24.02.2022
  195


Автор: Баянғали Әлімжанов

БАЯНҒАЛИ ӘЛІМЖАНОВ ПЕН ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ айтысы

Баянғали:
Тойға келген құрметті
Елге сәлем береміз.
Жер шоқтығы Көкшетау
Жерден сәлем береміз.
Ынтымақты көп ұлтты
Елден сәлем береміз.
Хан ордасы Көкшетау,
Ән ордасы Көкшетау,
Қай қиырдан, шетелден
Келген мейман бәрісі
Айтатұғын жер ғой деп,
Мақтап барған Көкшетау.
Кемел ойлы хан Кене,
Найзағайдай Наурызбай,
Табыннан шыққан Бұқарбай,
Шапырашты Бұғыбай,
Иман, Жәуке, Төлебай –
Батырлардың барлығын,
Бір заманда аңырап,
Жоқтап қалған Көкшетау.
Қамшы батып сауырға,
Кеудесін тосып дауылға,
Жүрегінен қан саулап,
Түренмен төсін тілсе де,
Түп-тамырын қиғызбай,
Дін мен тілін қазақтың
Сақтап қалған Көкшетау.
Қасиетті, киелі
Ел боп келген Көкшетау.
Кене атамның тойында,
Жақсыларын көрсетіп,
Өрнектеген Көкшетау.
Кенекемнің тойында,
Елдің басы Нұрсұлтан,
Тон жағасы Нұрсұлтан –
Қасиетті кісі кеп,
Құрмет көрген Көкшетау.
Кенекең жастайынан тереңдеген,
Елінің ертеңінен елеңдеген.
Бас ұрмай бодандыққа бұзып шыққан,
Далада еркін өскен өрендермен.
«Алған беттен қайтпаймын елім үшін,
Керемет ерлік жасап өлем!» – деген.
Батырлық жолдан таймай мерт болғанда,
Алаштың шерлі жүзі төмендеген.
Алашқа азаттықты Алла беріп,
Жырлаймыз біз мақтанып өлеңменен.
Арманы орындалып хан Кенемнің,
Мемлекет болдық, міне, кемелденген.
Айналайын ағайын,
Төгілсін бүгін жырымыз,
Жарық та болсын күніміз.
Қасымызда бір жүйрік –
Дәулеткерей ініміз.
Көптен бері білеміз
Бірімізді біріміз.
Елге арналсын, шырағым,
Бүгінгі біздің жырымыз.
Айналайын інім-ау,
Жүйрік аттай шаптың ба,
Ой арнасын бақтың ба?
Отызға келіп бұзатын
Ордаң менен күні ертең
Алатұғын, шырағым,
Қамалыңды таптың ба?
Жә, болмаса, бір өзің,
Қой қораны бұзғанға
Мәз-мейрам боп жатсың ба?
Айналайын шырағым,
Жастарға еріп бүгінгі
Апиын, наша таттың ба?
Базарларда қағынып,
Жұрт қалтасын қақтың ба?
Жә, болмаса, шырағым,
Ел-жұртыңның бір нұрын
Аспанға сен жақтың ба?
Дәулеткерей:
Бісміллә, оңғарылса тілім хақтан,
Жұртыма жыр ұсынам тың ырғақтан.
Ассалаумағалейкүм, арда қазақ,
Бабасының бақытын ырымдатқан.
Көк Тәңірге сүйкімді Көкше халқы –
Бақытын Құдай қорып, Қыдыр баққан.
Ұраның ер Абылай емес пе еді,
Құлағың қуаныштан шыңылдатқан.
Жарымай жүргеніңде ынтымаққа,
Абылай тікпеп пе еді туыңды ақтан!
Қапыдағы қазасы хан Кененің
Алаштың ақ жүрегін шымырлатқан.
Нар туған намысты ерің Наурызбайға
Көкшедей көк сеңгірің – тұғыр, мақтан.
Хазіреті Науанның дұғасында
Бостандыққа ұмтылған үнің жатқан.
Нұрсұлтандай ерінің арқасында
Тәуелсіз – тәубелі атқан бүгінгі ақ таң.
Талқыға саларымды мен салайын
Қаршыға қанатындай суыл қаққан.
Армысың, Абылайдың жайлауында,
Күн дидарлы көрермен, күлім қаққан!
Басыңда бақ тұрғанда бірігесің,
Алтын мен мыстай болып кірігесің.
Қапыда ынтымағыңды ыдыратсаң,
Қанжілік болған аттай жінігесің.
Жолдасы Қыдыр болып қадам бассын
Елбасы жетелеген ұлы көшің.
Бейбіт күннің бағалап берекесін,
Ақыныңнан алапат жыр үдесін.
