24.02.2022
  198


Автор: Дәулеткерей Кәпұлы

ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ МЕН АСҚАР ДҮЙСЕНБИЕВ айтысы

Дәулеткерей:
Армысың, Алатауым асқақтаған,
Кетейін қойнауыңа тастап қалам.
Әулие әулет едің, әлеуметім,
Сәлемсіз сөздің салтын бастатпаған.
Атадан азбай туған ұлың едім,
Айтыссыз жан-тәніме ас батпаған.
Бұл елдің бел баласы біз болғасын,
Келеміз болашаққа бастап қадам.
Соңғы жұптың сапына шығып қалып,
Өлеңмен өз шашуын шашпақ балаң.
Келгесін белділермен белдесуге,
Жөн болмас жолдан тайқып қашқақтаған.
Айтысын аспандағы Ай, Күн еткен,
Ақыны ақиқатын әйгілеткен.
Ағайыннан амандық сұрай келдім,
Халқыма махаббатым бай жүрекпен.
Ақжарма өлең айтайын ақ көңілден,
Аққудың қанатындай айдын өпкен.
Алқа топ, аламанды бір шаңдатып
Күтіп ең тулап өтер тайды көптен.
Алла деп алдарыңа келіп жеттім
Мамырдағы майда жыр, майда леппен.
Бүгінгі бәйгеңіздің жайын ұқсақ,
Таланттың тасырқамас тайына ұқсап.
Тыңдарманға айтайын тыңнан өлең,
Айтысқа берілгесін айрықша ат.
Ағайын аламанға құлақ түрген,
Тіршілік күйбеңінен айығып сәт.
Беліңді бекем буып келдің бе, аға,
Айтыстың қаршығасын қайырып сап?!
Шабыттың шарығына қайралып та,
Ағасы, тақымыңды тайға мықта.
Өзіңменен көрейін жұп жарасып,
Інілік ілтипатқа бай қалыпта.
Екі тізгін, бір шылбыр қолыңда енді,
Ендеше жөн түзейміз қай бағытқа?
Асқар:
Әркім де топқа салар тәуір атын,
Тұлпар бар тай күнінен танылатын.
Қол соғып қошеметтеп жібермейсің,
Ойдағы сөзді тапса тәуір ақын.
Алматылық ағайын, аманбысың,
Қасиетті өнерге табынатын.
Ай сайын айтыс тыңдап отырмаса,
Бастары шай қысқандай ауыратын.
Кетпейтін қарашадан хал сұрамай,
Алқалы ақын келді бал шырадай.
Сан ғасыр көсем сөздің көркі болған,
Сөзі – мір, өткір ойы бар сынадай.
Айтыс деген – халықтың қазынасы,
Қазына да көмілер аршып алмай.
Өңшең бір жас бөрілер жиналыпты,
Шетінен қылыш қанат қаршығадай.
Жүйрік жүйрік бола ма, айтыңдаршы,
Сөйлесе сөзінен бал тамшыламай?
Құдайым бергесін бақ, ырыс маған,
Жасайын жаңылыспай дұрыс қадам.
Дәулеткерей бауырым, аманбысың,
Ақыл тоқып, айтыспен тыныстаған.
Аяулы елдің ардақты ақыны бол,
Бойына жаман аты жұғыспаған.
Ибалы, имандылық – ақ мұраты,
Түтіні түзу шығып, тік ұстаған.
Сиынып бір Аллаға мен де келдім
Түркі елінің кіндігі Түркістаннан!
Інімнің аппақ жүрек, аппағын-ай,
Жебедей жел суырған тақпағын-ай.
Әр сөздің нүктесі бар, байқағайсың,
Сөзіңді сөйлегейсің шақтап ұдай.
Маған кез боп отырсың, Бекарыстан
Құдайым сені бір жол қаққанын-ай!
:Дәулеткерей:
Шын жүйрік шапқан кезде тас көмілер,
Көзінен желге қарсы жас төгілер.
Майшаммен мәселесі шешілерде
Мінбейді мәрелерге мәстегін ер.
