ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ МЕН РҮСТЕМ ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ айтысы
Дәулеткерей:
Беріліп бесік жырдан алғаш тәлім,
Әуелі әлдименен ән бастадым.
Сүйемін күндей қызу махаббатпен
Айтыстың шұғылалы мәңгі асқарын.
Шалкиіз, Шал ақынның шабытынан
Көрмейсіз шашасының шаң басқанын.
Кешегі Сүйінбай мен Махамбеттер
Ойнатқан отты өлеңнің алдаспанын.
Түгел сөздің түбірі бізге қалса
Мәтелі Майқы бидей марғасқаның.
Жанақ, Түбек, Шөже мен Шашубайлар
Көрсетті ұлы көштің жалғасқанын.
Солардың соңын ала біз келеміз,
Көріңдер көш-керуен тауды асқанын.
ҚазМҰУ-ым, айналайын ықыласыңнан,
Өзіңсіз мына менің жанбас бағым.
Айтыстың қызығына кіріп алса,
Ханға сәлем бермейтін қандастарым!
Шабыттың қаламаймын жайбасарын,
Алдына алқалы елдің жайғасамын.
Қасымда Рүстемдей балаң жігіт,
Ол емес мына маған майда сағым.
Кешегі Көкбай, Әріп, Дулат ақын
Қайнатқан жыр қазанның майлы ошағын.
Солардың ауылынан кеп тұрғасын,
Көсілмесең, інім-ау, қайда сәнің?!
Рүстем бүгін тағы дәлелдеді
Тарланбоздың тұяғын тай басарын.
Алдымда халқым қолдаса,
Мен бүгін несін қысылам.
Жүрегімнен шын баптап,
Тастүлек жырды ұшырам.
Ал, інім, алтын өлеңдер
Ағылсын тілдің ұшынан.
Ай бетінен кірсең де,
Күн бетінен шықсаң да,
Айтыстың төрін ұсынам!
Рүстем:
Жырменен жақсы шығар жебеу мұны,
Дәулеттің темірдей ғой тегеуріні.
Темірдей дегеніме тепсінбеші,
Темірді де түсірер егеу қыры.
Екі ортада арнасынан асып кетер,
Сабасына түсірейін дереу мұны.
Шапалақ жанға шабыт береді екен,
Артыңнан, аға, сенің ере кетем.
Бағымыз тауып қонса, ауып қонбай,
Қызығын бар адамзат көреді екен.
Айналып табатұғын қазығым бар,
Алысқа абайламай неге кетем?
Ақындарын алдына алып шыққан,
Ағайындар, сен қандай керемет ең!
Әй, аға, жүрсің ғой сен тау бөктеріп,
Сау боп келіп, кетпеші жау боп кетіп.
Жұбымыз кім болады деген кезде,
Жаныма жайғасты ғой Дәулет келіп.
Дәулетпен қоса біраз дәулет келіп,
Сахнамыз кетті ғой сәулеттеніп.
Отырсың, ағажаным, ырғалып-ақ,
Құлағыңа тағайын сырға бірақ.
Аузыңнан түсіп қалған ініңмін ғой,
Жұртына әкелетін жырлары бақ.
Сорайып қасымызға отырыпсыз,
Өзіңізге жайлы емес бұл да бірақ.
Қазақтың бір мақалын білесіз бе –
Ұзын ағаш сынады жылдамырақ.
Айтыспен асқақтасын дархан дала,
Әуеніміз әуелеп әр таңда да.
Салт атты, сабау қамшы жүйрік едің,
Сахнада қосақталдың арқандала.
Талантым мен талабым табылмаса,
Қалып қойып жүрмеспін қалқаңда, аға.
Кезек бермей қойды деп өкпелеме
Тақылдақ, тайға мінген тарпаң бала.
Тимейін мінезіңе, тегі, сенің,
Айтыстың арлан қасқыр, бөрісі едің.
Барқытбелден қанаттанып ұшып кеткен
Астананың керемет перісі едің.
