан мыстан.
Байрағыңа қол салып жүрмесін де
Аймағыңа қол салып жатқан дұшпан.
Бағзы да бағзы бабалар,
Аталар менен ағалар.
Елінің қамын ойлаған
Ерекше туған ағалар.
Салп-салпыншақ үш өзен –
Салуалы ордаң қонған жер.
Ата қоныстан айырылсаң,
Өлгеніңмен пара-пар.
Қоғалы көлдер, қом сулар
Кімдерге қоныс болмаған?!
Кешегі өткен сол заман
Қазағым талай сорлаған.
Бірісі келіп басынып,
Ұлыңды құл ғып қорлаған.
Бірісі келіп, тасынып,
Қызыңды күң ғып зорлаған.
Оларға келіп қосылды,
Сары түсті, көк көзді
Қоңырау қаққан оңбаған.
Осынау өткен күндерді
Талай да талай толғаған
Кешегі өткен даналар,
Кешегі өткен даралар.
Бабаларша күңіренсем,
Қос көзімнен қан ағар,
Көмейімнен зар ағар.
Аңдамасаң, ағайын,
Жеріңді сатып алғасын,
Қойныңа кірген сұм жылан,
Уыты бойға таралар.
Қандала бүгін жер алар,
Ертеңгі күні жан алар.
Осылай бүгін сөйлеймін,
Қызынып арқам қозғасын.
Алқалы топтың алдында
Бүлкілдеп көмей боздасын.
Айтарым саған, қазағым,
Азғындап халқым азбасын.
Тозғындап салтым тозбасын.
Барыстыққа бастаса,
Ел ағасы жол басын,
Тек жақсылық болсын деп,
Оны да Құдай қолдасын.
Тілерім жалғыз, қазағым,
Көрінбесін енді көз жасың.
Дәулеткерей:
Ей, Ринат өренім,
Тілге де шешен шеберім.
Тасқа да түзу кіреді,
Қағуын білсең шегенің.
Сабақ беріп отырған
Жоқ дейсің ғой сен маған,
Тарылмас менің көлемім.
Астанадан сабақ ап,
Аулыңа қайтпап па ең
Шекерге толып шелегің,
Толтырып жырдың көгенін.
Сабаннан ары сарғаяр,
Күні кеткенде беденің.
Қоразға қодыраңдайды,
Жемсауы толса шөженің.
Астанаға өзіңді
Шақыртқан аға мен едім.
Шәкірт боп келген сен едің,
Қасымнан тауып жеп едің
Өнердің талшық қорегін.
Тақымы тайға тимеген,
Есектен басқа мінбеген
Ақтақым бала сен едің.
Ескеріп сенің соныңды,
Тарбағатайға апарып,
Мінгізіп аттың төбелін,
Басына бастап шығып ем
Құзарлы шың мен төбенің.
Үзеңгіге аяқ тигізіп,
Шылбырыңды жидырып,
Тізгініңді теңедім.
Атаңның атқа мінісін,
Атанның қалай жүрісін,
Санаңа сенің сіңірдім
Салт-дәстүрін көненің.
Тайғанақ бала күніңде,
Табаныңның бедерін
Бекітіп берген мен едім.
Сары ауыз бала күніңде,
Балапан құстай баулыған
Қияқты сұңқар мен едім.
Ал, енді, былай сөйлейсің,
Айранын ішіп біткесін,
Аяғын деме тебемін.
Қасымда жүрдің іні боп,
Табылған кезде керегің.
Қанағат деуің керек ед,
Кетпесе әбден кенеуің.
Өзіме де обал жоқ,
Айналайын ағайын,
Асырап баққан күшігім
Өзімді қабар демедім.
Қиюы қашқан дүние-ай,
Қай болашаққа сенемін?!
Ринат:
Астанаға, ойбай-ау,
Шақырған мені сен бе едің?
Ал, енді жауап алайын,
Жақынырақ кел бері.
Уәде берген, ағасы,
Стипендияңды бермедің.
Жібермедің айтысқа,
Тек қорлық болды көргенім.