Танауыңды көтерсең бірақ та, елім,
Көрмей қап, тасқа келіп сүрінерсің.
Енді еліме керегі бірлік қана,
Алашыма Алланың нұры келсін.
Хан Кененің қайғысы ортақ болса –
Қазақ енді ішінен ірімесін!
Далиып жатқан мынау далама кең
Иелік еткен қазақ бабам екен.
Кешегі хан Абылай заманында
Қабанбай қараша елдің қамалы екен.
Бөгенбайлар бөріше жортып өтіп,
Жауына жолбарысша шабады екен.
Хан Кененің тұсында Ағыбайлар
Тарландай тастан таймас тағалы екен.
Намысы найзағайдай Наурызбайың
Атасынан асылдай бағалы екен.
Сол батырлар жауына аттанғанда,
Әжелер бойтұмарын тағады екен.
Ақсақалдар әлһамдап бата тілеп,
Иығына сауытын жабады екен.
Қолтығынан көтеріп арғымаққа,
Арулар аттандырып салады екен.
Аруақты ердің тойында айтыс болса,
Ақындарға көңілін алабөтен.
Өйткені мұның бәрін заңдылықпен,
Саралаған қазағым саналы екен.
Жауды жеңіп келгенде хас батырды
Ақын аттан түсіріп алады екен.
Байқасаң, айтыс деген бас киімдей,
Басында тұратұғын тас түйіндей.
Балпаң-балпаң баса бер, Баян аға,
Жаратқан жанарыңда жасты үйірмей.
Ініңе ірілікпен сөз арнасаң,
Ол дағы адал жүрек ақ сыйың ғой.
Мен дағы қолдауымды көрсетемін,
Намысты Наурызбайдың жас күніндей.
Шұрайлы сөз айта алсаң ел риза,
Құдайдың Құранының тәпсіріндей.
Алашты тағы да бір сүйсіндірдің,
Арқадағы ақындардың дәстүріндей.
Өйткені Көкшетаудың қыраны едің
Қоймайтын қоян түгіл қасқыр ілмей.
Бұйырса, бәйгеңді озып, жүлдеңді алдым,
Бекітем ынтымақпен іргемді әр күн.
Базаршылап жүрсің бе деп айтасың,
Өмірді өз бетімше сүрген жанмын.
Апиын, нашаңызда шатағым жоқ,
Ағызам майын мен де тілден балдың.
Домбырамды қолыма ап ел алдында,
Өлеңнен бақыт тауып жүрген жанмын.
Баянғали:
Ініміздің өлеңі
Бірте-бірте жөнделді,
Тілеулес ағаң мен едім,
Емін-еркін өркендеп,
Өссін деген сендерді.
Жасың кіші болсаң да,
Асқар таудай ағаңыз
Сені өзіне тең көрді.
Қоян түгілі қасқырды
Құтқармайтын ағаңыз
Сендей жақсы бауырға
Салмайды ғой шеңгелді.
Көп тарих ел басынан өткен еді,
Жақсылар өткен істі ескереді.
Ақжолтай Ағыбайын ұмытқан соң,
Қазақтың жолы болмай кеткен еді.
Аруақты бабаларын еске алған соң,
Елімнің орындалды көксегені.
Айналайын, қарағым,
Мен де біраз шабайын.
Кенесары, Наурызбай,
Ақжолтайым Ағыбай –
Есіме мен де алайын.
Бодан қылған еліңді,
Басып алған жеріңді
Ақ патшамен алысып,
Дауылпазын қақтырып,
Дабылдың отын жақтырып.
Алты құлаш ақ найза
Алты қырдан асыра,
Ақыра сілтеп лақтырып.
Алашқа болған дұшпанның
Ажалды сәтін таптырып.
Зіркілдете аттырып,
Алауыз болған ағайын,
Барлығын да жат қылып.
Азаттық үшін алысқан,
Аламанды шат қылып,
Дауыл мен желді серік қып,
Көшпенді жұртқа тақ құрып.
Тағына халқы тақ тұрып,
Дүрілдеп өткен Кенекең,
Алаштың азат дәуірін
Отар боп қалған Отанға
Мәңгі армандай шақ қылып.
Аңсаған бабаларың елдігіңді,
Кейбіреу көре алмайды бірлігіңді.
Ініміз, әлгінде айтып кеткендейін,
Бірлікпен жасай берші тірлігіңді.
Азғырғанның тіліне еріп кетсең,
Қазағым, кінәлайсың енді кімді?
Азаттық ата жолы жалғаса ма,
Біреулер балағыңа жармаса ма?
Қан кешіп аталарың армандаған
Елімнің осы күнгі азаттығын
Кім, кәне, айырбастайды колбасаға?
