24.02.2022
  397


Автор: Тұңғышбай Әл-Тарази

САТҚЫНДЫҚ ЖАСАМАҒАН АДАМ

 


(Сырт көзден салынған зер)


 


Ол – атақ-даңқтан кенде емес...

Ол – басшылық қызметтер де атқарды... Ол – әнші де...


Ол туралы ақиқат пен аңыздың неше атасы ел кезіп жүр...

Алайда халық оны ТҰҢҒЫШБАЙ деп біледі. Солай деп атайды.


Достары Тұңғышбайды Адам деп таниды. Нағыз актер ретінде мойындайды. Қырын қабақ танытатын қастардың да болуы – өмір заңы шығар...

 


Шексіз көк аспан... Шетсіз кең дала... Ескі әуен... Қобыз сарыны... «Жаратқан ием! Сен бізді өз бейнеңнің болмысы мен үлгісінен жаратып, ұрық шашып, ұрпақ көбейтуімізге бәтиғаңды бердің. Тәубемізден танып кетпеуді ғана ескертіп, бізге жерге иелік етіп, бүкіл тірі жан-жануарларға да билік жүргізуге де иелік берген Өзің. Құдіретіңе құлдық ұрдық, Жасаған!.. Бізден кейінгі ұрпақтың жүрегіне ізгілік нұрын төге гөр! Олар жер бетінде қызғанышсыз, кексіз ғұмыр кешуіне себеп бола гөр! Олардың бір-біріне деген бауырмалдығы мен берік махаббат сезімін жүректерінде толтыра гөр!..»


Адам Ата Алла Тағалаға осылай деп жалбарынады. Өз күнәсі үшін ғана емес, ұрпағының күнәсі үшін де!..


Тұңғышбай Жаманқұлов бенефисі «Қабыл – Адам Ата перзенті» қойылымындағы осынау монологпен басталды. Онан соң...


Актер бірде патшалардың патшасы ұлы Кир бейнесінде


«кетпе менің қасымнан...» деп Тұмар ханшайымның ақылы мен көркіне тамсанса, енді бірде: «Талауға түсер малың бар, таласқа түсер жерің бар, талықсып жатқан елің бар, есесі кетер ұлың бар, етегін ашар қызың бар... Көресің бе,


 


әлеумет!..» деп хан Абылай болып үш жүзді соңынан ертіп ұлы жорық бастайды. Қазақ кегін қуады...


Кей    жұрт    «Абылай    ханнан»    кейін    Тұңғышбайға


«айғайшыл актер» деп кінә артты. Өр Абылайдың өксікке толы өктем сөздерінің бояуын ашу үшін өр дауыс керек. Тұңғышбайда ол дауыс бар. Өр мінезді хан болмысының қатпарын түсіну үшін өр мінез керек. Тұңғышбай – өр мінезді актер. «Іш қазандай қайнағанда» хан түгілі нәзік жанды ақын да өктем сөйлейтіні хақ. Ал Абылай қалайша сызылтып сөйлемек?   Тұңғышбайдың   күн   күркірегендей   дауысын


«құр айғай» деп емес, елі үшін аһ ұрған ханның азапты үні, жанайғайы деп қабылдаған жөн болар. Абылайдың күйі мен күйігі актер көкірегінде бұрқ-сарқ қайнап, сыртқа лықси төгіледі. Абылайдың өксігі көрерменге жетеді. Тарихи тұлғаның бейнесі бүгінгі ұрпаққа бір адым жақындай түседі. Көрермен Абылайдың арман-мұңын да, зар-заманның зарын да жүрегінен өткізіп, Абылаймен бірге егіледі. Тарам- тарам көз жасы бетін жуған, елім деп еңіреген Абылай бейнесіндегі Тұңғышбайды сахнадан талай көрдік. Сонда Тұңғышбаймен бірге көрермен де көз жасын сығып алып отырды. Көрерменнің сахнадағы оқиғаға сеніп қана қоймай, сол оқиғаға жанымен еніп, оны жүрегімен қабылдауы – күнде бола бермейтін құбылыс. Бұл – образ құдіреті. Кейіпкер мен актердің біртұтас әлемге айналуы...


Тұңғышбай – қазақы сөздің мәйегін терең түсініп қана қоймай, оны ой қазанында қорытып, жүрек елегінен өткізіп, көрермен жүрегіне жеткізе білетін актер. Сөз киесі туралы ойын ол былай кестелейді: «Қазақ өмірінде, қазақ сахнасында қазақ сөзіне тең келетін әрекет жоқ. Қазақ – сөзге тоқтаған халық. Қазақ – сөзбен «бауыздаған» халық. Қазақ – ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен халық... Бүгінгі қазақ сөзінің азып бара жатқаны – театрдың ғана емес, бүкіл мемлекеттің, ұлтымыздың трагедиясы!..» дейді. Шешендік өнердің театрда алатын орны туралы Тұңғышбай Жаманқұловтың ғылыми жұмыс жазып, кандидаттық диссертация қорғауы – оның сөз киесін сезініп қана қоймай, бұл мәселені көптен зерттеп-зерделеп жүргендігін дәлелдесе керек.