Тай дедің мына мені жаңа, аға,
Міндетті түрде оныңа келісемін.
Тай болып тұрғаныммен қасыңызда,
Тұяғым түскенінше тебісемін.
Дәулеткерей:
Жарайсың, інім, жырды шабытты етсең,
Маған мін – сені бүгін қауіпті етсем.
Арқаның ала қошқыл бұлты болып,
Алатау бөктерінде жауып кетсем.
Ағайын, өз обалым өзіме енді,
Тақымым тайға толмай ауып кетсем.
Ал, інім, сахнада шаттанды үнің,
Майда қоңыр екен-ау, мақпал жырың.
Қасыңдағы ағаңды қаптал көріп,
Айтып жатсың абырой, апталдығын.
Қатты темірді егеу кеп түсірер деп,
Тағы да шығып жатыр жаттанды үнің.
Емеурінің танытып отыр сенің
Тегеурінің темірдей қатқандығын.
Ұмытпа бірақ, бала, ескертемін
Алдыңда айдаһардың жатқандығын.
Шыңдарына шаң жұқпас,
Алтайым менің сандықтас –
Туған жер, мекен, тұрағым.
Мойыныма таққаным –
Туған жерімнен тұмарым.
Алдыңа келдім, ағайын,
Ағызып жырдың бұлағын.
Көзін ашайын мен бүгін
Өлеңдей кәусар тұманың.
Мен тобанаяқ торы емес,
Құланаяқ құламын.
Алақан соқсаң, ағайын,
Тайтөбелді ертіп қасыма,
Ойнақтап өте шығамын!
Рүстем:
Қасқырда көп ышқынса күш қалмайды,
Тозған қазды топтанған құс талайды.
Алдыңызда айдаһар жатыр ғой деп,
Ағамыз екі шоқып, үш қарайды.
Әпенді қылкөпірден әрең өтсе,
Аузынан бісмілләсін тастамайды.
Айдаһардың баспаспыз құйрығынан,
Тентек қана тауықтан тіс қарайды.
Сақтанғанды сақтайды Жаратушы
Деген сөз не нәрсені нұсқалайды?!
Адам ажал жетсе ғана өледі деп,
Жыланның құйрығынан ұстамайды.
Тартады толқынына мені заман,
Тербелсе, тең келмейді теңіз оған.
Сүтпен сіңген мінезі екі бөлек,
Бір анадан туса да егіз адам.
Билетсіз барса дағы бейіш жаққа,
Ниетсіз кіре алмайды негізі адам.
Кебісі аяғына кең келсе де,
Тойда тонын сұрайды тегі жаман.
Ұлтымның ұлы болмай бұл фәниде,
Құлқынның құлы болар кебі жаман.
Балаң ем тобыңа кеп бақ сынаған,
Әрине, жан емеспін ақсыраған.
Дәулет аға, жаттаған ештеңем жоқ,
Кезімді көріп пе едің ат сұраған?
Әрине, айтыс – айтыс болады ма
Ақындар әзіл сөзге тапшылаған.
Мақтап-мақтап көпшікті қалыңдатпай,
Шымшылап отырғаның жақсы маған.
Дәулеткерей:
Өлеңге едің байтақ, нәрлі алашым,
Бірдей көріп сүйетін әр баласын.
Рүстем, ағаңызға жалтақ-жалтақ
Қарамай отырсаң да, қамданасың.
Мен де сені бөрідей тістеп көрем,
Қасқа тісті ежелден қандағасын.
Тісім өтсе, інішек, ренжіме,
Қарпып сүйер деген бар нар баласын!
Келтірмей ағайынға азалы үнді,
Ұсынайын ниетпен наз әнімді,
Осылай екі балаң көркейткенде
Өлең деген тамаша базарыңды.
Інішек, мен келтірмей ажалыңды,
Бүгін сенің кіргізем ажарыңды.
Айналдым қадамыңнан, ал, Рүстем,
Өлеңнің кәусарынан қанып ішкен.