Мұңшылдық апиынын ішкендейміз,
Зарлаудың жарысына түскендейміз.
Кінәлап сынаймыз кеп бәрін даттап,
Бірақ та өзіміз түк істемейміз.
Әлемге танытуға қазақ атын,
Көтеріп еліміздің ғажап атын.
Қазақтың еркіндігін нығайтуға
Сен өзің не бітірдің, азаматым?
Елің жүдеп жатқанда тоқ жүрсің бе,
Тойғаныңа мәз-мейрам боп жүрсің бе?
Қолда барын купон мен қулар құртқан
Жұмыссызға көз қырын сап жүрсің бе?
Болмаса, ұрылармен әмпей болған
Ұлықтардай жұртыңды жеп жүрсің бе?
Халқына пайдасы жоқ шенеуніктей
Қауқиып азаматпын деп жүрсің бе?!
Дәулеткерей:
Байқасам, Баянғали жүлделі екен,
Ақбозын Ағыбайдың мінген екен.
Әрине, барыңды сап айтып жатсың,
Айтысы хан Кененің күнде ме екен?
Жиырма бесте жалындап сөз айтайын,
Тіркестер келмесінші тілге бөтен.
Ағамыз елдің жайын айтып жатыр,
Есіне бірдемелер кірген екен.
Сен мені Наурызбай деп тани алсаң,
Ақылың дариядай іргелі екен.
Кешегі хан Кенелер елім үшін
Білегіне қалқанын ілген екен.
Тар кезеңде табаны тайқып кетіп,
Алауыздық танытқан кімдер екен?!
Хан Кенедей көтеріп мәртебеңді,
Жүректегі шоғыңды үрлеп өтем.
Атамыздан дарыған ақ батадай,
Сені жауға тастамай, бірге кетем!
Тілеуі Алашыңның ақ болып тұр,
Көкшетау, басыңызға бақ қонып тұр.
Хан Кененің тойында ақ жүрекпен
Патшаңыз қадам басып тап келіп тұр.
Қымсынбай, Баян аға, қамшы басып,
Ініңді іргедегі ақкөбік қыл.
Өлі разы болмай тірі байымайды,
Бабалар жүзімізден шат көріп тұр.
Ханның басын сыйласаң, қалың елім,
Сіздерді Құдай сыйлар сәт келіп тұр.
Айтыстың ақ қамбасын ақтарғасын,
Ағасы, тіл сүрініп, жақ талмасын.
Мен ұстазбын, аяғын анық басқан,
Шәкіртке тәлім беріп жатқан басым.
Өйткені, ұстаздығым – ата кәсіп,
Әріден үрдіс болып сақталғасын.
Бәйгеден, Баян аға, көрініңіз,
Бағың мен бабың бірдей бапталғасын.
Көкшеде көкжал ақын өзің едің,
Айтыста алмас тілің қақталғасын.
Әміріңе сенің мен бағынбаспын,
Қадіріме жетпесең, қапталдасым.
Баянғали:
Сөз айтамыз халыққа
Екеуміз де жылдам боп.
Бұл ағаңыз, білесіз –
Сен сияқты ініні
Беттен, сірә, ұрған жоқ.
Ақыл айт деп өзіңіз,
Келіп тұрған алдыма
Қадірің білмей бұл ағаң,
Әй, шырағым, біліп қой,
Әмір беріп тұрған жоқ.
Бәкеңнің еліне айтар жыры бар-ды,
Ашылар талай-талай сыры бар-ды.
Ақбозын Ағыбайдың мініп едім,
Құттықтар дәл осындай іні бар-ды.
Ағайын, ақбоз атты мінгеніме
Қуанып айтып жатыр, тілі бал-ды.
Бір қызды мінгізем деп кеше мен де
Пәлені сау басыма қылып алдым.
Жеңешең оқтауменен қуалап бір,
Ақыры бәрінен де құры қалдым.
Аяғында қыз да жоқ, келіншек те жоқ,
Екі шал, екі кемпір мініп алды.
Жырымды ел-жұртыма шашып жүрем,
Әрдайым ақ жүрекпен ашық жүрем.
Ағыбайдың ақбозын аямаймын,
Шал-кемпірдің барлығын тасып жүрем.
Айналайын ағайын,
Айтыс дейтін тамаша.
Болмасын де бұл жерде
Батырлардың егесі.
Болсын дейік бұл айтыс
Жақсылардың кеңесі.
Айналайын шырағым,
Түр-тұрпатын қарасам,
Кешегі өткен Наурызбай –
Дәулеткерей елесі.
Наурызбай – жер-жаһанның жолбарысы,
Бөлек екен ел үшін толғанысы.