Тұңғышбай     –      талапты      шәкірттер      тәрбиелеп,


 


олардың талантын ұштаған ұстаз. Тұңғышбай ағаның шеберханасында екі жыл дәріс алғаным бар. Сонда ол үнемі: «Сахна – қасиетті қағба. Сахнаның киесінен қорқу керек. Сахнаға шыққанда «бісміллә!» деп оң аяқтарыңмен аттаңдар. Сахна бір-ақ сәтте әуелетіп аспанға көтереді, немесе бір-ақ сәтте құлдилатып шыңырауға лақтырады...» дегенді әр сабақ сайын қайталайтын. Бар білгенін үйретуден жалықпайтын...


М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында қырық жылға жуық қызмет еткен Тұңғышбай Жаманқұлов кеше ғана осы қара шаңырақта өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өтті. Халық алдында есеп берді. Ел назарына ұсынылған бірнеше қойылымдардың үзінділері мен экран арқылы көрсетілген кино-үзіктер – актер галереясындағы


«байлықтың» жүзден бірі ғана шығар. Дегенмен   бұл кеш – Тұңғышбай Жаманқұлов шығармашылығының тұтас картинасын көз алдымызға әкелгендей болды. «Қазақфильм» Ұлттық компаниясы ұсынған «Тұңғышбай феномені» атты деректі фильмді тамашалағанда актер өз көрермендерімен сырласқандай әсер алдық.


Бүгінгі кеште көрермендер Тұңғышбай Жаманқұловтың орындауындағы «Барып қайт, балам», «Өнер адамы», «Бір күн озып бара жатыр бір күннен» әндерін тыңдағысы келген болар. Алайда ол кісі халыққа «Біз әлі кездесеміз» атты жаңа ән тарту етті.


Кеш соңында Әкемтеатрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық артисі Е.Обаев мерейтой иесіне құттықтау телеграммаларын табыс етті. Елбасы Н.Назарбаев өз құттықтауында: «Құрметті Тұңғышбай Қадырұлы! 60 жасқа толған мерейтойыңыз құтты болсын! Сіз – еліміздің театр және кино өнерін дамытуда өзіндік үлкен орны бар, жан-жақты дарын иесісіз. Сіздің бойыңыздағы театр сахнасы мен кино экранындағы алуан асқарлы бейнелерді айшықты етіп көрсете алатын табиғи талант пен ізденгіштік қасиетті өнерсүйер қауым әрдайым жоғары бағалайды. М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының сахнасында және ұлттық кино өнеріміздің жауһар туындыларында сомдаған кейіпкерлеріңіз көрермендер жүрегінен өшпес орын алды деп айта аламыз...» деп актер шығармашылығына


 


жоғары баға береді. Сонымен қатар театр басшысы Сенат төрағасы Қ. Тоқаевтың, Мемлекеттік хатшы Қ.Саудабаевтың, ҚР Президентінің Баспасөз хатшысы   Б.Исабаевтың, басқа да ел ағаларының жылы лебіздерін жеткізді. ҚР Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының, Мәдениет министрі М.Құл-Мұхаммедтің құттықтау хаттарын вице- министр А.Бөрібаев табыс етті. Жамбыл облысының әкімі Б.Жексембиннің атынан мерейтой иесіне шапан жабылды, ал Алматы қаласының әкімі А.Есімов темір тұлпардың кілтін табыс етті. Актердің жерлестері оның «Сөз» атты екі томдық кітабын шығаруға ат салысыпты.


Тараздағы гидромелиоративтік-құрылыс институтын тастап, Асқар Тоқпановтың «тоқпағы» мен Хадиша Бөкееваның аялы алақанына топ ете қалған Тұңғышбай бір сөзінде: «Сахнаға сатқындық жасағаным жоқ» депті. Сахнаға ғана емес, Ол – Адам деген абыройлы атқа да, Қазақ деген ұлтқа да сатқындық жасамаған азамат. Биік тұлға. Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, өнертану кандидаты, профессор Тұңғышбай Жаманқұлов – актер ретінде ғана емес, білгір ұстаз, білікті басшы ретінде де қазақ өнеріне бергені де көп, берері де мол алтын қазына.


Тек қадіріне жете алмай жүргендейміз...


Сәуле Әбединова,


театртанушы-журналист


 





Пікір жазу