Енді осыған, ағасы,
Берейін бүгін шын баға.
Сын тағылар сынға да,
Мін табылса мінге де.
Аға болсаң шынымен,
Қылған ісіңді бұлдама.
Қасыма келгеніңде от кешем деп,
Тілейтінім, сол оттан өтші есен тек.
Өзім асырап-бақтым деп айтасың-ау,
Ініңнің мүмкіндігін шектетем деп.
Көңді қозғалта алатын байғұс қоңыз,
Дәмеленед тауды да шеттетем деп.
Айқасатын адамың жерде болса,
Адаспа алдаспанды көкке сермеп.
Айтарың болса, аға, бетіме айтқын,
Бейбағыт шаба бермей текке терлеп.
Сен өгіз емессің ғой, Дәулеткерей,
Соқа тарта беретін соқты екен деп.
Айтыстың қара нары болсаң дағы,
Қайтесің қапталыңнан «шөк» десем кеп?
Сәл сабырлық қып отсам, мақтанбағын,
Інімді осы жерде жеп кетем деп.
Шабақтың қалғығаны жақсы емес қой,
Шортан ораза ұстайтын бопты екен деп.
Сабақ алып өзіңнен,
Талабымды шыңдағам.
Ұстаздарсыз жүрекке,
Ол рас, өлең тұнбаған.
Бірақ жөн емес, ағасы,
Осының бәрін бұлдаған.
Бүгінгі күні келіп ап,
Дәулеткерей ақынға
Сөйлеме дейді кім маған?!
Мен қалайша жекпе-жек
Сайысында құр қалам?
Өздеріңдей ағамен
Жарысқанда шыңдалам.
Берілсінші деп келдім
Ініңе де бір бағаң.
Қай болашаққа сенем деп,
Тағып отырсың мін маған.
Сұлтанмахмұтша жырласам,
Қараңғы қазақ көгіне
Қалықтап шығып күн болам,
Күн болмағанда кім болам?
Арайлы аппақ таңы атып келген,
Қазақ деген халықпен шаттықты ем мен.
Тарихыңды айтып біту мүмкін бе еді
Том-том боп керуенмен уақытқа ерген?!
Тек сіздерге Алла алдында жауап берер
Далаң менен балаңды сатып келген.
Өйткені қазақ деген қайсар халық
Жыршының таңдайынан жақұт терген.
Бұл қазақтың мен де бір баласы едім
Қой құлағын жегенді бақыт көрген.
Айта алмасам арлы сөз,
Болады тіл мен жаққа сын.
Қиқулап, елім, қолдасаң,
Ал, жіберейін ат басын.
Біз қазақ деген ел едік
Ғасырдың ашқан қақпасын.
Бөрі де болған бұл қазақ,
Тағылық таңы атқасын.
Жылқы да болды бұл қазақ,
Тұяғын сермеп шапқасын.
Қыран да болды бұл қазақ,
Әуеде қанат қаққасын.
Түйе де болған бұл қазақ,
Заманның жүгін арқалап
Бүгілмей келе жатқасын.
Бұғы да емген бұл қазақ,
Ажалдан алып қап басын.
Тазы да болған бұл қазақ,
Түлкінің ізін баққасын.
Біз болмаған не қалды,
Талайдың дәмін татқасын?
Барыстыққа бет алып,
Көш түзедің баққа шын.
Олай болса, ағайын,
Келешек мынау ұрпағың
Ұлылыр сөзін жаттасын.
Қаймана қазақ баласын
Шошқа болғаннан сақтасын.
Ал мен бүгін айтар болсам көп мән-жайды,
Шығаратын жайым жоқ жоқтан қайғы.
Біз кейде елдің мұңын айтқанменен,
Жақсының нақты жоғы жоқталмайды.
Ағайын, ал егер де құлақ түрсең,
Балаңыз болған жайды ақпарлайды.
Кешегі коммунизм заманында
Айтысты талай білгіш шоқпарлайды.
