24.02.2022
  218


Автор: Дәулеткерей Кәпұлы

ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ МЕН БАУЫРЖАН ХАЛИОЛЛА айтысы

Дәулеткерей:
Айтыстағы арғымақ жыр ала мойнақ
Жанымның жайлауында салады ойнақ.
Алдыңа алып-ұшып келгенімде,
Сөйлемен жайдақ сөзбен жадағайлап.
Жетісу – жаннатты өлкем, жұмақ мекен,
Қазаққа құтты қоныс, адал аймақ.
Армысың, асқақтаған Алатауым,
Алаштың аспанындағы ала байрақ!
Қалса да қалтаң тесік, қораң босап,
Қоңторғай тірліктерің қоғамға шақ.
Наурыздан науат самал есілгенде,
Көңілің жайма-шуақ болар ма шат?!
Жәрмеңке жиыныңды жыр етермін,
Ойымнан отыз ауыз орам жасап.
Елордадан елші боп келмес едік,
Берекеңе дәнекер бола алмасақ?!
Мен емес айтысқанда ерсі кеткен,
Дабылы дүлдүлдердің өршіл, өктем.
Жазира жанымызға шуақ құйып,
Дариға, даламызға келші, көктем.
Қар астынан бәйшешек қылтиғанда,
Алашқа ұран айтысқа елші жеткен.
Інімді ала келдім қапталыма,
Езуінен ерке өлең еншілеткен!
Ал, інім, ұлтым деген ұл ма екенсің,
Жанымды жақсы жырмен нұрлы етерсің.
Бола алсаң үзеңгі аман үзеңгілес,
Ағаңмен арманыңа бір жетерсің.
Алыпқашпа әңгіме айтпай халық,
Айтысқа абырой мен құрмет ерсін.
Бауырым, барыңды сал, ал, ендеше,
Піл көтере алмағанды тіл көтерсін!
Бауыржан:
Бісмілләдан әуелі,
Алланы алсам аузыма,
Адал да сөзім шашылған.
Жебеуші болса жаныма,
Ақ періштем жақ болып,
Алдымнан жолым ашылған.
Бескүндікте бұлданбай,
Думаныңды дулайын,
Бақ таймаса басымнан.
Алқалы қалың әлеумет,
Сағыныш толы сәлем ал,
Мына біздей жасыңнан.
Шапалақпенен демесең,
Шабыттанып шаңғытып,
Мойыным көкке асылған.
Төкпелетіп кеткенде,
Толғауы тоқсан қызыл тіл
Кем түспеген жасыннан.
Мен Махамбеттің жебесі,
Ақжайықтан атылса,
Құланың қалмас касынған.
Кешегі Абыл, Ақтан, Қашаған –
Солардан қалған сарқытпын.
Сыбағамды алып шашудан.
Қазақы текті қаным мен
Тақымдасып танысып
Тепсінісіп келгенде
Сүйегім қызбай ашылман.
Баппенен шапқан боз ат ең
Бақиға теккен өз әкем
Тентегіңді қолдашы,
Аман өт деп асудан.
Тілеулес болсаң, текті елім,
Топқа түсіп ту байлап,
Табылам бүгін қасыңнан.
Жатқанда қайта туып халық әні,
Санамыз секемдіктен сауығады.
Бақсының моласындай Абай айтқан,
Айтыс та талай жылға шағынады.
«Миллениум патимен» миы айналған
Мұндайды шенеуніктер неғылады?!
Бингомен басың қатып кетсе дағы,
Өлеңмен тыныстауың анық әлі.
Сәулесі сөнгенменен санасы ояу,
Ақынды ауылдағы ел сағынады.
Ағайын алдымдағы аман болса,
Қазына кеуде сенен табылады!
Қазақпыз қанды шайқас жауда көрген,
Затында асып-таспай заңға көнген.
Үш ауыл, үкілі елім, өзің едің
Ұлына найза, қалам, қауға берген.
Ұстадым айтыс деген асатаяқ,
Батиха сауға қылып саңлақ елден.
Жаныма ұзын жігіт жайғасыпты,
Құл емес дат айтуға ханға келген.
Мінгенін мама ағашқа байлап келмей,
Мынау кім маңайымды шаңға көмген?!
Аяулы алты алашқа Абақ бала,
Өзінше мына бізге талапты аға.
Егеухан анамыздың үміті едің,
Жолымен келе жатқан сабақтала.
Аянбай шабытыңа қамшы басқын,
Жанымнан өте шықпай жанап қана.
Найзаның жолда жатқан сынығымын,
Жұлмалап жабыспассың балаққа да.
Білесің, мен де осал олжа емеспін,
Ал, аға, айналаңа алақтама.
Келдің ғой мейман болып Астанадан,
Ініңді жарты жолда тастамаған.
Айтыста мұғаліммен жұп болыпты
Студент – тесік қалта, қасқа балаң.
Маңдайға жазылғанды меже білген,
Бұл кеште ауысады көже кімнен?
Тұсауыңды қоймаспын кеңге салып,
Өзімді кеп атпасаң өз оғыммен.
Сыпайы сыйластықпен айтысайық,
Сыбаға болсын енді кезегіңнен.
Дәулеткерей:
Бұйырса бір ошаққа отағамын,
Осылай болашаққа бет аламын.
Алтайдан қанат қағып, Алатауда
Тел емдім омырауын екі ананың.
Мен едім Астанадан келген ақын,
Даламның сүйемін тау жоталарын.
Есілден ерен жойқын жыр әкеліп,
Жетісу – жеті өзенге қотарармын.
Мен үшін Алматы ма, Астана ма,