Ағаң болып өзіңе отырғасын,
Қарамассың сен маған бағынышпен.
Інім ғой деп мен сені елеп тұрмын,
Әйтпесе, үн қатарсың жалынышпен.
Ал, бірақ, бір тілегім шын жүректен,
Өзіңнің бола берсін бағың үстем.
Астанаға оқуға сен келерсің,
Сонда мен күтіп алам сағынышпен.
Рүстем:
Ағамның таң қаламын ісіне мен,
Бәрібір бас имеймін күшіңе мен.
Жаңағы арнауың мен зарлауыңды,
Маған айтқан базына деп түсінер ем.
Алдын ала жатыр ма сақтандырып,
Тістеймін деп қояды тісіменен.
Енді мұны тоқтату керек шығар
Білек күші, найзаның ұшыменен.
Рүстем сыйласа егер бұл ағасын,
Көңілің биік құздан құламасын.
Астанадан қарсы алсаң жақсы болды,
Жауап бердім жайымды сұрағасын.
Астанаға барсам мен, алып барам
Апамның сақтап қойған сыбағасын.
Сыбағамды апарғанда, әйтеу, өзің
Оқудың бересің ғой правосын.
Ақынның жақсысы бар, бақсысы бар,
Байқаймын, Дәулеттің де нәпсісі бар.
Пейіліңе рахмет, ниетіңе,
Өзіңдей жайсаң жандар тапшы шығар.
Бермей жақсы болғанша бұл Дәулетке,
Беріп жақсы болғаным жақсы шығар.
Дәулеткерей:
Оқуды отырғаның ішің біліп,
Қайтеміз енді екеуміз тіс сындырып.
Астанаға оқуға түсіріп ап,
Ізімнен ертіп жүрем күштім қылып.
Сыбаға әкелем деп жақсы айтады,
Отырғаны ол емес мыстың құрып.
Тапсырманы басыңа үйіп-төгіп,
Сессияда көрермін ышқындырып.
Өзіңе төрден орын беремін ғой,
Ертеңгі өсеріңе сенемін ғой.
Қасымда жортақтатып інішекті,
Ал, өзім жайлап басып келемін ғой.
Тапсырма көп берем деп отырғаным:
Оқуды жақсы оқысын дегенім ғой.
Рүстем:
?????? ????????? ??? ???? ??????,
???????? ????? ???? ????? ????.
??????-??, ??????? ?? ???????? ???,
??????? ???? ????? ??? ???????.
??????? ???, ?????, ??????? ???,
???????? ????? ?????.
???????? ?????? ????? ??????? ???
?????? ????? ??????.
???? ????? ???????? ???????? ???,
??????? ??? ???????? ??? ???????.
??? ???????? ??????? ???? ??????,
??? ??????? ?????? ?????????.
????? ??? ?????????,
???????? ?????? ??? ??? ???????.
?????? ????????? ??? ?Біреуі болғаннан соң жұрт ерінің,
Тектілік қазақ үшін үлкен ұғым.
Дәулет-ау, айтасың да қайтасың ғой,
Көңілін табу керек бұл бөрінің.
Білімім бар, әрине, талабым бар,
Талапкердің тізіміне тірке бүгін.
Тастүлек болсам деген арманым бар
Бөрілі байрағындай Түркі елінің.
Ақын болып аспаннан түскенім жоқ,
Айтысқа кеп қосылған бір перімін.
Бұл айтыстың Шолпаны өзің болсаң,
Мен болашақ туатын Үркерімін.
Екеуіміздің бірге ғой бағытымыз,
Пұшпағын илеген соң бір терінің.
Осылай болғаннан соң ұмыт қайғым,
Шынықтырсаң, қалайша шынықпаймын?!
Қотыр атқа құлағын қожаңдатса,
Құлынды мен де талай құрықтаймын.
Суды дағы сыйласып ішейікші,
Тайраңдап алдыңызда жүріп қойдым.
Мен сізге қатты-қатты сөз айтпаспын,
Әуелі өз әлімді сұрыптаймын.