Сол кезде Ермановтан басқалары
Бел буып, көш түзеуге оқталмайды.
Себепсіз жұмысынан қуылса да,
Ел үшін төземін деп тоқталмайды.
Міне, осындай ерлік қылған ұлдарыңыз
Бүгінде мен сөйттім деп мақтанбайды.
Ал біреулер сахнада әнші болып,
Аузын жыбырлатып көпті алдайды.
Одан соң орден менен атақ алып,
Өнердің құдайы боп аттандайды.
Өнеріңді сақтаған Жүрсініңді
Қаһарман деп атасаң көп болмайды.
Қазақтың бір жақсысын жарылқаса,
Үкімет те тақыр кедей боп қалмайды.
Білмеймін, аға, сен де термелейсің,
Бірақ та ессіз ойға ермегейсің.
Ал, енді саған кезек ұсынайын,
Осы жайлы, Дәулеткерей, сен не дейсің?
Дәулеткерей:
Бұл жайға мен де, інім, құлшына алам,
Демеймін қызыл тілді қыршып алам.
Қазақта үндемей іс бітіретін
Жақсылар аттан салып, ыршымаған.
Қазақтың тамырына қан таратқан,
Жортқанда жолың болсын, Жүрсін ағам.
Ақындар сізге бөліп берер еді,
Алтын тауып алса егер бір чемодан.
Тілімнен талай ойлар туғалы отыр,
Демеңдер ұлы өнерін бұлдап отыр.
Бауырыммен айтысып аламанда,
Көңілім көктем гүлдей жырғап отыр.
«Сәлем, Қазақстан!» деді Жүрсін ағам,
Бұл сөзден көңілімде сыр қап отыр.
Біздің бұл аламанды, мен айтайын,
Баян-Өлгейлік қандастар да тыңдап отыр.
Қыран құс қия шыңда түлегендей,
Қанатын қаққан сайын үдегендей.
Үлкендігі соншалық садағының,
Шамасына қарамай шірегендей.
Дөң-айбатың әзірге жаман емес,
Жігіт пе ең оңайға ақы жіберердей?!
Оң жағымнан бір шығып, сол жағымнан,
Титықтап, інішегім жүдегендей.
Ал, енді, бермен қара, мен сөйлейін,
Табанды текті сөзге тірегендей.
Ұяда жатқан шөже торғай құсап,
Аспанды аяғыңмен тірегендей.
Ринат, маған қарап жақсы сөйле,
Әншейін ыржың қағып күле бермей.
Бабаның салтын ұқшы аға сыйлар,
Аңқиып аузыңды ашып жүре бермей.
Арқада Есіл менен Нұрам қандай,
Тұнығынан тұрмассың құмарланбай.
Абылай хан жайлаған Көкшетауда
Ұлт үшін айтылатын ұран бардай.
Азаттық ақ таңы үшін арпалысып,
Кенесары қолына ту алғандай.
Қабанбай жатқан далам қасиетті,
Семсерін сертке ғана суарғандай.
Ақан мен Біржан салған аяулы әндер
Жүректе жасырылған ұлы армандай.
Оқжетпестің шыңына ұя салып,
Кетпейді Көкшетауға қыран қонбай.
Баянауыл, Жасыбай, Сексенкөлдің
Бетіне бес жүз аққу құралғандай.
Қоқиқаз қонатұғын Қорғалжынның
Қасиетті екеніне күмән қандай?!
Зерендінің қасында, Жыландының
Басында Балқадиша сыланғандай.
Баянауыл басынан бұлты көшіп,
Қарқаралы басынан түн ауғандай.
Иманжүсіп жырлаған Ерейменнің
Тасынан көшті бүгін мұнар қалмай.
Ал, Карлаг пен Алжир еске түссе,
Мойнымда кешірілмес күнәм бардай.
Одаққа миллиард пұт астық берген
Сарыарқа төсіндегі құнар қандай?!
Бабамның жүрген ізін айтып өтсем,
Заманның қылбұрауы бұралғандай.
Сарыарқам саңлақтарын сағынады,
Құлагердің соңында құнан бардай.