Әйтеуір, бергі беті шекараның!
Айтысқа тыйылмаған сезімің сап,
Келіпсің, көрерменім, көңілің шат.
Ұстазбен жолыққасын, «қасқа бала»,
Айтпассың алаңғасар сөз ұрыншақ!
Ұстазға ұтымдырақ сөйлегейсің,
Болғасын азулыға кезігу шарт.
Студентім, жайыңды тексеремін,
Бит көзді, бөкен желіс, бөрі құрсақ!
Аузыма бір Алла мен шын құранды ап,
Сөйлесем салиқалы жыр құралмақ.
Заманға зар айтасың, қарғыс емес,
Жаныңды шыңғыртқанда қылбұраулап.
Алыстан ат терлетіп ағаң келсе,
Інімсің ізетпенен шылбыр алмақ.
Ал, енді, тағы көсіл, асыл інім,
Қулықтың құлынындай құлдыраңдап.
Бауыржан:
Ал, аға, ала дөңнен асыңыз да,
Өлеңді шашу қылып шашыңыз да.
Теңеуін студенттің айтып жатсың,
Ұстаз боп жайғасқасын қасымызға.
Бит көздіден аман-сау құтылмассың,
Бәле ғой, шығып кетсе басыңызға!
Көз салсам бәйгедегі бекеміңе,
Жол шықты алдымыздан төте, міне.
Жақында отау болған жанұясың,
Құдайым көзін салсын екеуіңе.
Техасқа күйеу бала боп кеттің ғой,
Жетті ме қалың малың өтеуіңе?
Мінгенің Өскеменнен құтты болсын,
Жүлде болып байланған жетегіңе.
Өз ұлым деп, өз елің сыйлап жатса,
Өкпең жоқ шығар атамекеніңе?!
Түскенде тоғыз айлық толғауыңа,
Сәби сөз ие болсын қолдауыма.
Естідік – Астанада мұғалімсің,
Түсіпсің ұлы білім жолға мына.
Тақымың ала тайға жетпесе де,
Ақылың асып-тасып толғаны ма?
Сабақты екеуміз де ұқсатпаушы ек,
Таңғалам қалай ұстаз болғаныңа?!
Демеймін меселіңнен бүгін қайтшы,
Демеймін сақтай келген мұңымды айтшы.
Жамылдың «ұстаз» деген адал атақ,
Қолыңда білім деген туыңды айтшы.
Бұлтылдап қос бүйірің кеткен екен,
Түлкідей қулық болса жымыңды айтшы.
Әудем жер аяғыңды баса алмайсың,
Ау, Дәуке, асқаның ба, шыныңды айтшы.
Қасыңда мен секілді студенттің
Қаншасын зар жылаттың, шыныңды айтшы!
Дәулеткерей:
Студент, бара жатыр жаның шығып,
Өлеңнен мен салмаспын салымшылық.
Мұғалімнің алдында мұң шағасың,
Миыңа қалған екен зарың сіңіп.
Бауке, сірке болсаң да, бит болсаң да,
Балақтан асырмаспын қанын сығып.
Студентсің ертеңге алаңдаған,
Ол жақта ұстаз боп жүр ағаң да аман.
Сен маған таңғалысыңды айтып жатсың,
Бірақ та мен өзіңді жамандаман.
Сессия тапсыра алмай уақытымен,
Сен дағы інім едің салаңдаған.
Уақтылы бере алмай зачётыңды,
Демалыста ауылға бара алмаған.
Ағаңның бөрік жоқта шекесінде,
Айналып, інім, менен кетесің бе?
Сабаққа қатысып құр ұйықтау емес,
Білім – өзен, сен кешпей өтесің бе?
Корпусқа көп бармай, үйде оқығанмын,
Білім деген ағаңның жетесінде!
Алдыңда есіп көрсем самал желдей,
Сен құйындап кетпессің ағаңды өрлей.
Әрине, мұғаліммен мұңдасарсың,
Өзіңнің оқуыңа шамаң келмей.
Мені ғана жаман дап отырсың ғой,
Өзіңнің жағдайыңнан хабар бермей.
Бауыржан:
Ал, аға, көңіліңіз көлдей болсын,
Өзіңді қолдайтұғын елдей болсын.
Мәнді ғып өз басыңды айтпайсың ба,
Құдайым екеумізді теңдей қылсын.
Еш болмаса «әу» дейтін сахнада,
Сенен шыққан студент мендей болсын.
Сен едің күлімдеген көктеміміз,
Айтыс қой алдағы асу өткеліңіз.
Өз жайыңды айт дейсің сахнада,
Байқаймын, жаңа-жаңа беттедіңіз.
Ұстазды айтып бәле боп сахнада,
Оқудан шығып кетсін деп пе едіңіз?!
Айтатын әңгімем көп өзге менің,
Басында-ақ шабысыңды сезген едім.
Мэлсті айтысқанда қайнаға ғып,
Сол кезде қандай мақсат көздегенің?
Ақжайық аспанына келген кезде,
Ешқандай қулығыңды сезбеп едім,
Апамды аламын деп алдап-сулап,
Болам деп болмай кеткен «жездем» едің.
Дәулеткерей:
Бұзылып кетпесін де сөз реңі,
Сөз қуған бір бәлеге кезігеді.
Кешегі ақын-жыршы, серілердің
Сезімі сере қарыс семіз еді.
Алаштың аспанында ән шырқатса,
Ғаламат ғашықтықтың лебізі еді.
«Қымызды кім ішпейді» деген қазақ,
Бұйырғаны алдан ердің кезігеді.
Арқада Ақан, Біржанға ән үйреткен,
Серілердің серісі Сегіз еді.
Серілікпен Жайыққа ат шалдырсам,
Бабамнан қалған ол да негіз еді.





Пікір жазу