Мэлс пен Аманжолдың сарбаздары,
Шабыңдар, аш бөрілер, жас перілер!
Ақын да айқасқаннан бөгемес бой,
Бекарыспен деме ешкім тең емес қой.
Дауылдан сақтады деп сен отырсың,
Мәңгілікке чемпион ол емес қой.
Асқар аға, айтыста
Намысыңа беріксің.
Арқыратып шапқанда,
Шабысыма көріксің.
Бекарыстың орынын
Өзіңе құт көріпсің.
Ауылдағы бір шолақ
Белсенділер сияқты
Дәл бүгінгі айтысқа
Галстук тағып келіпсің.
Қыран-жырдың қанатын көк серметем,
Менің де ізім жатыр өкшеңде тең.
Жігіт деген шекіспей бекіспейді,
Сенімен сойқан жасап кетсем бе екен?!
Ақындық арғымаққа мініп, түсіп,
Тұмадан тыныстарсың тұнықты ішіп.
Сен болсаң «супердода» кандидаты,
Депутаттық кеңеске үмітті шық.
Бірақ та омақасып қалмағайсың,
Сағаттың тіліне ұқсап сұлық түсіп.
Сегіздіктің ішінде,
Семсерімді қолға алып,
Атқа қондым, бір Алла,
Жебей гөр өзің құлыңды,
Жаңғақтай шетке шығарма.
Аузыма алдым дуалы
Құлху Алла дұғаны
Қасиетті құранда.
Жол бастаған ағам бар,
Қол қостамай тұрам ба?!
Асқар:
Шапқандай желпінесің жайдақпенен,
Нардың жолын қумай ма тайлақ деген.
Өзіңше мығым сөйлеп отырсың ғой,
Тұзақ құрып, түсірер айлап келген.
Жалыным сені шарпып кетпесін деп
Әдейі галстукты байлап келгем.
Бұл інім әл көрсетіп ақия ма,
Тірегің тілектес пе, мафия ма?
Құдайыңа қой айтқын, Алла сақтап,
Маған кез боп отырсың қапияда.
Екеуміз кезектесіп келуші едік,
Бекарыстың баптаулы аты ұяда.
Көзіңе қораш көріп отырсың ба,
Мен де тарлық етпеспін тақияңа!
Бұл Дәулет ішкі сырын ақтара ма,
Реті келіп тұрса тоқтала ма.
Айтулы ақын болсаң, Дәулеткерей,
Жалтақтап жан-жағыңа көп қарама.
Жүзіңнен абыржуды байқап тұрмын,
Тежеме, арыныңды ноқталама.
Бекініп Бекарысқа келіп пе едің,
Бетіңді бермен бұрғын, сақ қара да.
Дайындап Бекарысқа алып келген
Есіл сөзің қор болып қап бара ма?!
Отыршы ішкі сырды жиі ақтарып,
Кең құшақ көңіліңе зият қалып.
Айтайын бір-екі ауыз әзіл саған,
Жабыдай құлап қалма тұяқ қағып.
Сен маған қоқаңдайсың қайта-қайта
Қонтайшының елшісі сияқтанып.
:Дәулеткерей:
Мен бүгін мерейіңді танып өтем,
Ақынын алқалаған халық екен.
Тар келмеймін дейсің ғой тақияңа,
Ал онда намысыңды жанып өтем.
Галстуктың сыятын шеңберіне,
Асқар-ау, жалының да жалын екен.
Алпыс екі айлаң болса асырулы,
Кетерсің мына мені басынулы.
Осал жауың емеспін деп отырсың,
Алшысынан қағайын асығыңды.
Қонтайшының елшісі деп бір айттың,
Бар шығар онда ойдың басы мұңлы.
Өзбектей қулығыңды не қылайын,
Мысықтың тырнағындай жасырулы.
Айналайын Асқарым,
Көңіліңді құрармын,
Сеніміңнен шығармын,
Жас екен деп тарықпа.
Шіренесің шалқайып,
Жеңетінің анық па?