Інішек, мен осылай нөсерлеттім,
Шөліркеген шөліңді суарғандай.
Сарыарқамды Алматыда бір жырлайын,
Алатаудың шыңына шығарғандай!
Ринат:
Ау, аға, енді салма кімге бүлік,
Сарыарқаңды мақтадың білдей қылып.
Сарыарқадан басқа да далалар бар,
Адасқан жоқсың оны білмей жүріп.
Алаштың аяулы ақыны болсаң егер,
Бар қазақты сүйе біл бірдей қылып.
Семей деген – сен өзің жар салған жер,
Талай серілік қылып ән салған жер.
Алғаш көшіп келгенде Алтай жақтан,
Құшақ жайып өзіңді қарсы алған жер.
Сол Семейді сен неге жырламайсың,
Ойың жоқ қой көрермен тамсанған жер.
Ал, енді, мен шығарсам байлаудан ән,
Семейдің мұңын ойлап қайнауда қан.
Естімес елдің жайын ел жақтағы,
Тойынып тоңмайына тойған надан.
Кезінде ерекше еді қадірің де,
Бар алашқа тұғыр болған қайран қалам.
Ал бүгінде келіп ап талай адам,
Ортаңнан ап опырып ойрандаған.
Атомның аз болды ма сынақтары,
Қайғыдан адам түгіл қой маңыраған.
Енді кеп жанармайын төгіп жатыр,
Басына тағы да сап ойран заман.
Ертіске төгіп улы қалдықтарын,
Арақтың заводын сап ойрандаған.
Енді әкімнің атын жаттап үлгермейсің,
Бірі кеп, бірі кетіп шойнаңдаған.
Жеп-ішіп тойып кетер қонақ құсап,
Бірі де елдің қамын ойға алмаған.
Қазыналы қара орманым өртенсе де,
Тек қана қара басын ойлауда адам.
Күніңді жарқыратар азамат жоқ,
Мұңыңды естіп тағат жойған балаң.
Тапсырам енді кімге ертеңіңді,
Тірлігі бір оңалмай қойған қалам?!
Дәулеткерей:
Босатып маңмаңгерді мама ағаштан,
Өлеңге өрнек салдым бала жастан.
Семейді, ау, Ринат, мен жат көріп,
Жайым жоқ ауыздықсыз ала қашқан.
Данышпан Абай туған хан Шыңғыстың
Қасиеті қашаннан дара дастан.
Мұңменен жан жүрегін жамап-жасқап,
Мыңменен жалғыз өзі жағаласқан.
Шариғаттан қолына шырақ алып,
Иығына қару қып қалам асқан.
Шәкәрім қажы туған Қарауыл тау,
Көгімізден жұлдызын жағады аспан.
Мұхтардай мықты туған біздің Семей
Бүгінде бастарынан бақ адасқан.
Әкімдер мойын бұрмай қойып жатса,
Байлыққа болғанынан шала мастан.
Әрине, Семей мені қарсы алған жер,
Өнерге сол арадан араласқам.
Ұлы Абайдың тойында мен де, інішек,
Қарт Семейдің атынан қадам ашқам.
Сондықтан іркілетін жағдайым жоқ,
Тұлпарымды сол Семей тағаласқан.
Қазанаттай қарқындап шауып келем,
Азаматтай көкпарға араласқан.
Сен менің қадамымды санап жатсың,
Ағаңа әріптеске жарап жатсың.
Тайдың тері ащы болар дегендейін,
Сөзді кейде кемістікке балап жатсың.
Семейдің мұңын айттың қайғыланып,
Елдің мұңын айта алсаң, жарап жатсың,
Ринат, маған енді түсіндірші,
Көпіріңді онда неге тонап жатсың?
Мен дағы өз жайымды шамалағам,
Қазақ үшін қайғырар адал адам.
Інімді іргеме алып мен айтыстым,
Бәтуалы бата алып бабалардан.
Қожанасырлығың көп кейпіңде, інім,
Өзі отырған бұтағын аралаған.