Оң қолында төрт кісі күші болып,
Найзаны бөлек екен қолданысы.
Ақырған алты алаштың арыстаны,
Кененің қысылғанда қолғабысы.
Жарқылдап жиырма бес-ақ жасында өлген,
Есенгелді, Саржан мен Қасым да өлген.
Құтыларға болса да мүмкіндігі,
Ел үшін Кенесары басын берген.
Қай бастық басын беред халық үшін
Осы күні көп сөйлеп, қасын керген?
Дұшпан мен халық үшін алысқанда,
Бөтен ой болмаған ғой арыстанда.
Әділет, ақиқатқа жүгінер деп,
Хат жазды Кенесары орыстарға:
«Жаһанға жетсе дағы күшің, – депті, –
Жер-суды атамыздан қалған біздің
Тартып ап, жасап тұрсың қысым, – депті. –
Халқымды бөтен жұрттың езгісінен
Құтқару – менің ұлы ісім, – депті. –
Түйінді семсерменен кесейін бе,
Ақиқат, ақылменен шешейін бе?
Қор болып бодандықта өтейін бе,
Алысып азаттыққа жетейін бе?
Өздерің қайтер едің басқа бір жұрт
Басып ап билік құрса Ресейіңде?»
Кененің кемеңгерлік бұл сұрағы,
Әлі тұр аз ұлттардың көкейінде.
Ағылшын, қытай, орыс, араб болсын –
Мейлі ғой, қайсы құрлық болса дағы –
Астамсыған жұрттарға сабақ болсын.
Алпауыттар әрдайым тұрады өрлеп,
Аз халықтың тағдырын қылады ермек.
Мемлекет теңдігі жоқ елдер барда
Кенекеңдей күрескерлер шыға бермек.
Халықтың теңдігі үшін, елдігі үшін
Аждаһадай ашылған аранына
Көк найзасын әрдайым тыға бермек.
Айналайын ағайын,
Ақындарың танбасын,
Кеңінен бүгін толғасын.
Дәулеткерей ініммен
Екеумізді, ағайын,
Көкте Құдай жар болып,
Жерде халқым қолдасын.
Айналайын шырағым,
Ұстазбын деп отырсың,
Шәкірттерің жақсы боп,
Кенесары, Наурызбай
Батырлардың кешегі
Жолын алға жалғасын.
Саған дағы тілегім –
Наурызбайдай бола бер,
Наурызбайдай тек қана
Жасың қысқа болмасын!
Дәулеткерей:
Мен сізді құрметтеймін ардағымша,
Талантты таразылап талғауымша.
Бал-бұл жанып барады екі бетің,
Сақталған сабандағы сар қауынша.
Келіншектен таяқты жедім дейсің,
Ол дағы құдірет қой Алла қылса.
Көкеннен соң Көкшеде кәрі ақынсың,
Жиналған құрметіңе ел залға мұнша.
Кеу-кеулеп өзіңе-өзің айқайлайсың,
Бұрынғының серісі, салдарынша.
Аман-есен айқайлап айтыса бер,
Қақиып қатқан қара болғаныңша.
Төбеңде төңкерілген бөркің – аспан,
Көкшетау – келбетің мен көркің асқан.
Наурызбайға сен мені теңеп жатсың,
Хан Кене ағасына серті ұнасқан.
Көкшетау қасиетті мекен екен
Басынан замананың дерті қашқан.
Сол батырлар аруағы емес пе еді
Қолынан жауларының еркі қашқан.
Тектіден қалған тұяқ сіздерсіздер,
Қасиетті қазандай кемпір асқан.
Осы батыр бабалар баяғыда-ақ
Азаттықтың түңлігін желпіп ашқан.
Еріне айтпайды ма ел мінажат,
Қайтейін қайтармалап елді қажап.
Манасшылап кеткенде Баян ағам,
Ешкімге бола қоймас енді мазақ.
Қабырғасын ел үшін қайыстырған
Ерлерің көрді емес пе қорлық-азап?!
Баба көрген қорлықты бала көрмей,
Керемет бостандық күн келді ғажап.
Осыншама опасыз тағдыр кешкен
Сорлы қазақ сол болсын соңғы қазақ!
Басымнан сыпырылса ақ томаға,
Шабытқа Баян ағам шақ бола ма?
Аталардың арманына біздер жеттік,
Құдайым, бұдан асқан бақ бола ма?
Баянғали:
Бұл інім барлық елден ерек шығар,
Ойы да алабөтен, зерек шығар.
Ағасын қауын дейді мына бауыр,
Бауыр десең бірақ та бөлек шығар.





Пікір жазу