Өйткені мен өгізге туған күннің
Бұзауға да туарын ұмытпаймын.
Дәулеткерей:
Болашақ мен ағаңмын бағыңды аңдар,
Айтыстан кешікпесін сағынғандар.
Мысалы, мына біздер жыр-өрт болсақ,
Соңымыздан соғатын жалындар бар.
Рүстемдей жігітті дәл бүгіннен
Еуразия студенті деп қабылдаңдар.
Сезік жоқ бұл арада сезілер түк,
Барады лебізіміз сезім ерітіп.
Астанада Мырзатай ағамызға
Жетелеп алып барам өзім ертіп.
Бойыңда білім менен сабыр анық,
Тұлғаланып өсерсің тамыр алып.
Астанада Күлтегін көк тасы бар,
Сен содан өсерсің ғой тәлім алып.
Күлтегіннің тасынан тәлім алсаң,
Жүрерсің Алашыңның ары болып.
Демеймін маңдайыңнан шертіп кетем,
Шырын лебіз сөзіңе елтіп кетем.
Екеуміз енші алғасын осы төрден,
Құр босқа отырмаспыз бөртіп бекер.
Манадан тайраңдатқан тайлағымды
Соңымнан енді өзімнің ертіп кетем.
Рүстем:
Сөзіңді, Дәулет аға, қолдаған ек,
Өзіңе жаман іні болмаған ек.
Оқуға түсірем деп уәде бердің,
Демеймін сатып кетер оңбаған ед.
Сөзіңді орындамай жүрмегейсің,
Қалжың айтсам, демеймін, кем болар ед.
Бүгінгі адамдарға сенім бар ма –
Доверенность жазып берсең жөн болар ед!
Түп-түзу тартушы едім жебені мен,
Әсерлеп жыр нөсерін төге білем.
Жөнсіз сөзді келіге түйсең дағы,
Бәрібір айырылмайды кебегінен.
Қағысып қалдық қой біз бағанадан,
Деген ғой сабақты ине себебімен.
Ниетіңе, ағажан, мың алғыс-ай,
Семейдің босадық қой көгенінен.
Болашақта өтермін парызымды,
Адам атанамын ғой дегенімен.
Терісімен қарызын қайтармай ма,
Түлкі тауығыңды жегенімен.
Тұрғанмен көкіректе сұрақ тұнып,
Әлбетте, біздің елде тұрақтылық.
Қазақта жұртым дейтін жан аз емес,
Қоғамға көзін тігіп, құлақ түріп.
Әрине, қасиетсіз қулар да бар,
Жүгірген жан пайдасын мұрат қылып.
Осыдан он жыл бұрын қандай едік,
Ботатірсек бұзаудай құлап-тұрып.
Мың олжа осы күнге жеткеніміз,
Бодандықтың қамытын лақтырып.
Басымызда бәкене бақтың барын
Жүрмейікші ұшқанда бір-ақ біліп.
Деген сөз бар қандала шағар болса,
Бүргемен көрісерсің жылап тұрып.
Дәулеткерей:
Айтыстың биігіне сұңқар қонып,
Ағарып атып жатыр жыр таң да оңып.
Еш, інім, сенімсіздік сен танытпа,
Білімге отырсаң шын іңкәр болып.
Алдымен мына маған шәкірт болсаң,
Ағаңның тәрбиесін шын сән көріп.
Ұстаздың ұлылығын танытарсың,
Сонда менен озарсың тұлпар болып.
Рүстем:
Қыран болып Алатауға қонармысың,
Осылай айтысқанда толармысың.
Уәдемді орындаймын дейді маған,
Әйтпесе, Дәулеткерей болармысың.
Дәулеткерей:
Ал, ағайын, айтыста
Көбейе берсін тұлғалы ұл.
Қабілетті болса ақын,
Қашпайды еш жыр қадір.
Рүстем деген атыңнан
Айналайын, інішек,
Ұқсамасаң тумағыр!