Ринат:
Көпірді тонадың деп көріп алмақ,
Дәкең ойын жақсылап жорыған-ақ.
Сол көпірден тегінде түскендерді
Сен жақтағы бастықтар бөліп алад.
Жайың бар мына жұртқа жазаланар,
Айтпасам, көкейдегі ой қаза болар.
Мен бүгін қылмыс жайын баяндасам,
Білемін, бұл ой бүгін бағаланар.
Жылына мыңдап адам сотталады,
Оларға қолданатын жаза да бар.
Сонда да азайтпады сұм қылмысты
Тақиясы тақуасыз таз ағалар.
Себебі неден болды деп бұлардың,
Өкініп, ұлт ұлдары мазаланар.
Парақор сотымыз бар сауысқандай,
Жем көрсе, жазықсыз деп жаза қалар.
Жазықсыз көгершінді істі қылып,
Құзғын мен шұбар жылан бажа болар.
Мысалы, суда жүзген балықтан да,
Қарасаң, мысал көп қой қазақ алар.
Балық та бас жағынан шірігенмен,
Бірақ та, құйрығынан тазаланар.
Қылмысты да жоғарғы жақ жасағанмен,
Тек қана төменгі жақ жазаланар.
Көңілім дәметпейді сыйдан тегі,
Көп еді бауырыңның жиған шері.
Жақында болып діндер құрылтайы,
Шырқалды көп ілімнің қилы әндері.
Жиналып Астанаға басын қосты
Кришнаит, Буддасы мен Иван келіп.
Жақсылықтың нышаны деп мұның бәрі,
Үкімет күдіктенбей, иланды елі.
Сонда бұл қалай болды, түсінбедім,
Әуелде назарымыз иманда еді.
Келеңсіз көп құдайдың кесірінен
Онсыз да ислам діні қирауда еді.
Ол аздай, Астананың ортасынан
Жер беріп, синагогқа жинал деді.
Сол жерді, Құдай білед, сұрап барса,
Мұсылманның ұлына сыйлар ма еді?
Медресе болып тұрса, артық па еді,
Қайдағы синагогқа қиған жері?!
Тосылмай енді жырлайын,
Бабаларымдай бұрынғы.
Жасырмай сенен сырымды,
Төгейін саған жырымды.
Астана жайлы айтқанда,
Бұзасың неге түріңді,
Ала қашып басыңды,
Түсіресің құныңды.
Саңғыдың деп ұяңа,
Жазғыра көрме ініңді.
Дос болып айтам жылатып,
Дұшпандық деме мұнымды.
Қырқатын қуың мен емес
Жұмыртқадан жүніңді.
Іздейтін пәлең мен емес
Тырнақ астынан кіріңді.
Кемшілік көрсе көзбенен,
Жеткізетін сөзбенен,
Айналайын ағайын,
Жөнімен түсін ұлыңды.
Білмеймін, мынау ағамыз
Неліктен бүгін бүлінді?
Неліктен, аға, айтпайсың
Парақор, жемқор ұлыңды?
Қаптаған анау байларың,
Тойлағанша тойларын,
Еліңнің қамын ойлағын,
Қамдамай жалғыз күніңді.
Алаштың мұңын айтатын
Ақын едің ғой білімді.
Осы жерде дат айтсаң,
Кеспейді ешкім тіліңді!
Дәулеткерей:
Тағдырдың көп екен ғой бұлталағы,
Тіліңді, інім, кімдер қырқа алады?!
Ол рас, бай мен билер барымталас,
Тек қана төмен жақтан мін табады.
Халықтың байлығын жеп күн көргеннің
Шіріп неге түспейді ұлтабары?!
Ақын боп айтып жатсаң ақиқатты,
Азаттықта ол мінсіз шырқалады.
Қазақтың бір мақалын білесің ғой,
Қуды – қу, сұмырайды сұм табады.
Соқыр көз жас шығарып жыласа екен,
Айтқан сөз көпшілікке ұнаса екен.