Көнетұғын мен емес
Сен болжаған бағытқа.
Бойымда бар өнерді
Шығарайын жарыққа.
Бедел емес, байқасаң,
Құлап өлу арыққа.
Атақтан биік абырой –
Ұнап өлу халыққа.
Кезегіңді берейін,
Түркістандық мұғалім,
Бұзаутіс сілте шабытқа.
Мен емес абыржулы көңілі алаң,
Айтысқанда арғымақ порым алам.
Аспаның болса таста тіреп тұрған,
Сенен келген кеселді көріп алам.
Асқар:
Әр ойың піспей қалған ала құсап,
Өртенбей қалған тура шала құсап.
Өзіңді арынды ақын деген сайын,
Маған жайып келесің дара құшақ.
Жаттанды сөздеріңмен жұртты алдайсың,
Емшек берген балаға ана құсап.
Ал енді, Дәулет ақын, кем болмағын,
Жарасар алқалы елмен тең болғаның.
Сөзімнің астарына түсінбей қап,
Қайтадан аузыма кеп жем болмағын.
Елші түгіл атқосшы шықпайтын көп,
Елші болсаң, ол сенің ер болғаның.
Ал енді сұйық сөзді сапырдың ба,
Сен маған әзіл айтып қатырдың ба?
Сен маған өзбексің деп кінә артасың,
Мен саған бір өзбекше гәпірдім ба?!
Еш сөзді сөйлемеші күдікпенен,
Өзіңді нарға балап, жігіт дегем.
Көшіп кеп Моңғолиядан ортамызға,
Білім ап жүрген бүгін білікті ер ең.
Шетелден келіп жатқан компанияның
Барлығына көз жұмып күдіктенем.
Өзбектей тілі де бір, діңгегі бір
Халықтан мен түбінде үміттенем.
:Дәулеткерей:
Бұл өзі болғалы тұр ерегес шын,
Дегем жоқ саған, Асқар, тең емессің.
Жаттанды сөздерменен жұртты алдайтын
Айтыстың «жолбикесі» мен емеспін.
Шеттен келген ақын деп
Намысымды от қылдың,
Шабысымды шоқ қылдың.
Қаншама шетте жүрсе де
Тілі менен дінінен
Тұғыры таймас текті ұлмын.
Бүгін, міне, ортаңда
Ұлы өнерге бет бұрдым.
Кешегі күн ортаңнан
Қазақ болып кеткенмен,
Азап көріп кеткенмен,
Ортаңа қайта, ағайын,
Қазақ болып кеп тұрмын!
Астына бір жиылып
Әуелеген Көк Тудың,
Қазақ болып кеп тұрмын!
Азат болып кеп тұрмын!
Арғымағы сен бе едің ақ керменің,
Өміріңе өнерің сапты өрнегін.
Өзбекке діл де, дінім жақын деп сен,
Келе сап сахнаға шат кернедің.
Жамағат та түсінсін жамырамай,
Біздерге айқасатын сәт келгенін.
Сілтер болсаң сойылың сілтесейші,
Ұрғаннан жаман екен тап бергенің.
Ұмсынтар ұлылыққа ұлтым да ұлық,
Ал енді сөз сөйлейін жұлқындырып.
Өзбекке жақын болса ортаң, аға,
Отырсың ба жеңістің кілтін біліп?
Асқар, сенің ішіңді түсінбедім,
Отыр ғой сыртың емес, мұртың күліп.
Асқар:
Бір күмбез жасағайсың көрікті ойдан,
Мен емес ыңғайыңа көніп қойған.
Сыртым емес, мұртымды мына менің
Айналайын көзіңнен көріп қойған.
Сен де бір қақтан ішкен еліксің ғой,
Бойыңды мұнда келіп керіпсің ғой.
Мен саған шеттен келдің деген жоқпын,
Өзіңше көмескі ойға көріксің ғой.
Моңғолдан қазақ болып келгенменен,
Жалақорлықты алып сен келіпсің ғой.
Жүзіндей жарқырай бер ақ алмастың,
Мен қалай сенімен бір шаба алмаспын?