Ринат бауырымның бабы жақсы,
Сермелген арқа белге құлаш екен.
Абай мен Дулат сынды бабасындай,
Айтқанда ақиқатты, тілі ащы екен.
Астанада көп жағдаят болып жатыр,
Ақындар соның бәрін сынаса екен.
Ешкімге «сынамаңдар, қой» демеспіз,
Халыққа сөзі енді ұнаса екен.
Маймылдың басы ойнауға жеткенменен,
Ойлауға жетпейтіні рас екен.
Шабарсың арқыратып одан әрман,
Аламанда қалыпты додаланған.
Ақындардың тілінен шыққан сөзбен
Ахуалы заманның жобаланған.
Ауылға аттың басын бұрса екен,
Босамай тұрған кезде қора малдан.
Қашан енді ауылға бұрылады
Билікшілер саясаттан жол ала алған?
Бастары бір бұрауға келер, бәлкім,
Доңыз болып кетпесе домаланған.
Репрессияның алдында аштық болды,
Ол да қолдан жасалған қастық болды.
Қанша қазақ қырылып зобалаңда,
Қабірін қайырымсыз тас қып берді.
Аштан өлген адамның бейіті жоқ,
Білместікпен алшаңдап бастық «көрді».
Ұлы Отан соғысында қанша қазақ
Әзірейілдің басына жастық болды.
Онан соң тың игерген желеуменен
Сарыарқамның қызығын басқа ұлт көрді.
Келімсектер кесірі елге тиіп,
Арақ ішіп, азғындау мастық келді.
Жетпіс жылдай желкемді қамыт қажап,
Көзді – соқыр, ал құлақты тас қып берді.
Әңгіртаяқ ойнатып басымызға,
Балақтағы бит, сірке бастық болды.
Қазақтың қонақжайлылығын танытам деп,
Иттің ұлы итақайға аштық төрді.
Көрмегеннің бәрін көріп болғаннан соң,
Жаратқан көзімізден жас сүрткен-ді.
Тәубемізге келтіріп алғаннан соң,
Тәуелсіздік еліме бақ-құт болды.
Қадірін азаттықтың білер ме деп,
Құдай бізге азаттықты бәс қып берді!
Ринат:
Ағасы осындай ой қамдағасын,
Інісі енді қалай жалғамасын?!
Ол рас, тыңға біз той жасағанмен,
Талай-талай кемшілік аңғарасың.
Одан түскен біздерге пайда қайда,
Астық толып жатса да қамбада шын.
Егер де қазақта астық көп боп жатса,
Неліктен қымбаттаттық нан бағасын?
Сол нанды сатып алсам болады деп,
Қырық бес теңге үшін жан бағасың.
Тың-тың деп тыңнан өлең айтқанымен,
Жер-ананың кім жазады жан жарасын?
Ал, енді, ауылды ұлың еске алады,
Таусылған жоқ жоғарғының шоқпары әлі.
Ағайын, мен мән-жайды айтар болсам,
Ауыл жиі нәпақадан шет қалады.
Бір жылыңды Ресейге бөліп бердің,
Осыны да айтуға ұлың оқталады.
Сәл шыдай тұр, тегінде, күзге қарай
Ауыл жаққа бір көмек кеп қалады.
Өйткені, біздің жақтың депутаты
Сайлау кезінде тек ауылды бетке алады.
Сайланып алғаннан соң төрт жылда олар
Елге берем дегенін жеп те алады.
Қыркүйекке қарсы көріп қаларсыңдар
Көмір мен ұн әкелген епті ағаны.
Ауылыңа қаптайды сол айда, рас,
Кандидаттар қисайған кепкалары.
Аңқылдаған ауылдағы ағайындар
Біздің тілекті орында деп қалады.
Ол қалаға барған соң казино ойнап,
Күндіз ғана ұйқысы бек қанады.
Осындайлар, білмеймін, о дүниеге
Не тындырып тастадым деп барады?
Кеудемді бүгін менің кек кернейді,
Демеңдер балам енді тек терлейді.