Қырансың мұнда келіп білім алған,
Мен сенің топшыңнан кеп қаға алмаспын.
Сен де мендей ағаны таба алмассың,
Мен де сендей ініні таба алмаспын.
Өлеңнің сақтап айттық ақ тұнбасын,
Әуелгі бақ – тіл менен жақ тұрғасын.
Тыңдарманға тыңнан бір ой айтайық,
Зейінмен бар ынтасын сап тұрғасын.
Қалжыңмен ескі жолды шиырламай,
Есті сөзге бұрайық аттың басын.
Болмайды масаттанып тойғанға адам,
Болашақты бүгіннен ойланбаған.
Арайлы Алматыда білім ап жүр
Өзіңдей жастар кілең жайраңдаған.
Өзінің тілін білмей, дінін сатып,
Абырой, ар-ожданын ойрандаған.
Бәрі емес ұлтжанды ұл-қыздар бар,
Көре тұрып жасасын қайдан қадам.
Басқа дінді қабылдап, сананы улап,
Көшеде кітап сатып тайраңдаған.
Алматым, асылдай қып ардақтайтын,
Қандай болып кеткенсің, қайран қалам?!
Осылай ой тастадым ақыныма,
Бауырым, Дәулеткерей жақыныма.
Заманның ере берсең ыңғайына,
Отырғызып кетер бір күн тақырына.
Ал енді салмақты ойды сабақта деп
Кезекті мен берейін Кәпұлына.
:Дәулеткерей:
Өнерін дәріптеген өрен елім,
Мен де тез ортаймайтын көлем едім.
Бағана арқыратып бастап едің,
Көмбеге таяғанда желе бердің.
Айтыспақ түгілі сен мен сияқты,
Егер де шеттен келсең көрер едім.
Басыңа өлең айт деп бақ бердім ғой,
Мен сенің санаңа да сап бердім бе ой?!
Басында отыр едің кереметтей,
Мәреге жетер сәтте жалт бердің ғой.
Тарта бер болашаққа жыр құра да,
Бойыңнан, елім, алас, сүргін ада.
Бағанадан шақырмай ымыраға,
Есіңіз енді ғана кірді ме, аға?!
Әлгінде отыр едің ғаламаттай,
Өзіңді келгендейсің дара баптай.
Салмақты ойды өзіңше сабақтардай,
Саясат бастап кеттің маған айтпай.
Айтысты отырғанда шалқар көріп,
Аға мен іні болып қалқам дедік.
Осылай енді қызып келе жатқанда,
Ағайын, тоқтатады-ау арқан керіп.
Шабысың болса, кәне, таң асырған,
Арының бар ма, аға, аласұрған?
Біздерге қой деп жатыр ағаларым,
Болса да ұзын жолға бал ашылған.
Ал, Асқар, өзің білгін, қоямыз ба
Айырылмай тұрғанда жарасымнан.
Асқар:
Бойында әр ақынның құн болады,
Ақынға сөз таппаса сын болады.
«Ақ көйлек көңілжайдың» баласысың,
Сен ақын болмағанда, кім болады?!
Өзіңе бұл арада баға берме,
Жараспас ондай мінез саналы ерге.
Бір қазақтың баласы едің ғой сен,
Ал енді одан уәж таба көрме.
Шеттен келді деп отыр кім өзіңе,
Бетіңді өзің келіп қаға берме.
Отыңды шұқи берсең өшер деген,
Көршіңді шұқи берсең көшер деген.
Мен де сені шұқылай бермейінші,
Айтыстым деп ойларсың есерменен.
Болар елдің баласы бірін-бірі
Осылай мақтауменен өсер деген.
Дәулеткерей:
Мен сенің өнеріңді хош көрген ем,
Өнерге жата қоймас дос көлденең.
Айтыссам ата-анамнан ақ бата алып,
Ақын ем аламанда сескенбеген.
Өнерге ілтипатың азаймасын,
Бәйгеге бәсекеңіз өскенменен.





Пікір жазу