Ашынып айта алмасақ ақиқатты,
Айтыс әзір сөзбен ғана шектелмейді.
Бүгінгі байдың жайын баяндасам,
Жатып ап жей беруді жек көрмейді.
Жарлыны жарылқауға ептелмейді.
Ондай байдың ешбірінде ынсап жоқ-ау,
Қолында қыран тұрса, кептер дейді.
Бұрындары талай-талай атымтайлар,
Жомарттар дүниеден өткен дейді.
Сондай байлар ауыл жаққа, ағайындар,
Неге көмек беремін деп келмейді?
Он-жиырма көлік, төрт-бес әйел
Болса да бір басында, көп көрмейді.
Соғымға сегіз бие сойса дағы,
Қой сойған көршісіне ет бермейді.
Дәулеткерей:
Ринат, бұл сөзіңнің қызығы бар,
Демеймін ішінде бір бұзығы бар.
Депутаттар, сайлаудың сол сәтінде,
Алдында өткел дейтін сызығы бар.
Ауылға алып барған нәпақасын
Тастап кетер әкімге тізімі бар.
Өткелден өткенінше қызды алам деп,
Көңілі дөңбекшиді бұзылып, ал
Өткелден өткеннен соң, сен айтпақшы,
Жаңағы сол ауылдың «қызын ұрар».
Қазағым, маңдай сорың бес елі екен,
Көшіңді десең дағы көшелі етем.
Құдай мұнай берді деп мұрт қаққанмен,
Ол дағы жазылмайтын кесел екен.
Трубамен кеткен мұнай кері қайтпас,
Ол дағы қалтаңызға десең де тең.
Бар байлықты шығарып шет жақтарға,
Қайтарғанда, дейсің бе, еселетем?
Қаймағын жеп, қаспағын қырып жатыр,
Өкініштің оты ертең өше ме екен?
Соның бәрін ойламас осы бастан
Біздің мына өкімет мешеу екен.
Өкіметке осы бастан ескертеміз,
Өткір қырғыш қазан түбін теседі екен.


 


Айтыс деп келген сағына,
Қалмасын елім қамыға.
Ринат інім, қасымнан,
Қуанттың ғой сен бүгін,
Ірілікпен табыла.
Әрқашанда ағалық
Ақылыммен өзіңді
Ертіп те жүргем жаныма.
Айналайын ағайын,
Қазақтың өнері өлмейді,
Демеуші тұрса табыла.
Інім, әрі тағы сайрашы,
Жүйріктей келген бабына,
Жүйткіп бір көрші тағы да.
Дәулеткерей ағаңның
Тауып бір отсың қыбын да-ай.
Бірақ та, інім, ешқашан
Білім алған жеріңе
Кетіп жүрме бұрылмай.
Мен арғымақ болғасын,
Сауырдан терім шыққасын,
Шабармын әрі тығылмай.
Айтыс айтыс болғасын,
Болмайды ғой алдаспан
Қынаптан тіпті суырмай.
Тұлпар тұлпар бола ма
Тіктеп тиген тұяғы
Қара жерді қуырмай?!
Ринат, өнерің өркендеп,
Желбірей берсін аспанда,
Қазақтың байрақ туындай.
Әрі қарай жалғашы,
Соңымнан ерген інімсің,
Құлдыраңдаған құлындай.
Ринат:
Хайләйлімді, ал енді, селдетейін,
Көңілді әнмен халықты тербетейін.
Жұлқынбасам бұл топта, арқам қозбас,
Қолтығымды тұлпардай терлетейін.
Пейіліңе рахмет,
Мен де ініңіз, ағасы.
Тынысыңыз болайын,
Ырысыңыз болайын.
Семсер болсаң, мә, сабым,
Қылышыңыз болайын.
Елім бақты болса екен,
Ырыстары толса екен.
Кедейліктен жұтамай,
Байлыққа да қанса екен.
Кемпірлері ауылдың
Жылы суға аяғын
Бір күндері малса екен.
Біздің қазақ жұртымыз
Бірлікке назар салса екен.
Достықтың біліп қадірін,
Бізден үлгі алса екен.
Қыздырайық осылай тойымызды,
Сен дегенде, ағасы, ойым ізгі.
Жеткізейік нұсқа қып ойымызды,
Сынамасаң қысқа деп бойымызды.
Дәулеткерей ұзыным,
Ал Ринат қысқаң ғой.
Қанша қысқа болса да,
Ұлдарыңда күш бар ғой.
Түйе биік болғанмен,
Жылдың басы тышқан ғой.
Бұл ініңіз, бірақ та, тышқан емес,
Шығарғалы отқан жоқ тұстан егес.
Қайда жүрсең, қасыңда бауырыңмын,
Дұрыс түсін, Ринат дұшпан емес.
Осылай айтам ағаға,
Дұрыс берсе баға да.
Осы айтыс біткен соң,
Неге қатты айттың деп,
Шығарып ап сабама.
Дәулеткерей:
Алатау дейтін ақ бесік –
Алты алашқа құт ірге.
Ринат інім, осылай
Жақындау келсеңші шүкірге.
Балғынбектен үйрендің,
Жасырмайсың оныңды,
Жыртығың болса, бүтінде.
Бір айтатын сөзім бар,
Ағаң болып тұрғасын,
Астанаға бара жүр,
Сапарыңды сонымен бітірме.
Өзің ішкен құдыққа
Ешқашан да түкірме.
Ринат деген бауырым,
Өлеңің оттай өрілер.
Жаман бала емессің,
Жауыр тайын тебінер.
Жақсы өлең айтсаң халыққа,
Көңілі көктем семірер.
Көк сүңгідей боп жатсаң,
Ұмсынсам, қолым емінер.
Дәулеткерей ағаңмын,
Емеспін ғой әрқашан
Ағалықтан жерінер.
Семейде сорлы емеспін
Деген сөзің тағы бар.
Бұл сөзіңнен мынадай
Сырдың шеті көрінер,
Түйе көрмеген ауылда
Тайлақ атан көрінер.
Бұл Ринат кезінде
Айналған еді актерге.
Ақын болып көрінер.
Рүстем досың айтқандай,
Түстің ақ тер, көк терге.
Бүгін келіп айтысып,
Алмасын жырдың көрсеттің
Қазақ дейтін текті елге.
Дәулеткерей ағаңның
Айтып жатқан ақылын
Әрқашанда жек көрме.
Жауһазындай жайқалған
Мамыражай көктемде,
Қырандай боп самғай бер
Көк аспанда от кеуде.
Хақым жоқ қой менің де
Талантыңды шектеуге.
Айналайын ағайын,
Талантты ұлдар көбейсін.
Құдай қанша берсе де,
Береке тіле, көп көрме.
Ринат:
Иіріліп тұрса жыр тілге,
Іркілме, жағым, іркілме.
Алатауға келгенде,
Бүлкілде, көмей, бүлкілде.
Ұстазы мен шәкірті
Сахнада осылай
Шаңдатпауы мүмкін бе?
Қайран да менің қазағым,
Нұр шашылған шуақты ел.
Арманшыл бізге мұрат бер,
Бүгінге жеткен бостандық,
Бабалар төккен бұлақ тер.
Оның рас, ағасы,
Бергенін көптеу көрмесін.
Өтінерім Құдайдан,
Қазаққа мынау қуат бер.
Дәулеткерей:
Айналайын қазағым,
Сақайған бүгін санаң бар.
Тіріліп келіп қолдайтын
Аруақты талай бабаң бар.
Ешкімге алдыра қоймайтын
Батыр да туған балаң бар.
Сәйгүліктерің шабатын
Көсіліп жатқан далаң бар.
Ұстаз бен шәкірт деп айттың,
Қолында ұстаздың қалам бар.
Айтыстырған бәрін тең
Қазақта өнердей ғалам бар.
Ұстаздан шәкірт озбаса,
Ұлылықта, ағайын,
Айтыңдаршы, не мән бар?!





Пікір жазу